Түркістан облысында қызғалдақ жұлған 22 жастағы қыз жауапқа тартылады

Полиция қызметкерлері «грейг» қызғалдақтарын жұлған ордабасылық тұрғынды әлеуметтік желілер арқылы анықтады.

Түркістан облысында қызғалдақ жұлған 22 жастағы қыз жауапқа тартылады
Түркістан облысының полиция департаменті

Түркістан облысында студент қыз әдемі видео түсіру үшін Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлған деген күдікке ілінді. Бұған қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл туралы Түркістан облысының полиция департаменті мәлім етті.

 

Полиция қызметкерлері «грейг» қызғалдақтарын жұлған ордабасылық тұрғынды әлеуметтік желілер арқылы анықтады. Ол Ұялыжар ауылдық округіндегі алқапта қызыл кітапқа енген гүлдерді жұлып, бейнежазба түсіріп, желідегі парақшасына жариялаған.

Аталған жағдай сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдік түрлерімен заңсыз айналысу фактісі бойынша полиция бөлімінде тіркелді. 

 «Барлық жағдай анықталып жатыр. Түркістан облысының полициясы «Грейг» қызғалдақтарын тамашалауға келген тұрғындар мен қонақтарға қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жұлғаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын еске салады», - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.