Nur Otan: атыраулықтарды алаңдатқан мәселелер шешімін табады

Nur Otan: атыраулықтарды алаңдатқан мәселелер шешімін табады

Nur Otan: атыраулықтарды алаңдатқан мәселелер шешімін табады
ашық дереккөзі
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Аймаққа жасалған бұл сапардың негізгі мақсаты – өңірдің жай-күйімен танысу, қарапайым тұрғындармен кездесу арқылы жергілікті тұрғындарды толғандырып жүрген нақты мәселелерді анықтап, соларды шешуге атсалысу және жұртшылықты партияның алдағы жоспарларымен кеңінен таныстыру болды. Партия төрағасының Бірінші орынбасары өңірге сапарын Аты­рау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен бірге Мақат ау­данына қарасты Доссор кентінен бастап, осындағы «Бірлік» ық­шамауданының тұрғын­дары­мен кездесті. Қарапайым адам­дар­мен емен-жарқын сұхбат­та­сып, биылғы бірінші жарты­жыл­дық­та партия өкілдерінің еліміз­дің барлық өңірлеріне барып, Ел­басы, партия Төрағасы  Н.Назарбаевтың бағдарламалық мем­лекеттік және партиялық құжаттарда берілген тапсырмала­ры­ның орындалуын қадағалай­ты­­нына, жергілікті жерлердегі өзек­ті проблемаларды зерделеу ар­қылы халықтың нақты сұра­ныс­тарын ескере отырып, аумақ­тық бағдарламалар әзірленетініне тоқталды. Өткен жылдың соңында жергілікті БАҚ-та осы елді мекенде өзек­ті болып отырған теміржол ар­қылы өтетін жаяу жүргіншілер кө­пірін салу жайында мәселе кө­т­е­рілген еді. Осы жайтты тілге тиек еткен Бауыржан Байбек кез­десуге жиналған қауымға пар­тия­ның бұл мәселеден хабардар еке­нін және оны уақытылы шешу ша­раларын қарастырып жатқа­нын жеткізді. – Есітуім бойынша, кент хал­қының көпшілігі бір жақта тұра­ды, ал теміржолдың арғы жа­ғын­да екі мектеп, бір балабақша ор­на­ласқан. Сондықтан қауіпсіздік үшін теміржол арқылы жаяу жүр­гіншілер көпірі керек деген ұсы­ныс орынды. Біз осында облыс әкімімен, мемлекеттік ор­ган­дардың облыстық басшыларымен бірге осы проблеманы шешу жо­лын талқылау үшін келіп отыр­мыз. Жергілікті жерден сай­лан­ған депутаттарымыз бар, бас­қа да мүмкіндіктер бар. Олар ха­лықпен бірлесе отырып, жер­гілік­ті жерде жұмыс істеу керек. Со­ны Елбасымыз да, Президент те айтып отыр. Сол үшін қада­ға­лап, бүгін тиісті кездесулерді өт­кі­­зіп, осы мәселелерді қараймыз, ше­шеміз, – деді Бауыржан Байбек. Қазіргі уақытта облыстық жә­не жергілікті билік өкілдері ал­д­ын ала есептер жүргізіп, көпір құры­лысы үшін жобалау смета­лық құжаттарды әзірлеуге қара­жат бөлу жоспарланған. Оның құры­лысын 2021 жылдың екінші жар­тыжылдығында аяқтау көз­делуде. Бауыржан Байбек жергілікті мемлекеттік органдардың осы нысанның құрылысын жылдамдатуын және тұрғындар кө­тер­ген басқа да мәселелерді пар­тияның облыстық филиалына бақылауға алуды тапсырды. Кездесу барысында тұр­ғын­дар бұдан бөлек көше жарығы, жол сапасы секілді бірқатар мәсе­ле­лерді көтерді. Өз кезегінде Б.Бай­бек бұлардың барлығы да на­зарға алынып, тиісінше ше­ші­мін табатынын айтты. Бұдан кейін партия Төраға­сы­ның Бірінші орынбасары саяси ұйымның «Доссормұнайгаз» бас­тауыш ұйымы мүшелерімен кез­десіп, өз азаматтарымыздың мүд­десін қорғау, олардың әлеу­мет­тік жағдайына көңіл бөлу, шет­елдік жұмыс күшін тартуды шек­теу мәселелеріне кеңінен тоқ­­талды. Бұл ретте ел Президен­ті­нің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында осы мәселе бойынша берген тап­сырмасының сапалы орындалуына баса мән берді. Сонымен бірге Б.Байбек партияның өңірлердегі бастауыш ұйымдарының жұмы­сын күшейту, олардың атқаруы тиіс міндеттерін тарата айтып бер­ді. – Партияның бастауыш ұйым­­дары нақты мәселелерге қа­тысуы керек деп ойлаймын. Қа­ладағы тұрғын үй коммунал­дық шаруашылығы мәселесі сияқ­ты нақты бір мәселе шешілсе құба-құп. Партия мүшелері әкім­дерден осыларды талап ете ала­ды. Жақында ғана осы аудан­ның әкімі есеп беріпті, кейбір адам­дар естімей, білмей қалған. Бәрі ашық түрде болуы керек. Біз қазір бес жылдық бағдарламаны талқылаймыз. Содан кейін ішкі пар­тиялық іріктеуді жасағалы отыр­мыз. Елбасы, Nur Otan пар­тия­сының Төрағасы өңірдегі пар­тияластарды жинаған кезде «әр­бір мәслихатта 30 пайыз әйел адам болуы керек. Әр мәслихатта кемінде 20 пайыз жастар болуы керек» деп айтты. Ол деген біздің аналарымыз, қарындастарымыз кө­терілу керек деген сөз.  