15 Желтоқсан, 13:30 407 0 Қоғам Túrkistan Gazeti

Алты құрлыққа тараған азаттық рухы

Талай нәубетті басынан өткерген Қазақ елінің бүгінгі тәу етер тұғыры – Тәуелсіздік. Осыдан 28 жыл бұрын өзінің ер­кін ел, дербес мемлекет екенін бүкіл әлемге паш етіп, шекарасын бекіткен Қазақстанның бүгінгі жетістіктері көңілге мақ­таныш ұялатады.

Осы ретте Қазақстанды әлем елдері қаншалықты бағалайды, халқымыздың ұлы тұлғаларына арналған қандай мәдени-тарихи кешендер бар деген сұраққа жауап іздеп көрген едік.

Абай және әлем

2020 жылы Абайдың туғанына 175 жыл толады. Абайдың тойы халықаралық дең­гейде атап өтілмек. Әлемнің бірқатар елін­де бас ақынға арналған ескерткіштер ашы­лып, есіміне көше аттары берілгені мәлім.

1995 жылы қазақтың ұлы ақыны, кемең­гер ойшылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО аясында тойланды. Осы жылдың 15 ақпанында Лондон қа­ласында Роллан Сейсембаевтың бастама­сымен Абай үйі ашылды. Әлемнің орталы­ғы атанған  Лондонда Абай үйінің ашылуы үлкен еңбек әрі мақтаныш еді. Абай атындағы көше 1998 жылы Каирде, 2000 жылы  Берлинде ашылды. Берлиндегі Абай атындағы көше қаланың көрікті жерлерінің бірі саналады. Ол көшеге ел­шілік қонақтары мен Қазақстаннан келген туристер жиі барады екен.

Әлемнің әр қиырында ақынымыздың есімімен аталған көшелер аз емес.  Мысалы, 2002 жылы ақпанда Үндістанның Де­ли қаласында да Абай көшесі салтанатты түрде таныстырылды. Сонымен қатар Ташкент, Бішкек қалаларында, Түркіменстанның Акдаш ауылында да Абай Құнанбаев атындағы көше бар. Ақын шығармаларын сүйіп оқитын әзірбайжан халқы да Бакуде ғұлама бабамызға көше атауы берілгенде бізден кем қуанбағаны анық.  2011 жылы Баку мемлекеттік универ­ситетінде Абай атындағы орталық ашылып, ұлы ойшылдың бюсті қойылды. Мұн­да орталық мамандары Абайдың шы­ғармаларын әзірбайжан тіліне аударумен айналысады. Бұл екі ел арасындағы әдеби байланысты нығайтып, ақын шығармаларының насихатталу деңгейін арт­тырады.

Абайды әлемге таныту жұмыстары мұ­нымен тоқтаған жоқ. 2006 жылы Мәскеу­дегі Қазақстан елшілігінің маңына Абай Құнанбайұлының ескерткіші қойылды. Ескерткіш Ресейде Абай жылының жариялануы аясында ашылған болатын. 2007 жылдың 5 қазанында Иран астанасы Тегеранның Ұлттық кітапханасындағы бас аллеяға Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылды.  Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Абайтану» кабинетін аралап көріп, Иранның Ұлттық кітапханасына қолтаңбасы қойылған парсы тіліндегі өзінің «Қазақстан жолы» кітабын тарту еткен болатын.

Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш 2013 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында да орнатылды. Ашылу салтанатында Өзбекстан президенті: «Өзбекстанда Абайды бүкіл өмірін ізгілік пен әділдіктің салтанат құруы үшін күресіп, өз халқының мұң-мұқтажы мен биік мұраттарға ұмтылысын жырлауға арнаған нағыз халықтық ақын, ағартушы және гуманист ретінде жақсы біледі әрі жоғары бағалайды. Өзінің өшпес туындыларында қазақ халқының рухани жан қуатын, оның ең ізгі қасиеттерін жарқын және толық көрсетіп берген Абайдың ора­сан зор еңбегін бағаламау мүмкін емес», – деп мәлімдеді.

2014 жылғы наурызда Бейжің қаласының Чаоян саябағында Абай ескерткіші бой көтерді. Жалпы көлемі 288,7 га алып жатқан бақ мемлекеттік деңгейдегі туристік нысандардың қатарына кіреді. Мүсіннің авторы Юань Сикунь Бейжіңде Абай ескерткішін орнатуды бұрыннан ойластырып жүргенін және қазақтың бас ақынының шығармашылығына қытай халқының қызығушылығы жоғары екенін атап өткен болатын. Осы жылы кемеңгер ойшылға арналған ескерткіш Венгрияның Будапешт қаласында орнатылды. Осылайша бір жылдың ішінде екі мемлекетте Абай­дың екі ескерткіші бой көтеріп, қа­зақ поэзиясының рухын асқақтатқан болатын.

2016 жылы Мысыр Араб Республикасының астанасы Каир қаласында ұлы ойшылға арналған ескерткіш-бюст  ашылды. Каир орталығындағы ең көрікті жерлердің бірі «Еркіндік және достық» саябағына орнатылған ескерткіш екі мемлекет халықтары арасындағы көпжылдық достықтың беріктігін дәлелдей түскендей. Сол жылы Францияның Ренн қаласында да ғұлама бабамыздың бюсті бой көтерді.

Биыл Шығыс пен Батыс мәдениетінің көпіріне айналған ақынға ескерткіш қойған елдер саны тағы да 9 елмен толықты. Атап айтқанда, Германия, Италия, Болгария, Австрия, Моңғолия, Ресей, Грузия, Үндістан және Латвия мемлекеттері астаналарында хәкім Абайдың ескерткіші қойылмақ.

Елбасының ескерткіші

2000 жылдың сәуір айында Елбасы Н.Назарбаевтың Израильге ресми сапары барысында Бейт-шемеш қаласының маңында тоғайлы аумақ белгіленіп, шағын орманға Н.Назарбаевтың есімі берілді. Бұл идеяны Израильдегі Қазақстанның Құрметті консулы, кәсіпкер Лев Левиев ұсынған болатын. Шағын орманға Н.Назарбаевтың есімін беру арқылы Израиль жұрты екі ел арасындағы байланыстың нығаюына өз үлесін қосып отыр. Бүгінде Елбасы атындағы орманда қарағай, емен, жаңғақ және тағы басқа ағаш түрлері жайқалып өсіп тұр.

Көршілес қырғыз елінің Шолпан-Ата қаласында орналасқан Ш.Айтматов атындағы «Рух-Ордо» мәдени-этнографиялық кешенінде тұңғыш президент Н.Назарбаевқа арналған ескерткіш композиция орнатылған.  Ал шетелде Елбасының құрметіне аталған тұңғыш көше Шешен Республикасының Грозный қаласында ашылған. Кейін осы елде Назарбаев есімі қаладағы бір мектептің атына берілген.

2010 жылдың 24 маусымында Анкараның орталық саябақтарының бірі Генчлик паркінде Н.Назарбаевқа арналған «Түркі халықтарының еңбегі үшін» ескерткіші ашылды. Ескерткіштің биіктігі – 5 метр, ал Елбасы мүсінінің биіктігі – 2,5 метр. Ал 2011 жылы Елбасының құрметіне аталған Түркиядағы алғаш көшенің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Невшехир қаласы үңгірлер мен ғибадатханалары бар Каппадокияның туристік аймағында орналасқан көшеге Н.Назарбаевтың есімі берілді. 2012 жылы Түркияның орталығында орналасқан Кыршехир қаласының орталық көшелердің бірі Н.Назарбаевтың құрметіне аталды. Бір жылдан соң Түрік Гебзе қаласында және Түрік Адана қаласындағы көшелерге Елбасының есімі берілген болатын.

Адана қаласындағы көше атауы берілгенде губернатор  Мұстафа Буюк: «Назарбаев – халықаралық деңгейде танылған тұлға. Оның елін дамыту стратегиясын Түркияның іргесін қалаған Мұстафа Кемал Ататүріктің жоспарымен салыстыруға болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлемнің көптеген халықтары үшін өркендеудің, бейбітшілік пен тұрақтылықтың символына айналғанын атап өткім келеді» – деген болатын.

Әлем бойынша Елбасының есімі қойылған көшелер легі мұнымен шектелмейді. Атап айтар болсақ, 2015 жылы Татарстан  астанасы Қазан қаласында Жданов көшесі Н.Назарбаевтың есімімен аталды. Иорданияның астанасы Аммандағы көшелердің біріне де Елбасының есімі берілді. Ингушетияның бас қаласы Магаста да Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көше бар. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жалпы әлем елдерінде Қазақстанмен байланысы бар 72 көше бар екен.

Әлем таныған қазақ перзенттері

Талантты қолбасшы, көреген саясаткер болған сұлтан Бейбарыс бабамыздың есімі берілген мешіт Каир қаласында салынған. Бейбарыс мешіті – Каирдің әз-Захир ауданындағы көлемі жағынан екінші тұрған үлкен мешіт.

Түркия елі қазақ тарихына, қазақтан шыққан тұлғаларға қашанда зор құрмет көрсетіп келеді. Атап айтар болсақ, Стамбұл қаласында қазақ диаспорасы мен жергілікті ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрететін Тіл орталығы жұмыс істейді. Мәселен, түркиялық ағайындардың бастамасымен орнатылған Абылай хан, Абай, Мұхтар Әуезов, Қабанбай батыр және қазақтың күйші қызына арналған ескерткіштер көңілге мақтаныш сезім ұялатады. Тіпті Түркияда ақын Мағжан Жұмабаевтың атындағы саябақ, мектеп, көше және рельеф-ескерткішті де таба аласыз.

