Толымбек Әбдірайым: Әдебиет дегеніміз – адамгершілікке сүйіспеншілік  

Толымбек Әбдірайым: Әдебиет дегеніміз – адамгершілікке сүйіспеншілік  

Толымбек Әбдірайым: Әдебиет дегеніміз – адамгершілікке  сүйіспеншілік   
ашық дереккөзі
– «Мықты жазушы болу үшін оның балалық шағы бақытсыздыққа толы болу керек» деген сөз бар. Сіздің балалық балғын шағыңыз қалай өткен еді? – Балалық шақ – адам өмірінің ең бақытты, беймарал, алаңсыз жылдары ғой. Алайда, мен әлгі сөзге келіспеймін. Неге? Қаламгердің балалық шағы бақытсыз болса, ол не жазады, нені сағынады? Әлемде ең көп оқылатын, 500 әңгіме жазып, 8 мың адамның көркем бейнесін сомдаған атақты жазушы Антон Чеховтың сөзі бар: «Адам баласы сағыныш пен мұңнан айырылған кезде, бәрінен айырылады», деген. Тамаша сөз емес пе? Адам баласы сағына білуі керек қой. – Мәселен... Кімді? Нені?.. – Балалық шағын, көптен көрмеген туысын, бауырын, досын, сыныптасын, курс­тасын... Әрине, олардың сағынатын көркем мінезі, кісілік келбеті болса... Менің де сағынатын жандарым көп... Дәл қазір... Аягөздегі достарым – Базарбек ағамды, Уәлиханды, Әлімбекті, Бақытөмірді сағынып отырмын... Олар менің түсінігімде адал, жақсы азаматтар. Базарбек Ақсақаловпен бірге жұмыс істедім. 1980 жылдары теміржолда жұмысшыларды жабдықтау бөлімі деген мекеме болған. Мен вагон-дүкенде экспедитор едім. Базекең менің көмекшім. Теміржол бойындағы шағын разъездер мен бекеттерге күнделікті азық-түлік, басқа да тұрмысқа қажетті заттар тасимыз. Ақтоғай бекетіне түнейміз. Қыстың күні. Суық. Ызғар. «Буржуйка» деп аталатын темір пешке бабын келтіріп етті асамыз да, әңгіме соғамыз. Базекең ақын кісі. Дойбыдан облыс чемпионы болған кезінде. Әңгіменің майын тамызады. Көбіне қозғайтынымыз – әдебиет, поэзия тақырыбы. Қытайдан 1962 жылы бері өткен ол кісінің көрмеген мехнаты аз. Сол жақта медицина институтында оқыған. Қудалауды көп көрген... Базекеңнің сол кездегі тұшымды әңгімелерін сағынамын. Міне, қазір де көз алдымда... Түн... Арлы-берлі ағылған поездар... Дүк-дүк еткен темір дөңгелектердің тарсылы мен сықыры... Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет», Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» романдарындағы кейіпкерлердің бейнесі... Жүздерін күн мен жел қақтаған шаруа адамдары, сары күртеше киген теміржолшылар... Мекемеде алты жыл жұмыс істеген мен үшін осының бәрі ыстық! Жігіт ағасы жасындағы Уәлихан те­мір­жолда электр дәнекерлеуші, қазір де. Көркем әдебиетті жанындай жақсы көреді. Асқар Сүлейменовтің, Мұқағали Мақатаевтың, Асқар Алтайдың, Тыныштықбек Әбдікәкімовтің, Таласбек Әсемқұловтың, Светқали Нұржановтың, Ерғазы Рахимовтың шығармаларын жатқа айтады. Көп оқиды, көп тоқиды. Әсілі, көркем әдебиетті сүйген кісіден жаманшылық шықпайды. Ал Әлімбек кезінде Аягөз аудандық мәдениет бөліміне қарасты «Баян сұлу» ансамблінің белді мүшесі болған. Талантты музыкант! Қазір жұмыссыз... Шағын қаланың шетіндегі Ескі Майлин елдімекенінде тұрады. Аздап ұсталықпен айналысады. Бақытөмірмен ҚазМУ-де бірге оқыдық. Бірнеше жылдан бері облысқа тарайтын «Мөлдір сана» газетін шығарып келеді. Айналасы бес-алты жылдың ішінде жұртшылық іздеп оқитын басылымға айналдырып отыр... Сонымен қатар ардагер журналист Ғабит Зұлхаров, Аманжол Арғынгелдин, сықақшы Марат Нұрпейісов, ақын Бахор Рахимов... А, иә, зейнеткерлігіне қарамастан ішкі істер