15 Тамыз, 17:38 346 0 Білгенге маржан Turkystan Support

Қоғам: апталық шолу

Балалар алаңсыз оқысын деп...

 Нұр-Сұлтан

Елордада «Баланы мектепке дайындайық» акциясы басталды. Акция «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 150 мектеп оқушысына сыйлықтар табысталды. Мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен сөмкелерді ата-аналары партия филиалдарына көмекке жүгінген алғашқы 150 бала ал­ды. Елордалық меценаттармен бірге партия мүшелері 1500-ден астам баланы жаңа оқу жылына дайындауды жоспарлап отыр.

«Баланы мектепке дайындайық» акциясы «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында өткізіліп келе жатқан дәстүрлі іс-шараға айналды. Бұл игі іс балаларды мектепке дайындауға мүмкіндігі келмейтін көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмектесуді мақсат етеді. Бұл ең жақсы республикалық акциялардың бірі. Балалардың білімді, еңбекқор, елі­міз­дің лайықты азаматтары болуын тілеймін», – деп атап өтті «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Каналимов.

Мектепке дайындалуда көмек алғысы келетін отбасылар партияның елордалық филиалына, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жүгіне алады. «Баланы мектепке дайындайық» республикалық акциясының мақсаты – қаржылық қиыншылықтары бар отбасыларға мүмкіндігінше әлеуметтік қолдау көрсету. Акция еліміздің барлық аймақтарында өтіп, осы айдың соңына дейін жалғасады.

 

Шымкент

Көпбалалы аналарға көмек беру мақсатында «Мектепке жол– 2019» қайырымдылық акциясы бастау алды.

Айтулы қайырымдылық шарасының мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету және олардың әлеуметтік себептер бойынша мектепке бармауының алдын алу. Шараға «Nur Otan» партиясының мүшелері, депутаттар, білім саласының қызметкерлері, «Jas Otan» ЖҚ Шымкент қалалық филиалы, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алғашқы құттықтау сөзді «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Бахадыр Нарымбет айтты. «Дәстүрлі түрде өтетін «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында біз әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларға қол ұшын беріп келеміз. Бүлдіршіндердің қажетті құрал-жабдықтармен толыққанды қамтылмауы – біздің азаматтығымызға үлкен сын. Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттайтын балалардың ішінен болашақта мықты маман иелері шығады деп сенемін. Біз тек қана оларға демеу жасап, бұлақтың көзін ашуымыз керек. Осынау шараға фракция мүшелері мен депутаттар тарапынан көрсетілген көмектер мен қолдаулардың үлесі зор», – деп алдағы жаңа оқу жылына ақ жол тіледі.

Іс-шара барысында шараға демеушілік көрсеткен Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Еркін Сатқанбаев әрбір оқушының биыл мектепке дайындығы назардан тыс қалмау керектігін айтты. Акция шеңберінде депутаттар тарапынан 60-қа жуық балаларға киім-кешек пен сөмкелер таратылып, 25 мың теңгеден қаржылай сыйлық үлестірілді.

Ал акцияға қатысушылардың бірі 34 жастағы көпбалалы ана Мадина Дүйсенбиева көп балалы отбасыларға балаларын мектепке дайындау оңайға түспейтінін айтты. «Мен 8 баланың анасымын. Барлық баламды бірдей мектепке дайындау оңай емес. Партия ұйымдастырып отырған осындай шараға өткен жылы да қатысқан болатынбыз. Балама сөмке және ақшалай сыйлық берді. Балалар да қуанышты. Біз сияқты көп балалы отбасыларға мұның өзі үлкен көмек. «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалына үлкен алғысымды білдіремін», – деді Мадина Дүйсенбиева.

 

Павлодар

Жыл сайын республикалық «Мектепке жол» акциясы еліміздің барлық аймағында өткізіледі. Дәстүрлі түрде өтетін шарада қайырымды жандар оқушыларды жаңа оқу жылына даярлауға атсалысып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауға асығады.

Қайырымдылық акциясы «Nur Otan» партиясының Павлодар облыстық филиалында да жалғасын тапты. Оған депутаттар, мемлекеттік органдар басшылары, кәсіпкерлер және түрлі шаруа қожалықтарының басшылары белсене қатысты. Шара барысында балалар мен олардың ата-аналарына арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған 17 отбасыға мектеп сөмкесі табысталды. Сөмкелер әрбір мектеп оқушысына арналған қажетті кеңсе тауарларымен: қаламсауыт, қаламсап, қарындаштар, альбом, күнделік, дәптерлер және басқа да заттармен толтырылған.

