21 Наурыз 2019, 11:54 994 0 Ішкі саясат Әсел ӘНУАРБЕК

Нан бағасы қалай құбылмақ?

Еліміздің бірқатар аймақтарында нан бағасы қымбаттауда. Бұл жағдай жыл басынан бері жалғасып келеді. Өткен айда кей аймақтарда бөлке нан құны 5 теңгеге көтерілсе, бұл жолы Павлодар, Орал, Шымкент, Қостанайда бірден 10 теңгеге қымбаттап отыр.

 Жасыратыны жоқ, нан бағасына қатысты өзгерістер жыл сайын қайталанады. Ал биылғы жағдайды наубайханашылар тікелей ұнның қымбаттауымен байланыстыруда. Шымкент тұрғындарының айтуынша, бұған дейін қыркүйек айында да нан бағасы 10 теңгеге артқан. Ол кезде наубайханалар жанармай, электр және су бағасының қымбаттағанын алға тартып, жұртты тыныштандырған. Енді ұн тапшылығы ахуалды қиындатып отыр. Ұнның тапшылығы бағаның көтерілуіне себеп болғандықтан, қарапайым жұрт нанды қымбатқа сатып алуға мәжбүр. Кәсіпкерлер бұрын 1 қап ұнды 4200 теңгеге сатып алатын. Бір қап ұнның қазіргі бағасы – 5200 теңге. Айта кетейік, миллион тұрғыны бар Шымкент шаһары үшін күн сайын 40 наубайхана 50 тонна нан пісіреді екен. Халықты нанмен қамтып отырған 40 наубайхана қызметкерлерінің жалақысы да жоғары болуы керектігін алға тартатын кәсіпкерлер бағаның әлі де өсуі мүмкін екендігін ескертуде. Тіпті, әлеуметтік желілерде «26 наурыздан бастап Астанада нан бағасы 30 теңгеге қымбаттауы ықтимал» деген хабарламалар таралуда. Өңірлердегі шенділер Ауыл шаруашылығы министрлігінің уәде еткен субсидияны бөлмегенін, сондықтан бағаны қымбаттатуға рұқсат бергендерін алға тартуда. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі ұнға субсидия бөлу жобасын әлі де әзірлеп жатқан көрінеді. Айта кетейік, министрлік өндіруші кәсіпорындарға бағаны көтермеу үшін бөліп келген субсидияны тоқтатқан. Оған жыл сайын 11 мен 15 млрд теңге аралығында қаржы қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бар мәселе бидай құнының өсуінен басталғанын айтады. Сондай-ақ, министр астық тапшылығын да жоққа шығарды. Министрдің дерегіне сенсек, қазір 10,5 млн тонна астық бар. Оның 4 млн тоннасы элеваторларда. Шаруашылықтарда 6,3 млн тоннасы сақтаулы. 462 мың тоннасы ұн шығаратын кәсіпорындарда. Астықтың мұндай көлемі ішкі нарықты қамтуға артығымен жетеді.

Елдегі астық бағасын әлемдік нарық белгілейтіні белгілі. Биылдың өзінде астық бағасы өткен жылмен салыстырғанда 10 мың теңгеге қымбаттаған. Еліміздің бас агрономының түсіндіруінше, астық құнының қымбаттауы өндірушілер үшін ұтымды болмақ. Яғни, біздің астық өндірушілеріміз жоғары бағамен сатып, қарыздарынан құтылып, көктемгі жұмыстарды өткізуге қаражаттарын алып отыр. Десек те, тоннасы 75 мың теңгеге дейін көтерілген астық құны қайта арзандап, 65-67 мың теңгеден сатылып жатыр екен. Сол үшін нан бағасы құбылғанымен, әрі қарай қымбаттамайды. Бірақ министрдің бұл сөзіне сеніммен қарайтындар аз. Өйткені кәсіпкерлер шығынға батпас үшін нанды қымбаттатқаннан өзге амалдары жоқ екенін жан-жақтан жариялауда. Ал Ауыл шаруашылығы министрі нан бағасын негізсіз қымбаттатқан наубайхана иелеріне айыппұл салынатынын жеткізді.

Дегенмен, бейресми дереккөздері кей өңірлерде әлеуметтік нан бағасының да өскенін жариялауда. Бірқатар аймақтарда әлеуметтік бөлке нан құны 5 теңгеге көтеріліпті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, еліміздегі әлеуметтік нан бағасы биыл 2016 жылмен салыстырғанда 6 теңгеге өскен. Енді министрлік өкілдері әлеуметтік нан бағасын жіті бақылауда ұстап отырмақ. «Оған тиісті мониторинг жүргізіліп, жағдай бақылауда болады», – дейді министр Сапархан Омаров.

Сонымен қатар, қазір аймақтардағы әкімдіктер тұрғындарға арналған әлеуметтік маңызы бар тауарларға деген бағаның күрт көтерілуіне жол бермеу бойынша шараларды қолға алуда. Бүгінде тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға арналған 3,1 млрд теңге көлемінде қаржы бар, бұл қаражатты әкімдіктер нан бағасын тұрақтандыруға да жұмсай алады. Сондықтан, нан бағасын тұрақтандыруға министрлік те, әкімдіктер де әрекет етуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар