24 Қазан, 10:44 485 0 Нұр Отан Анар ЛЕПЕСОВА

Жүйелі іс – даму даңғылы

Өңірдің өрлегені – елдің түлегені. Аймақтарды дамытуды мемлекеттік саясат пен ұлттық экономиканың басым бағыты етіп бекіткен Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүйелі түрде жүзеге асуын өз бақылауында ұстап келеді. «Nur Оtаn» партиясы фракциясының мүшелері қатысқан кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш бағдарламаның және Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының осы кезеңге дейінгі нәтижелерін тыңдады. Жетістік пен кемшілік таразыланып, жаңа мақсат-міндеттер айқындалды.

 Елбасына берген есебінде Премьер-министр Асқар Мамин «Nur Оtаn» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша 112 іс-шара жоспары жүзеге асырылып жатқанын айтты. Оның ішінде бүгінгі күні 31-і орындалса, 81 шара кезек күтіп тұр. Оған қоса мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындайтынын алға тартты. Үкімет басшысы атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы әзірленіп жатқанын, 2020 жылдан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілетінін жеткізді.

«Тапсырмаларды сапалы орындау және нақты нәтижеге қол жеткізу үшін екпінді іс-қимылдардан тұратын жол картасы әзірленді. Партияның парламенттік фракциясымен үйлесімді жұмысының арқасында сайлауалды бағдарламасындағы барлық міндет-мақсаттарға өз уақытында қол жеткізуге мүмкіндік жасалды. Осы ретте фракциямен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан шаралар «Nur Оtаn» партиясының халық алдындағы сайлауалды міндеттемелерін толығымен орындап, қоғамда тиімді шешім қабылдайтын нақты іс пен халық бірлігі партиясы ретіндегі беделін күшейтуге үлес қосуда. Партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша іс-шаралар жоспары іске асырылып жатыр. Тұғырнаманың барлық бағыттары ең көкейкесті мәселелерді шешуді қамтиды», – деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары және Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың баяндамасында еліміздегі шағын және орта бизнестің даму көрсеткіштеріне басымдық берілді.  Министрдің дерегінше, соңғы 5 жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есеге өсіп, 1,3 миллионнан асқан. Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде Қазақстан Франция (32), Жапония (39), Түркия (43) сияқты Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінен озып, әлемдегі 190 елдің ішінде 28-орынға көтерілуі ұлттық экономикамыздың қарыштап дамуының жемісі екені даусыз.

– Шағын және орта бизнесті қолдаудың ең тиімді құралы ретінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы іске асырылуда. Осы бағдарламаны іске асыру жылдары 14 мыңнан астам жобаға 2,5 трлн теңге сомасындағы кредитке 241 млрд теңге субсидия бөлінді. 6 мың жоба бойынша 230 млрд теңге сомасындағы кредитке кепілдік берілді. Жаңа бизнес-идеяларға 3 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант беріледі. Атап айтқанда, 2,5 мыңнан астам жоба бойынша 5,7 млрд теңгеге грант бөлінді. Кәсіпкерлікке үйрету үшін 200 мың адам оқытылды. Бағдарламаға қатысушылар 95 мың жаңа жұмыс орнын құрып, 19 трлн теңгеге өнім өндірді және 1,2 трлн теңгеден астам салық төледі. Жалпы бағдарлама бойынша, 1 теңге субсидия қатысушыларға 100 теңге түсім және бюджетке 6 теңге салық әкеледі. Осы бағдарламаның жоғары тиімділігін ескере отырып, оның мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылады. Бағдарламаны іске асыру үшін алдағы 3 жылда мемлекеттік бюджеттен 270 млрд теңге бөлінеді, – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Қаржы министрі «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесе отырып, бизнестің түйткілді мәселелерін шешу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілетінін, дамыған елдердің стандарттарын енгізуге бағытталған тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Nur Оtаn»  партиясының сайлауалды бағдарламасындағы әлеуметтік мәселелердің шешілуі жайлы есеп берді.  «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қадам-қадамымен іске асып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ азаматтардың ахуалын жақсарту үшін ең қажеттісі жұмыспен қамту екенін алға тартты. Өйткені аймақтарды аралап, халықпен кездесу барысында Вице-премьерге азаматтар көбіне осы мәселе бойынша жүгінген.

«Nur Оtаn» партиясының сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік салаға қатысты 31 шара қарастырылған. Аталған шараның 17-і орындалды, 14-і орындалу үстінде. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 78-қадамы – ЖОО-ның академиялық және басқару тәуелсіздігін арттыру бойынша бақылау күшейтілді. Жыл соңына дейін 2 ЖОО біріктіріліп, 5 оқу орнының лицензиясын алу мәселесі қарастырылады», – деді Бердібек Сапарбаев.

Еліміздегі көлік инфрақұрылымының даму барысы туралы Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр баяндады. Оның айтуынша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде 2,4 мың шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдары салынған және қайта құрылған. 1,3 мың шақырым жаңа теміржол пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары Қытаймен шекаралас терминал инфрақұрылымының өткізу қабілеті жылына 40 млн тоннаға дейін ұлғайтылғанын жеткізді.

«Ақтау портының кеңеюіне және Құрық портының құрылысына байланысты Каспийдегі порт инфрақұрылымының өткізу қабілеті жылына 27 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. Нұр-Сұлтан қаласында жаңа теміржол вокзалы және жаңа әуежай терминалы салынды. 15 әуежайда ұшу-қону жолағында қайта құру аяқталды», – деді Р.Скляр өз баяндамасында.

Үкімет басшысының орынбасары мәлімдеген ақжолтай жаңалық – алдағы 3 жыл ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қаласында жұмыс істейтін жастарға 3 мыңға жуық жалдамалы пәтер берілмек. Еліміздің ірі қалаларына арман қуып келетін жастарды алаңдатқан басты мәселе – баспана десек, Үкіметтің бұл мәселені шешуге барынша күш жұмсап жатқаны болашаққа деген сенімді күшейтіп, еңбек етсем деген әлеуметтің әлеуетін арттырары анық.

Соңғы жаңалықтар