10 Қазан, 13:36 227 0 Мемлекеттік бағдарламалар Ахмет ӨМІРЗАҚ

ҚЫЗМПУ. «ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ 100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚТЫ» ТАЛҚЫЛАУ ЭСТАФЕТАСЫ

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бастамасымен құрылған Қазақстанның жас педагог-ғалымдары Қауымдастығы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген кітаптарды кеңінен насихаттау мақсатындағы бастаманы қолға алды.

Аталған оқу орнының жас ғалымдары бүгінге дейін аударылған 30-ға жуық еңбекті оқып, талқылау үшін жоғары оқу орнының 1 курс студенттеріне эстафета жолдамақ.

ҚызМПУ-дың ресми өкілі Жандар Асанның айтуынша, эстафетаға қатысу үшін студенттер қазақ тіліне аударылған кітаптардың бірін оқып, мазмұнына орай бейнебаян түсіруі керек. Сондай-ақ бейне материалды Facebooк әлеуметтік желісіне Қыздар университетінің Qyzdar Ýnıversıteti ресми парақшасын белгілей отырып жүктеу қажет.

– Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің табалдырығын биыл аттаған студенттер «Көпке ұмтылған жалғыз» атты кітапты оқып, аталған еңбектің мазмұнымен толық танысып шықты. Оны талқылау мақсатында жиындар мен пікір алмасулар да өткізілді. Сонымен қатар «Qyzdar Ýnıversıteti» газетіне мақалалар жазып, адамзат дамуының көкжиегіне жол ашатын оқулықтардың ерекшелігіне шолу жасады. Біздің көздегеніміз – бұл игілікті іске өзге де жоғары оқу орындарын тарту. Осы арқылы жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуына мүмкіндік жасау, – дейді Жандар Асан.

Эстафета соңында барлық бейне материал жинақталып, соның негізінде шағын фильм жарық көрмек. Ол Қазақстанның жас педагог-ғалымдарының үшінші слеті қарсаңында көпшілік назарына ұсынылмақшы.

Қазіргі таңда қазақ тіліне аударылған кітаптар мен жоғары оқу орындарының тізімі түзіліп, бейнебаянды түсіретін нақты мерзімі бекітілген.

Былтыр Қазақстан жас педагог-ғалымдардың бірінші республикалық Слеті қарсаңында отандық жас педагог-ғалымдардың Қауымдастығы құрылды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенованың идеясымен құрылған ұйым мемлекет пен қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыда ойлай алатын жаңашыл жастарды біріктіріп, олардың диалог алаңын құруды мақсат тұтады. Бүгінде дейін аталған Қауымдастықтың ұйытқы болуымен бірнеше жобалар сәтті жүзеге асырылды.

Соңғы жаңалықтар