11 Сәуір 2019, 16:10 740 0 Заң Ахмет ӨМІРЗАҚ

АЗАМАТТЫҚТЫҢ ҚҰНЫ АРЗАНДАМАСЫН ДЕСЕК...

Тұрған еліңнің толыққанды азаматы болу – мемлекет тарапынан жан-жақты қамқорлыққа бөленудің және қорғалудың кепілі. Сондықтан жеке тұлғаларға азаматтық берілу мәселесі ұлттық қауіпсіздікпен астасып жатқан ерекше құбылыс. Өкінішке қарай, соңғы жылдарда сырттан келгендерге Қазақстан азаматтығын беру үдерісінде келеңсіз жайттар жоқ емес...

Қазақстан азаматтығы, негізінен, сырттан көшіп келген қандастарымызға, легионер спортшыларға, Қазақстан азаматшасымен үйленген шетелдіктерге беріліп келеді. Және соңғы кезде... кейбір шетел азаматтарының коррупциялық жолмен ҚР азаматтығын иеленген жайы белгілі болды.

Жеке тұлға ретінде әрбір ел азаматы – мемлекеттің тірегі. Сондықтан мемлекет азаматтығын беру мәселесі аса сақтықпен жүзеге асатын іс. Десек те, бұл тарапта кетіп жатқан кемшіліктерге көз жұма қарауға болмайды.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған ширек ғасырда сырттан бір миллионнан аса қандасымыз елге көшіп келіп, ел азаматы атанды. Алайда Қазақстан Республикасының көші-қон туралы заңы бойынша азаматтық алу туралы кейінгі жылдардағы өзгерістерге сәйкес сырттан келген қандастарымыз талап етілетін кейбір құжаттар (мысалы, келген жағынан сотталмағаны жайында анықтама) себебінен атажұртының түпкілікті тұрғыны болуға дер кезінде қол жеткізе алмай, ықтиярхат (шетелдік азаматтарға Қазақстанда уақытша тұруға берілетін құжат) алуға мәжбүр болып жүрген жағдайлар бар. Осыдан екі жыл бұрын Қытайдан атажұртына оралып, Жамбыл облысына қоныс тепкен 250 этникалық қазақтың ықтиярхатының уақыты өтіп кетіп (10 жылға беріледі) қиналғаны есімізде. Әйтеуір әрең дегенде олардың мәселесі оң шешіліп, ел азаматтығына қол жеткізді. Бұл жағдай еліміздің көші-қон басқармасының жер-жердегі бөлімшелерінің жұмысындағы немқұрайдылықты көрсетсе керек.

Әлемде жер көлемі жөнінен «тоғызыншы территория» атанған Қазақстанның байырғы халқы пайыздық жағынан елде бірінші орында тұрғанымен, жалпы мемлекетіміздің халқы көп емес. Халық саны жағынан әлемде 63-орында тұр. Сондықтан қазақ мемлекетін де, қазақ халқын да демография мәселесі толғандырмай қоймайды, оның ішінде қазақ мәселесі.

Қазақ мәселесі дегенде, соңғы кезде қазақ қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуы назар аудармай қоймайды. Әрине, отбасын құру бойынша таңдау жасау – жеке бастың құқығы. Десек те, кей жағдайларда Қазақстан азаматымен, оның ішінде қазақ қыздарымен некеге тұрып, сол арқылы азаматтық алғысы келген жайттар жиі ұшырасып жатыр. Бұл орайда, қытай ұлты өкілдерінің белсенділігі жиі айтылып жүр...

Сонымен бірге қазақстандықтарға тұрмысқа шығып, еліміз азаматтарының қатарын көбейтіп жатқан шетелдік әйелдер де баршылық. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын 5811 шетелдік әйел қазақстандық жігіттермен отбасын құрып, ҚР азаматтығын алған.

Азаматтық мәселесінде көп сөз болатын жайдың бірі – шетелден келген спортшыларға қатысты. Еліміздің атынан олимпиадаға, әлем чемпионаттарына қатысуға ниет білдірген спортшылар міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы шарт. Сондықтан бұл салада соңғы жылдары ел азаматы атанғандар көбейіп келеді. Мәселен Ресейде туған Светлана Подобедова, Қытайда дүниеге келген Зулфия Чиншанло, Майя Манеза, Арли Чонтей, Фархад Харки секілді ауыр атлеттер, күрестің біраз түрлерінен Моңғолиядан, Ресейден келген балуандар ҚР азаматтығын алған. Кейінгі кезде еліміздің жеңіл атлетикасын дамыту мақсатында шетелден алдырылған бірнеше спортшыларға азаматтық беріліпті. Мәселен, өткен жылы кениялықтар – Каролин Кипкируи, Дэйзи Джэпкимэй, Шэдрака Коэча сынды спортшылар және олардың бапкері әрі менеджері Кеннет Ротич өткен жылы Қазақстан төлқұжатына қол жеткізді. Бұлар әрине, көп емес. Бірақ спортшы-легионерлердің арасында керек кезінде еліміз азаматтығына оңай қол жеткізіп, кейін қайтадан өз еліне кетіп қалғандар табылады екен. Осыған байланысты елімізде азаматтық беру жайында айта кетсек:

