Ұлт рухына дем берген

Ұлт рухына дем берген

Ұлт рухына дем берген
ашық дереккөзі

Белгілі қаламгер, киносценарист, аудармашы Жұмабай Тәшенов  биыл  90 жасқа толар еді. 

Шығармашыл жұрттың арасында «еңбек торысы» дейтін теңеу бар. Ол теңеу, әдетте, шығармашылықпен шұғылданудан ләззат алып, өнімді жазса да онысын жұртқа міндет етпейтін, сапалы жазса да атақ сұрап, әркімге сөзін сатпайтын төзімділерге арналатын-ды. «Еңбек торысы» атанғандар осынау өмірден күй, өкіметтен сый дәметпей-ақ толағай табыстарға жетіп, дарын қуатын елінің мерейін асыруға, мейманасын тасытуға арнап өтеді. Солардың бірі Жұмабай Тәшенов – есімі қазақ драматургиясымен, киноөнерімен тығыз байланысты ардақты қаламгер еді.

Кейде біз дарындарды бағалағанда оның өткен өміріне көз сала бермейміз, тек олар шыққан биіктерді көреміз де, сол биікке алып келген жолдарды еске алмаймыз. Ал Жұмабай Тәшеновты даңқ тұғырына қондырған атақты «Ана туралы аңыз» атты фильмге дейінгі оның әр саладағы еңбектеріне назар салар болсақ, қаламгердің шығармашылыққа деген зор ынтасы мен тынымсыз ізденімпаз екендігін ғана байқар едік.

Ол дүниеге келген 1925 жылы ежелгі Бесқала өңірі, қазіргі Қарақалпақстан Қазақстанның құрамдас бір бөлігі болатын. Халқының басым көпшілігін қандастарымыз құрайтын бұл өлкенің қазақ қолынан мәңгілікке сусып кетуіне әлі бес жыл бар болатын. Бірақ ес жиып, етек жапқанда өзі туған тұтас елдің атажұрттан бөлініп кеткенін санасымен сезген баланың алғаш рет сәби жүрегіне белгісіз мұң қонған-ды. Сол мұң оны қиял әлеміне жетелеп, сөз сиқырына еліктірді. 12 жасында әкеден (Шәмшет) айрылған Жұмабай анасына (Күнжан) қолқанат боп, еңбекке ерте араласты. Мойнына өмірдің тауқыметі жастай түскен бала ширап, ширығып көкірегіне қонған сөз өнерін бағалай білді. 19 жасында (1944) «Жеңімпаздар» атты жыр жинағымен әдебиеттің есігін батыл ашып кірген Жұмабай соңынан прозаға ден қойып, өзі қатысқан ІІ дүниежүзілік соғыста көріп, көңілге түйгендерін көркем әңгімелерге айналдырып, «Соғыста шыныққандар» (1946) атты кітапты дүниеге әкелді. Одан соңғы кезеңде кітап болып жарық көрген шығармалары – 1953 жылы жарияланған «Жауынгер достар» повесі, 1955 жылы шыққан «Алыстағы ауылда» әңгімелер жинағы, 1957 жылы басылған «Өтеген» повесі – оның атын нағыз жазушы ретінде танытты.

Қазақ, қарақалпақ, өзбек, орыс тілдерін жетік білетін Ж.Тәшенов аударма саласында да тер төгіп, 1950 жылы В.Катаевтың «Полк ұлы», 1955 жылы И.Павленконың «Дала күні», 1956 жылы А.Фадеевтің «Жас гвардия», 1960 жылы Н.Некрасовтың «Русьте кім жақсы тұрады» кітаптарын  қарақалпақ тіліне сапалы тәржімалап, оқырмандарды орыстың танымал кітаптарымен таныстырды.

