Қаржаубай Сартқожаұлы: Көк түріктердің академиялық тарихы жазылған жоқ

Қаржаубай Сартқожаұлы: Көк түріктердің академиялық тарихы жазылған жоқ

Қаржаубай Сартқожаұлы:  Көк түріктердің академиялық тарихы жазылған жоқ
ашық дереккөзі
Елімізде түркі дүниесін, әлемін, мәдениетін, дүниетанымын шынайы зерттеп, сол саланың түбіне терең бойлап жүрген ғалымдар саусақпен санарлық қана. Сол аз ғалымның бірі де бірегейі – Қаржаубай Сартқожаұлы. Тамыры тереңде жатқан түркілердің тарихын жастардың санасына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа маңызды мұра қалдыруды мақсат тұтқан бітік тастың білгірі бүгін немен айналысуда? Ғалыммен осы төңірегінде сұхбаттасқан едік. – Қаржаубай аға, әңгімеміздің әлқиссасын өзіңіздің дәл қазіргі жұ­мыс­тарыңыздан бастасақ. Қандай құнды дүниелерді зерттеп жүрсіз? – Бүкіл өмірімді көк түрік тарихымен байланыстырып келе жатқан адаммын. Саналы ғұмырымды осы тақырыпты зерттеуге арнадым. Университеттің бірін­ші курсынан бастап айналысқан тақырыбым – осы. Кішкентай ғана ізде­ніс­тен басталған дүниені бүгінге дейін ұлғайтып, тереңдетіп, түркі тарихының түбіне тереңдеп барамыз. Қазіргі жағдайда Моңғолия жеріндегі, шығыстағы, сосын Батыс және Орталық Қытайдан табылған көне түркі, яғни руна (бітік) жазуымен түріктердің өз қолымен жазып қалдырған құжаттарын ақтарып-төңкеріп, зерттеуді бастап кеттік. Жалпы алғанда, 50 жылғы еңбегім осы тақырыпқа арналып отыр. Соның жиынтығы ретінде «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты 3 томдық еңбекті әзірледім. Сол еңбекті баспаға өткізуге дайындаудамыз. Осы айдың соңына таман өндірістен шығады. Бұл еңбектің ішінде қамтылған дүниелерді айтып бітіру мүмкін емес. Бүгінде бүкіл әлемге мақтанып айта алатын дүниелер бар. Біріншісі – баба­ларымыздың өз қолымен тасқа жазып қалдырған дүниелерін олардың ұр­пақ­тары – өзіміз зерттеп жатқан­ды­ғымыз. Бұрын бітік жазуын Батыс ғалымдары зерттеген. Олар біраз еңбек шығарды. Руна жазуының алғаш кілтін тапқан – В.Томсен. Одан кейін Ресей түрко­ло­гия­сы­ның атасы атанған В.Радлов ауыз тол­тырып айтарлықтай жұмыс жасады. Көне түркі жазба ескерткіштерінің, жаз­ба құндылықтарының хрестоматия­сын шығарған С.Маловтың да еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Қазақ ғалым­дары арасынан алғаш қолға алған Ғұбай­долла Айдаров деген ақсақал болды. Одан кейін Алтай Аманжолов сынды ғалымдар зерттеді. Бірақ ол кісілер бұл құндылықтармен қолма-қол жұмыс жасап көрмеген. Тек орыс ғалым­да­ры­ның еңбектерін пайдалана отырып зерт­теді. Ал біз ол құндылықтарды бала ке­зі­мізден қолымызға ұстап, көріп өстік. Кейін өзіміз түпнұсқадан оқып, енді, міне, жаңа тұрғыда халыққа ұсынып отырмыз. Неге жаңа тұрғыда ұсындық деп айтып отырмын? Біріншіден, көне түркі жазуының алфавитін білу бір бө­лек, оны