5 Шілде, 12:20 367 0 Руханият "Түркістан" газетінің авторлары

ӘРУАҚТАР қазақы ұғымы және ғылыми сипаттамасы

Білімпаздардың айтуынша, көзге көрінетін тоғыз мың, көзге көрінбейтін тоғыз мың, небары он сегіз мың ғалам бар. Көзге көрінбейтін ғаламның бірі – әруақтар. Араб тілінде «әруақ» – «рух» деген сөздің көпше формасы, көптік мағынаны білдіреді. Халық рухтардың туған-туысқандарына, ата-бабаларына, деңгейлес достарына қосылып, топ-тобымен, кейде жеке-жеке ұшып жүретінін бағзы замандарда-ақ аңлаған. Болмыста дара және көпше түрде ұшырайтындықтан әрқайсысына жеке-жеке атаулар берген. Қазақ араб тілінен енген бұл сөзді жекеше мағынада да, көптік мағынада да қолданады. Жекеше мағынада жұмсалатындығына көптік жалғауын қабылдайтындығы кепіл: «әруақтар» деп айта береміз. Ал «Бір құдай, екі әруақ жар болсын» деген фразеологизмде аталмыш сөз көптік мағынада тұр. «Екі әруақ» деп әкесінің және шешесінің (нағашысының) өлген ата-бабаларын айтады.

Рух – Алла Тағаланың құпия қазынасы, адамдарға берген аманаты. Оның ғажайып сырлары инсан (адам, жын, т.б.) атаулыға белгісіз. Анығында біз Жаратушы хикметтерін оның өзі ашқан ғылымы дәрежесінде ғана білетін қарапайым пендеміз. Жер бетіне әуелден ақырға дейін қисапсыз адам баласы келеді. Солардың барлығының рухы бір мезетте жаратылып, алғашында бір мекен-жайда сақталған. Рух бір тұрақтан, екіншісіне ауысып отырады. Небары жеті мәрте орнын өзгертеді. Әуелгі тұрағынан (1) біртіндеп ананың құрсағына келеді (2). Рух енгеннен кейін балаға жан кіріп қимылдай бастайды. Бала өмірге келгеннен соң денеде, яғни жердің үстінде болады (3). Рух денеден ажырағаннан (өлгеннен) кейін көрді мекен-жай етеді. Көр азабынан құтылған соң Барзақ әлемінде уақытша тұрақтайды (4). Қиямет-қайымда адамдар тірілгенде денеге қайта оралады (5). Махшар күні күнәсі тексеріліп, ақ-қарасы айрылғаннан кейін не жұмаққа кіреді, не тозаққа түседі (6). Рухтың ең соңғы тұрағы – Алла Тағаланың дидарын көретін орын (7). Мұндай бақытқа пейішке барғандар ғана ие болады. Жаратушымен жүздескеннен кейін олар жұмаққа қайта оралады. Тозаққа барғандар Алла Тағаланың дидарын көрмейді.

Адам рухының жарық дүниеге келгеннен кейін ғана жетіліп толысатын 99 (тоқсан тоғыз) сапасы болады. Бұл сапалар дененің тоғыз жүз қасиетінен (әр қасиеттің құпия, жария, жақсы, жаман жағы бар), тоғыз жүз қасиет он сегіз мың ғаламнан, он сегіз мың ғалам Алла Тағаланың нұрынан қуат алады. Әр он қасиет өзінен жоғары тұрған бір сапаға қызмет етеді. Адам рухы жетіліп шын мәнінде шырқау биікке көтерілгенде жүзінші сапаны иеленіп, періштелермен теңеседі. Керісінше, азғындағанда жексұрын сапаға жолығып, қарғыс атқан шайтанмен бірдей болады. Адамның тағы бір ерекшелігі: періштеден асып пайғамбар дәрежесіне жетуге  немесе шайтаннан да төмен құлдырап. тозақтың терең түбіне кетуге толық қабілеті жетеді. Алла Тағала өзі жаратқан пенделерін ешқашан алаламайды, қандай күйге түссе, әркім өзінен көруге, өзімнен деп білуге тиіс. Әттең, әр адам сәби, балаң кездеріндегі, жас уақыттарындағы ғажап, тамаша сәттерін босқа жіберіп алады.

Рухының тоқсан тоғыз сапасы жетіліп, ұлық дәрежеге жеткен адамдар мұсылман әлемінде көптеп саналады. Рух кемеліне келгенде денені қаңбақ құрлы көрмей, ұшып кете береді. Осы жерде атап айтуға тура келеді: рух жылдамдығы жарық жылдамдығынан әлденеше есе жылдам. Қожа Ахмет Йасауи бабамыз таңғы намазының парызын Мекке, Мәдинада оқып, сүндетін Түркістанда оқыса, аңыз емес, тап-таза шындық.

Бұл айтылғандардан адамның табиғатпен, Жаратушы иемен тығыз байланыста тұрғанын ұғынамыз. Басқа сөзбен айтқанда, ғалам – адам денесіне, адам денесі – санаға (варианттары: ішкі жан дүниесі, діл, иман, т.б.) сана рухқа қызмет етеді. Рух – дене мен сананы басқарып – Алла Тағала арасына (қалауына) орай құлшылық жасайды.

Қазақ халқының ислам діні енгенге дейінгі, енгеннен кейінгі рух туралы ұғым-түсінігі екі басқа. Себебі, біздің ата-бабаларымыз да көп құдайшылдықты аттап кете алмаған еді. Жындармен, шайтан әлемімен тығыз қарым-қатынаста болды. (Бұл туралы «Түркістан» газетінің осы жылғы 29 маусымдағы 26-нөмірінде жарияланған «Шайтанның түрлері» атты мақаламыздан толық мағлұмат алуыңызға болады. Б.С.) Жын да – көзге көрінбейтін әлемнің бірі. Жындар тірісінде мұсылман, кәпір болып бөлінсе, өлгеннен кейін ізгілері – «қара әруақ», зұлымдары – «зиян-зақымет» деп аталады. Адамдармен байланысын тірісінде де, өлгенде де (рухы денесінен бөлінгенде де) үзбейді. Мұсылман, ізгі жындар адамдарға «киелі, қасиетті» деген атақ алып беріп отырған. Тотемизм заманында иесіне абырой әперген жындар күні кешеге дейін тұқым қуалады, ұрпақтан ұрпаққа келіп жетті. Ол өз дәрежесіне қарай белгілі бір формаға түсіп, өз иелеріне көрінеді. Жамбылдың жолбарысы, Қаныш Сәтбаевтың түлкісі бар екен десе, ата-бабадан келе жатқан сарқыншақ. Кейбіреулердің қабыланы. біреулердің бүркіті, енді біреулердің үйрегі болады, тағысын тағылар. Адамдарға тірісінде «киелі, қасиетті» деген атақ алып берген жындар олардың ұрпағына деген көмегін өлгеннен кейін де тоқтатпайды. Бұл – жындардың табиғатына берілген ерекше қасиет. «Кие» деген сөздің өзі – «Алла Тағаланың рақымы түскен жын» деген мағына береді. Қазақта «Өтірік (аңыз) түбі – шын, әруақ түбі – жын» деген мақалдың сақталуы тегіннен тегін емес.

Ислам діні орнағаннан кейін жынның көмегін мүлде керек етпейтін адамдар өмірге келе бастады. Мағрифат, ақиқатпен сусындаған оқымысты машайықтар, кереметті әулиелер шықты. Олардың қай-қайсысы да Алла Тағаланың ризашылығына бөленген. Бұлардың өлгеннен кейінгі пәк рухтарын басқаша атау қажет болды. Оларды «қара әруақтардан» ерекшелеп, «таза әруақтар» деді. Демек өлі рухтардың барлығы бірдей «әруақ» болып санала бермейді. Әруақтар аспандағы, жер бетіндегі жақсы-жақсы мекен-жайларға барады. Үрім-бұтағына келіп хабар алып кетеді. Тірілер өлі рухтардың жағдайын білмегенмен, өлі рухтар тірілердің хал-ахуалын жақсы біледі.

Түркі халықтарына кеңінен таныс Алпамыс батырды мысалға келтірелік. Ол әке-шешесінің әулиеден әулие қоймай жүріп «өлдім» дегенде көрген жарығы емес пе?! Рас, әруақтар делдал болып аралық қызмет атқармайды. Тірі адамдар сияқты тілектестік білдіреді, сұраған жақсылығы орындалуын қалайды, құдай қабыл етсе, шапағаты тиеді. Бір ғана әулие емес, өзі зиярат еткен барлық әулиелер тілектес болғандықтан Байбөрі ұлды болады. Өйткені, сан өз мөлшеріне жеткенде сапаға айналады. Қарапайым адамдарға бір ғана әулие (ең соңғы барған әулие ғана) жақсылық жасаған сияқты көрінеді.

