Атырау телерадиосының бес жаңалығы

Атырау телерадиосының бес жаңалығы

Атырау телерадиосының бес жаңалығы
ашық дереккөзі
Байланыс және ақпарат  қызметкерлері күніне орай Атырауда «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау облыстық филиалына қарасты «Atyraý radiosy»-ның жаңа  радиостудиясы ашылып, жаңа радиотаратқыш іске қосылды. Сонымен қатар, радионың латын әліпбиіндегі жаңа логотипінің таныстырылымы өтіп, жаңа форматтағы «Efirde 102.0 FM» телерадиохабары эфирге жол тартты.  width= Телерадиохабардың алғашқы саны Түркістан облысы Арыс қаласындағы жойқын жарылыстан зардап шеккендерге атыраулықтардың көмегі турасында болды. Телерадиохабар форматының ерекшелігі, Атырауда тұңғыш рет радиоэфир телеэфирге қосылып отыр. Осылайша қалың көпшілік телерадиобағдарламаны әуе толқынынан тыңдап, әрі телеэкраннан да тамашалай алады. Кәсіби мерекеге орайластырылған іс-шара аясында сондай-ақ, «Atyraý» телерадиосының жаңа салынған жапсарлас ғимараты мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен бірлескен жобаның  тұсаукесер рәсімі өтті.  width=Іс-шараға Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған жергілікті атқарушы билік өкілдері, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Сақтайұлы,  Х.Досмұхамедов ат. АтМУ журналистика кафедрасының  меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Мәншүк Тынышқалиқызы, ақын-жазушы мен зиялы қауым өкілдері, журналистика ардагерлері т.б. қатысты. Салтанатты іс-шараны құттықтау сөзімен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев:
  • «Atyraý» телерадиосы облыстағы 80 жылдан аса тарихы бар іргелі қара шаңырақ. 80 жыл бұрын сол кездегі Гурьев халқына  алғашқы жаңалық таратқан бұл медиа-мекеме  бүгінде заман сұранысына сай жаңа технологиямен жабдықталып, тың хабарларымен көрермен көзайымына айналып отыр. Елдегі саяси-экономикалық, төтенше жағдайлар кезінде дереу үн қосып,  халыққа жедел ақпарат  таратып, қоғамда оң пікір қалыптасуына ықпал етіп отыр. Бүгін келесі бір белесіне шығып, жапсаржай ашып, радионың тынысын кеңейтіп отыр. Жаңа форматтағы телерадиохабардың алғашқы санын Арыс қаласындағы   төтенше жағдайға арнаудың өзі телеарна ұжымының өнегелі  бастамасы деп білемін», - деп өңір басшысы жүрекжарды лебізін білдірді.
 width=Бұған дейін Атыраудағы жергілікті радионың таралу кеңістігінде бірқатар кедергі туындаған еді. 250 киловаттық ескі радиотаратқыштың салдарынан радиотолқынның тарау аясы 3 шақырым ғана болды. Енді кеңейтілген диапазонды 1000 киловаттық жаңа радиотаратқыш іске қосылып, атыраулықтар әуе толқынын жаңа сапада тыңдайтын болады. Радиотолқынның еркін тарауына зәулім үйлер көп кедергінің бірі еді.  Осы мәселе ескеріліп, жаңа радиотаратқыш қала сыртындағы 180 метрлік телемұнараға орнатылды. Бұл да болсын радиотолқынның еркін тарауына басты сеп болмақ. «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Қанат Әуесбай:
  • «Бұл «Atyraý» телерадиосының баспасөз  және ақпарат қызметкерлері күніне арнап жариялаған бес жаңалығы. Соның ең бастысы радиомыздың тынысының  кеңейіп,  жаңа студиясының ашылуы. Тынысының кеңейгені сол радиусы кең жаңа радиотаратқыш орнатқанымыздың арқасында «құлағымыз ашылғандай». Бұл көп жылдар бойы  айтыла айтыл, ақжем, жазыла жауыр болған күрмеулі мәселе еді.  Бұдан былай радиотолқынның таралу аймағы 60 шақырымға дейін кеңейіп отыр. Бастысы, әуе толқынында 102.FМ жиілігіне қосылып, үнемі бізбен бірге болуға шақырамыз».