«Біз ата-аналарға баланы мектепке дайындауға жан-жақты көмектесеміз. Әсіресе, «Мектепке жол» шарасын кәсіпкерлер қолдап отыр. Соның арқасында көмекке мұқтаж ата-аналардың балаларына мектеп формалары, оқушы сөмкесі, кеңсе тауарлары, спорттық үлгідегі киімдер үлес­ті­ріліп, қосымша материалдық көмек көрсетіледі», – дейді шараны ұйымдастырушылар.

Үш бала тәрбиелеп отырған Татьяна Едрешева да өз кезегінде акцияны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. «Үш баланы мектепке дайындайтын уақытта қиналып қалатыным бар. Осыны ескеріп акцияны ұйымдастырушылар жыл сайын бізге көмектесіп келеді. Өткен жылы да осы акцияға қатысқанмын. Балаларыма оқуға қажетті керек-жарақтың бәрін сыйға тартты. Сондықтан шараны ұйымдастырушыларға айтар алғысым зор. Әрқашан бүлдіршіндердің күлкісіне куә боп, аналардың алғысын алып жүре бергейсіздер», – деп ағынан жарылды көпбалалы ана.

Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы шеңберінде мектепке бармайтын балаларды анықтауға, мектепке дайындау бойынша әлеуметтік қорғалмаған отбасынан шыққан балаларға көмек көрсетуге де баса назар аударылды.

 

 Елге қолайсыздық тудырған

Алматы сияқты үлкен мегаполистің өз түйткілі жетерлік. Әсіресе, қо­ғам­дық орындарда тәртіптің сақталмауына тұрғындардың шағымы көп. Осы аптада Алматы қаласы, Әуезов ауданына қарасты Ақсай-2 ық­шам ауданындағы 16 а үйінің бірнеше тұрғыны бірінші қабаттағы дәмханалардың заңсыз жұмыс істеп жатқанына наразы екенін жеткізді.

«Nur Otan» партиясының қалалық филиалынан көмек сұрап, партияның Әуезов аудандық филиалының қоғамдық қабылдауына шағым түсірген тұрғындар күні бойы қуырылған май, шошқа етінен пісірілген кәуаптың иісі мен түтіні пәтер ішін алып кететінін айтады. Мәселен, «Контур», «Золотое руно» дәмханасының үстіңгі қабатында тұратын тұрғындар үшін аталған тамақтану орындары көп ыңғайсыздықтар тудырған-ды.

Тұрғындар шағымынан кейін партия өкілдері сол дәмханаларға барып, заң бұзушылық әрекеттердің бетін ашты. Бұл нысандағы жағдайды енді мемлекеттік органдар бақыламақ. Қалалық сәулет-құрылыс басқармасы мен жер инспекциясы дәмханалардың әрекетіне заңды түрде жаза қолдануға кіріспекші.

Дәмхананы аралап, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдаған Алматы қаласы мәслихатының депутаты Ерболат Қасымовтың айтуынша, заң бұзушылық көзге ұрып тұр. «Қалалық сәулет басқармасы бар жер инспекциясы тексеруге келеді. Заңды түрде жаза қолданылады. Ары қарай бұл мәселе партия бақылауында болмақ» деді.

Жалпы, Әуезов ауданында 120 дәмхана, 25-ке жуық мейрамхана қызмет көрсетеді екен. Тұрғындар шағымының нәтижесінде бұлар да  тексерістен өтетін болды.

 

Абайдың жырын оқып, шыңына шықты

Алматы қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Абай шыңын бағындыру шарасы өтті. Шараны «Jas Otan» Жастар қанатының Алматы қалалық филиалы ұйымдастырды.

Үш найзатастан құралған Абай шыңы 3600 метр биіктікте қасқайып тұр. Шың басына шыққан жүздеген адам ақынның өлеңдерін оқып, әндерін әуелете шырқады. Әрі қарай кәсіби альпинистер тобы 4010 метр биіктіктегі Абай шыңына көтеріліп, ол жерде Қазақстанның және «Jas Otan» Жастар қанатының туын көкте желбіретті. Шараға қатысып, атсалысқандар арасында партия өкілдері, блогерлер, спортшылар және өзге де ерікті жастар болды.

