ТАҒЫ БIР ТЕННИС ОШАҒЫ

ТАҒЫ БIР ТЕННИС ОШАҒЫ

ТАҒЫ БIР ТЕННИС ОШАҒЫ
ашық дереккөзі

Бейсенбi күнi Алматы қаласында Теннис.кз академиясының жазғы корттарының ашылу салтанаты болып өттi. Осыдан бiр жыл бұрын әлемге аты мәшһүр теннис маманы Нико Пиличтiң бастамасымен шаңырағын көтерген бұл ұйым биыл өз жұмыстарының көрiнiстерiнiң қандай деңгейде екенiн көрсеттi.

Заманауи технологияның барлық үлгiлерiмен қамтылған бұл корттар Қазақстанда теңдесi жоқ озық спорт кешендердiң қатарына жатпақ. Бұл ғимараттан сiз теннис саласына қатысты кез келген жарағыңызды таба аласыз. Соңғы үлгiдегi 7 грунт төсенiшi, жуынатын, шешiнетiн бөлмелер мен спорттық киiм дүкенiмен жарақталған жазғы алаңда теннис академиясының жеткiншектерi дайындалуына барлық жағдай жасалған десек артық емес. Мұндай жетiстiктерге қол жеткiзiп отырған федерация қызметкерлерi мен академия ұжымының атқарып жатқан игi iстерi қазақ теннисiнiң дамуына үлкен серпiлiс беретiндей жоба екенi көрiнiп-ақ тұр. Бұл жерге келген спортшының алдында тек бiр ғана ой, мақсат тұрмақ. Ол берiлген, жасалған мүмкiндiктердi пайдаланып тек қана жаттығу жасау.

Ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйлегендердiң қатарында Алмалы ауданының әкiмi Марат Пiрiнбеков пен Теннис.кз академиясының президентi Мақсат Сақтағанов болды. Жаңа кешеннiң тұсауы кесiлiп болысымен “Tennis-kz Open 2010” деп аталған жасөспiрiмдер арасындағы халықаралық турнир бастау алды. Жаңа корттардың шаңын шығаруға Молдовадан да қатысушылар келгенiн айта кетейiк. Сондай-ақ Астана, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Қостанай секiлдi ел қалаларынан 100-ден астам қатысушы жарысқа түсудi көздептi. Турнирдiң менеджерi Жамбыл Есiркеповтiң сөзiне сенсек, бәсеке жоғары деңгейде, өте тартысты өтедi деп болжануда. 3-шiлдеге дейiн болған жарыстың маңыздылығы да ерекше көрiнедi.

Орталығы Мюнхен қаласында орналасқан халықаралық академияның Қазақстан мен Орта Азиядағы бөлiмшесi саналатын бұл ұжым әлем теннисiне аттары кеңiнен танылған Борис Беккер, Новак Джокович, Эрнст Кульбис, Иво Карлович секiлдi тарландарды үкiлеп шығарған. Ендi мiне, бұл мектептiң өз елiмiзде де қанат жайғанына куә болып отырмыз. Демек адағы уақытта бiздiң де ұл-қыздарымыз осындай жетiстiктерге жетер деген сенiм бар.

Ермұхамед МӘУЛЕН