 width=Жаңа форматта тұсауы кесілген телерадиохабар «Efirde 102.0 FM» аталады. Телерадиохабардың алғашқы саны Түркістан облысының Арыс қаласында болған төтенше жағдайға арналды.  «Efirde» сөзі көгілдір экранды меңзеп тұрса, «102.FM» радио сипатын аңғартып тұр. Телевизия мен радиомен бірлескен мұндай жобаны жүзеге асыруда медиа әлеміндегі заманауи тәжірибе ескеріліп отыр. Телевизияның түп отаны америка десек, ол жерде радиоэфирді телеэфирге қосып ортақ хабар жасау қай заманнан бар үрдіс. Мұның басты тиімділігі сол, радио аудиториясын  кеңейту», дейді телерадио хабардың жүргізушісі, танымал жас журналист Жандос Нұрболатұлы. Атырау телерадиосындағы тағы бір сүйіншілер жаңалық жаңа жапсарлас ғимараттың ашылуы. 1000 шаршы метр болатын 3 қабатты ғимаратта әкімшілік-басқару қызметкерлері, инженерлер, тақырыптық редакция, меншікті тілшілер мен жаңа телестудия орналасады. Ғимараттың бір залы Айтқали Құмарғалиұлы медиа аудиториясы боп ашылды. Айтқали Құмарғалиұлы «Атырау» телерадиокомпаниясына ұзақ жыл басшылық етіп, қазығын қағып, уығын көтерген, іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, қарымды қаламгер. Аудиторияның тұсаукесеріне  Айтқали Құмарғалиұлы өзі қатысып,  әсерімен бөлісті:
  • Бір жылдары қиын кездер болды. Телеарналардың жұмысы тоқтап қалды. Қызметкерлерге еңбекақы тауып берудің өзі үлкен мәселе болған кезде көп радио жабылды. Филиалдар арасында осы «ATYRAY» радиосын  сақтап қалдық.  Бүгін міне, ұзақ жылдан кейін  жаңа технологиямен жабдықталып ашылып жатыр. Қуанышым шексіз. Сонымен қатар,  мені құрметтеп аудитория ашып жатқан телеарна ұжымына алғыс айтамын. Бұл облыста теле журналистер дайындауға үлкен мүмкіндік береді деп ойламын. Өзім де шәкірт тәрбиелеуге белсене атсалысамын.    
 width=Медиа аудитория  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен бірлескен жоба аясында жүзеге асып отыр. Университеттің  журналистика кафедрасының  меңгерушісі, қауымдастырылған  профессор  Мәншүк Тынышқалиқызы:
  • «Кәсіби мерекемізбен тұспа тұс келіп жатқан маңызды шарада бас қосып тұрмыз. Телеарна ішінен ашылып жатқан медиа аудитория болашақ теле журналистер дайындауға маңызы зор.  Бүгінде  білімді ғылыммен, тәжірибемен ұштастыру талабы  қойылып отыр. Бірлескен жобамыз еліміздегі дуалды білім беру жүйесіне қосқан үлесіміз болмақ. Телеарнаның кәсіби мамандарынан білімдерін жетілдіріп, кәсіби өсуге қадам басады», - деп белгілі ғалым телеарна ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.
Іс-шара аясында «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау облыстық филиалының 5 қызметкері: «Atyraý radiosy» аға редакторы Слухия Қаттарқызы, редакторлар Гүлназ Кәрімжан, Айнагүл Қонысқалиқызы, Шолпан Абатқызы,  Индира Мерекенқызы Қазақстан журналистер одағы сыйлығының иегері атағымен марапатталды. Айтулы марапат «Atyraý radiosy»-ның 80 жылдығы мен Қазақстан журналистер одағының 60 жылдық мерейтойы құрметіне берілді.     «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалына қарасты «Atyraý radiosy»-ның тарихы 1938 жылы Гурьев облысының құрылуынан бастау алады. 1938 жылдың 2-ші наурызында алғаш рет радио хабары эфирге шықты.  Қазір ол 102.0 FM жиілігінде тәулігіне 17 сағат хабар таратып отыр.