28 Қазан, 15:44 379 0 Білім Анар ЛЕПЕСОВА

Елімізде тағы бір Назарбаев зияткерлік мектебі бой көтереді

Жезқазғанда Назарбаев зияткерлік мектебі ашылмақ. Жаңа білім ордасындағы оқу шарттары мен сапасы республиканың ірі қалаларындағы осындай мектептермен бірдей болады. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аппараттық жиында мәлімдеді.

Назарбаев зияткерлік мектебі аймақта жақын болашақта құрылысы жоспарланған алты білім беру ұйымының бірі болады. Сонымен қатар Қарағандыда тағы екі орта мектеп, басқалары Теректі, Шет және Ұлытау аудандарында пайда болады.

«Жаңа мектептер құрылысының арқасында оқу орындарының саны жеткілікті болады. Осылайша біз жұмыс жүктемесі мен үш ауысым мәселелерін шешеміз. Ендігі біздің басты міндетіміз - 30 жастан асқан мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу. Қарағайлыда «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында ғимаратты жөндеуге 500 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Дәл осындай жұмыс Егіндібұлақта жоспарланған», - деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, облыс әкімі ерекше қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау керектігін айтты. Аймақ басшысы қалалар мен аудандардың әкімдеріне бір апта ішінде күрделі жөндеуді қажет ететін мектептердің толық тізімін беруді тапсырды. Осы процесті және болашақта жөндеу барысын бақылау үшін Жеңіс Қасымбек жұмыс топтарын құруды тапсырды. Олардың құрамына қамқоршылық кеңес мүшелері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді.

 

Соңғы жаңалықтар