16 Тамыз, 17:44 344 0 Жаңалықтар Túrkistan Gazeti

Ақтөбелік мұнайшылар экологиялық үстемақының бір бөлігін сот арқылы өндіріп алды

Ақтөбедегі мұнай компаниясының жұмысшылар сот арқылы экологиялық үстемақыны талап етті. Сот тек бір жылдық ақшаны өндіруге шешім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сағыз Петролеум Компани» ЖШС-ін 50-ден астам жұмысшысы сотқа берді. Олар 2013 жылдан бері заң бойынша тиесілі экологиялық үстемақыны алмаған, тіпті, өздеріне бұл ақшаның тиесілі екенін білмеген. Бүгін №2 қалалық сотта шешім шығарылды. Сағыз Петролеум Компани» ЖШС-не жұмысшыларға экологиялық үстемақы төлем беру міндеттелді. Бірақ жұмысшылар күткендей 6 жылдық емес, бір жылдың ақысы есептелді. «Мұнай компаниясы орналасқан жер экологиялық аймаққа жатады. Сондықтан заң бойынша экологиялық үстемақы жалақыға қосылуы тиіс. Дегенмен сот арызды ішінара қанағаттандырды.

2017 жылдың тамызы мен 2018 жылдың маусым айына дейінгі аралық өндіріледі. Жұмысшылардың өздері 2017 жылдың тамызында білген. Ал 2013 жылдан 2017 жылдың тамызына дейінгі аралықты өндіру арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Себебі арыз түсіру уақыты өтіп кеткен», - деп түсіндірді судья Назгүл Қанапия.

Жұмысшылар бұл шешімге келіспейтіндерін, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді. «Мен сот шешімімен келіспеймін. Біз шын мәнінде білмей қалдық, уақыт өткізіп алғанымыз біздің кінәміз емес. Міндетті түрде қайта арыз жазамыз, Жоғары сотқа дейін барамыз. Маған 1,9 миллион теңге беру керек еді, сот тек 200 мың теңгені өндірілді», - деді мұнайшы Ғалымжан Байболсынов. Айта кетейік, мұнай компаниясында 400-ден астам жұмысшы бар. Олардың тек бір бөлігі ғана сотқа жүгініп, өз құқықтарын қорғады.

Соңғы жаңалықтар