1 Қараша, 12:23 363 0 Руханият "Түркістан" газетінің авторлары

Хамзаның азапты жолы

Ауылдағы қариялар ақ қырау шалған сақалын еті қашқан арық сау­сақтарымен салалай тарап қойып: «Адамның басыАлланың до­бы», – деп өткен күндерін еске алғанда мәтелдей сөйлеп отыратын. Жазғы демалысымызда екі-үш ай ауылда боламыз. Колхоздың интернатында қыс бойы су борщ ішіп, жүдеп-жадап жайлауда отыр­ған әкемнің төртқанат киіз үйіне жеткенше асығамын.              

Ол күнде өзімнің он жылдық оқуымды бітіріп, ҚазМУ-дің фи­ло­ло­гия фа­­куль­тетіне түсетінім, бүкіл ғұмырының көбі түрмеде өткен: Өмі­рінің көбі, неміс түрмесінде, орыс абақтысында, фащистік конц­лагерлер мен кеңес үкіметінің Сібірдің ит тұмсығы батпайтын орма­нын­да, бүкіл жас ғұ­мыры Колыманың жерінде ит қорлықта өткен Хам­за марқұмның досы боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген жоқ.

 Хамза Жармұханбетұлы Аб­дул­­лин 1919 жылғы 10 ақ­пан­да Солтүстік Қазақстан (Қы­зыл­жар) облысының Мағжан Жұ­мабаев (бұрынғы Булаев) ауда­нын­да дүниеге келген. 1940 жылы  Х.Аб­дуллин Алматыдағы Жур­на­лис­тер институтын бітіреді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, Хамза әскер қатарына шақы­ры­ла­ды.

Тарихта «Харковский котло­ви­на» – деп аталып кеткен Киев тү­бін­дегі қоршауда 300000 Кеңес әскері неміс армиясының қолына түседі.

Сол кезде шыққан бір газетте: «Кеңес үкіметі қолбасшылары – әлемдегі ең талантсыз, ең білімсіз қолбасшылар», – деп жазған. Ол ту­ралы Жуковтың өзі: «Жеңіске жетудің жалғыз жолы – жауын­гер­лерді оққа аямай айдап салу», – деп мойындаған. Екінші дүниежүзілік соғыс­та неміс әскерлерінің бес миллион солдаты о дүниелік болса, Ресейден барлық бейбіт тұрғынды қосқанда 48 миллион (орыс, өзге ұлттарды қоса есептегенде) адам­ның құрбан болуы аз шығын емес сияқты.

Бұл жайында Хамзекең күліп отырып, сағаттар бойына әңгіме айтудан жалықпайтын. «300000 деген бері айтқандағы жалған цифр», – дейтін. Шындығында 600000  мыңға жуық болатын. Ат­ты әскер қолбасшысы Буденный жаңа заман соғысынан бейхабар болатын.

Немістер Кеңес әскеріне екі қабат қоршау салып тастады. Жо­ғар­ғы штабтағылар сасқалақтап, Буденный мен оның маңындағы генералдарды кукурузник ұшағы­мен (АН-2) түн ішінде алып қаш­ты. Жерге таяу ұшатын осы ұшақты не­міс зениткасы атып үлгере ал­майтын. Бассыз қалған әлденеше ар­мия қырылмағанда қайтсын, сырт­тан келер көмек жоқ. Сол­даттар екі қабат қоршауды бұзып шыға алмай түгелдей қолға түседі.

* * *

Оқырмандар менің Хам­за­мен таныстығым жайлы білмеуі мүмкін. Онысы заңды.

Мен, осы жолдардың авторы – ақын Зейнолла Тілеужанұлы Хам­за соғысқа аттанып, қызыл қыр­­ғын­ның ішіне енгенде туған сәбимін.

1968 жылы ҚазМУ-дың фило­ло­гия факультетін бітіріп, қалада қалу қамына кірістім. Кірістім деген жай сөз. Тоғыз шаршы метр жер табу мүмкін емес. Өлсең, екі метрді де бермейді-ау деп шама­лай­мын. Қалада өліп көр­ме­ген­діктен айтқаным ғой. Әйтеуір, аш иттерге тастамаса болды!..

