27 Қыркүйек, 16:16 603 0 Руханият "Түркістан" газетінің авторлары

Осы жұрт Біләлді біле ме екен?!

Қолы­мыз­ға қалам ұстап жүрген соң, баба  та­рих­ты, қасіретті тарихты жазуды ғұмырлық мақ­сат, мақсат қана емес мін­детке айналдырдық. Қа­лам­­ға серт беріп, осы іске шы­найы кірістік. Алаш­тың бір атойлы тұлғасы туралы кіш­кене дерек тап­сақ, ба­лаша мәз болып, қуанып қоя­мыз. Бірде жұмыс кабинетіме ег­де жастағы әйел адамы кі­ріп келді. ЕсіміМеруерт Мұратбекқызы, ұзақ жыл­дар бойы тарих пәнінен сабақ берген ардагер-мұға­лім екен. Бұл кісіАлаш заманында есімі мәшһүр болған белгілі ағар­ту­шы, дәрігер, аудар­ма­шы, әдебиетші Біләл Малды­бай­ұлының ұрпағы екен. Қыр­шын кеткен сымбатты ердің ұрпағы тірі қалғанына, ата­сын іздеп жүргеніне қуанып, көңілім марқайып қалды.

Біләл Малдыбайұлы – 1890 жылы Айыртау ай­мағына қа­рас­ты Аманжол (қазіргі Қаратал) ел­ді мекенінде дүниеге кел­ген. Дүниені дүр­лік­тірген революцияға дейін бұл аймақты Тоқ­санбай болыс басқарыпты. Патша заманында бо­лыстар тала­ғы­ның биті бар жас өскін қазақ­тарды орыс мект­ептеріне оқуға беретін-ді. Тоқ­санбай болыстың әупірімімен Темір­бектің Құ­сайыны Омбыдағы фельдшерлік-акушерлік оқу­ға қабылданады. Құ­сайын – Көкшетау өңірінен алғаш болып дәрі­гер­лік оқуды бітірген азамат.

Осы Құсайын оқуын бітіріп келген соң, Көкше өңірінің халқына адал қызмет еткен. Мектеп ашады, қара домалақтарға қаріп танытады. Құсайындай ұстаздың алдын көріп, оның шарапатымен Атбасар мектебін, сонсоң Омбы малдәрігерлік және акушерлік техникумын тамамдаған Біләл еді.

Қайраткер өмірінің соңғы жылдарында жазған өмірбаянында (репрес­сияға ұшырамай тұрып): «...менің әкем кедей шаруа, жастайы­нан бір үзім нан үшін байларға жалшы болып жалданған. 1901 жылы әкем мені ауыл молдасы Мұқағали Сәдуақасовқа береді.

Кейін Имантау ауылында тұратын ұлты татар Құсайын Темірбековтің басшы­лы­ғымен ауыл мектебі ашылып, балаларды орысша оқыту басталды. 1908 жылы соны үздік тамамдап, Құсайынның көмегімен Атбасарда, сосын Омбыда малдәрі­гер­лік-акушерлік мектебінде оқыдым. 1912 жылы оны үздік стипендиямен бітіріп, қызмет жолым­ды бастадым», – дейді.