оқу бір бөлек. Ал енді оның те­рең мағынасына бару, мазмұнын ашу бір бөлек әңгіме. Мағынасын біліп, маз­мұнын айшықтау үшін сол дәуірдегі, осы­дан 1300-2000 жыл бұрынғы ата-ба­ба­ларымыздың дүниетанымын, олар­дың дүниені, ортаны және қоғамды тү­сінуін, сол қоғамға байланысты психологиясын, қоғамдағы әрекетін, көзқара­сын, философиясын түсіну керек. Біз көк түріктердің дүниетанымын көп зерт­тедік. Сосын, 1300-2000 жыл бұрын­ғы палеоэтнографиясын (көне салт- ­дәстүр) зерттеп-зерделеуге бар уақы­ты­мыз­ды жұмсадық. Біздің көп уақытымыз палеоэтнографияны түсіну, соны қа­лып­қа келтіруге жұмсалды. Олардың салт-дәстүрін меңгеру арқылы көне түр­кі жазуының мағынасын ашуға ба­ры­мызды салдық. Оған біздің қолымыз жетті. Бізге дейінгі В.Радлов, С.Малов секілді ғалымдар «Моңғолия жеріндегі Орхон ескерткіштерінің тілі – ұйғыр тілі» деп тұжырым жасаған. Ал біз ұйғыр тілі емес екенін дәлелдедік. Бұл – қыпшақ ті­лімен жазылған мұра. Қыпшақ тіл то­бы­на жататын кімдер? Олар – бүгінгі та­тарлар, башқұрттар, қазақтар, қара­қал­пақтар, қарашайлар. Бұл – біздің ба­ба тіліміз. Ғылымда «ж» және «и» тілді деп екі топқа бөліп қарастырады. «И» тіл­ділерге ұйғырлар мен оғыз (бүгінгі түріктер) және өзбектер кіреді. «Ж» тілділер дегеніміз қыпшақ тілділер. Ал Орхон ескерткіші – қыпшақ тілінде жазылған мұра. Сондықтан ол біздің ата-бабамыздың қалдырған дүниесі екенін түсінуіміз керек. Бұл ретте атап айтатын тағы бір үл­кен дүние бар. Сол дәуірде өмір сүрген тай­паларға байланысты. Сондағы жазба ескерткіштерінде, Қытай деректерінде сақталған тайпалардың атауы бүгінгі қазақ халқында толық сақталған. Мысалы, Еуропа, оның ішінде орыс ға­лымдары «ол кездегі наймандар бүгінгі найман емес», «ол кездегі керейлер бүгінгі керей емес», «ол кездегі дулаттар бүгінгі дулат емес», «олардың бір-біріне ешқандай қатысы жоқ» деген тұжырым ұсынған. Егер олардың бір-біріне қатысы болмаса, неге ата-бабасының атын, тайпасының атын сақтап қалды? Және қалайша олардың салт-дәстүрі бізбен бірдей болады? Мәселен, қазақта үлкен, сыйлы қонаққа бас тартатын дәс­түр бар. Бұл дәстүр сақ, ғұн, көк тү­рік дәуірінде де, одан кейінгі Жошы, қып­шақ дәуірінде де, Қазақ хандығында да болған. Бас тарту дәстүрінің ХХІ ғасырға дейін жалғасып, сақталып келе жат­қанын қалай түсіндіреміз? Осы тә­різдес жүздеген салт-дәстүріміз, ырым-жырымдарымыз ұқсас, сондық­тан бұл біздің баба тайпамыз деп сенімді түрде айта аламыз. Олардың тілі де – біздің баба тіліміз. – Сөз болып отырған көне түрік жаз­уын түпнұсқадан оқитындар са­ны көп емес. Сіз – солардың бірі­сіз... – Рас, олардың саны саусақпен санарлық қана. Түпнұсқадан оқитын 5-6 ғана адам бар. Түркияда Текин деген атамыз болған, қазір қайтыс болып кетті. Оның Серткая дейтін шәкірті бар. Соңғы кезде бірлі-жарым жас мамандар шығып