8 Тамыз 2019, 14:32 701 0 Жаңалықтар "Түркістан" газетінің авторлары

Масылдық мұратқа жеткізер жол емес

Кез-келген мемлекет өз халқының бай-қуатты өмір сүруі үшін жұмыс істейді. Халық арасындағы әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға қолдау білдіру бағдарламаларын құрады. Еңбекке жарамсыз азаматтарға әр түрлі көмектер көрсетіледі. Мұндай көмектер мен бағдарламалар әрбір елде алуан түрлі жол­дармен жүзеге асып жатыр. Ал халыққа жаппай ақша таратса немесе банкіден алған қарызын мемлекет түгел жауып берсе деген сияқты түсінікте болу  бүгінгі ақпараттық қоғамның көзі ашық азаматтарына тән мінез емес.

Біздің еліміз де көмекке зәру азамат­тарға қол созудан кенде қалып отырған жоқ. Биыл көктемнен бері көпбалалы отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге төлеу жайлы шешім шықты. Көптеген отбасы сол қаржының игілігін қазір көріп те отыр. Ал әлеуметтік жағдайы төмен немесе өмірде әртүрлі қиын жағдайға тап болған азаматтардың қарызын кешіру жайлы жарлық талай отбасының үмітін жандырды. Ал тепсе темір үзетін аза­мат­тардың мұқтаждық пен масылдықты ажырата алмай Үкіметке тепсінгені ұят-ақ.  Өздері еңбекке жа­рам­ды, кейбірінің әлеуметтік жағдайы әжептәуір жоғары бола тұра кедей-кеп­шік­ке арналған азғантай ақшаға жармасу барып тұрған масылдық психология дерті демеске лаж жоқ. Бұл дертпен күресіп, одан арылу жолдарын нұсқап, сауықпасақ жиырма бірінші ғасырдағы бәсекелестік қоғамға сай мемлекет құрып жатырмыз деп айтудың өзі бекершілік.

Көктемде ғана осы әлеуметтік жағ­дайы төмен азаматтарға берілетін көмек мәселесіне қатысты заңдарды пысықтау барысында сенатор Сәр­сен­бай Еңсе­ге­н­ов масылдық мәселесін атап өтті. Сенатор былай дейді: «Жа­қында өткен кездесуде анықталғаны – үлкен жолдың бойында салынып жатқан мектеп құрылысындағы жұмыс­шылардың 90 пайыз­дан астамы өзбек мемлекетінің азаматтары. Құры­лыс мекемесінің бас­шы­сы сол ауылдың тұрғыны. Ол кісінің айтуынша, жер­гілікті тұр­ғындар жұмысқа келмейді. Қара жұ­мысшының айлығы 90 мың теңге, сылақшы мамандар 150 мың теңге алады. Мұндай ақшаға жергілікті тұрғындардың жұмыс істеуге ықыласы жоқ. Кейбіреулері «мұндай жалақыға жұ­мысқа барсақ, жәрдемақыдан қа­ғы­ламыз» деген уәж айтады екен»,  – деді ол. Иә, се­натордың ай­тып отырған мысалына қарсы айтар уәжіміз жоқ. Қан­шама жылдан бері Өзбек­стан аза­маттары біздің елде құ­рылыс жұмыстарын, егіншілікті тағы да басқа қара шаруаны атқарып келе жатыр. Ал бірақ өзіміздің қазақстандық азамат­тар жұмыс таппадық деп екі қолын қусырып отыр. Олар үйде отырып алып, мемлекет ақша берсе, қары­зымды үкімет жауып берсе деп армандайды.

Әрине, қаншама қазақстандық аза­мат­тардың бизнесте, мемлекеттік қыз­метте, қоғам­дық жұмыстарда бе­л­сен­ділік танытып, елге ұйытқы болып жүр­генін де естен шығаруға болмайды. Бірақ кейбір аза­маттардың әлі де сонау кел­мес­ке кеткен кеңестік жүйедегі «өкімет өлтірмейді» дей­тұғын түсініктен арыла алмай отыр­ғаны өкінішті-ақ.

Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина ханым былай дейді: «Әйел азаматтардың ішінде не­гіз­сіз талап қойып, әкімдік қызмет­кер­лерін заңсыз жолмен жеке баста­ры­ның мәселелерін шешуге итер­ме­лей­тіндер бар. Нақты айтқанда 14-15 әйел азамат бар. Олар 15-20 млн.теңге несиесін жауып беруін талап етеді. Заңсыз жолмен баспана алып берің­дер дейді. Өзіңіз білесіз, қалада 40 мыңнан аса адам баспана кезегінде тұрғаны жиі айтылады. Әкімдікке келіп айқайлағанның бәріне пәтер беріле берсе, әділет қайда қалады? Біз құқықтық мемлекет емеспіз бе?! Заң бәріне ортақ. Осыларды айтып, мән-жайды қанша түсіндірсек те «Егер шешпесеңдер, біздің чат­та­ры­мызда әйелдер көп. Қажет болса 200-300 әйелді көшеге шығарамыз» дейді». Со­нымен қатар Сәуле ханым қаншама аза­мат­тың көмекке қолы жетіп, әлеуметтік жағдайының оңалғандығын және талай тұрғынның ризашылық білдіргендігін атап өтті. Ал енді үй бермесең, қарызымды жаппасаң көшеге әйелдерді шығарамыз деген бұзақылық қылмысқа апаратын жол ғой. Оның соңы жақсылыққа жет­кізбесі де түсінікті.

Ал жуықта ғана Маңғыстау өңірінде болып, халықпен кездесу жасаған Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев масылдық жайлы тілге тиек еткен бо­ла­тын.  Президент өз сөзінде аза­мат­тардың мұқ­таждық пен масылдықты ажырата алмай отырғандығын атаған. Тек қана Үкі­мет тарапынан бөлінетін жәр­дем­ақыға қарап өмір сүруге бол­майтынын, кәсіпкерлікпен айналысудың мемлекет үшін де жеке азамат үшін де тиімді екен­дігін ескерткен. Президент ескертіп отырған мәселе бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбы болып отырғаны да жасырын емес.

Феодалдық қоғамда өмір сүрген ұлы Абайдың:

«Байда мейір, кедейде пейіл де жоқ,

Аңдыстырған екеуін құдайым-ай!» – дейтіні бар ғой. Ал бірақ қазір нарық­тық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Тала­бың мен талантыңды ұштастыра білсең, әлемдік деңгейдегі бизнеске аралассаң да саған ешкім қой демейді. Тәуелсіз мем­ле­кетіміздің көркеюіне әрбір қазақ­стан­дық үлес қосам десе жол ашық. Ауадан ақша, тезектен теңге табуға бо­лады.  Мемлекет мейірін беріп, халқына қол ұшын созған екен, сіз бен біздің пейіліміз кетпесін ағайын! Мұқтаждық болмаса да мем­лекетке қол жаю масыл­дық психо­логия көрінісі. Масылдық мінез тоғы­шар­лыққа, әрекетсіздік пен мешкейлікке апаруы да мүмкін. Халқына қабат-қабат әлеуметтік көмекті аямаған Ливия бас­шы­сын да жалқаулық жай­лаған жұрты ор­нынан жұлып алған. Мұндай мысалдар әлемде көп. Сондық­тан да халыққа мем­лекет ақша үлестіреді де­ген  қате түсінік. Оны біздің еліміз жақсы біліп отыр. Бірақ халықтың кейбір бөлігіндегі масылдық дерттің дауасын іздейтін мезгіл жетті. Әрі ол уақыт оздырмайтын мәселе.

Бейбіт ТОҚТАРБАЙ

«Тúrkistan»

Соңғы жаңалықтар