5 Қыркүйек, 10:34 464 0 Жаңалықтар Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев: Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын

Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретіндегі жасаған алғашқы жолдауы. Әдеттегідей көптің көңі­лінде жүрген талай түйткіл жеке-жеке мәселе ретінде көтеріліп, шешілу жолдары қарастырылды. Бұрнағы жолдаулармен саралас, үндес бағыт-бағдарда жай жалаң сөзге емес, күн тәртібіндегі нақты жайттарға басымдық берілді.

 

«Бақытты отбасы» талай жанды бақытты етпек

Елімізде баспана мәселесі қашан да өзекті. Үйі бардың – күйі бар. Халық­тың өсімі бар кезде баспанаға деген сұраныс та арта түседі. Мәселен, бұған дейін Елбасы Н.Назарбаев айтқан бес бастаманың бірі – бас­панаға арналса, одан бөлек «Қол­жетімді баспана-2020», «Нұрлы жер», «Өз үйім», «Баспана-хит», т.б. бағдар­ла­малары да қаншама отбасының үй-жайлы болуына септігін тигізді. Бұған қоса, Қазақстан президенті Қ.Тоқаев жыл аяғына дейін 6 мың отбасы 2 пайыздық мөлшермен ипотека алатынын жеткізді.

«2020 жылдан бастап жыл сайын 10 мың отбасы «Бақытты отбасы» бағ­дар­ламасы арқылы баспаналы болады. Үкіметке  тұрғын үй құрылысының бір­ыңғай моделін дайындап,  өзара ал­шақ бағдарламалар қабылдаудан ке­туді тапсырамын. Мысалы, «7-20-25» бағ­дарламасы о баста әлеуметтік бағ­дарлама болады деп күтілген. Қарыз алу­шының отбасылық орташа табысы  айына 320  мың теңге болуы керек еді.  Табысы мардымсыз адамдардың қал­тасы ол бағдарламаға қатысуды көтер­мей­тін болып шықты. Сондықтан  биыл Елбасының бастамасымен жеңіл­дік мөлшерлемесі 2 пайыз, алғашқы жар­насы 10 пайыз болатын «Бақытты отбасы» атты жаңа бағдарлама іске қосылды. Бұл  айтарлықтай тиімді шарт. Жыл соңына дейін алты мыңға жуық отбасы осы бағдарлама бойынша баспаналы болады. Бірінші кезекте көп­балалы отбасылар мен  мүгедек ба­ла асыраушы отбасылар қамтылады. 2020 жылдан бастап жыл сайын 10 мың осындай отбасы  баспанамен қамтылады», – деген Президент  Үкі­метке  бағдарламаға қатысудың айқын критерийлерін дайындауды жүктеді.  «Қолдау тек шынымен де мұқтаж адамдарға көрсетілуі тиіс. Үкіметке алдағы 3 жылда кезекте тұрған  аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесін шешуді тапсырамын. Олардың саны қазір 30 мыңға жуық. Табысы жоқ азаматтарға жеке баспана сатып алу үшін  әлеуметтік аренда шарты бойынша мүмкіндік беру керек. Бұл мақсатқа 2022 жылға қарай 240 млрд теңге қарастырылған», – деді Қ.Тоқаев.

«Жергілікті әкімдер қызметін асыра пайдаланып, мұғалімдерді білім жүйесіне қатысы жоқ әкімшілік істерге, бір реттік шараларға тартады. Бұл әрекет тоқтар емес», –  деді Мемлекет басшысы. Ал «Мұ­ға­лім мәртебесі туралы» заң қабылдануы тиіс дейтін белсенділер: «Егер мұғалімдер негізгі міндеттерінен тыс жұмыстарға жегілсе, лауазымды тұлғаға алдымен ескерту жасалады, одан кейін 10 АЕК көлемінде, яғни 25250 теңге әкімшілік айыппұл салынады».

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылдан бастап мұға­лім­дердің айлығы көбейетіндігін айтты. «Мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз», – деді.

Сондай-ақ, соңғы жылдары саны бар, са­пасы төмен жоғары оқу орындарын қыс­қарту жайы күн тәртібінен түскен емес. Бітіруші дипломын қолға алса да, соған сай жұмыс таба алмайтыны да жасырын емес. Яғни, түлектерін жұмыспен қамти алмайтын ЖОО-ның санын қыс­қарту әлі де өзекті. Бұл тұрғыда президент: «Өз түлектерін жұмыспен қамту жа­ғынан еліміздегі жоғары оқу орын­да­ры­ның жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарастыру керек. Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміздің де бар екендігі жасырын емес. Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орында­рын­дағы білім беру сапасын арт­ты­руға күш саламыз», – деді.