Құран Кәрімнің «Фатиха» сүресінің 7-аятында ислам дінінен ауытқығандар – адасқандар, көп құдайшылдар, дінсіздер. Алла Тағалаға тікелей қарсы келгендер — қаһарға (ашуға) ұшырағандар, мұсылмандар – нығметке (алғысқа, ізгілікке) бөленгендер деп аталады. Қазақ осылардың ішінде нығметке бөленгендерді ғана «әруақ» деп таниды. Қайталап айтамыз, өлі рухтардың (оның ішінде кәпірлердің рухтары) барлығы әруақ болып есептелмейді.

Бұл жерде ерекше ескертетін жайт: рух бір басқа адам денесінің жаны бір басқа. «Жан» деген сөзге «рух» деген сөздің де мағынасы сіңісіп кеткендіктен, жұрт рухты Жан деп, жанды Рух деп түсінеді, шатасады. Адамның жаны малдың, хайуанаттың, құстың, т.б. жаны сияқты шексіз бөліне алады. Ұрық арқылы бір организмнен екінші организмге ауыса береді. Рух денеге сырттан келеді және бөлінбейді. Адам ата мен Хауаның жаны бөліне-бөліне қазіргі бүкіл адамзат баласының денесінде өмір суруде, содан бері тіршілік тоқтаған емес. Рух бір организмнен екін­ші организмге ауыса алмайды. Өлгеннен кейін денеден босанып, Алла Тағала рахымымен өз бетінше өмір сүреді. Буддистер адамның рухы бір денеден екінші денеге қонады дегені түбірінен қате, шайтани ұғым. Адам денесіндегі жанның хай­уанаттардың, құстардың, жанынан өзгешелігі өз бетінше тіршілік ете алмайды. Рухпен қосылғанда ғана әрекетке көшеді. Дененің жаны рух шығып кеткеннен кейін біраздан соң шығады. Анығырақ айтқанда, рух – Алланың аманаты, жан – дененің тіршілік ету қабілеті. Рух денені тастағанда, жанның әрекет ету қасиеті жойылады.

Қазақ «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы», – дейді. Осындағы ар деп отырғаны рухтың тоқсан тоғыз сапасының біреуі ғана. Бұдан рухтың жаннан қаншалықты биік тұрғандығын аңғарамыз.

Жан жанды, жансыз заттардың барлығында бар. Ол әл-Фараби еңбектерінде «субстанция» деп аталады. Орыс тіліндегі философиялық еңбектерде «сущность» делінеді. Бірде Салих пайғамбар өз халқына барлық затта жан бар екендігін, жан болғандықтан Алла Тағала өліні тірі, тіріні өлі ете алатындығын, жан арқылы он сегіз мың ғаламмен тілдесетіндіктерін түсіндіріп отырады. Мысалға өлі табиғаттың жемісі жұмыртқадан құстар, жәндіктер, тағы басқалар пайда болатындығын, ағаш, өсімдіктердің өсу қабілеті де табиғи тіршіліктің белгісі екендігін келтіреді. Сонда бір кәпір тұрып: «Мықты болсаң мына қара тастан ару-ана шығарып берші», – дейді. Алла Тағала шарт қойып, кәпірлердің тілегін орындайды. Ұлық мұғжиза көрсетсе де, мойын ұсынбағаны үшін ол тайпа ақырында апат болып кетеді. Осы оқиғаны Иса пайғамбар пікірлестеріне түсіндіріп отырады. Арасынан бір сенбеуші бір уыс саз балшықты алады да: «Сен де Жаратушының пайғамбарымын деп жүрсің. Мына балшыққа жан бітіріп, біздің көзімізге көрсетіңізші», – дейді. Иса алейһи с-салам әлгі балшықтан құстың кейпін жасайды да, құйрығынан үрлейді. Балшық кептерге айналады да ұшып ала жөнеледі. Ол құс қазірде бар. Бейбітшілік құстарының бірі. Білетіндер Алла Тағала жаратқан бұрынғы кептерлер мен Иса пайғамбар дүниеге келтірген балшық кептерді ажыратып бере алады.

Қара әруақтары барлар ғана сиқыршылар қатарына қосылмайды. Көп құдайшылдық заманында ата-бабаларымыздың бірқатары киелі әруақтардың арқасында әулие атанды. Мысалы  Қорқыт атамыз бүкіл түркі халықтарына белгілі болды. Күні кеше Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында өмір сүрген Марал ишан (1780-1841) қырық мың қосын қара әруаққа ие болып, даңқы үш жүзге жайылды. Қара әруақ пен таза әруақ туралы айтылатын әңгіме көп. Белгілі бір дәре-жеде мағлұмат алу үшін жоғарыдағы баяндаулар жеткілікті деп есептейміз.

Берікбай САҒЫНДЫҚҰЛЫ

профессор

«Түркістан» №46,  17 қараша 2001 жыл

Соңғы жаңалықтар