Біләл – қазақ-совет оқу-ағарту саласының көр­некті өкілі. Азамат соғысы жылдарында ағартушылық қызметке біржола ден қойып, Көкшетау уезіндегі жер басқармасының халық ағарту жөніндегі бөлімшесіне меңгеруші бо­лады. Совет үкіметі орнаған соң, Қазақстан өл­келік партия комитетінің жауаптысы Ә.До­сов­тың шақыруымен Халық ағарту бөліміне инс­пектор болып тағайындалады. Осы мекеменің саяси бөлімін, қырғыз-татар мектептері жөнін­дегі бөлімшелеріне жетекші болады. 1925-1927 жылы өзінің туған ауылы – Қараталға ай­мақ­тық жеті­жыл­дық мектеп салдырып, ди­рек­торы міндетін атқарған. 1928 жылы Қазақстан Халық ағарту бөлімінің шақыруымен, сол кездегі астанамыз – Қызылорда қаласына қо­ныс ауда­ра­ды. Осы қызметінде жүріп, бірқатар кітаптар шығарады. Оның 1929 жылы Қызыл­жар қала­сын­да жаңа әліпбимен (латын) тілашарлық әліппе кітабы басылған. Респуб­ли­камыздың жоғары мектептер жөніндегі бөлімін басқарған кезінде қазақтың ескілікті әдеби мұралары мен халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинастырғаны бар. Егер, алдағы уақытта өңір­ле­ріміздегі архив­терді мұ­қият қараса, ағартушы жинастырған әде­биет үлгілерінің қолжазбасы болуы әбден мүмкін.

Ағартушы Біләл туралы еліміз Тәуелсіздігін алған жылдары бірқатар материалдар жазы­лыпты. Мәселен, зейнеткер мұғалім Айт­ма­ғамбет Дауыл­бай­ұлының «Репрессия құр­ба­ны», «Жақсы­ның аты өлмейді», журналист Маман Емен­таевтың «Көк­ше­тау арыстары. Ақсақалмен әң­гіме», ақын, өл­ке­танушы Ерсін Ерғалиевтің «Ту­ған жер – тұғы­рым» еңбегін атауға болады. Десе де бұл материал­дардың барлығы облыстық, аймақтық басылымға жарияланған соң ба, әде­би-ғылыми орта өкілдері Біләлдай қайраткер тура­лы ештеңе жазбапты.

Дәрігер, педагог, қайраткер Біләл Малды­байұлы доктор С.Е.Незлиннің «Құрт ауыруы», (Мәскеу, 1927 жыл), доктор Горбовтың «Ден­саулық негізі тазалық», (Мәскеу,1926 жыл), док­тор Шанстың «Безгек» (Мәскеу,1927 жыл), док­тор Б.Проннердің «Жегі ауырулар» (Мәскеу, 1927 жыл) кітаптарын аударып, оқырман наза­рына ұсынған. Қазақ руханиятының тарихында 1922-1928 жылдар ай­рықша мәдениет кезеңі болатын. Дәл осы жыл­дары Мәскеудегі Орталық Атқару Комитеті жанындағы Күншығыс халық­тары баспасын Нәзір Төреқұлов басқарған бо­латын. Білімі мен білігі мол, асқан эрудит, Алаштың сенімді серігі болған Нәзір баспаның көркемдік-ғылыми кеңе­сіне Мәскеудегі Әлихан Бөкейхан мен Мағжан Жұмабайды қосып, бірлесе жұмыс істеді. Осы Кіндік баспадан тіл, әдебиет, тарих, медицина, жаратылыс ғылым салалары, көркем әдебиет пен аударма кітап­та­ры үздіксіз шығып тұрды. Баспаның тұрақты авторлары Шәкәрім, Абайұлы Тұрағұл, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұрсынұлы, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Ай­мауыт­ұлы, Мұхтар Әуезұлы, Қошке Кемеңгерұлы сынды тағы басқа оқы­ғандар еді. Осындай оқымысты тұрақты ав­тор­лар қатарында ай­маңдай Біләл да болды. Анығында, Біләл аудар­ған бұл кітаптардың бәрі сол кездегі қазақ баласы үшін аса қажетті кітаптар еді. Медицинасы дамымаған, дәрі-дәрмегі жоқ, оқыған дәрігері мүлде аз ел үшін бұндай пайдалы мәліметі бар кітаптар көптің тілеуіне орай қайта-қайта мыңдаған тара­лым­мен басылған-ды. Біләл медицина саласына машықтан­ғандықтан орыс ғалымдарының кітап­тарын ана тілімізге қара­пайым, жеңіл әрі ұғы­ныңқы мысалдармен мөл­діретіп тұрып ау­дарған екен. Әр кітабын оқып, со­сын төте жазу қарпінен қазіргі әліпбиге ауда­рып жазғанымда таңырқанып, сүйсініп отыр­дым. Не деген интеллект, ұлттық рухы басым азамат екен деп кейіпкер-тұлғама қуандым.