 

Денсаулық сақтау саласына – 2,3 трлн теңге

Үш жылдық бюджет аясында ден­сау­лық сақтау саласын дамытуға 2,3 трлн теңге жұмсалатын болды. «Медициналық қызметтерге қол­же­тім­ділікті қамтамасыз ету маңызды. Бұл ретте денсаулық сақтау саласындағы көр­сет­кіштерде, әсіресе ана мен бала өлімі жағынан аймақтық дисбаланстар айқын байқалады. Иә, соңғы атаған көрсеткіш азайып келеді. Алайда дамыған елдерге қарағанда әлі де нашар. Үкімет әрбір аймақ үшін басымдық тізімін әзірлеуі және соның негізінде бюджеттік қаржы­лан­дыруды қамтамасыз етуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.  Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылатынын еске салды. «Әрбір азаматқа айтарым: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтап қалады. Оның қаржы­лан­дырылуына алдағы үш жылда 2,8 трлн теңге бөлінеді. Үш жылдық бюджет аясында 2,3 трлн теңге денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсалады. Үкімет медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін іске асыруға баса маңыз беруі тиіс. Ендігәрі қателік жіберуге қақымыз жоқ», – деді Президент.

«Сол сияқты мұғалімдер мен дәрі­гер­лерге берілетін жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек», – деді Қ.Тоқаев. «Мәдениет қызмет­кер­лерін қолдау қажет. Біз мәдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл ең алдымен кітапхана, музей, театр қызмет­кер­леріне қатысты мәселе. Олардың ең­бек­ақысы соңғы жылдары мүлде кө­бейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қыз­меткерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламарына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіп­тің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тап­шылығы айқын сезілуде», – деді Мемлекет басшысы. Осы мәселені есепке ала отырып, Президент Үкіметке келесі жылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау сала­ларындағы міндетті әлеуметтік жеңіл­діктер мәдениет саласының өкілдеріне де бе­рілуі керек екеніне тоқталды.

 

Кәсіпкерлерге қолдау күшейеді

Бизнестің дамуына кедергі келтіру – мемлекетке қарсы қылмыс жасаумен бірдей. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шағын және ор­та бизнеске қатысты рейдерлік жиілеп кетті. Менің бұл мәселе бойынша ұс­та­нымым айқын. Бизнестің дамуына, әсі­ресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіруге бағытталған кез келген әрекет мемлекетке қарсы қылмыс ретінде қаралуы керек. Осыған байланысты заңнамалық тұрғыда қосымша шаралар қабылдау керек. Парламент пен Үкімет бұл мәселені шешудің жолын ұсынуы қажет. Сонымен бірге, көлеңкелі эко­но­микаға қарсы іс-әрекетті күшейтіп, капиталды сыртқа шығаруға және салық төлеуден жалтаруға қарсы күресті қа­таңдату керек», – деді. Сонымен, кәсіп­кер­лерді қолдау үшін 250 млрд теңге бөлінсе, қосымша 5 пайыз зейнетақы алымы 2023 жылға дейін шегерілетін болды.  Зейнетақы жинағының бір бөлі­гіне пәтер сатып алу немесе оқу ақысын төлеу құптарлық дүние. Бірақ ел тұр­ғын­дары салымының бір бөлігі оған жете ме? Жалпы, зейнетақы мәселесі бойынша жұрт білмейтін сауал көп.

Бұдан бөлек Қазақстан президенті Қ.То­­­қаевтың алғашқы жолдауында ша­рық­тап кеткен баға мәселесі әңгіме ар­қауына айналды. «Үкімет тариф пен ба­ғаны реттеу мәселесін қолға алуы тиіс. Бұл моно­по­листердің тауарлары мен қызмет­те­ріне қатысты. Біздің елде киім-кешектен бастап азық-түлікке дейін баға қымбат екені құпия емес. Мәселен, неліктен негізгі авиа­та­сы­мал­дау­шының авиабилеттері еуро­па­лық бағаға қарағанда 30 пайызға дейін қым­бат? Біздің әуежай­лар­дың қызмет баға­лары неліктен жоғары? Неге шетелдік әуе тасы­мал­дау­шы­лары үшін авиаотын отандық тасы­мал­­дау­шы­ларға қарағанда қымбатқа сатылады? Осының салдарынан қазақ­стан­дық авиация саласы өзінің халық­аралық бәсекеге қабілетін жоғалтып, елдің транзиттік әлеуеті азайып барады», – деді Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, жауапты ми­нис­трліктің жұмы­сы­ның әлсіздігінен темір жол, жолаушылар тасымалы билет­терінің жетіспеушілігі қолдан жасалып отыр.

 

Мұғалім мәртебесі биіктей түседі

Екінші мәселе – білім. Бұл сала да реформадан көз ашпай келеді. Одан бөлек ұстаз мәртебесі нақтыланбай келгені рас. Сайлау кезінде де, санақ жүргізілгенде де қосымша жұмыстарға жегіліп жүргені. Жалақысы аз, жұмысы тым көп мұғалім қайбір сапалы білім беруге құлықты болар дейсіз?! Жақын­да ғана президент Тоқаевтың өзі Тамыз конференциясында мұғалімдерді мін­детінен тыс жұмысқа тартатын әкімдерді сынға алған еді.

Бұл жолдауда тіл мәселесі де назардан тыс қалмады. «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деді Президент. Ал көптен даулы тақырыпқа айналған жер мәселесіне қатысты: «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек» деп кесіп айтты. 

Қордаланып қалған талай мәселені тілге тиек еткен Президент Қ.Тоқаев: «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» деді. Шын мәнінде, халыққа керегі де – сөзден іске көшіп, тиісті тапсырманың дер кезінде орындалуы ғана.

Динара Мыңжасарқызы

Соңғы жаңалықтар