Үкімет бюджет кірісін арттыруда оңай жол іздемеуі керек

Үкімет бюджет кірісін арттыруда оңай жол іздемеуі керек

Үкімет бюджет кірісін арттыруда оңай  жол іздемеуі керек
ашық дереккөзі
Аманжан ЖАМАЛОВ, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасымен Президент Жолдауындағы қаржы-экономика секторы және ауыл шаруашылығы саласы мен шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға қатысты сұхбаттасуды жөн көрдік. − Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қа­зақ­стан халқына Жолдауында елдегі эко­номика және қаржы саласындағы бір­қатар мәселелер көтерілді. Оның ішін­де Үкімет пен Ұлттық банктің басты мін­деті – инфляцияны 4-6 пайыз дең­гейі­не қайтару туралы айтылды. Одан бө­лек, жалпы сомасы 6,3 трлн теңге жұм­салған дағдарысқа қарсы шаралар жү­зеге асырылғаннан кейін эконо­ми­камызда артық ақша қалып, сол қа­ра­жат ауылды дамытуға әлі аударылмай жат­қанын атап өтті. Екінші деңгейлі банк­тердің шағын жобаларды қар­жы­лан­дырмай отырғаны экономиканың өсуіне қаншалықты кері әсер етпек? − Инфляция − экономиканың дамуы үшін аса маңызды. Себебі, халықтың нақты та­бысы мен несиесі соған байланысты. Осы рет­те, орта мерзімді міндет − инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендету. Инфляцияны тежей алмаған Үкімет пен Ұлт­тық банкті Президент әділ сынға алды деп санаймын. 2021 жылғы тамызда жылдық ин­­­фляция 8,7 пайызды құрады. Бұл бел­гі­лен­ген дәлізден 4-6 пайызға жоғары. Ұлттық Банк­тің жүргізіп отырған ақша-кредит сая­сатына қатысты үлкен мәселелер бар. Мұн­дай саясаттың артықшылығын табу қиын, бірақ кемшілігі көп. Инфляция жоғары дең­гейде қалып отыр. Екінші деңгейлі банктер бизнеске несие бер­мейді, бірақ Ұлттық банктің ноталарын са­тып алуды жөн санайды. Айналыстағы қыс­қамерзімді ноталардың көлемі 3 трлн тең­геден асады. Бұл қаражатты банктер не­сие ретінде беруі тиіс еді. Ауылды жерде жағдай одан да нашар. Банк­тер кепілдіктің болмауы, ауылдардың ірі қалалардан шалғайда орналасқанын алға тартып, кәсіпкерлерге несие бермейді. Мем­лекеттік бағдарламалар екінші деңгейлі банк­тер арқылы жүзеге асқанымен, негізгі не­сие алып отырғандар ауыл кәсіпкерлері емес екеніне сенімдімін. Себебі банктерге ша­ғын несие беру айтарлықтай тиімді емес. Керісінше, құны бойынша ірі және орта жо­баларға несие беру жүйесі қалыптасқан. Ауылды жердегі шағын жобаларды не­сие­леудің тиімді құралы – шағын қаржы ұйым­дары арқылы шағын несие беру. Бұл ұйымдар жер­гілікті кәсіпкерлерді жақсы біледі, банк­терге қарағанда тиімді шарттар ұсына алады. Ауыл кәсіпкерлерін несиелендіру үшін аудан орталығындағы шағын қаржы ұйымының әлеуеті мен мүмкіндігін пайдалану қажет. − Жолдауда стресті активтер деңгейін тө­мен­дету жұмысы да айрықша маңызға ие еке­ні айтылды. Президент «Мемлекет бан­кир­лерге көмектеспеуге тиіс» деген мәлімдеме жа­сады. Бұл бастама Проб­ле­малық несиелер қо­рының жұмысына қалай әсер етпек? − Өткен жылдары мемлекет банктерге бел­сен­ді түрде көмектесті. Қиын жағдайдағы ак­тивтер сатып алынды: жер учаскелері, ком­мерциялық жылжымайтын мүлік, жыл­жы­малы мүлік. Енді олардың үлесі санда бар да, санатта жоқ. Оларды жұмыс істету үшін эко­номикалық айналымға қайтару керек. Сон­дықтан бұл Мемлекет басшысының дер кезін­де қолға алған бастамасы. Бұл процестің бар­лығы «тек нарықтық негізде» болуы маңыз­ды. Яғни, барлық активтер аукционда мем­лекетке шығынсыз әділ нарықтық құн бойы­нша сатылады. Бұл жұмысты проб­ле­малық несиелер қоры қазірдің өзінде атқара­ды. Меншіктің каталогы бар және барлық адам аукционға қатыса алады. − Президент Үкімет пен Ұлттық банк­тен жыл соңына дейін Мемлекет қар­жы­сын бас­қару тұжырымдамасын әзірлеуді тап­сырды. Оның маңызына тоқталып өтсеңіз. − Бұл мемлекеттік қаржы жүйесінің бар­лық элементтерін басқару принциптері мен ережелерін біріктіретін өте маңызды құжат. Оған тек бюджет емес, Ұлттық қор, мем­ле­кет­­тік қарыз, БЖЗҚ активтерін де жатқы­за­мыз. Біздің алдымызда стратегиялық міндет тұр − бюджеттің мұнай кірістеріне тәуел­ділік­ті төмендету, Ұлттық қор активтерін үнем­деу және мемлекеттік қарыздың өсуіне жол бермеу. 2020 жылы республикалық бюд­жет түсімдерінің 45 пайызы Ұлттық қордан трансферттер есебінен қалыптасты. Сондықтан Тұжырымдама ресми құжат емес, «айналып өтуге болмайтын» ережелер мен параметрді белгілеуі керек. Біз Ұлттық қор­дан түсетін трансферттердің мөлшерін шектеу, мемлекеттік қарыздың лимитін бел­гілеу, бюджет шығысы мен мемлекеттік қарыз­дың өсуі, мөлшерлеме мен көлем бойын­ша сыртқы несиені тарту шарттары туралы айтып отырмыз. Яғни, нақты және жұмыс механизмдері болуы керек. − Ұлттық қор қаражатын үнемдеу, бюджеттік шығындарды жабу үшін эко­номиканың өзге де салаларын жан­дандыру туралы да айтылды. Бұл бағыт­та Үкімет нені ескеруі керек? − Мемлекет басшысы бюджеттің кірісін ұлғайту жөнінде нақты міндет қойды. Табыс­ты арттырудың екі жолы бар. Біріншісі, ең қа­ра­пайымы − салықты көтеру және салық­тық әкімшілендіруді күшейту. Екіншісі − бизнесті дамыту және ынталандыру. Үкімет бұл мәселеде оңай жол іздемей, екінші нұс­қаға назар аударғаны дұрыс деп есептеймін. Бұл туралы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында да егжей-тегжейлі айтылған. Неге екені белгісіз, Қаржы министрлігі мұн­дай тапсырмаларды бірден мораторийді жою және бизнесті тығырыққа тіреу деп қа­былдайды. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағ­д­арламасында бюджеттің қосымша кіріс көздері нақты белгіленген. Бұл экономиканы әр­тараптандыру, экспорттың өсуі, көлеңкелі эко­номика деңгейінің төмендеуіне бағыт­тылған шаралар кешені. − Биылғы Жолдау шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, қарапайым заттар экономикасын жандандыруға қаншалықты серпін бермек?