Диплом алған соң, сол кездегі Орталық комитеттің бөлім бас­ты­ғына, Шляхов дегенге әрең кіргенім есімде. Бір мың болғыр екен, ерін­бей бір сағаттай телефон соғып, соның арқасында облыстық «Же­тісу» газетіне корректор болып ор­на­ластым. Редакторымыз – Ол­жас Сү­лейменовтің өгей әкесі Қа­ра­­­ғ­ұ­л­ов.

Енді ақын Хамза Абдуллинмен қалай кездескенімді айтайын деп отырмын...

Алатыным – 60 сом. Төлесем пә­терақыға, ішсем тамаққа жа­ры­маймын. Жұмысы-тозақ. Газет таңғы бес-алтыда баспаға кет­кен­ше ұйқы жоқ. Төрт қабат үйден лиф­тімен бір түсіп, бір шығасың. Гестапоның түрмесі одан жақсы ма деп қалдым. Сорыма қарай қарап жүрмей бірінші курстың студентіне үйлендім. Қарағұлов мені бөлімге алмады.

Өз еркіммен кетуге арыз жазуға ту­ра келді. Алла берейін десе, шаңы­рағыңнан тастайды. Маған да сөйтті. «Қазақфильмнің» жа­ны­нан ашылған «Жаңа фильм» – «Новый фильм» журналына кіші ре­дактор боп орналастым. Айлығы сол кездегімен алғанда орташа деңгейде. Жүз жиырма сом. Айына екі рет беретін қаламақысы тағы бар.

Бұл 1969 жылдың мамыры бо­латын. Мен Хамза Абдуллинді сол жур­налдан ұшыраттым. Ол сонда бөлім бастығы болып, мен ба­рар­дың алдында орналасыпты. Бас ре­дак­торымыз ақын Мыңбай Рә­шев.

Оның бұл жұмысқа орналасуы үшін, сол заманда сирек те болса да жанашыр адамдардың көме­гі­мен Компартияның Орталық Ко­ми­тетіне хат жазады және ол хат тікелей Дінмұхамед Ахметұлы Қо­на­евтың қолына түседі және Ди­мекең «жұмысқа орналас­ты­рыл­сын және пәтер берілсін» деген бұрыштама қояды.

Кейбір қызметкерлер: «Ол – ха­лық жауы. Біздің әкелерімізді өл­тір­­ген» – деп оған жылы шырай бер­меді. Алайда «жаладан ақ­тал­ған» деген табақтай қағазы бар Хам­зекеңе атарға оқтары болмай, реті келсе шалып қалуға тыры­са­тын.

Хамза орта бойлы, толықтау кел­ген, етжеңді адам екен. Өзі әң­гімешіл. Басында мінезіміз шәлкем-шалыс келгенмен, артынша көп ұзамай достасып кеттік. Өзі та­маша ақын екен. Жаратылысынан ептеген трайбалистігі бар. Мен де оқу бітірген екі жылдың ішінде трайбализмнен (рушылдық) ептеп сабақ алып қалғам. Қалада қалатын студенттерді қолында мансабы бар «шалдар» оқуды бітірер-бітірместе бөліп алып, қызметке орналас­ты­рып, тіпті, кейбіреуіне пәтер де әперетін. Басында «крышасы» жоқ, қорғаны жоқ мен сияқтылар далада қалғанбыз.

* * *

Бастаған әңгімеме қайта ора­лай­ын. 1941 жылғы 18-қыркүйекте Киев қаласының түбінде неміс­тер­дің қолына Кеңес армиясының қатарында қолға түскен Хамзаны 1943 жылы мамыр айында Бер­линге шақыртып алады.

Оған себеп болған марқұм Мұс­­­тафа Шоқай құрған Түркі ха­лық­тарының легионы еді. Былай­ша айтқанда «Вермахтың мұсыл­ман сарбаздары» десе де болады. Жур­налистік жоғары білімі бар Хамза Түркістан ұлттық коми­те­тінен шығатын «Жас Түркістан» ба, әлде «Жаңа Түркістан» газетінің бас редакторы болып қызмет ат­қарған. Тәрізі, татардың Мұса Жалил деген ақынының ұйымына кірсе керек.

1945 жылғы сәуірдің соңына қарай Хамза Абдуллинді Гитлерге қарсы ұйымдастырылған жасырын ұйымға қатысқаны үшін гестапо тұтқынға алады. Өлім жазасына бұйырады.

Ол туралы түрік-қазақ жазу­шысы, «Азаттық» радиосының қазақ бөлімінің бас редакторы Ха­сан Оралтай өзінің 1973 жылы Стам­бул қаласында шыққан «Алаш-Түркістан түркілері азат­ты­ғының ең басты ұлттық ұраны» атты кітабында: «Эсэстіктер атып өлтірген Хамза (Бүркеншік аты Сайран) өте талантты ақын болған, қазақ халқының ұлы ақыны Мағ­жан Жұмабаевтың стилінде өлең жазған», – деп атап өтеді. Сондай-ақ, Хасан Оралтай өзінің аталмыш кітабында «Сайранның» өмірден ерте озғанына өкініш білдіре оты­рып: «Топырағың торқа болсын», – деп, көңіл айтуды да ұмытпайды.

Бірақ, Құдай сақтап, Хамза гит­лер­шілдер оғынан аман қалады. Ол гестапоның қолына легионның полкі Польша жерінде тұрғанда түседі. Сол Польшада болған кезін­де Ядвига атты поляк қызына үйленеді. Тұтқын болғаннан кейін оның бақытсыз махаббатының тағдыры бізге беймәлім.

Редакцияда оңаша отырғанда ақкөңіл Хамза өзінің бастан өткер­ген тағдыр-тауқыметін күле оты­рып, жырдай қылып әңгімелейтін: «Кеш­кісін маған және камералас Жұма­баев деген қырғызға шыға­рыл­ған ату жазасын гестапо офи­цері оқып беріп, таңғы сағат 8-де атылатынымызды хабарлады», – деп жайбарақат айтатын.

Мен аузымды ашып, таңданып тыңдай берем. «Содан кейін... Содан не болды?» – деп сұраймын тықыр­шып. Не болушы еді, – дейтін Хам­за күліп. Ажал күту азабы дегеннің қан­дай болатынын сен білмейсің, баласың, мен білем, дөңбекшіп ұйық­тай алмадық. Шір­кеудің қа­быр­ға сағаты сегізді соқты. Елегізіп ес­тіп жатырмыз... Есік ашылған жоқ. Бір, екі... үш минут өтті. Бір­тіндеп бойымызға жан кірейін де­ді. Енді бізді атпайды, – деді ка­ме­ра­лас қырғыз жігіті. – Аузыңа май! – дедім қуанып. – Немістер өте дәл жүретін халық. Уақыттан қателес­пей­ді. Жарты сағаттан соң, каме­ра­ның есігі ашылып, кірген күзет­ші: «Сендерді Берлин түрмесіне ауыс­тыратын болды», – деп ха­бар­лады. Біз «Берлин түрмесіне» емес, елге қайтардай қуандық.

Артынан білдік, бізге аудар­ма­шы болған башқұрт жігіті Түркіс­тан легионының офицері екен. Сол немістер тарабынан қойылған бас­шы­мыз Олщеге телефон соғып: «Хам­заны атқалы жатыр», – деп ха­барлайды. Олще соғыс министрі Ро­зен­бургке кіріп, Хамзаның тағ­ды­рына араша түседі. Сөйтіп, қыр­ғыз жігіті екеуін шанаға салып, мықты күзетпен Берлиннің түрмесіне аттандырады. Жұмабаев жолда немістерден қашып кетеді.

Бұл кезде Қызыл Армия Берлин ір­гесіне келіп қалған. 1945 жылғы 23-сәуірде түрме бастығы, неміс майо­ры камераның есігін ашып тас­тап: «Бастарың ауған жаққа қа­ша беріңдер! Мен де қашамын!» – деп тайып тұрады. Сөйтіп, ғайып­тың күшімен Хамза тура келген ажал­дан аман қалады.

НКВД жендеттері олай жасамас еді. Мәселен, КСРО-ның батыс об­лыс­тарынан 1941жылы Кеңес әс­кері шығысқа шегінген кезде НКВД жендеттері арттарына айғақ қалдырмау үшін түрмедегілерді түгелдей атып кеткен. Бұл туралы Рой Медведев: «Соғыс алдында: Львов, Кишинев, Рига, Таллин, Вильнюс, Каунас тағы басқа батыс қалаларында көшіріліп үлгермеген саяси тұтқындар өте көп болатын. Соғыстың алғашқы күндерінде НКВД жендеттері соларды қырып салды», – деп жазады.

Түрмеден шыққан Хамза Аб­дул­лин Совет Армиясының 36-ат­қыштар двизиясының 110 атқыш­тар полкіне қосылады. 1946 жылғы сәуірге дейін сонда қызмет етеді. Полк ол кезде шығыс Пруссия аймағында тұратын. Сол жылдың 9-сәуірінде «Смерч» арнайы жасағы Хамзаны Отанын сатқан сатқын ре­тінде тұтқындап, этаппен Алма­ты­ға аттандырады. Алматыға әкелін­ген Хамза НКВД-ның Дзер­жин­ский көшесіндегі ішкі түр­месіне қамалады. Бұған дейін ішкі түрмеде Хамзамен бірге Түркістан легионында бірге болған 48 адам қамақта отырған. Түркістан легио­нер­лерін тергеу ісі бір жылға дейін созылып, 1947 жылдың 18 сәуірде аяқталды. Түркістан әскери окру­гі­нің трибуналы барлық 49 адамға сот үкімін шығарып, 11-іне ату жазасын кеседі (кейіннен 25 жыл түр­меде отыру үкімімен ауыс­ты­рады). Қалғандарына – 15 жылдан 20 жылға дейін мерзім берді. Хамза Абдуллинге он жыл берілді.

Неге аз мерзімге сотталғанын Хамзекең бізге былайша түсін­ді­ретін. Сол кездегі куәлардың бірі болып, Қырғыз НКВД-сының пол­ков­нигі тұтқыннан қашқан бая­ғы Хамзаның камералас серігі Жұ­ма­баев куәлік береді. Сірә, КГБ оның Гитлерге қарсы астыртын ұйымға қатысқанын ескерсе керек.

Өмірден жолы болмаған Хам­за­ның фашизмнің концла­герін­дегі көрген ит қорлығы 1947 жылы аяқталып, көкжиектен екінші бір концлагердің, Сталин түрмесінің төбесі көрінді. Сібірдің ит тұмсығы батпайтын «Колыма» конц­ла­ге­рінде он жылға жуық жас өмірін ауыр азаппен өткерген Хамза 1955 жылы «Күн көсем» о дүниелік бол­ған­нан кейін екі жыл өткенде бос­тандыққа шықты.

Жүрегі алып ұшып туған еліне оралған ақынды отандастары сал­қын, ызғарлы қабақпен қарсы ал­ды. Атышулы 58 баппен сотталған ақын­ды ары қарай қуғындау жал­ға­сын тапты...

Сол кездегі Қазақстанның аста­насы болған Алматының баспа орындарының, газет-журнал­да­рының есігін қағып жұмыс сұрау­мен біраз өмірін өткерді. Ауыздары күйіп қалған қарт коммунистер, «Халық жауларымен» жасырын кү­ресін бастап кеткен жас ком­му­нистер атышулы 58-баппен сот­тал­ған Хамзаны ақталғаннан кейін, 1956 жылдан соң да қуғындауын қой­мады.

Қайда барса, маңдайы тасқа ти­ген Хамза, өзінің туған қаласы Петропавлға (Қызылжар) қайтып кетеді. Сол кезде атақты әдебиет сыншысы, тамаша публицист Ілияс Омаров облыстық партия коми­те­тінің бірінші хатшысы қызметін ат­қаратын. Сол кісінің көмегімен облыстық «Ленин туы» газетіне қызметке орналасады. Бақытжан деген қызға үйленіп, шаңырақ кө­тереді.

Ілияс Омаров қызметі жоға­ры­лап, мәдениет министрі болып Ал­ма­тыға ауысқан соң, Хамзаны қу­ғын­дау қайта басталады. Жас жұ­байын қасына ерткен ақын Пет­ро­павлдың алыс аймағындағы өз аулына қоныс аударып, бастауыш мектепке сабақ беріп жүреді.

Оған Алматыда Жазушылар Ода­ғында қызмет істейтін жау­ла­ры бұл жерден тыныштық бермей қуғындайды.

Табиғатынан туа біткен ақын­дық­ты Хамза түрмелерде де, конц­лагерлерде де тастаған жоқ. Гру­зин­нің Ұлы ақыны Шота Руста­ве­лидің «Жолбарыс тонды жиһангез» дас­танын аударады.

Кеңес өкіметі жылдарында осы дас­танның үзіндісін елуге тарта ақын қазақшаға тәржімалағаны есім­де. Жаңадан қалам тартып, мек­теп партасында өлең жазып жүрген мен де оқып көріп, түк түсінбегем.

Міне, осынау ұшан-теңіз дас­тан­ды ұзақ жылдардан кейін қа­зақ­тың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов алғы сөз жазып бас­па­дан шығартты. Ұмытпасам, жет­пі­сінші жылдардың орта кезі-ау деймін. Хамзаның бірді-екілі өлең кітабы және «Мұстафа мен Мағ­жан тұран елінің даналары» атты естеліктер жинағы жарық көрді.

Журналистер институтында оқып жүргенде «Шойын жол» атты поэмасы жыр мүшәйрасында бі­рін­ші орын алған Хамза сол кездегі жас ақындардан шоқтығы биік тұр­ған еді. Соғыстан соң оның соңы­на түскендер ақынның бақ­та­ластары еді. Мен оның өз аузы­нан естігенімді жазып отырмын.

Жоғарыда айтып өткендей, Петропавлдан Алматыға қайта орал­ған Хамза жары Бақытжан екеуі шөппен емдейтін атақты халық емшісі Кәдірқожа Аман­кел­диевтің жертөлесінде пәтерде тұ­рады. Бақытжан көкірек ауруына ұшырап, екі-үш жылдан кейін қай­тыс болады. Ақынның бақытсыз ма­хаббаты осылайша сәтсіз аяқ­талады.

Хамзаның жоғарыда аталған «Қазақфильмнің» жанынан шы­ға­тын «Жаңа фильм» журналына орналасуы да өз алдына бір әңгіме. «Жаңа фильм» журналына Д.А.Қо­наев­тың өзі араласып орналас­ты­рады.

Өмірдің ащы-тұщысын бір адам­дай татқан Хамзамен өмір бойы дос болып өттім. Бірде Хам­зе­кең: «Зейнолла сенің жүз жауың бар шығар... Менің мың жауым бар. Мен өлген соң, бір мың бір жүз жаумен күресу қиын болар...», – деді. Күрес жолын сізден үйрендім ғой, дәнеме етпейді, – дедім күліп. Кейіннен байқадым, Хамзаның сол сөзі шындыққа шықты.

Хамзаның екінші некесі де бақытсыз болды. Артында бір ұл, бір қыз қалды.

Олардың көрген күнін айтуға ауыз бармайды. Жазушылар Ода­ғы­нан көмек жоқ...

Осымен өмірі өксумен өткен менің досым Хамза 2001 жылғы 10 ақпанда, өзінің туған күнінде дүниеден өтті.

Туған жері Петропавлда көше беріп, ауылына ескерткіш орна­тыл­са ғой, шіркін!

 

Зейнолла Тілеужанұлы

Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Соңғы жаңалықтар