2018 жылдың 1 тамызы күні ҚР Орталық Ғы­лыми кітапханасының маманы Әйгерім Мұрат­қы­зы ұялы телефоныма хабарласып: «Аға, Сіздің сұраныстарыңыз бойынша айтқан деректеріңізді таптық», – деп қуанышты хабар жеткізді. Сөйтіп, қайраткер Біләлдің бес аударма кітабы және бір өзінің төлтума дүниесі қолыма түсті. Біләл оқу-ағарту саласының басқармасында қызметте жүргенде «Қазағыстандағы жоғары, орта дәрежелі мектептер» деп аталған кітап жазыпты. Бұл кітап совет үкіметінің орнаған тұ­сын­дағы білім беру мәселелеріне арналған. «Ең­бекші қазақтың» үшінші кітабы – Біләл Мал­ды­байұлының «Қазағыстандағы жоғары, орта дәрежелі мектептер» кітабы. Бұл кісі сол тұстағы оқу комиссиаратының мектептер бөлімінің меңгерушісі екен. Осы кітапты оқи отырып, егер кімде-кім сол тұстағы Қазақстанның жоғары оқу орындары тақырыбын зерттесе, нағыз құнды деректер екен деген ойға келдік. Біріншіден, бұдан дәл мәліметтердің болуы мүмкін емес! Елімізде Ташкент, Бурабай орман-тоғай, Қара­қал­пақ, Жетісу т.б. шаруашылық техникумдары, Орта дәрежелі әскерлік мектеп, Салт атты әс­керге басшылар даярлайтын, Бөкей, Сырдария, Қара­­қалпақ педагогикалық (барлығы 14 пед­техникум) оқу орындары болған. Адам дәрігерін даярлау, мал дәрігерлік, Семей сауда-шаруа­шы­лық, мұғалімдер білімін жетілдіру, партия мектебі – бүгінгі бас білім шаңырақтарымыздың ізі, бастауы сол кезде-ақ қаланған. «Оқушыларға» алғысөзінде редакция басқармасы: «Алысты жақындататын, ауырды жеңілдететін, қасиеті зор, биік нәрсе – оқу. Биікке шығуға саты керек. Оқудың сатысы – мектеп. Сатының алға неше аттап баратын басқыштары болады. Сол секілді мектептің де басқыштары бар» дей келіп, әліппе ашудан бастап, диплом алу­ға дейінгі мектеп сатыларын баяндайтын кітапты өз кітап­ха­на­сына енгізу мақсатын түсіндіреді» (Т. Боран­ға­лиұлы, «Елдің рухани қажетін өтеу «Ең­бекші қазақ» кітапханасынан «Етжеңді «Егеменге» дейін», 11 қараша, 2009 жыл).

Біләлдің тағы бір зор еңбегі – көркем әдеби шы­ғар­маларды аударуы. Гомердің «Иллиада», «Одис­сея» шығармаларын ана тілімізге ауда­рып­ты. Ал, 1935 жылы Мәскеудегі көркем әдебиет баспасынан Сәбит Мұқановтың «Адасқандар» романы «Сын бая» деген атпен жарық көрген. Сол Сәбеңнің кітабын орыс тіліне аударған Біләл мен Олег Фрелих болатын. «Сын бая» романы аудар­ма­сының қолжазбасы Мәскеудегі Орталық Мем­лекеттік Әдебиет және өнер архивінің қорында сақталып тұр екен. 2018 жылдың қара­ша­сында Мәскеуге барып, осы аталған архив қорымен жұмыс істегенімде көргенім бар. Өкі­нішке қарай, аудармашының «Иллиада», «Одис­сея» шығарма­ла­рын таба алмадық. Бәлкім, Ре­сейдің не Петер­бор, не Орынбордағы архив­терінде, я болмаса кітапханаларының сирек қолжазбалар мен кітаптар қоры бөлімінде сақталуы әбден мүмкін. Бұл енді болашақта атқаратын ісіміз болмақ.