Қазақ тарихында кездесетін белді тұлғалардың бірі Алтай өлкесіне белгілі ағартушы, ғұлама ғалым, ақын Ақыт қажы Үлімжіұлының (1868-1940) есімі 1994 жылы Баян-Өлгей аймағының Дэлүүн ауданында жаңадан ашылған мешітке берілді. Он жылдан соң XVIII ғасырда өмір сүрген атақты батыр, керей Ер Жәнібек Бердәулетұлының (1714-1792) туғанына 300 жыл толуына орай  Өлгей қаласында ескерткіш тағаны құйылып, батыр атына көше берілді. Былтыр Өлгейде Абылай бастаған қазақ сарбаздарының ту ұстаушыларының бірі, Абақ Керейден шыққан Қожаберген батыр Жәнібекұлының (1698-1783) 320 жылдығына орай ескерткіш ашылды. Бұл моңғол елі тарапынан қазақ тарихына деген зор құрметті білдірсе керек.

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында қазақтың атақты жыршысы Жамбыл Жабаев (Яккасарай ауданы) пен заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің (Бектемір ауданы, 1995 ж.) атына берілген көше бар. Сонымен қатар қазақ жерінде туған, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «Темір генерал» деген лақап атқа ие болған, Рейхстагқа ту тіккен қаһарман Сабыр Рахымовқа арнап ескерткіш орнатылған.

Омбы қаласында 2004 жылы Ш.Уәлихановтың ескерткіші орнатылған болатын. Қырғыз елінде де ғалым
Ш.Уәлиханов атындағы көшенің бар екенін айта кетуіміз керек. Ал былтыр Тәжікстанда академик Қ.Сәтбаевқа арналған ескерткіш мемориалдық тақта ашылды. Тағы бір қызық дерек бар, Тәжікстанның Ходжент қаласының кварталы «Шымкент» атауына ие болған. Польша астанасының Виланов атты беделді ауданындағы көшенің біреуі «Қазақ көшесі» аталды. Альверня қаласында да «Қазақ көшесі» бар.

Украина астанасы Киев қаласының Днепровский ауданында Алматы және Жамбыл Жабаев көшесі бар екен. Бір қызығы, Киев, Днепр, Харьков, Донецк, Запорожье, Одесса, Кривой Рог қалаларында Қостанай көшесі бар, ал Днепр, Харьков және Донецкте Қарағанды және Қазақстан атты көшелерді кездестіруге болады. 2005 жылы Днепропетровск облысының Синельниково қаласында Жамбыл Жабаевтың ұлы Алғадай Жамбыловқа ескерткіш орнатылғанын да білеміз.

Ресейде Жамбыл Жабаев ескерткіші, ақпараттық тақтасы, Сталинград шайқасына қатысқан қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіш, 100-ші және 101-ші жеке атыс бригадаларының қазақстандық жауынгерлеріне арналған мемориалдық кешен (Ржев қаласы) бар. Ал 2008 жылғы 13 желтоқсанда Астраханның 450 жылдығына орай Қазақстан Үкіметі Құрманғазы ескерткішін сый етті.

Былтыр Татарстан астанасы Қазан қаласында ашылған Назарбаев көшесінің бойындағы саябаққа Түркістандағы Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазанның көшірмесі қойылды. Тайқазанның ашылу салтанаты рәсіміне  Татарстан президенті Рустам Минниханов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қатысқан болатын. Түркі әлеміне ортақ дүние Тайқазанның Татарстанның төрінен орын алуы қазақ үшін ғана емес, иісі мұсылман халықтары үшін де айтулы оқиға болды. Өйткені Тайқазан – достықтың, бірліктің символы.

Жақында «Егемен Қазақстан» газеті өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Билік пен халықтың арасындағы алтын көпірге айналған бас басылымның алғашқы саны «Ұшқын» деген атпен Ресейдің Орынбор қаласында жарық көргені мәлім. Мерейтой қарсаңында «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі бастаған делегация Орынборда болып, басылым тарихына қатысы бар тарихи орындармен танысты. Ауқымды шара аясында «Ұшқын» газетінің редакциясы болған көне ғимаратқа ескерткіш тақта орнатылды. Бұл – Орынбордағы Алаш арыстарының ізін жалғастырған қазақ баспасөзінің үлкен жетістігі деп айта аламыз.

Қарап отырсақ, Тәуелсіздік алғалы бергі кезеңде қазақты талай жұрт танып, атына қанықты. Тарихи қайраткерлеріміздің ерлігі мен еңбектері талай жұртты таңдай қақтырды. Тарихы тереңде жатқан қазақ ұлты өз Тәуелсіздігін жариялаған 28 жылда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті.

 

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

 

Соңғы жаңалықтар