2 Қыркүйек, 13:39 322 0 Білім Túrkіstan International Political Weekly

«Арыстанда» алғашқы қоңырау соғылды

«Арыстан» мамандандырылған лицейінде дәстүрлі алғашқы қоңырау 2019 жылы 2 қыркүйекте лицей алаңында соғылды. Алғашқы қоңырау үні үлкен үмітпен келген жас жүректерді білім шұғыласына бөлеп, алтын ұяларымен қауыштырды, сағыныш сезіміне бөледі.

Лицей – заманауи білім беру кешені. Ол 2011 жылы «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру Қоры» Қоғамдық қорының аясында құрылған. Алматы облысы, Талғар ауданының табиғаты әсем Бесқайнар ауылының аймағында орналасқан. Қазақстанның барлық өңірінен келген 9-11 сыныпта оқитын 240 жасөспірімдер мұнда қайырымдылық негізінде білім алады. Алдыңғы бітіруші түлектеріміз қазақстандық және шетелдік әскери оқу орындарында өз білімдерін абыроймен жалғастыруда.

Лицейдің негізгі мақсаты – жасөспірімдерді жоғары деңгейлі біліммен қамтамасыз ету, олардың бойында ерлік, қажыр-қайрат, төзімділік, жоғары мәдениет, азаматтық борыш пен жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру. Лицей түлектері егеменді Қазақстан Республикасының Қорғаныс Күштерінің түрлі құрылымдарында қызметтерін адал орындауға, құқықтық және азаматтық міндеттерін абыроймен атқаруға тиіс.

Лицейдің оқу-материалдық базасы компьютермен, интербелсенді тақталармен жабдықталған. Лицей кешені заманауи сыныптар мен лабораториялық кешендерді, мұғалімдерге арналған тұрғын үйлерді, лицеистердің жатын орнын, бассейн, спорттық жаттығу кешендерін, лингафондық кабинеттерді, медиатекаларды, мультимедиалық шолу орталығы және 25 мыңнан астам ғылыми және көркем әдебиеттерден тұратын кітап қоры бар кітапхананы қамтиды.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев 2013 жылы сәуір айындағы келген сапарында «Арыстан» лицейіне жоғары баға беріп, бұл қайырымдылық жобасы жеке капиталдың жастарға мемлекеттік-жеке меншіктік механизм серіктестігі арқылы қолжетімді, сапалы білім берудегі жарқын көрінісі болып табылатын айтып өтті.

«...Семсері бол, Отанның қынабында, Сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған», – деп ақын Мұқағалидың өлеңдерінде айтылғандай, сапта тұрған жас өрендердің көзінен отты ұшқын жарқылдайды. Жиын Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны орындалып, лицей басшысы педагогика ғылымдарының докторы, запастағы генерал-майор Тауланов Сәбит Сәуменұлының құттықтау сөзімен ашылды.

Лицеистерді Білім күнімен запастағы генерал-майор, Қазақстан ҚК бас штабының бұрынғы орынбасары, құрметті ардагер В.В.Тузиков, ата-аналар комитетінің бастығы Ж.Н.Данибекова, лицей сынып жетекшілері бірлестігінің басшысы Қ.Т.Тоғызбаев мырзалар құттықтап, оқуда сәттіліктер мен табыс тіледі.

Салтанатты саптық түзілісте лицеистердің ерекше жетістіктері аталып өтілді. «Үздік рота», «Үздік взвод» ауыспалы марапаттары тапсырылып, Лицейдің оқу-тәрбие ісіне белсене араласқан ұстаздар Салимова Несипгуль Төлегенқызы, Шамганова Тазагул Саяновна, Мамошкина Марина Ивановна, Гайбуллаева Құндыз Гайбуллаевна облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Кез келген мерекенің көркі – ән мен күй. Лицей алаңында келген құрметті қонақтар мен ата-аналардың, лицеистердің құрметіне лицей хор тобының орындауындағы «Көк тудың желбірегені» және «Лицей әні», 9-сыныптардың флешмобы көңілдерді көкке шарықтатты. Бұған қоса қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гулдария Ажикуловна Шоранова мен 10 – сынып лицеисі Азаматұлы Баймырзаның орындауындағы «Ұстазым менің» әні барша қауымды дән риза қылды.

Мерекенің жалғасы «Арыстан» мамандандырылған лицей оқушыларының толық құрамы салтанатты шеруіне ұласты. Бұл рәсім әр лицеистің жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатады.

Осылайша алғашқы қоңырау үні Алатаудың бөктерін ән мен күйге бөлеп, «Арыстан» шәкірттерін білім нәрімен сусындауға шақырып, оларға шабыт пен қуаныш күйін сыйлады.

Сыңғырла, алғашқы қоңырау! Санаға білім құйылсын, саналы ұрпақ жадына отаншыл рух пен тәлімді тәрбие нәрі түйілсін! Жастар жылында оқушыларымыздың жетістіктері көп болып, мерейлері үстем түссін! Жыл бойы шәкірттер оқуға бүгінгідей сергек те сезімтал шабытпен кіріссін! Сыңғырла, қоңырау!

Умерджанова Ж.Т.

Соңғы жаңалықтар