9 Қараша, 11:44 249 0 Жаһан Анар ЛЕПЕСОВА

2021 жылы елордада Жаһандық жер фестивалі өтеді

Жаһандық жер фестивалі 2021 жылы елімізде өтетін болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы төралқасының төрайымы Әлия Назарбаева мен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басшылығы бастаған еліміздің делегациясы Монако қаласында өткен форумға қатысты. Жаһандық жер фестивалі – экология, жасыл экономика және жаңаша ойлау бағытындағы маңызды форумдардың бірі. Негізі ұстанымы өнер мен шығармашылық арқылы ғаламды әлеуметтік, экономикалық және ғылыми тұрғыда қайта жаңғыртуға бағытталған. Жаһандық іс-шараға еліміздің өкілдері де шақырылып отыр.

Қазақстанның әлемге әйгілі форуммен ынтымақтастығы жақында ғана басталды. Биыл Астана экономикалық форумына Жаһандық жер фестивалінің ұйымдастырушысы – танымал суретші Мария Ребекка Баллестра қатысқан болатын. Аталған іс-шарада екі жақ өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы төралқасының төрағасы Әлия Назарбаева және жер фестивалінің бас директоры, сондай-ақ өкілетті министр және Князь Альберт II мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Бернар Фаутьер кездесу барысында 2021 жылы елімізде Жер фестивалін ұйымдастыру туралы келіскен.

"Бүкіл ғаламшар үшін ұйымдастырылатын форум енді біздің жерімізде де өтеді. Осындай бірегей іс-шара қоғам алдына орнықты даму мәселесін көтеруге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – қоршаған ортаны қорғау, экология мен жасыл технологияларды дамытуға қатысты мәселелерді шешіп, күрделі жобаларды іске асыру", –  дейді «Жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басшысы Рамазан Жәмпейісов.

Соңғы жаңалықтар