саласында әлі күнге қызмет етіп келе жатқан Бахтияр ағам, әрі досым бар. Осы азаматтардың барлығы мені сағындырады, аңсатады, іздеймін. – Айтқандай, теміржолда істеген алты жылыңыз – аз да, көп те емес. Солай ғой?! Десе де, сол жылдары жазған шығармаларыңыз бар ма? – Иә, бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жұлдыз» журналында жарияланған «Апат», «Қазақ әдебиетіне» басылған «Хат» әңгімелерім, оның алдында өзге басылымдарда жарияланған «Шерлі жүрек», «Жалғыз тырна», «Құс қанаты», «Жалғыздық», «Қара ешкі» т.б. шығармаларым сол кездерде туды. «Апаттағы» Мәміш ақсақалмен көп әңгімелесітінмін. Тағдыры ауыр кісі еді. Жиырма бес жылға сотталып, жазасын Сібірде өтеген! Сондай таза, кісілікті, иманды жан еді, жарықтық!.. – Ол шығармаларыңызды неге ұзақ жыл сақтадыңыз? Тіпті, отыз жылға жуық уақыт бойы... – Бір кездері онша ұнай қоймаған еді. Бір қайнауы кемдей көрінген. Кейін оқып едім, бірнәрселер бар сияқты... Аздап өңдедім, сосын ұсындым. Жалпы, мен балаларға арналған шығармаларымнан өзгесін ертеректе, 23-25 жасымда жазғанмын. Әлгі «Апат», «Хат» секілді әңгімелерім жетерлік... Кеше ғана сонау, 1979 жылы қағазға түскен «Әке», «Жуас», «Жеңгетай» деген әңгімелерімді оқып шығып, қуанып қалдым. Алла қаласа, олар да жарияланып қалар... Әсілі, көркем шығарма қай кезде жазылса да жақсы дүние болуы керек. Өйткені, әдебиет дегеніміз – адамгершілікке сүйіспеншілік! Шын мәніндегі көркем әдебиет – азаматтық терең ойдан, адамгершілік асыл идеядан, биік парасаттан туады! Көркем шығарма оқырманды ойландыруы, толғандыруы керек. Жан дүниесін астаң-кестең етіп, қопаруы тиіс. Жазушыда терең ой да, кестелі, шұрайлы тіл де болуы керек. – Қазір – нарық заманы. Кәсіп болса ғана нәсібің бар. Өзіңізге мәлім, тек жазып, нан табу мүмкін емес... Қай кезде жазасыз? – Иә, Кеңес заманында қаламгерлерге қолдау жоғары болды ғой. Бүгінде бірыңғай шығармашылықпен айналысу қиын. Сенбі, жексенбі күндері ғана және кешкі уақытта бір-екі сағат қана жазуға тура келеді. Лев Толстой айтыпты: «Қашан жазбауға мүмкіндігің болмаса, сол уақытта ғана қолыңа қалам ал» деп. Ал, бүгінгінің мықты жазушыларының бірі Әкім Тарази ағамыз «Жазу қиын емес, табу қиын! Жазу оңай! Таптым, мінекей-мінекей деп, бас-аяғы жиналған кезде отырасың да жазасың. Яғни, әңгіме болсын, хикаят болсын, роман болсын, июі қанған кезде отыра қаласың да жазасың», дейді. «Ойлан, ойлан және ойлан, – деп жазады бір орыс ойшылы, –  кейін оны қағазға түсіріу түк қиындық келтірмейді, ал ойланылмаған, бірақ жазылған нәрсе түкке де татымайды». – Бүгін ше?.. – Бүгінгі сыншылар – оқырман ғой! Өзі байқасаңыз, жақсы шығарманы жұрт әңгімелеп, айтып кетеді. – Жазушы үшін басты критерий не болуы керек? Сіздің пікіріңізше... – Айтайын дегенім, жазушылар мен әдебиетшілер үшін жаңалық емес, белгілі теория ғой! Жазушыға керегі – Тәңірі берген талант пен білім! Осы екеуі қаламгердің бойында болуы тиіс! Сосын, еңбек, еңбек, тағы да еңбек! Уақытты тиімді пайдалану – ең алдымен еңбекті ұйымдастыра білу керек деген сөз. Бұл – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Гете бар-жоғы он тоғыз жасында күнделігіне былай деп жазыпты: «Біз жаспыз. Сол себепті шиыр болған жолмен жүрмек емеспіз. Төңірегіміздегінің бәрін ерекше ынтамен зерделеп, барлығын да қаперімізге қанықтырамыз. Біз өте ықыласты боламыз, пайдалы