Біләл – сан салалы, көп қырлы таланты бар талапты азамат. Оның қазақ журналистикасы саласының өркендеуіне қосқан үлесі де бар. 1918 жылдың 30 шілдесінде Қызылжар қала­сында (Петропавл) «Бірлік» ұйымының қол­дауымен, «Алаш» серіктігінің қаржысымен «Жас Азамат» газеті жарық көрген. Бұл – Қызылжар қаласында жарияланып тұрған алашшыл қазақ жастарының тұңғыш газеті. Газеттің 22 саны шыққан екен. Ең соңғы №22 саны 1918 жылдың 8 ақпанында шығыпты. Газеттің редакциясында М. Мырзаұлы, С. Сәдуақасұлы, М. Сейітұлы, Ә. Бай­ділдаұлы,    Г. Досымбекқызы, Қ. Кемең­гер­ұлы қызмет еткен. Газеттің №12-16 сандарына редактор болып, қол қойған осы – Біләл. Қай­раткердің өмір жолына ден қойып кіріскен соң, оның «Айқап», «Сары­арқа» басылымдарына шыққан публицистикалық мақалалары мен өлеңдерін жинап отырмыз.

Біләл – Алаш қайраткері, қозғалыстың өкілі. Қызылжардағы «Талап» қазақ ұлттық коми­те­тінің мүшесі, кейіннен төрағасы ретінде өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени өміріне көп қызмет еткен. Ол Әлихан Бөкейхан, Жұмағали Ті­леулин, Мағжан Жұмабай, Қошке Кемеңгер, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Смағұл Сәдуақасұлы сынды қазақ зиялыларымен қоян-қолтық араласып тұрған.

Ағартушы, журналист 1937 жылдың қанды қасапының құрсауынан құтыла алмады. Советтік қызылкөздер оны атып тынды. Қайраткер «Халық жауы» деп репрессияға ұшырағанда оның жары Қалима Сұлтанбек, Шәулетбек, Сейітбек, Қорған­бек есімді балаларын алып, Шымкентке көшіп кеткен екен. Ал бізге келіп, сырласқан Меруерт апа – Біләлдің туған ағасы Нұғыманның Мұрат деген ұлынан тараған немере қарындасы екен. Арыс азамат 1958 жылдың 27 желтоқсанында ақталыпты.

Иек астында тұрған 2020 жылы Біләл Малды­бай­ұлының туғанына 130 жыл толады. Осы күнге дейін беймәлім тұлға сапында келген азаматтың есімін халыққа таныстыру үшін оның шығармалар жинағын құрастырып, жарияласақ деген оң ниетіміз бар. Жинаққа ақынның әдеби мұраларын, аудармаларын, публицистикалық мақалаларын қосып отырмыз. Бірақ, осы Біләл Малдыбайұлының туған жерінде оның атына берілген не көше, не мектеп жоқ екен. Заманында «Қызылжардың қыраны» атанған Біләлді мерей­тойы қарсаңында ұлықтап, есімін көп болып жаң­ғыртсақ деген ниетпен теріскейдегі Жа­рас­бай Сүлейменов бастаған Кемел Оспанов, Бал­дырған Ильясов, Ербақыт Амантай, Нұргүл Оқа­шева сынды бүгінгі күннің зиялыларына ұсыныс айтып отырмыз. Тарих – ортақ, тұлға – ортақ болған соң, бас қосып, шынтақ түйістіріп қызмет етсек, біртуар Біләлді тұғырына шығаратынымыз сөзсіз.

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Соңғы жаңалықтар