жүр. Бірақ олар мәтінді оқиды да, дүниетанымына тереңдей алмайды. Өйткені олар еуропалық жүйеге түсіп кеткен. Біз сол көне дәуірдегі көк түріктердің өмір салтын жалғастырып келе жатқан халықпыз. Қыл аяғы жейтін құртымыз, киетін киімімізден бас­тап, ұстанатын салт-дәстүрімізге дейін сол қалпында сақталып келді. Ал бүгінгі Түркия түріктерінде бұл ұмытылып қалды. Сондықтан олар мәтіндерді аударған кезде көп қате жібереді. Осы жағынан біздің ұпайымыз артық болып тұр. Осындай жағдайларды ескере келе, «анау әрпін таниды екен», «анау аударады екен» дегенге сене беруге болмайды. Мә­селе жазбалардың арғы жағында, түп­кі мән-мазмұнында жатыр. Сон­дық­тан да көк түріктің ғылыми тарихын жазу бұйырып тұр. Бүгінге дейін әлемде көк түріктердің академиялық тарихы жазылған жоқ. Біз осыны жазуға ниеттеніп отырмыз. Тек Үкімет тарапынан жо­баларды бекітіп берсе болғаны. Өт­кен жылы жобамызды ұсындық. Жобамыз өтті, жоғары баға алды. Бірақ ақша бө­лінген жоқ. Ақша жең ұшымен жа­л­ғасып басқа жаққа кетті. Қазақстанда бекітілген заң болғаны­мен, жұмыс ағайынгершілікпен бітеді. Заңды әдемілеп жазып қойғанбыз, бірақ жұмысқа келгенде оны ысырып қоямыз. Сөйтіп, заң қағаз жүзінде қалады да, іс таныс-тамырмен шешіледі. Осылайша, бей-берекетсіздікке бой алдырдық. Ең­бегіміз дұрыс бағаланса, ойымыз­да­ғы­ның бәрін беріп кетуге дайынбыз. Жоба дайын, тек оны қаржыландыру керек. Біз көп өмір сүре алмаймыз. Қазір 72-ден 73-ке кетіп бара жатырмын. Тіпті, «мық­тымын» дегеннің өзінде 80-ге дейін жұмыс жасай алуым мүмкін. Одан кейін менің потенциалым кемиді. Қуа­тым да азаяды. Әл-қуатым азайғасын қа­ламды қалай ұстаймын, компьютермен қалай жұмыс жүргіземін? Қолы­мыз­дан келіп тұрған кезде Үкімет бізді пай­далану керек, осы жағын ойлану ке­рек. Ал сіздер секілді журналистер осы мәселені көбірек көтеруі қажет. – Тасқа жазылған жазулар төңі­ре­гінде де сан түрлі пікірлер айтылады. Шын мәнінде, қалай жазыл­ған? Қандай әдіс қолданылған? – Ескерткіштегі жазулар астынан бас­тап оңнан солға қарай жазған. Ал енді «тасқа қалай жазды?» деген сауалға ойыссақ. Жазбалар көбінде гранит тас­қа жазылған. Алайда гранит тасты қо­лыңызға қашау алып ұратын болсаңыз оның жігі ажырайды да, ешқандай әріп түспейді. Мұндай сәтте ата-бабамыз не пайдаланған? Олар қышқыл тәріздес ерітіндінің көмегіне жүгінген. Ол ерітінді табиғатта дайын тұр. Оны қазақтар «тотияйын» дейді. Мәселен, мына Алтай тауында бір жартас тұр, жартастың ортасын тескен. Сіз барасыз да, сол жерден то­тияйынды салып аласыз. Қолғаппен алу міндетті, әйтпесе, қолды күйдіріп жібереді. Сол тотияйынды ұн секілді әбден ұсақтап үгітіп алғаннан кейін суға езеді де, қылауышпен (қазір қыл­қалам деп жүр) тасқа жазып шығады. Әлгі қышқыл тиген жер тасты ойып, құмданып кетеді. Құмданған сызық бойымен қашау