3 Қыркүйек, 19:26 284 0 Аймақ Túrkistan Gazeti

Ақтөбеде жұмысшылар көрсеткен қызметі үшін ақшаны кімнен сұрарын білмей жүр

«Жаңатас Ақтөбе» ЖШС-і өндірген қиыршықтасты тасымалдаған жұмысшылар еңбекақысын даулап облыс әкімдігіне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Бершүгір ауылындағы өндіріс орнында қиыршық тас шығарған «Жаңатас Ақтөбе» ЖШС-нің жұмысшылары жалақысын даулап, бірнеше рет әкімдікке барды. Облыс әкімдігі «Жаңатас Ақтөбе» компаниясының жер қойнауын пайдалану құқығы «Temir Tas» ЖШС-не берілгенін, жұмысшылар алдындағы қарыз 21-қыркүйекке дейін өтелетінін хабарлады. Бірақ қарыз түгел өтелмейтін сияқты. Себебі бережақ 12 миллиард теңгеге жеткен.

«Заң бойынша ең алдымен біз жалақыны төлеуіміз қажет. Ал бүгін әкімдікке келген адамдар зауытқа қызмет көрсеткен, қиыршық тас тасымалдаған кәсіпкерлер. Кәсіпорынға бірнеше мүмкіндік берілгенімен тығырықтан шыға алмады. Бір ғана банк алдындағы қарызы 7 миллиард теңгеге жеткен. Жалпы 12 миллиард теңге қарыз», - деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов. Жұмысшылар сотқа арыз беріп, сот шешімі кәсіпкерлердің пайдасына шешілді.

Қызмет көрсетушілер құжаттарымен «Жаңатас Ақтөбе» компаниясына барғанымен банкрот болудың алдында тұрғандықтан зауыт ақша жоқ деп кері қайтарған. Екі ортада қалған тасымалдаушылар енді сот орындаушыларына үміт артады. «Жаңатас Ақтөбе» компаниясында оңтайландыру жүріп жатыр. Қазіргі кезде сот орындаушылары компанияның Бершүгір стансасындағы теміржол жолағына, зауыттың карьеріне тыйым салды. Оңтайландыру ісі аяқталған соң мүлкі бағаланып, түскен ақша жалақыға, қызмет көрсету ақысына беріледі», - деді облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Азамат Бердібеков. Барлығы онға жуық тасымалдаушы 1-11 миллион теңге аралығында ақша алуы тиіс. «Жаңатас Ақтөбе» компаниясы кеңсесін жауып тастаса,  «Temir Tas» ЖШС-і бұл сұрақтың өздеріне қатысы жоқ екенін ескерткен. «2019 жылдың маусым айында жер қойнауын пайдалану құқығы бізге ауысты. Келісімшартта жұмысшылардың жалақысы мен салықты төлеу міндеттелді. Біз 12 миллиард теңге қарызды қабылдаған жоқпыз. Қазір өз міндетімізге алған ақшаны төлеп жатырмыз. Қыркүйек айының соңына дейін 10 миллион теңгеге жуық ақшаны аударамыз. Бізге жалақысын сұрап 89 адам ғана хабарласты», - деді «Temir Tas» ЖШС-нің атқарушы директоры Александо Цой. Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 13 компания жұмысшыларына 213 миллион теңге қарыз. Яғни, 370 адам еңбекақысын уақытылы алмаған. Әсіресе банкрот болатын бес компанияның қарызы 89 миллион теңге. Бережақ компаниялар арасында Ақтөбе металл құбырлар зауыты, қоқыс жинаумен айналысқан «Таза қала» компаниясын мен шағын мұнай өңдеу зауыты бар.

Соңғы жаңалықтар