«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңының» соңғы өзгертулер мен толықтырулар жасалған мәтінінде (Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен) заңының екінші тарауы, 15-бабында («Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдау»): Шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар олардың өтініштері бойынша осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдануы мүмкін.

Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтініштер бойынша шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды» – делінсе, заңның екінші тарауының 16-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау шарттары» көрсетіліп, «Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдардың, Қазақстан Республикасы азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi – баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының бiреуi (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан, қабылданатын болады» – деп көрсетілген. Бірақ қандайда бір жағдайға байланысты қысқа уақыт ішінде шетелдіктердің азамат атануы туралы нақты көрсетпе жоқ. Сонда жоғарыда аталған шетелдік спортшыларға тез арада азаматтық қалай берілген? Әлде оларға арнайы жарлық шығарыла ма? Жұрттың көбі осыны түсінбей таң қалады...

Соңғы кезде шетелдіктердің Қазақстан азаматтығын алуында келеңсіз жағдайлар кездесіп қалып жүр. Шетелде дүниеге келген этникалық қазақтарға жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын беру туралы заңды пайдаланып – елімізге төлқұжатында ұлтын «қазақ» деп көрсетіп, «қазақтардың қатарын көбейтіп жатқандар» туралы да сыбыс жоқ емес. Қайсыбір жылы, сол тұста Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары болып істеп жатқан Талғат Мамашевтің ақпарат құралдарына берген сұхбаттарының бірінде «Қауымдастыққа әлдебір шаруасымен келген кейбір адамдардың паспортында «қазақ» деп жазылғаны, бірақ тілінен, түрінен өзге ұлт өкілі екені байқалатынын» айтып қалғаны бар еді. Ал ел арасында осындай жолмен Қытайдан ұйғыр ұлтының, Өзбекстаннан өзбек ұлтының өкілдері елімізге көшіп келіп, азаматтық алғаны жайында әңгімелер жоқ емес.

«Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды». 2014 жылы Алматы әуежайынан Гонконгқа ұшқалы тұрған екі Қытай азаматының жүктерінің арасынан 300-ден аса Қазақстан паспортының 291 дана бланкі табылып, тәркіленген-ді. Оның 250-інің мұқабасы көк түсті, 40 төлқұжаттың мұқабасы қою қызыл түсті екен. Тіпті, біреуіне фотосурет жапсырылып, бір тұлғаның мәліметтері жазылған. Құжаттарды дайындауға қолданылатын голографиялық ленталардың орамы да сол жүктің ішінен шыққан. Тәркіленген төлқұжаттардың сапалы дайындалғаны сондай, арнайы мамандар тексерген әлгі құжаттардың түпнұсқадан айырмасы болмаған.

Жалған құжатты былай қойғанда, коррупциялық жолмен ел азаматтығын иеленіп кеткендерді естігеніңде жағаңды ұстайсың. Жақында Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысында ұзақ уақыт бойы қытайлық азаматтардың заңсыз көші-қонын ұйымдастырумен айналысқан адамдар тобын әшкереледі. Тараз қаласы көші-қон полициясы бөлімінің бұрынғы басшысы А.Зейдалиев, орынбасары Б.Наурызбаев және «делдал» Қытайда туған У.Силамбек ҚХР-дың 170-тен аса азаматына Қазақстанда кедергісіз тұруға құқық беретін құжаттар берумен айналысқан. Қылмысы әшкереленген А.Зейдалиев 4 жыл 6 айға, Б.Наурызбаев 3 жыл 6 айға, У.Силамбек 4 жылға сотталды. Енді Қытай азаматтарына бәрілген ресми құжаттардың күшін жою туралы мәселе шешілуі тиіс.

Екі жағдай да еліміздің қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қырағы көзіне ілініп, талан-тараж бола жаздаған Қазақстан азаматтығы осылай қорғалып қалды. Бірақ алдағы кезде де осындай оқиғалардың кездеспеуіне кім кепілдік бере алады?..

Ахмет Өмірзақ

Соңғы жаңалықтар