«Осыдан 20 күн бұрын шілде айында Абайдың 175 жылдығын атап өтуге қандай үлес қосамыз деген ой болған еді. Қазір қарап отырсақ жастар шартты түрдегі жиналыстардан, кездесулерден шаршады. Сондықтан бұл шараны жаңа форматта, ерекше қылып өткізейік деп келістік. Бұл бір жағынан салауатты өмір салтын қалыптастырса, екінші жағынан ұлы ақынымыздың рухани мұрасын дәріптеудің таптырмас жолы. Біздің ұсынысымызды «Тассай», «Самал» сулары, сондай-ақ қалалық әкімдік пен партия басшылығы да қолдады. Шараға қатысушыларға «Шымбұлақ» та қолдау білдірді. Қатысуға ниет білдіргендер – әртүрлі жастағы қала тұрғындары. Олар тізімге онлайн тіркеу арқылы енді. Жалпы алғанда шараға 80-ге жуық адам қатысты. Жастар Абай асуына шығып, «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерін орындаған кезде керемет әсерде болдық», – дейді «Jas Otan» Жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы Мәди Ахметов.

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы ресми Жарлыққа осы жылдың 30 мамырында қол қойған болатын. Алматы жастары мұндай шараларды алдағы уақытта да жалғастыратынын айтты. Олар осындай ерекше форматтағы бастамалар түсі­ніксіз жиын, мәнсіз іс-шара мен стандартты жиналыстардан әлдеқайда пайдалы болатынын дәлелдеді. Тауға шығу шарасынан кейін #абайшыңы хэштегі арқылы көптеген қатысушылар ұйымдастырушыларға әлеу­меттік желіде алғысын білдірді.

 

Баспаналы болуға тағы бір мүмкіндік

Талдықорған қаласының тұрғыны Эльвира Тулақбаева «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспаналы болды. Ол Алматы облысы бойынша алғашқы үй алған тұрғын болып тіркелді.

«Nur Otan» партиясы Талдықорған қалалық филиалының төрағасы Ғалымжан Әбдірайымов «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» арнайы келіп, Эльвира Тулақбаеваны құттықтады. «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасын енгізген мемлекетке рақмет. 2 пайызбен ипотекалық несие беру – халыққа өте үлкен көмек», – деді Эльвира Мұхтарқызы қуанышын жасыра алмай.

Қазіргі уақытта Талдықорған қаласында бағдарламаға қатысуға 246 адам өтініш білдірсе, олардың 84-і комиссиялық байқаудан өткен. Ал қалған азаматтар байқаудың нәтижесін күтуде.

«Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы – несиеге үй алуға жеңілдік ретінде құрылған бағдарлама. Несие жылына 2 пайыздық мөлшерлемемен 19 жылға беріледі. Алғашқы жарна көлемі – 10 пайыз. Егер бағдарламаға қатысуға ниет білдірген көпбалалы, әл-ауқаты төмен, мүгедек баланы асырап отырған жалғызбасты аналар немесе әкелер алғашқы жарнаны төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда әкімшілік тарапынан 1 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификатын алуға мүмкіндігі бар.

Алайда олар баспанаға мұқтаж отбасылар санатына жататынын дәлелдеуі қажет. Ол үшін атқарушы органнан көпбалалы отбасы екенін дәлелдейтін анықтама алып, оны банкке тапсырады. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең басты талап – Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болуы міндетті. Олай болмаған жағдайда, банктен дербес шот ашуға құқы бар.

 

Пандустар неге талапқа сай емес?

Қостанай облысында әлеуметтік әлсіз топтарға жататын жандар үшін біршама іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – рейд шаралары. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Nur Otan» партиясының Рудный қалалық филиалы шағын шаһардағы әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаншалықты қолайлы екендігіне бақылау жүргізді.

 Руслан Байғанин арбаға таңылса да, ешқашан қоғамдық бастамалардан тыс қалған емес. Бұл жолы ол партиялықтардың мұрындық болуымен өткізген рейд шарасына қатысты. Оның айтуынша, соңғы жылдары нұротандықтардың көмегімен көшелердегі пандустардың саны артқан. «Партия өкілдері жоба аясында нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұру қолайлылығын тексеру мақсатында рейд ұйымдастырды. Өңірде жарымжан азаматтардың еркін өмір сүруіне барынша жағдай жасалып келеді. Дегенмен кейбір кәсіп өкілдері мүгедектігі бар жандарды ұмытып кететін сияқты», – дейді Руслан Байғанин.

Рейд тобы өкілдері дүкендер, дәріханалар мен супермаркеттерді тексерді. Бірқатар нысандарда есік, баспалдақ, пандус өлшемдері арнайы талаптарға сай келмейді. Партиялықтар нысан басшыларына ескерту жасап, олқылықтардың орнын толтыру керегін баса айтты.

«Nur Otan» партиясының өкілдері алдағы уақытта да  рейд шараларын тоқтатпайды. Сын-ескертпелер жасалған нысандар тағы бір мәрте тексерістен өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар