21 Қараша, 09:14 323 0 Заң Анар ЛЕПЕСОВА

Жамбылда кісі өлтірген қылмыскер 21 жылдан кейін ұсталды

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында кісі өлтірген қылмыскер 21 жылдан соң анықталып, ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл 16 қарашада Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы полиция бөлімі қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 21 жыл бұрын кісі өлтірген Мойынқұм ауылының 61 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Күдікті өз түсініктемесінде аталған жағдайдың достарымен ішімдік ішіп, ерегесіп қалуы салдарынан болғанын мәлімдеді. Ерегес кезінде күдікті «ИЖ» маркалы 12-калибрлі қарудан оқ атып, ер адам оқиға орнында ажал құшады. Тергеу жұмыстарының барысында күдіктінің көрсетуімен үйінің ауласынан жерленген мәйіттің қалдықтары табылды»,-делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар, 1998 жылы болған қылмыстық оқиғаға қатысты оқ дауысын естіген куәгердің түсініктемесі бар. Одан бөлек, күдікті 2013 жылы ерікті түрде қару өткізу акциясы аясында оқ атылған қаруды Мойынқұм ауданы ішкі істер бөліміне өткізгенін айтты. Өткізгені туралы мәлімет АЕК-ға тіркелген. Бүгінде аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлімімен (кісі өлімі) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.

 

Соңғы жаңалықтар