19 Қыркүйек, 12:01 1027 0 Руханият "Түркістан" газетінің авторлары

Алтын орданы зерттейтін арнайы орталық ашу қажет

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекітіп берген «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­ма­сының ауқымы кең, шын мәніндегі та­мыры тереңде жатыр. Уақыттың қатпар-қат­пар қыртысында ұмыт қалған немесе ескір­ген рухани мұраны қайта жаң­ғыр­тып, ұлт есіне салу бағдарламаның басты мұраты-тын. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт ұясы Ұлы­тауға арнайы барып, Жошы хан басына зиярат етіп, Алтын Орданың 750 жыл­ды­ғын атап өту жайлы ұсыныс жасауы ру­хани-тарихи жадымызды қайта жаң­ғыртар айтулы бастаманың бірі болды.

«Túrkistan»  газеті құрылған күні­нен бастап, ұлттың жоғын жоқтап, ру­хын серпіп келе жатқан басылым.  Жуыр­да газетіміздің жанынан «Түркіс­тан» ин­телек­туалдық ой-пікір клубын құрдық.

 Клубтың мақсаты – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелерді клуб отырыстарында талқылап, арнайы мамандар мен зерттеу­ші­лердің құнды пікірлерін газет бетінде жариялап отыру. Бұл жолғы отырыс тарихшылармен болды. Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында тарихқа көз жүгіртіп, алда атқарылуға тиісті істерді талқылады.  Клуб отырысына тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Тарих факуль­тетінің деканы Меңдігүл Ноғай­баева, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Әлімғазы Дәулетхан, А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универ­си­тетінің, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Өмірбек Қанай қатысты.

«Túrkistan»:  Өздеріңіз білесіздер, Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаев Ұлытау өңіріне сапарында Алтын Орданың 750 жыл­ды­ғы аясында Жошы ханның есімін ұлықтау мә­селесін көтерді. Бүгін біз осы тақырып жайында талқылау үшін «Түркістанның» интелектуалдық ой-пікір клубына тарих­шы­ларды арнайы шақырып отырмыз. Тарихшыларымыздың өздері де айтып жүр, «Татарлар Алтын Орданы басыбайлы  иемденіп алды» деп. Кейбір татар тарих­шы­лары «Алтын Ордаға қазақтың қатысы жоқ» деген пікір білдіруде. Біз бұл бағытта да жайбасарлығымыздан өз үлесімізді ала алмай, құр қалайық деп тұрған жоқпыз ба? Алтын Орданың мұрагері екендігімізді ғылыми түрде дәлелдейтін мүмкіндігіміз бар ма?

Берекет Кәрібаев: Лев Гумилевтің пі­кірі бойынша, тарихта еуразиялық си­пат­тағы бірнеше империя болған. Түркі тайпалары негізінде құрылған Түркі қағандықтары, Моңғол империясы, оның жалғасы ретінде пайда болған Алтын Орда –  әлем тарихында өз орнын ойып алған империя. Алтын Ордадан кейін тарихтың аумалы-төкпелі кезеңдерінде кейбір халықтар құрып кетті, кейбірі бүгінгі күнге жетті.

Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз деп бүгінде үш халық айта алады. Бірін­шісі – этнос бар, бірақ мемлекет бола алмаған Қырым татарлары. Екіншісі – толық егеменді емес, Мәскеуге бағынышты Қазан татарлары. Үшіншісі – Тәуелсіз Қазақ елі.