түзімен үгітіп әріп кес­кіндерін қашап түсіресіз. Сөйтіп, жазу сақталып қала береді. – Өзіңіздің мұрындық болуыңыз­­бен университеттен ашылған «Жазу тарихы» музейіндегі құнды жә­ді­герлердің бәрін Моңғолиядан әкел­ге­ніңізді білеміз. Мұндай мұра­лар­ды біздің елден іздедіңіздер ме? Әлде табылмады ма? – Өз территориямызда бірлі-жарым май­да жазулар бар. Отызға жуығы та­былған. Олардың бәрі бір жол немесе бір-екі сөз ғана. Мәселен, Жамбылдағы Та­лас өзенінің бойында үлкен ұстын (стел­ла) болған. Оның астындағы іргетасы – бақатас. Ұстынның суреті бол­ғанымен, өзі сақталмаған. 1891 жыл­дары Финляндия ғалымы Гейкель көріп, фотоға түсірген. Жалпы, көк түрік дәуіріндегі ескерт­кіш­тер қазақ жерінде өте көп болған. Оның бәрі сақталмады. Оған не себеп? Ең әуелі бізге мұсылман діні келген кез­де екі дін (мұсылман және тәңір діні) ара­сында идеологиялық соғыс жүрген. Егер әлгіндей зәулім фундаменталды ұстындар тұратын болса, халық мұсылманның қағидаларына сене ме? Ал тәңірлік дін деген қандай? Тәңір­лік дін – табиғатпен ұштасқан дін. Тәңір­лік діннің түбіне тереңдеп қарай­тын болсаңыз, аспаннан түскен күннің нұры мен жердің қуаты арқылы тірі организм қалыпты өмір сүреді. Яғни, табиғаттың ұйысуы, бір-біріне әсері арқылы түсіндіреді. Тәңірлік діні деге­ніңіз бүгінгі біздің үнемі айтатын экология мәселесі. Ол заманда таза өмірді табиғи үдерісі сөз етіп отырған адам, философиялық қағидат бойынша айтылатын әңгімеге сене ме? Сенбейді, әрине. Содан мұсылман және тәңірлік діннің ортасында идеологиялық соғыс жүрген. Дәл осы кезеңде біздің көп дүниемізді құртқан. Артынан орыс империалис­тері келгенде тағы біразынан айырыл­дық. Одан кейін социализм орнады да, талай жәдігер көзден ғайып болды. Үш реткі топалаңның кесірінен біздің көп құндылықтарымыз сақталмай қалды. Ал Моңғолия жерінде мұндай мұра­лардың бәрі сақталып қалған. Моңғол жерінде буддизм діні орын тепті. Буддизмде «Құдай қайсы?» дегенде мүсінді көр­сетеді. Мүсінді көне түрікше «аңыр­тас» деп атаған. «Мүсін» деген парсының сөзі, біздің сөзіміз емес. Біздің ата-бабамыздың сөзі – аңыртас. Будда діні бойынша, моңғол жеріндегі тозып кеткен көк түріктердің қалың аңыртастары будда құндылығының бір түрі деп ба­ғаланып, соған табынған. Мойнына қа­дық іліп, алдына ас қойып, аузына құй­рық май жағып қорғаған. Өйткені моңғолдар үшін мүсін тас дегеніңіз қа­сиетті дүние. «Ғасырлар тереңінен бері сақталған дүние, бұған тимеңдер» деп адамдарды жолатпаған. Олар әлгінде айтқандай, халықты гуманизмге дайындағысы келген ғой. Ислам дінінің де гуманизмі мықты. Адам «адам» атын сақтап қалуға, пара­саттылық пен ынтымақты, игілік пен қамқорлықты, кішілік пен кісілікті, тазалық пен тәртіпті сақтауға байланыс­ты мыңдаған ғажайып өнегелері ұрпақ тәрбиесіне үлгі барлық қасиетті қағида­лар