− Шағын және орта кәсіпкерлік эко­номиканың дамуы мен халықты жұмыспен қам­тылуында маңызды рөл атқарады. Қа­зақстанда жұмыспен қамтылғандардың 30 пайызы осы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесіне тиесілі. Пандемия кезінде Үкімет ШОБ қолдау үшін дағдарысқа қарсы бірқатар шара қабылдады. Бұған несие төлеуді кейінге қалдыру, салықтан босату мен уақытын ше­геру, қосымша жеңілдікпен несие беру жә­не басқа да көптеген шара қабылданды. Мем­ле­кеттің кәсіпкерлікке қолдауы аз болған жоқ. Жалпы, бұл шаралар ел экономикасына оң әсер етті, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуында оң үрдіс байқалды. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жалпы қаржыландыру көлемі 1 трлн болатын «Қарапайым заттар экономикасы» және «Биз­нестің жол картасы» бағдарламаларын іске асыруды кеңейтуді тапсырды. Бұл бағ­дар­ламалардың кәсіпкерлер үшін маңызы зор. Соның нәтижесінде он мыңдаған кәсіпкер өз ісін өрге домалатып кетті. Сонымен қатар жақын арада Елбасы айт­қан жаңа тәсіл мен қолдау тетіктерін ескере отырып, кәсіпкерлікті дамытудың және экономиканы әртараптандырудың ұлттық жобасы бекітіледі. Сонымен қатар экономиканы әртарап­тандыру, өндірілетін тауарлардың ассор­ти­ментін және экспорт географиясын кеңейту бойынша жұмыс жалғасады. Шағын және орта бизнес үшін Еңбекақы қоры жүктемесін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендету үлкен қолдау болады. Бұл олар­ға өз қызметкерлерін рәсімдеуге мүм­кін­дік береді.

Сұхбаттасқан Еркежан АЙТҚАЗЫ