Қазақ мемлекеті ар жағында Ақ Орда арқылы Алтын Орданың заңды мұрагері. Тарихта сабақтастық принципі деген бар. Яғни, басқару жүйесі –билік,  биліктегі әулет –  барлығы айналып келгенде Шың­ғыс ханнан, Жошыдан тарайды. Демек, бос­тан халық ретінде Алтын Орданың тікелей мұрагері – Тәуелсіз Қазақстан Республикасы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситетінде дәстүрлі түрде жылына бір рет ғылыми семинар өткізіледі. Әр ғалым өзінің үздік еңбегін жариялайды. 2001 университеттің «Хабаршы» журна­лы­на  «Талас құрылтайы» атты мақалам жарияланған. Онда әйгілі 1269 жылғы құрылтай сөз болған. Анығырақ айтсам, құрылтайға дейін Құбылай мен Арықбұға арасында билікке таласқан үлкен соғыс болды. Оған Шағатай ұрпақтары ара­лас­ты. Соғысты тоқтату үшін Алтын Ордадан (ол кезде бұл термин жоқ) Беркенің інісі Беркежар дәнекер болып, ұйымдастырып, Таласта құрылтай өткізді. Жиналғандар: «Атамыз ұлы Шыңғыс қаған бізге қан­шама жерді алапат соғыспен алып берді. Әкелеріміз оның ісін жалғастырды. Ал не­мерелері (Құбылай, Хулағу, Хайду) өзара қырқысудамыз. Енді соғысты тоқта­тып, әркім өзінің тиесілі жерін иемденсін» деген қорытындыға келді. Сөйтіп, бес бір­дей мемлекет пайда болды. Атап айтсақ, Қытайда Құбылай (Юан) әулеті, Иранда Хулағу әулеті, Маурен­нахр­да Шағатай әулеті, Үгедейдің немересі Хайдудың иелігі, Дешті Қыпшақта Алтын Орда атал­ған бес мемлекет құрылтай қорытын­ды­сында заңдастырылды.   Біз сөз етіп отыр­ған татар тарихшылары осы оқиғаны не­гізге алып отыр.

Бірақ, Алтын Орда оған дейін-ақ құ­рылған болатын. Батый өзінің жеті жыл­дық жорығынан қайтар жолда, қазіргі Еділдің төмен жағындағы Ақтө­беде қыс­тап қалады. Сарай салдырады. Сол кезден бастап Батый мен Қарақорым арасында қайшылық белең алған. Бұл 1241 жылдың желтоқсаны, 1242 жылдың басы. Сол жылдардан бастап Батый, одан кейін Берке бірде бір рет Қарақорымға барып, ант бермеген. Кеңестік және орыс тарихшылары Алтын Орда 1241-1242 жылдардан жеке мемлекет мәртебесіне ие деген тұжырымға келген.

Енді сұрағыңызға келсем, біз татар­лар­ға қарағанда көп артта келеміз. Тоқ­са­ныншы жылдардың басында Татар­стан­ның тұңғыш президенті Мінтемір Шәймиев өз бастамасымен бе, жоқ тарих­шы­лар қозғау салды ма, тәуелсіздіктен үмітті болғандықтан, халқының рухын көтеру мақсатында ма, Маржани атын­да­ғы ғылыми-зерттеу институты жа­нынан Алтын Орда өркениетін, тарихын зерт­тейтін орталық аштырды. Содан бері отыз жылдай уақыт болып қалды, мемлекет қолдауымен татарлар том-том еңбек жазып тастады. Ал Қазақстанда жекелеген та­рих­шылар өз еңбектерінде Алтын Ор­да­ға тоқталғанымен, арнайы зерт­теу­лер жүргізген жоқ.

Меңдігүл Ноғайбаева: Татар та­рих­­шы­лары  неге озып кетті дегенге кел­сек, елі­мізде тарихи сананың қалыптасуы жаңа дәуірден көнеге қарай жүргізілді. Тоқ­са­нын­шы жылдардан бастап, тың және тыңай­ған жерлерді игеру, топы­рақ­тың эро­­зияға ұшырауы, 20-30 жыл­дар­дағы байларды тәркілеу, оған қарсы көте­рі­ліс­тер, алапат ашаршылық, қазақ хал­қының тең жартысынан көбі қыр­ғынға ұшырауы,  Алаш қозғалысы тақы­рып­тары дәуірледі. Сосын XIX ғасырдағы отарлау тақырыбы ұлтымыздың діні, ділі, рухы азып-тозуы мәселелері қоса қабат қозғалды. Араға біраз уақыт салып, қазақ мемлекеттілігінің бастау-көзі қайда, деген сауалға келе бастадық. Үйсіннен бе, сақтан ба қайдан тарадық? Қазақ атауы, этнонимі қайдан шықты? Фирдоусидің «Шахнамесінде», Багряно­ро­д­ныйдың еңбегінде кездеседі екен, біз IX ғасырдан ел екенбіз дестік. Алтын Орда тақырыбы қалып қойды. Ресей та­ри­хшылары «моңғол-татар езгісі болды ма, жоқ па?» деген тақырыпты көтерді. Бізде ол жазушылардың еңбегіне арқау болғанмен, кәсіби тарихшылардың зерт­теу нысанына айналмады.