ұлтымыздың ұстынына айналды. Сондықтан да адал дініміздің алдында қарыздармыз. Бірақ жоғарыдағыдай жағдай бар. Моңғолдар біздің тарихи дүниелері­міз­ге көп тиіскен жоқ. Будда діні мен мұ­сыл­ман діні арасында үлкен шайқас­тар жүрді. Содан көп мүсін тастардың басын алып тастаған. Неге десеңіз, моң­ғолдар мал шаруашылығымен айналысатын халық қой. «Мүсін басымен тұра­тын болса, жұт шақырады, індет ша­қырады, сондықтан бұлардың басын алу керек» деп бәрінің басын алып тастап отырған. Кеудесінен төмен қарай сақталған. Арасында басымен бүтін тұрғандар да бар. Ол батыс аймақта немесе Алтай жағында. Бұл жерлерге буддизм келе қоймаған. Ал Орталық Моңғолияда бәрінің басын қағып тастаған. Өйткені мұнда буддизм өте қатты өркендеген. Сондай-ақ моңғол даласында жерастында сақталған дүниелер де мол. Сондықтан бізге әлі көп жұмыс жасау керек. – Әлі де сыры ашылмаған құнды жәдігерлеріміз көп болса, оны жа­рық­қа шығаруға не кедергі? – Қазір біздің моңғолдармен байланысымыз жақсы. Бірақ бізде жұмысты әрі қарай алып кетуге ниет жоқ. Шенеу­ніктер бұл туралы тіпті де ойламайды. Ұлттың рухани дүниесі үшін ниет етпейді. Елбасы «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасын ұсынып, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын әзірледі. Бәрі аттандап жүгіріп алды да, енді бә­рін жасап тастағандай, бәрі қо­лы­мыздан келгендей ентігіп отырмыз. Шын мәнінде, бәрі шалажансар жасалды. Осылайша, өз-өзімізді алдап өмір сүріп келеміз. Неге? Өйткені бізде ұлтқа де­ген ниет тым босаң. Кеңес үкіметі тұсында 70 жыл бойы «ин­тернационализм» деп шапқыладық. Соңғы 30 жыл бойы «ұлттар достығы» деп ұрандатып жүрміз. Ал өзімізді иттің етінен жек көреміз. Қазір біреудің руын жамандасаң, бетіңнен алып, төсіңе шабады. Ал қазақты жамандай бастасаң, қол соғады. Мен рулық, тайпалық жүйе­ге қарсы емеспін. Бұл дегеніңіз биоә­леу­меттік жүйе. Қазақтың иммунитеті. Сол иммунитетті шегінен асырмай пайдалана білсек ұлтты ұйыстыра аламыз. Енді не істеуіміз керек? Ең әуелі, ата-бабаң жа­сап кеткен дүниені, ұрпағына мұра етіп қалдырған жәдігерлерді зерттеу керек. Соны жарыққа шығару керек. Соны кәрі-жас демей санаға сіңіру керек. Сонда ғана біз ұлтшыл боламыз. Билік те, халық та өз ұлты, өзінің бір ұлы (қызы)ның тағдыры үшін күресуі керек. Бұл өзінің парызы екенін түйсінуі керек. Сонда ғана біз ұлтшыл бола аламыз, сонда ғана біз алға қадам басамыз. Қазақ ұлтшыл боп ешкімнің басын жарып, көзін шығармайды, тек өзін сүйетін, өзін-өзі сыйлайтын дәрежеге келеді. Бірақ ондай дәрежеге жету үшін біз­ге әлі 50-70 жыл керек-ау. – Сіз ерте орта ғасырдағы көк тү­ріктердің салт-дәстүрі қазақ хал­қын­да мол сақталғаны туралы айт­тыңыз. Осы жөнінде нақтырақ айтып өтсеңіз? – Тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмі­рімізде көк түріктердің