Төккен тер текке кетпеді. Біліктілігімен небір шеберлердің алдын орап, бір елдің ең мықты аудармашысына айналған қазақ баласы атажұрттағы қандастарының көзіне түспей қалған жоқ, қазақ әдебиетінің Қарақалпақстандағы онкүндігіне келген атақты жазушымыз Ғабит Мүсірепов сол тұста Қарақалпақстандағы бас әдеби журнал – «Әмударияның» бас редакторы болып жүрген Жұмабай Тәшеновтің алғырлығын байқап, 1960 жылы оны Қазақстанға шақыртып алады. Елге келген соң Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі болып қызмет жасаған Ж.Тәшенов әскери тақырыпта бірнеше шығарма жазып, 1973 жылы «Алғашқы айқас»,  1978 жылы «Өтелген парыз», 1979 жылы орыс тілінде «Схватка», 1985 жылы бес повестен тұратын «Жауынгер жолы» атты кітаптарын жарыққа шығарды.

Дегенмен, Жұмабай Тәшенов шығармашылығының ең дамыған саласы драматургия, оның ішінде комедия жанры болды. «Қаладан келген қылжақбас», «Үш кемпір, бір шал», «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды», «Құрдастар», «Ауылдан келген жиендер» атты пьесалары – қазақ драма театрларында табыспен қойылып, көрермендердің көзайымына айналды. Сондықтан қазақ театрларында үнемі кемшін соғып жататын комедия жанрының белгілі бір табысты кезеңі Жұмабай Тәшенов шығармашылығымен байланысты десек асыра айтпаған болар едік.

Неге екені белгісіз, оқырман қауым Тәшеновтің драмалық шығармаларының мәтінімен әлі күнге дейін қазақ тілінде танысуға мүмкіндік ала алмай келеді. Есесіне 1983 жылы оның Игорь Саввинмен бірге орыс тілінде «Память» пьесалар жинағы шығып, оған «Память», «Удачи вам, девчата», «Сельские племянники», «Лоботряс из города», «Доброе имя твое», «Студенты», «И третьего не дано» шығармалары енген екен. Қазіргі күнде Жұмабай Тәшенов комедияларының театр сахналарынан көрінбей кетуінің бір себебі де сол – оның шығармаларымен жас режиссерлардың ана тілінде танысуына мүмкіндік болмауынан ба деп ойлаймыз. Әйтпесе, кезінде театрларды дүрілдеткен Тәшенов комедияларының бүгінде ешбір өнер ордасының репертуарынан көрінбей кетуіне не себеп?

Нағыз талант алмас сынды сан қырлы болып келеді. Жұмабай Тәшеновтің поэзия мен аударма, проза мен драматургиядан бөлек бір ғана кино саласына еткен еңбегінің өзі оның атын ұлттық мәдениет тарихына алтын әріппен жазатындай дәрежеде.

А.Я.Карповтың «Ана туралы аңыз» («Сказ о матери») атты фильмінде (1963) Ана рөлін сомдап даңқы шыққан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақова бәрімізге таныс. Ал осы фильмнің кезінде Лениндік сыйлыққа ұсынылып, соңғы турда өз елімізден түскен арыздың кесірінен жүлдеден шеттетілгенін біреу білсе, біреу білмейді. Дәл осы фильмнің сценариі Жұмабай Тәшеновтің қолынан шыққан (ең өкініштісі сценарийді Ж.Тәшеновтің бір өзі жазса да оған А.Сацкий қосалқы автор ретінде қосылып аталады). Осылайша сценарист Ж.Тәшенов, режиссер А. Карпов, Ана рөлін сомдаған Ә.Өмірзақова сияқты үш дарынның бірлігімен ерекше туындыға айналған «Ана туралы аңыз» фильмі еліміздің атын әлемге әйгілер тұста мәреден сүрінді...

Бірақ айдың жарығын етекпен көлегейлеу мүмкін еместігі сияқты бұл фильмнің жолын кескісі келгендер үнемі жеңіске жете қойған жоқ. Соңынан дүниежүзінің 37 елінде көрсетілген «Ана туралы аңыз» Карловы Варыдағы халықаралық байқауда жүлде алып, Әмина Өмірзақова фильмде ана рөлін өте шебер сомдағаны үшін Бүкілодақтық кинофестивальдің дипломына ие болды. Лениндік сыйлықтан күдер үзген фильм келер жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды, алайда, сыйлық тек Әмина Өмірзақоваға ғана беріліп, Жұмабай Тәшенов тағы да марапаттан шетке қағылды. Дегенмен авторына сый-сияпат жасалмаған «Ана туралы аңыз» фильмі 1967 жылы Мәскеудегі «Искусство» баспасынан шыққан Д.Писаревскийдің «100 фильмов Советского кино» кітабына Қазақстаннан кірген жалғыз туынды ретінде өз бағасының қаншалық құнды екенін байқатса, 1984 жылы «Өнер» баспасы шығарған «Сценарий казахского кино» кітабына кірген 9 үздік киносценарийдің бірі болып, өзінің биік дәрежесін тағы бір танытты. Мұның бәрі тегін емес, әрине. Ашығын айтсақ, ол тұста сценариін қазақ жазған фильм жүлде алды дегенді былай қойғанда киносценарий жазатын қазақ қаламгері пайда болуының өзі үлкен жетістік еді!