бір нәрсе игермей, бір күнді де бос жібермейміз». Ал, ақын өмірінің соңғы кезеңінде «Қандай да талант болмасын, біліммен қанаттануы қажет. Сонда ғана ол өзінің барлық қуатын таныта алады», деген. Содан соң, жазушы жазып отырған тақырыбын жақсы білуі шарт. Әрбір қаламгер үшін кейіпкердің ішкі дүниесіндегі психологиялық сыр, мұң, арман, мақсат, толып жатқан күрделі құбылыстар айқара, жарқырай ашылып, характер логикасына қарай шешім табу – басты мұрат! Шығармадағы көркем бейне, яғни образ толық ашылмаса ол әдеби туынды емес. Шынайы жазушы сөзбен, шұрайлы, кестелі тілмен сурет салуы тиіс. Жазушыға ең керегі – суреткерлік! – Аға, қазақтың маңдайына біткен біртуар композиторлардың бірі – Илья Жақановтың бірнеше әндерінің тарихы жайлы дүниелеріңізді баспасөз беттерінен оқырман оқыды, таныспыз. Ильямен қарым-қатынасыңыз жөнінде әңгімелеп берсеңіз.... – 1990 жылы болатын. «Қазақ әдебиетінде» қызмет етіп жүрген кезім. Түс әлеті болып қалған. Бөлмеге Илья аға кірді. Амандық-саулықтан соң, орындыққа жайғасып, өзінің «Әсел» әні жайлы әңгіме айта бастады. Шыңғыс Айтматовқа қалай тыңдатқанын, талғамы биік жазушының қандай күйде қабылдағанын... Үнсіз тыңдай бердім, құлағыммен естігендерімді алдымдағы қағазға және түртіп отырдым. Онымды Илья аға байқамады... Араға көп уақыт салмай әлгіні көркемдеп жазып, газетке ұсындым... Илья аға телефон соғып, таңғалысын жасырмады, жақсы жазылғанын айтып, алғысын білдірді. Содан кейін біздің ағалы-інідей рухани достығымыз басталды. Бірлесіп көп жұмыс істедік. Көкшетауда, әсем Бурабайда Біржан сал туралы, Солтүстік Қазақстан облысының, бұрынғы Булаев ауданында Мағжан Жұмабаев туралы хабарлар түсірдік... Ол хабарлар республикалық теледидардан көрсетілді. Түп нұсқасы Қызылжар телестудиясының «Алтын қорында». Илья ағаның әндері туралы жазылған «Дария шабыт» атты шағын кітабым 2003 жылы «Елорда» баспасынан жарық көрді. Алғы сөзін «Ән кәусары» деген тақырыппен Еңбек Ері, халық жазушысы  Әбіш Кекілбаев жазған. Сонда заңғар қаламгер Илья ағаның қайталанбас болмысы, адам жанын тербеп, керемет әсерге бөлейтін әндері жайлы айта келіп, былай депті: «... Тарихтың әр батырдың әр шайқасының жай-жапсарын бажайлай баяндағаны сияқты әр суреткердің әр туындысының да егжей-тегжейіне емірене үңіле білгені лазым екен. Толымбек Әбдірайым әдебиетімізде дәл сондай мақсатпен тыңға түрен салып, «Дария шабыт» деректі әңгімелер кітабын тудырыпты. Бұл – бір өркен жаяр өнеге болса керек. Оның бүгінгі тыңдарман қауым мен ертеңгі зерттеуші қауым тарапынан бірдей ризашылыққа ие болатынына кәміл сенеміз». Иә, расында, Илья Жақановтың жан-дүниесі көркем, талғамы ерек, биік. Сондықтан, оның шығармалары әр заманның буынымен үндесіп, тыңдалады, сағындырады. Илья Жақанов – әрі композитор, әрі музыка зерттеушісі, әрі жазушы! Реті келгенде өз әндерін де әдемі айтады және көп әндерінің сөзін де өзі жазған! Құдай-ау, не деген жады, не деген еңбек десеңізші! Кейде апталап, айлап қозғалмай, үйден шықпай жазып отырады! Анау батыс өлкесінің бізге беймәлім әндерінің сала-сала тарихы, шежіресі, Арқадағы ән падишалары Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Ақан сері туралы толымды, деректі дүниелер! Толып жатыр! Жиі хабарласып тұрамыз. – Әңгімеңізге рахмет, аға! Қаламыңыз мұқалмасын! Балаларға базарлығыңыз көбейсін!

Сұхбаттасқан

Асхат РАЙҚҰЛ