«Túrkistan»: Қазақ хандығының 550 жыл­дығы тойланды. Жалпы сол қазақ күні кеше XV ғасырда ел болды деген бізді отарлаушылардың байламы, солардың тарихшыларының тұжырымы емес пе? Оған қалай қарайсыздар?

Берекет Кәрібаев: «Мемлекет», «мем­ле­кеттілік» деген ұғым бар. Мемлекет – жүйе, мемлекеттілік соның көрінісі. Қа­зақ жеріндегі мемлекеттілік тарихы бас­талғанына үш мың жыл. Қазақ хан­дығына дейін біздіңше 20 мемлекеттік құры­лым­дар болды. Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан, Ноғай ордасы, Қыпшақ хандығы, Түркі мемлекеттері. Бұлардың барлығы Қазақстан аумағындағы мемле­кет­тілік көріністері. Бірі – қағандық, бірі – хандық, бірі – сұлтандық. Қазақ хан­дығы сол жиырма тамырдан нәр алып шыққандай.

«Túrkistan»:  Керей мен Жәнібек құр­ған хандыққа дейін де қазақ хандықтары құрылды емес пе? Орыс хан ұрпақтары құрған қазақ хандығы болса, сол Орыс ханның хандығын Қазақ хандығы дей алмаймыз ба? Немесе Шыңғыс ханға дейін де бәріміз білетін Керей, Найман хандықтары болды. Оларды да хан бас­қар­ды. Барлығы бірдей құрылым емес пе?

Берекет Кәрібаев: Әрине, қазақ хан­ды­ғына дейін мемлекеттер болды. Бірақ, айтылған хандық құрылымдар жалпы ұлттық сипат алған жоқ. Мәселе сонда.

«Шайбанилық тарихнама қазақ хан­да­­рының шығу тегін неге бұрмалаған?» деген мақала жазғаным бар. Себебі, Әбілқайыр әулеті Дешті Қыпшақта құрылған бізден басқа әулет, дәлірегі – Жошының бесінші ұлынан тарайды. Керей мен Жәнібек бірінші ұлынан.

Шыңғыс әулетінде жасына, жолына қарай билікке келу  дәстүрі бар.  Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошы, Жошының үлкен ұлы – Орда-Ежен, одан Сартақтай – Қонша – Баян – Сасықбұқа – Ерден – Шынтай – Орыс – Тақтақия – Болат – Керей.  Ал жаңағы Шайбани тарих­на­масының шежіресінде: Шыңғыс, Жошы, Тұқатемір, Өзтемір, Орыс деп бес-ақ ата көрсетіледі. Екі жүз жылда бес-ақ ата ауысуы мүмкін бе? Әрине, олай емес. Бастысы олар – Тұқатемір деп өтірік Жошының кенжесін көрсетеді. Ата дәстүр бойынша кенже балаларға ең жоғарғы билік берілмейді. Яғни, кенженің ұрпағы Дешті Қыпшақты билеуге құқы жоқ деген аңыз таратады. (Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани хан). Шындығында – қазақ хандығының тағына бірінші отырған Керей хан Тұқатемірдің емес, Орыс ханның, турасы –  үлкен ұлдың ұрпағы. Мұндай бұрмалаудан ада Рашид-ад-диннің еңбегінде, екі жүз жылда он буын ауысады, ол қисынды.

Шыңғыс әулетінде шығысқа тән си­пат­пен билік киелі саналады. Оларға билік күреспен келмейді, көктен беріледі. Шыңғыс ханның арғы әжелерінің бірі Аланхуа өте сұлу әйел болған деседі. Екі бала тапқасын күйеуі қайтыс болады. Содан кейін де үш баланы дүниеге әкеледі. Бұларды қайдан таптың дегенде: «Түнде шаңырақтан ай сәулесі түседі. Ол сақалды қарияға айналады. Қария менің ішімді сипайды, содан жүкті боламын» депті. Бұл аңызға елді сендіреді, халықтың миына сіңіреді. Сөйтіп, әулет Көкпен байланысты болып шығады. Қасиетті болғасын да Шыңғыс хан ұрпағынан басқалар хан тағына отыра алмайды. Қанша мықты болса да, атақты Темір әмір, ал Едіге би деңгейінде қалды. Сол дәреженің өзіне олар Шыңғыс әулетіне жақындығының арқасында жетті.

Әлімғазы Дәулетхан: Тарихты тануда басқалар арыдан бері қарай жүрсе, бізде керісінше, бүгіннен өткенге қарай. Себеп: үш жүз жылдық отарлық қамыт, тарихымызды басқалар жазғаны, билікті басқалар жүргізгенінің зардабы. Екінші көшпелі өмірдің кесірі. Асылхан Оспан­ұлы деген жетекшім болған, сол кісі айту­шы еді «Ата-бабамыз бізге болмаса екі бет жазулы  қағаз, екі бөлмелі үй де қал­дыр­мады ғой» деп. Сосын да дастарқан ба­сын­да отырып алып, ата-бабам сондай-мұндай болған деп баланың әңгімесін айтамыз.

Кеңес дәуірінде бір топ білімді аза­мат­тар шығып еді, оларды соттады, атты, сөйтіп тарихсыз халыққа айналдық. Бүгінгі әңгімеміз – Шыңғыс хан. Әй, айналайындар-ау,  700-800 жылдан бері оны әлем монғол деп таныды. Шыққан ру-тайпасы, қайда не істеді, жатқаны-тұрғаны бәрі хатқа түсті емес пе? Осын­дайда айтқаны заң болатын тарих­шы­лардың арасында да айтулы тұлға жоқ. Құзырлы орындар екі бастан үнсіз.

«Túrkistan»:  Тарихшыларда ауыз­бір­лік жоқ па? Қауымдастықтарыңыз бар секілді еді ғой?

Берекет Кәрібаев: Төрт қауымдастық бар. Бір-бірімен байланысы жоқ.

Әлімғазы Дәулетхан: Жиналыс ша­қыр­­ған кезде білеміз қауымдастық де­генді.

«Túrkistan»: Алтын Орда тарихын жа­зуға деректеріміз, мамандарымыз жет­кілікті ме? Дәлелдеп көрсете аламыз ба?

Әлімғазы Дәулетхан: Осы міндетті алып шығатынымызға күдіктенем. «Таз­дың биті санаулы» деген сөз бар. Бізде ке­дейшілік. Деректер – Ташкентте, Қа­зан­да,  Еуропада қалған. Мына Берекет інім­нің «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан, «Қазақ мемлекеттілігін  1269 жылдан бастайық» деген мақаласы бар. Оқыған да шығарсыздар. Татарлармен таласпай-ақ, өз жерімізде өткен Талас құрыл­тайы­нан бастап елдігімізді дәлел­деп, жо­ғы­мызды түгендесек, сол да жетеді, меніңше.

Марқұм белгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлының басшылығымен біздің институтта жазылған «Мемлекеттілік тарихы» деген үлкен кітап бар. Қазақ тарихын жазудың дайын үлгісі сол. Соны басшылыққа алу қажет.

Меңдігүл Ноғайбаева: Әрине, жаз­ба деректер аз. Бізде бары жеріміздегі, ді­лі­міздегі деректер. Қастек қаласын қазғанда ға­лымдар бес қабатты тапты. Біреуі Ал­тын Орда қабаты. Қастектің ондай үлкен дәрежедегі қала екендігін бұрын білген жоқпыз. Қазір археологтар алтын адам­дардарға көп уақыттарын бөліп, қатты на­зар аударып кетті. Көне қалаларды зерттесе, дерек жеткілікті. Діліміздегі «Қырымның қырық батыры», «Едіге мен Тоқтамыс» жыры, Сыпыра жырау,  көп­теген аңыз-әңгімелер хал­қымыз­дың жа­ды­мен келген деректер. «Алшын Алау ба­тыр» жырындағы Алау –  кіші жүз ше­жі­ресіндегі белгілі тұлға.  «Қанеки, сен де бір толғашы, Қарақожа батырым»  – дейді Тоқ­тамыс.  («Едіге мен Тоқтамыс» жыры). Мұ­ның барлығы  дерек.  Алтын Орда дәуі­рінде өмір сүрген адамдар, тарихи тұл­ғалар. Демек, нақты зерттеуді қажет етеді.

«Túrkistan»:  Нақты зерттеуге маман­дар бар ма, деген сұрақ туындайды.

Меңдігүл Ноғайбаева: Жетістігіміз де, кемшілігіміз де бар. Қазір ғылым өз­герді. Тарихты ғана емес, тілді, фоль­клор­ды, археологияны, реставрацияны бәрін-бәрін игеруің керек. Өткенде Англиядан бір ғалым келді. Қасында физигі де, химигі де, генетигі де бар. 25 адам –  бір топ. Олардың зерттегені Ботайдан табыл­ған екі тал жылқының тісі. Анық­та­ған­дары: жабайы жылқы тісімен салыстыра отырып, әлгі тістің екі жасар жылқынікі, қарашаның аяғы, желтоқсанда өлгені, қанша шапқаны, бәлен салмақтағы адам екі апта бойы мінгені, күні бойы ештеңе жемей, түнде жайылғаны, ауыздықтың ізі түгел-түгел (ақпараттар) тісте сақталып қалған. Арада миллиондаған жылдар өтсе де, қандай жылқының тісі екендігін анықтап отыр.

Жаман маман дайындап жатырмыз деп кім айтады. Тарихшыларға қажетті тіл­дерді оқытуға күш салудамыз. Елі­міздегі жалғыз  Қырым Алтынбековтің ла­бо­раториясына жібереміз. Студент­тердің болмаса көзі үйренсін, зердесіне түйсін дегеніміз ғой. (Қырым Алтынбеков – ерте дәуірдегі бұйымдарды қалпына келтіріп, зерттеуші маман – ред).

Заман талабына бейімделіп, істеп жатқан тірліктеріміз баршылық. Ита­лияға «Екі диплом»  бағдарламасы бойын­ша 4-5 студентті жібердік. Солар­дың екеуі­не Ал­тын Орда тақырыбы берілді. Қазір Италия деп бірігіп тұрғаны болмаса, кезінде олар қала-мемлекеттер болған. Көпестері Ал­тын Ордамен сауда жасауға таласып, қыр­қыс­қан. Бәсекелескен. Жәні­бек­ке бірінен кейін бірі хат жолдаған. Оны орыс тарих­шы­лары жарыққа шы­ғар­ды («Золото Ор­динская коллекция»). Сол деректерді ла­тын тіліндегі нұс­қа­лардан аударды. «Офи­циальный язык  улиса Жуши»  – деп жа­зады. Ресми тіл басында монғол, кейін қыпшақ тілі болған.

Оны татарлар өз тілдері болғызып алды. Қыпшақ тілі бол­ғанын дәлелдеу үшін маман керек. Сон­дықтан, әлгідей студенттерді жіберіп, оқытып жатырмыз. Онсыз мүмкін емес.

Бүгінде ғылымның дамуы жоғары техно­логияларға байланысты. Лабора­то­риялар, құрал-жабдықтар жоқ. Ілкіде айтқан шетелдіктермен салыстырғанда біздің археологтар әлі күн күрекпен жүр. Жоғары технология бойынша қазір жерді қазу да қажет емес. Төбесінен түсіре салады. Зерттеуге барлық ақпараттарды әлгі аппараттар өзі дайындап береді. Шын­дығын айтқанда, ғылыми техно­логия жағынан өте арттамыз.

Өмірбек Қанай: Бекарыс Нұриман деген ғалым жігіт жақында 23 хаттың транскрипциясын әкелді. Алтын Орда мен Осман империясы арасында жол­дан­ған  хаттар. Алдағы уақытта сол дерек­тер­ді пайдаланып, бір монография да­йын­­дап жатырмыз.

 Маман бәрін шешеді. Бір шетелдік ғалым, осы Алматыда «Диуани хикметтің» бір нұсқасы бар екен, қағазын ұстап көрді де, «мынау  ХIV-ғасырдағы нұсқа» деді.  Сондай кәсіби мамандар дайындау қажет. Өзім Германияда білім алғанмын, неміс тілін білемін. Менің қолымда оннан астам карта бар. Жошы ұлысы сол карта­ларда анық жазулы тұр.  Дәлірек айтсам, 1695 жылы  Амстердамда шыққан карта. Көк Орда, Ақ Орда, Ұлытау дейсіз бе, бәрі бар. Тек оқып зерделейтін мамандар қажет.

Айбар Хасеналин деген археолог Ал­тын Орда дәуіріне тиесілі алтын тостаған тап­ты. Тостаған ортасында қызғалдақ бейнеленген. Қазақстанды қызғалдақтың отаны деген болжамды әйгілеп тұрғандай. Ою-өрнектері кәдімгі қазақ ою-өрнектері. XIII ғасырға тиесілі екендігі Жапонияда анықталды.

«Túrkistan»: Алтын Орданың 750 жыл­дығы аясында қандай жұмыстар атқара аламыз?

Берекет Кәрібаев: Ресей 1823 жылы Алтын Орданы түпкілікті зерт­теу­ді қолға алмақ болды. Грант жария­лады. Ол кез үшін 10 мың рубль көп ақша. Бірақ ғалымдар үнсіз қалады. Екінші жылы та­ғы жариялайды. Бір ғана неміс тарихшысы келеді. Алайда оның қолжазбасы қабыл­дан­байды. Себебі, еуроцентристік көз­қарас­пен тек парсы деректеріне сүйенсе керек. Орыстар туралы айтылмапты. Міне, содан бері Ресей де Алтын Орданың толық түрдегі тарихын жаза алған жоқ. Біз бір жыл­дың ішінде бірдеңе бітіреміз деп айта алмаймын. Иә, сөз жоқ, маңызды тақырып. Бірақ, Алтын Орда өркениеті, тарихы мәселесімен тікелей айналы­са­тын арнайы орталық ашпай, ештеңе өнбейді.

Алтын Орда қазіргі АҚШ секілді им­пе­рия болған. Дүниежүзімен қарым-қатынас жасаған. Біздегі бары араб-парсы, орыс деректері. Ал, фин, норвег, поляк, ағылшын, испан, итальян, румен, болгар тілдеріндегі деректерден хабарымыз жоқ. Соның барлығын игеріп барып, қорытып жазбаса болмайды.

Тоқтамыс билікке келгесін, түрік сұл­танына хат жазады. Хаттың транс­крип­циясын оқып көрсем, қыпшақ тілінде екен. Бір сөзге келгенде қиналдым. «Маған дейін біздің ата-бабаларымыз сіздердің ата-бабаларыңызбен барыс-келіс жаса­ған». Осындағы «барыс-келісті»  татар­лар елші деп аударып жіберген. Барыс-келіс әлі күнге қолданылатын қазақ сөзі, ар­хаизм де емес.

«Túrkistan»: Тарихшылардың төрт одағы бар дедіңіздер. Ғалымдардың басы қосылмай қоймай ма?

Меңдігүл Ноғайбаева: Ғылымда ұрпақ алмасып жатыр. Бұрынғы мето­до­ло­гиямен келе жатқан аға буын рен­жі­месін, әр маман өзінше жүріп, еш нәти­жеге жете алмайды. Қаласа да, қаламаса да, жетістікке жету үшін бірігеді. Қазіргі заман талабы жан-жақтап зерттеу. Сонда қорытындысына жұрт иланады.

«Túrkistan»:  Алтын Орданың мұраге­рі­міз дегенде бетке ұстар дәлеліміз – Сарайшық. Қорқыттан айырылып қалдық. Сарайшықтың да орнын сипап қалатын түріміз бар. Бұл жөнінде не айтасыздар?

Берекет Кәрібаев: Сарайшыққа барып көрдім. Сарайшық деген ауыл бар екен. Кезінде қала болғаны орнынан көрініп тұр. Жарда суға құлап кететіндей құмыралардың басы, түбі көрініп жатыр. Төбесі жабылмағасын күн де, жаңбыр да тоздыра беретіні анық. Иманғали Тасма­ғам­бетовтің қолдауымен Үкіметтен ақша бөлініп, жағалау бетондалып, су шаюы тоқтатылыпты. Бірақ төбесіне қалқа орнатылмаған. ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілді деді. Қазір Әбілсейіт Мұхтар дейтін тарихшы, Сарайшықты зерттеу, қорғау мекемесінде басшы болып отыр. Зерттеу   жүргізіліп жатыр. Жақында Алтын Ордаға қатысты конференция өткізбек.

Сарайшық Алтын Орда астанасы бол­ған жоқ. Сарайшық – кішігірім сарай деген сөз. Ол Ноғай ордасының астанасы бол­ғаны рас. Кейіннен Қасым ханның резиденциясы. Қасым хан сонда жер­ленген. Сыр бойындағы қалалар Сығанақ, Сауран, тағы басқалары дәл осы Алтын Орданың дәуірінде гүлденген. Демек, археологтар білек сыбанып кіріссе, істейтін шаруа жеткілікті.

Жазып алған

Дағжан Белдеубай

Суреттерді түсірген 

Мақсат Құсайынов

 

Соңғы жаңалықтар