Бізде сай­лаушылардың 52 пайызы әйел адамдар екен. Ең қиын жұмыс­тарды да әйел адамдар атқарады. Балабақша, бастауыш мектептің бәрінде әйелдер жұмыс істейді. Әйел адамдардың қоғамдық өмір­де белсенділігі бар болса, олар­ға міндетті түрде жағдай жа­сау керек.  Nur Otan партиясынан басқа билеуші күштің жоқ еке­нін көбіміз білеміз. Nur Otan – мемлекеттік емес ұйым. Партия үшін министр, әкім барлығы бірдей.  Біздің негізгі мақсатымыз – Қа­зақстанның өсіп-өркендеуі. Сая­си идеалымыз – Елбасы. Біз­дің ең үлкен жетістігіміз – ел Тәуел­сіздігі, – деді партия Төраға­сы­ның Бірінші орынбасары. Сонымен қатар Б.Байбек осы бастауыш ұйым жанындағы қо­ғамдық қабылдауда бірнеше аза­матты қабылдап, кент тұрғын­дары­ның өтініштерін, көтерген мә­селелері мен ұсыныстарын тың­дады. Қабылдауға келгендер тұр­ғын үй шаруашылығының, жай-күйі, тұрмысы төмен отба­сы­ларға қолдау көрсету, әлеумет­тік инфрақұрылымды жетілдіру секілді мәселелерді қозғады. Қоғамдық қабылдауда болған осы ауданның тұрғыны, зейнеткер Сәбит Халенов аурухананың жылу жүйесіне жөндеу жүргізуді және аудан тұрғындарын қосым­ша жедел медициналық көмек кө­лігін бөлу мәселесін көтерді. Партияның жергілікті фи­лиа­лының төрағасы мен аудан әкімі зейнеткердің өтініші орын­да­латынын, биыл аурухананың жылу жүйесіне жөндеу жүргізі­ле­тінін айтты. Ал аудан тұрғын­да­рын қосымша жедел медици­на­лық көмекпен қамтамасыз ету мә­селесі бойынша облыстық ден­саулық сақтау басқармасымен бір­ге оны орындаудың нақты мер­зімі белгіленді. Бұл мәселені Nur Otan партиясының мәсли­хат­тағы фракциясының депутаттары тұрақты бақылауға алатын болды. Nur Otan-ның басшылық құра­мының мұнайлы өңірге жа­саған бұл сапары ары қарай Жы­лыой ауданына ұласты. Партия Төрағасының Бірінші орынбасарымен кездесуге аудан басшылы­ғы, аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Мұнда Аумақтарды да­мыту бағдарламалары мен пар­тияның сайлауалды бағдар­ла­маларын әзірлеу жайы сөз болды. Кез­десуде сөз алған Бауыржан Бай­бек депутаттық фракцияның жұмысын күшейту, сайлауалды бағдарламаны әзірлеуде жаңа тәсілдерге жүгіну жайын қозғады. Әсіресе, бұл маңызды құжатты дайын­дауға және оны жан-жақты тал­қылауға партияластардың барынша белсенділік танытқан­дары жөн екенін жеткізді. Іссапардың бірінші күнінің соңын Бауыржан Байбек партия­ның Жылыой аудандық филиа­лының партиялық кадрлық резервіне қатысушылармен кездесу арқылы түйіндеді. Басқосуда партия Төрағасы­ның Бірінші орынбасары партия­лық жауапкершілікті күшейту қажеттігіне тоқталып, Елбасы ұсын­ған партияны жандандыру бағ­дарламасының екінші кезеңі­не аяқ басқанымызды атап өтті. Бұл ретте саяси ұйымды одан ары сапалық тұрғыдан нығайта түсу үшін «жігерлі лидерлер – қуатты партия» тұжырымдамасын берік ұстануды ұсынды. Осы мақсатта үш мәселеге на­зар аударуды ұсынды. Біріншіден, ел ішіндегі білімі мен білігі мол, сөзі өтімді, іскер де беделді жан­дарды партия маңына тартып, оларға өз ойлары мен идея­ла­рын, қарым-қабылетін іске асыруға мүмкіндік беру маңызды. Екіншіден, әрбір өңірдің ерекшелігі мен нақты мәселелерін есепке ала отырып, арнайы бағ­дар­ламалар жасау, содан кейін осыны халыққа жатық та жеңіл тілмен түсіндіру жұмыстарын жүр­гізу қажеттігіне тоқталды. Осындай озық саяси техноло­гия­лардың бірі ретінде праймеризді ата­ды. – Біз әрбір өңірде праймериз өткіземіз. Наурызда Саяси кеңес­тің отырысы болады. Сол кезде прай­мериз өткізу тәртібін бекітеміз. Қазір пилоттық жоба өтті. Сәуір-мамыр айларында нақты прай­мериз өткізіледі. Қазақстан бойын­ша 920 мың адамды ұйым­дастырып, халыққа біз мүм­кін­дігінше өзіміздің саясатымызды түсіндіруіміз керек. Халықты бірік­тіруіміз қажет. Партия деген құрал. Біздің мақсатымыз – би­лік­ке кез келген салада дарынды, адал, білімді азаматтарды келтіру. Бұған ішкі партиялық іріктеу мүм­кіндік бермек. Праймериз өт­кізу тәртібі бекітілген соң оны өз­деріңізге жібереміз, – деді  Б.Бай­бек.