«Ана туралы аңызға» төккен тері халқына пайдасы тигеніне қанаттанған Ж.Тәшенов өз басына тиісті кірбіңдерге бола жігерін жасытып, рухын түсірген жоқ. Тағы да киносценарий жазуға отырды. Бірақ «Қашқын» телефильмінің сценарийін жазып шыққан Ж.Тәшеновтің еңбегін қазақстандық режиссерлер қажет етпей, оны автор «Тәжікфильмге» ұсынып, кезегінде тәжік режиссерлері жақсы телефильм жасап шығарды. Жақсы нәрсе жерде қала ма? Аталмыш туынды беделді бір кинобайқауда 2-орынды иеленді. Алайда киноны өзгелердің түсіруіне, сценарийді автордың өзге елге беруіне наразылар да болды.

Тегінде Жұмабай Тәшеновтің талантын киноөндіріске толық пайдалана алмаған сияқтымыз...

Дегенмен Ж.Тәшеновтің бұл бағытта еңбектенуді тоқтатпағанын білеміз. Оның бір дәлелі – көрнекті жазушымыз Ғабит Мүсіреповпен бірге «Әлия» атты фильмнің сценариін жазуы. Бұл сценарийдің жазылуына не себеп болғанын білмейміз, мүмкін атақты жазушы Әлия Молдағұлова туралы қырғыз режиссері түсірген фильмге көңілі толмаған шығар, сондықтан өз идеясын айтып, Тәшеновке сценарий жазуды тапсырған шығар. Қалайда автордың осы сценарийі әлі еш жерде жарияланбаған. Орыс тілінде машинкаға басылған түпнұсқасы Ж.Тәшенов мұрағатында сақтаулы.

Өз шығармашылығын өлеңмен бастаған Жұмабай Тәшенов өмірінің соңғы күндеріне дейін қазақ ақындары шығармаларының орыс тіліне аударылып, одақ көлемінде танылуына зор еңбек сіңірді. Қадыр Мырза-Әлі, Иран-Ғайып, Марфуға Айтхожина сияқты ақындар жырларының сапалы жолма-жол аудармаларын жасаған оның бұл тараптағы еңбегі де атап айтуға тұрарлық дүние.

1994 жылы Абай шығармаларының сапалы жолма-жол аудармасын кімге жасату керек деген сұрақ туғанда Герольд Бельгер ойланбастан: «Мұны Жұмабай Тәшеновке тапсыру керек», – деген екен. Төсекке таңылып, ауыр халде жатқанына қарамастан бұл соңғы парызын да адал атқарған Жұмабай Тәшеновтің бұл еңбегі еш жерде айтылмастан қалды...

Иә, Жұмабай Тәшенов – қиын кезде өмір сүрсе де бойдағы бар талантын ұлт өнерін дамыту жолында сарқа жұмсап, өзінің озық ойлы шығармаларымен ұлт рухына дем берген тұлғалардың бірі еді. Биыл оның дүниеге келгеніне – 90 жыл. Мерейтой тұсында Қазақстан Жазушылар одағынан не Театр қайраткерлері одағы тарапынан Жұмабай Тәшеновті еске алуға байланысты қандайда бір қозғалыс байқалмайды. Өзі 40 жылдай тұрып еңбек еткен Алматыда Ж.Тәшенов атында не бір көше жоқ, не бір мектепке аты берілмеген. Ал бұндай құрметке ол әбден лайық тұлға емес пе?

Ахмет ӨМІРЗАҚ