салт-дәстүрі қазақ халқында жақсы сақталған. Мысалы, дүниеден өткен адамды жерлегенде басына жастық қою салты байырғы түріктер мен қазақтарда бірдей. Мүр­дені орналастыратын жерді сызып алған соң алғаш рет күрек немесе тесеге шым, топырақ не тас ілінсе соны бөлек алып қояды да, мүрденің жастығы ре­тінде басының астына төсейді. Ақымдап қою әдісі де көк түріктер мен қазақтарда бір­дей. Мүрдені үйден алып шыққанда қа­зан жақтағы (солтүстік жақтағы) әйел­дер тарапынан жоқтау айтылады. Осы дәстүр Күлтегін ұстынында сақ­тал­ған. Ал қауіп-қатерге ұшырау оқиғасын қа­зақтар «ұшық болды» дейді. Донгойн-ширэ ұстынында ІІ көк түрік қағанаты құлап, Ордадан қуылғанын «ұшық болды» деп зар еңіреп жазып кеткен, т.с.с. ондаған мысалдарды айтуға болады. Атау­лар туралы сөз ететін болсақ, ел (мем­лекет), төр (билік), тұрғақ (жасақ),  мәңгітас (ескерткіш), аңыртас (мүсін) Орда, Алаш, ұрық (ұрұ) ондаған лексикондарды тізуге болады. Тайпалар мен тайпалық одақтар туралы сөз етсек: үш тулы қыпшақ, әлім, чігіл, шекті, беріш, жетіру, таздар, сақтар, то­ғыз оғуз (керей), сегіз-оғуз (найман), то­ғыз-абаку (тоғыз абақ), басмыл (ар­ғын), қарлуқ­тар, т.с.с. ондаған тайпалар туралы сөз етуге болады. – Дәл бүгінгі күні қазақ қоғамын­да латын әліпбиіне ауысу аса өзекті мәселе болып тұр. Сіздің ойыңызша, не нәрсеге баса мән беру қажет? – Латын әліпбиін Тіл білімі институ­ты әбден былықтырды. 1969 жылы Санкт-петербордан «Түрік тілінің сөздігі» деген кітап шыққан. Сонда біздің тіліміздің фо­нетикасына сай латын алфавитін ен­гізген. Соның бірлі-жарым әрпін ғана өз­гертіп, ала салу керек еді. Ал біз қайт­тік? Біз оның орнына «жаңа Америка» ашпақшы болдық. Олар «Американы» қайта ашуы керек, атақ алуы керек. Бұл та­ғы да ұлтына жаны ашымастық. Бізде «у», «ұ» дейтін дыбыстар бар. Екеуі екі түрлі дыбыс. Соның бірін «w» таң­басымен ала салуға болар еді. Онымен тоқтамай «ы» дыбысын «у»-мен берген. Ал біздің мамандар онымен қоса апостроф дегенді шығарды. Бірінші сыныптың баласына қазіргі латын әліпбиін апарсаң, ол бала бір жыл ішінде сауат аша алмайды. Басы қатып кете­ді, шатасады. Осының кесірінен қазақ халқын сауатсыздыққа бастайын деп отыр. Балаларды осылай тәрбиелегелі отырмыз. Тіл білімі институтында мықты ға­лым­дар отыр. Бірақ басшылығы олар­дың сөзін тыңдаған жоқ. Ұсынған жұ­мыстарын бекітпеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың латын әліп­биіне қатысты ескерту жасағаны жай­дан-жай емес. Енді Тіл білімі институты сауатты мамандардың сөзіне құ­лақ түруі керек. 3-4 әріпті ғана түзете сал­са, мәселе шешіледі. Тек әлгіндей атақ қуған, өзін көрсеткісі келетіндерден қашу керек. Олар елдің көсегесін кө­гертпейді. Қазақты алға бастамайды. Уақыт өтіп барады. Ойлануымыз керек! – Сұхбатыңызға рақмет!  

Сұхбаттасқан

Әсел ӘНУАРБЕК