8 Желтоқсан 2015, 17:42 4857 0 Руханият Túrkistan Gazeti

Ғажайып тұлғаның ғибраты

Ш.Уәлихановтың 180 жылдығына орай жас ғалымдар арасында ғылыми-семинар өтті

Ш. Уәлихановтың 180 жылдығы биылғы 2015 жылдың атаулы даталарының қатарында. Қазақтың тұңғыш ғалымы ретінде Ш.Уәлихановты жас ғалымдар арасында насихаттап, лайықты атап өту жаңа қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Осы мақсатта бүгін 23 қараша күні Қыздар университетінде жас ғалымдар арасында «Шоқан Уәлиханов – қазақтың ғұлама ғалымы» атты ғылыми-семинар өтті.

Семинарға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының, Қыздар университетінің және т.б. ЖОО-дың студенттері мен магистранттары қатысты.

«ХІХ ғасырда қазақ зиялылары өз еңбектерінде сол заманның саяси-мәдени әлеуметтік бейнесін жасады. Соның бірі – жас та болса ірі тұлға болып танылған Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов. Аз ғұмырында адам қабілетінің ғажайып мүмкіндіктерін, ұлтжандылықтың үлгісін, ғылыми қабілет пен алғырлықтың өнегесін барша болмысымен, нақтылы іс әрекетімен дәлелдеп үлгерді. Қазақтың аса көрнекті ғалымы әрі ағартушысы Ш. Уәлиханов өзінен кейін мол әдеби мұра қалдырды. Өзінің қысқа өмірінде ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихына, жағрапиясы мен этнографиясына арналған  еңбектер, сондай-ақ едәуір көлемде қоғамдық-саяси тақырыптарға арналған еңбектер жазып үлгерді. Сондықтан кемелді ірі ғалымның ерен энциклопедиялық білімі, өз заманындағы ғылымда бірқатар мәселелерді жаңаша көтере білуі бүгінгі ұрпақ үшін еліктеу мен өнегеге айналуы тиіс», – дейді шараның ұйымдастырушысы, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарихи ғылымдарының кандидаты Айнагүл Қайыпбаева.

«Шоқан ғұмыры бар жоғы отыз жыл ғана болса да, оның бейнесі біздің жүрегімізден еш уақытта да өшпек емес. Ол жазып қалдырған толағай туындылар мен көкейкесті мәселелерге толы еңбектер, зерттеулер қазір де өз мән-мағынасын жоғалтпай, жаңа өмірмен үндестік тапқан сайын ғұлама ғалым жөніндегі әсерлі естеліктер де біздің жадымыздан берік орын ала бермек. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың өз халқының тарихын зерттеп, әлемге таныту мен төл мәдениетін өркендетуге ұмтылған қызметі мұқият саралап зерттеуді талап етеді. Сондықтан, оның патша өкіметінен бастап орыс зиялыларымен қандай қатынаста болғандығы, оның Петербордағы өмірі және жазған зерттеу еңбектері, Шоқан жайлы шетелдік мәліметтер, сондай-ақ Парижге барғандығы туралы деректерді жинақтау арқылы Шоқантануға үлес қосуымыз қажет», – дейді ғылыми-семинарға қатысушы жас ғалымдар.

Қазақ халқының көрнекті ұлы, біртуар перзенті Шоқан   Уәлихановтың  өмірі мен шығармашылығын  зерделей отырып, жас ұрпақтың  бойына тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер арқылы толерантты қарым-қатынас дағдыларын   және  патриоттық  рухын  қалыптастыру, Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектері туралы мағлұмат беру, насихаттау, еліміздің ғылымын дамытудағы өнегелі істерін жаңа серпінмен жалғастыра алатын жас ғалымдарды тәрбиелеуге бағыттау, жаңа ізденістеріне жол ашу шараның негізгі мақсаты болды.

Талантты ғалым, публицист, әдебиет зерттеушісі, саяхатшы-географ Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың ғылыми зерттеулері қай кезде болмасын өзінің құндылығымен жарқырай берері сөзсіз. «Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп» небары отыз жас өмір сүріп, қазақ ғылымына өлшеусіз үлес сіңірген ғалым Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылым жолындағы мұрасын насихаттау – бүгінгі ұрпақтың парызы.

 

Баян Кәдірбайқызы

Соңғы жаңалықтар