24 Қазан, 12:11 452 0 Әдебиет Ахмет ӨМІРЗАҚ

Әбдіжәміл әлемі – қазақ руханиятының мерейі

Қазанның 22-сінде Алматыдағы Абай атындағы қазақ мем­лекеттік академиялық опера және балет театрында қазақтың әлемге танымал прозаигі, «Қазақстанның Халық жазушысы» Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жасқа толуына орай мерекелік шара өтті.

 Салтанатты жиында алғаш сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік хат­шы­сы Қырымбек Көшербаев мерейтой иесін ме­рейлі жасымен құттықтап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтар жазушыға жылы лебіздерін білдіріп, құрмет көрсетті. Мерейтой кешінде белгілі жазушы Смағұл Елубай классик жазушымыздың әдеби әлемі, оның ұлттық әдебиетімізде алар орны мен қазақ көркемсөзінің қуатын әлемге танытар көркемдік тереңдігі жөнінде және көрнекті тұлғаның азаматтығы жайында баяндама жасады. «Әлемнің Әбдіжәмілі» атты ол баяндама жиылған халықтың көңілінен шығып, жиі қол соғып отырды.

Жиын соңы классик жазушының мерейтойына арналған қазақ өнері шеберлерінің концертіне ұласты.

22 қазан 1924 жылы Қызылорда об­лысы, Арал ауданы, Үшкөң ауылы, Құ­лан­ды поселкесінде дүниеге келген Әбді­жә­міл Кәрімұлы Нұрпейісов екінші дүние­жү­зілік соғысқа қатынасып, бір әулеттен аман қалған жалғыз тұяқ болатын. Соғыстан соңғы дәуірде қазақ әдебиетінің табалдырығынан батыл аттап, әдебиеттің басқа жанрларына барлау жасамай-ақ, бірден роман жазып танылған.

«Курляндия» (кейін «Күткен күн» де­ген атпен шықты), «Қан мен тер» (три­логия), «Соңғы парыз» (дилогия) атты ро­мандарын жазып, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Жамбыл атындағы, Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты болды. Қазақ ПЕН клубының негізін салушы және алғашқы басшысы.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің басты шы­ғар­масы – «Қан мен тер» трилогиясы қазақ тілінде оншақты рет қайта басылып, көп тілдерге аударылған шығарма. Сонымен бірге бұл үш кітаптан тұратын роман желісімен спектакль қойылып, 1978 жылы Әзірбайжан Мәмбетов пен Юрий Мастюгин екі бөлімнен тұратын кино түсірген. Сондай-ақ 2008 жылдың 14 қараша күні Ақтөбе қаласында «Қан мен тер» трилогиясының кейіпкерлеріне арналған (авторы – Ерік Жауымбаев) ескерткіш қойылған. Ақтөбе облыстық Сақтаған Бәйішев атындағы кітапхананың алдында орналастырылған бұл ескерткіш – Қазақстандағы әдеби кейіпкерлеріне арналған мүсін өнерінің алғашқы туындысы.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығар­ма­шы­лығы туралы әлемге танымал француз жазу­шысы – Луи Арагон, ресейлік қалам­гер­лер – Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анатолий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннинский, Леонид Теракопян, Валентин Оскоц­кий, Нико­лай Анастасьев, испан Август Видаль, қыр­ғыз Шыңғыс Айтма­тов, башқұрт Мұстай Карим, немістер – Лео Кошут, Ральф Шредер және Мұхтар Әуез­ов, Сә­бит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұха­мед­жан Қаратаев, Тахауи Ахтанов, Серік Қи­рабаев, Зейнолла Қабдолов, Герольд Бельгер, Ақселеу Сейдімбек секіл­ді көр­некті қазақ жазушылары тебірене жазып, ойлы пікірлер білдірген.

Шығармалары әлемнің 35 тіліне аударылған және өмір бойы өз жаз­ған­дарына сын көзімен қарап, қайта-қайта өңдеп жетілдіруден тынбайтын Әбді­жәміл Нұрпейісовтің қаламгерлік ерек­ше­лігі жөнінде белгілі қаламгер Ақселеу Сей­дімбек былай деген екен: «...Әбді­жәмілдің өмір бойы жазғаны біртұтас, бір ғана эпопея десе лайық. Ол эпопеяны «XX ғасыр және қазақ әлемі» деп атауға да болар еді. Ғасыр басындағы сергелдең («Қан мен тер»), ғасыр ортасындағы сұрапыл («Курляндия»), ғасыр соңын­дағы сүргін («Соңғы парыз») біртұтас са­бақ­тас­тығымен көркем полотно құрайды». Анық сөз, әділ баға осы болса керек.

Тұтас бір ғасырда қазақ көркем сөзін өрге сүйреуден танбай, сол жолда талай-талай биік жетістіктерге жеткен Әбд­і­жәміл Нұрпейісов – бүгінгі әдебие­тіміздің көшбасшысы. Оның қаламынан туған құнды шығармалар мәңгілікті бетке алған қазақ руханиятының көгінде жұлдыз болып жана берері хақ.

Соңғы жаңалықтар