4 Желтоқсан, 10:24 318 0 Мәдениет Анар ЛЕПЕСОВА

Алматыда «Бастау» кинофестивалі басталды

Алматыда VІІІ Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік  фильмдер фестивалінің ашылуына орай баспасөз мәслихаты өтті.

Жиынға «Бастау»   ХКФ президенті Сергей Әзімов,  Bastau Debuts конкурсының қазылар төрағасы, кинорежиссер, сценарист, продюсер - Михаил Сегал (Ресей), театр және кино актрисасы - Нелли Уварова (Ресей), киносарапшы, «Лістапад» халықаралық Минск кинофестивалының бағдарламалық директоры Игорь Сукманов, «Бастау» фестивалінің арт-директоры Диана Әшімова, режиссер Шәрипа Оразбаева (Қазақстан), режиссер, студенттік қазылар алқасының төрағасы Әлішер Жәдігеровтер (Қазақстан) қатысты.

-Осымен сегізінші мәрте өтіп жатқан фестивалымыз өтпелі кезеңде ұйымдастырылып жатыр. Мұндай кезде біздің фестивальдай ауқымды шараны өткізу-оңай емес. Дегенмен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тікелей қолдау білдіруімен бұл мәселе оң шешімін тапты.Сондай-ақ бізге Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА басшылығы үлкен қолдау көрсетті.   Бұл қадам фестивалымыздың еліміздің мәдени өмірінде тұрақты түрде өтіп тұруы тиіс маңызды шара екендігін айғақтайды. Біздің фестиваль- жас киногерлердің шеберліктерін шыңдауға, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруға жолдама беретін алаң, өздеріндей жастармен танысып, байланыс орнататын, кино майталмандарынан үйренетін шығармашылық кеңістік, - деді «Бастау» ХКФ директоры Сергей Әзімов.

- Биылғы бағдарлама студенттегер ғана емес, сондай ақ көрерменге де қызықты болады деп ойлаймын. Бір айта кетерлігі, біз биыл алғаш рет байқау бағдарламасына деректі киноны қостық. Шетелдік қонақтардың бағдарламасы да қызық болатыны сөзсіз. «Бастаудың» басты міндеті – білім беру болғандықтан, біз шеберлік дәрістердің бағдарламасын да жақсылап ойластырдық.  Картиналарды халықаралық деңгейде таныту, оларды халықаралық фестивальдарға ұсыну, сатып алуларға қатысты арнайы бағдарлама болады, - деді фестивальдің арт-директоры Диана Әшімова.

Кешке «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Бастау» кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Кеш басында «Бастау» кинофестивалінің президенті Сергей Әзімов және ҚазҰӨА проректоры Сәкен Майғазиев келген қонақтарға алғыстарын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мәдени іс-шара барысында Грузияның белгілі режиссері Ираклий Квирикадзе қазақ киносының дамуына қосқан үлесі үшін жүлдесімен марапатталды. Бұл құрметті сыйлықты фестиваль президенті Сергей Әзімов табыстап, грузиялық әріптесімен бірге 8-ші халықаралық «Бастау» кинофестивалін ашық деп жариялады.

Салтанаттың ресми бағдарламасынан кейін көрермендерге әлемнің көптеген фестивальдерінде көрсетіліп үлгерген қазақстандық режиссер Шарипа Оразбаева түсірген «Мәриам» фильмі ұсынылды. Көрсетілімнің алдында фильмді таныстыруға шыққан режиссер картинаның түсірілу барысы туралы сөз айтып, шығармашылық ұжымға алғысын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл фестиваль форматына өзгерістер енді. Байқауға алғаш рет толықметражды дебюттік фильмдер еніп отыр (барлығы 10 туынды). Ал қысқаметражды фильмдер байқауына биыл 44 елден 360 өтінім келіп түскен. Фестивальдің іріктеу комиссиясы конкурсқа 43 туындыны таңдап алған. Айта кетсек, фестиваль барысында ҚазҰӨА студенттерге арналған шеберлік дәрістер мен фестиваль қонақтарының қатысуымен шығармашылық кездесулер өтеді.

Фильмдер Bekmambetov Cinema (Абай даңғылы, 109 В,Globus СОО, 2—ші қабат) кинотеатрында көрсетіледі.

Студенттік және дебюттік «Бастау» халықаралық фестивалының ұйымдастырушылары: «Бастау» ХКФ Бас Дирекциясы, «Кинокомпания Tanaris Production» ЖШС, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «A Team» компаниясы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясы, ТҰРАН Университеті, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ.

 

Соңғы жаңалықтар