22 Қараша 2018, 12:32 1550 0 Бизнес Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

Еңбек өнімділігі: Қазақстан кестеде жоқ

Кез келген мемлекеттің әлеуметтік жағдайы оның экономикасымен сипатталады. Экономикасы дұрыс құрылған елде, ең бастысы, адамның өмір сүру деңгейі жоғары болмақ. Қазақстан экономикасының түйткілді тұсы – еңбек өнімділігінің төмендігі. Еңбек өнімділігі дегеніміз не? Өнеркәсіп орындарының 100 пайыз автоматтандырылуы, ірі зауыттардың көптеп ашылуы, кәсіби білікті қазақ мамандарының даярлануы (университет ішінде), ашық бәсекелестіктің қалыптасуы.

Елімізде белгілі бір өнім түрін шығаратын салалық ірі зауыттар бірді-екілі ғана, ал қалғаны жекеменшіктегі ұсақ зауыттар. Олар монополист зауыттармен бәсекелестікке түсе алмайды, жарнама беруге шамасы жетпейді, Қазақстанның барлық облыстарына шығуға мүмкіндігі болмайды. Сондықтан тұтынушы таауарларының сапасына күмәнмен қарап, бұрын-соңды атын естімеген өнімді сатып алмайды. Бір ғана Кореяның өзінде 95 мың зауыт бар. Ал бізде ше? Саусақпен санарлық, зауыт десе барлығы бір ауыздан «Сайман» электр энергия аспаптарын өндіруші корпорациясы, «Сұлтан» макарон, «Цин-каз» томат, «Баян-сұлу», «Рахат» кондитерлік фабрикасы (оның өзі шоколадты сырттан әкеледі), «Ақсай» нан-тоқаш, «Фуд-мастер» сүтті өнімдер зауыттары бар деп, 5-6 зауыттың атын айтып мақтанып қаламыз. Халқы 18 миллион, жер көлемі 2,7 млн шақырым Қазақстан үшін бұл соншалық мақтаныш бола ала ма? Аталған зауыттардың кейбірі толық автоматтандырылмағаны тағы бар. Мысалы, «Ақсай» нан-тоқаш зауытында әр нан мен бәлішке жұмсалатын ұн мөлшерін жұмысшылар өздері қол және көз мөлшерімен есептейді, қауесетке сенсек. Ойланып қараңызшы, кәсіпорын күніне 150 тоннадан астам өнім шығарады. Сонда әр жұмысшы кезекшілігінде көз ілмей, таңға дейін қанша келі ұнды бөлумен және илеумен айналысады? Айналып келгенде, осы фактор еңбек өнімділігінің төмендеуіне әкеліп соғады. Сондай-ақ, жұмысшы робот болмағандықтан, шатасып кеткен жағдайда, я белгіленген көрсеткішке қол жеткізбеген жағдайда кәсіпорынға шығын келеді. Ал жұмысшының жалақысы кесіледі. Мысалы, жай ғана электр ет тартқышы бір сағатта 10 килограмм ет тартса, қол ет тартқышының мүмкіндігі бір сағатта 4-5 килограмм ғана ет тартуға жетеді. Жұмысшыға ақша төлеу керек, бизнесте бұл шығын болып есептеледі. Электр ет турағышы 24 сағатта 2 мың килограмға жуық ет айналдырса, қол ет турағышынан ондай қорытынды күте алмайсыз. Себебі адамның шаршауы, тамақтану – табиғи факторлар. Оған демалыс, демалысқа уақыт қажет болады. Еңбек өнімділігінің төмендігі дегеніміз осыдан туады. Шаршамаса да, асықпай шылым шегетін жұмысшыларды былай қойғанда, оған әйел қауымының әңгімелесіп, жұмыс уақытында 3-4 мәрте шәй ішетіндігі қосылады. Ұлтқа тән жалқаулық деген осыдан туатын шығар...

Германияда машина құрастыратын зауыттар толық автоматтандырылған. Бір адамның бұрауыш ұстап жүгіріп жүргенін көрмейсіз. Техника техниканы өзі жинайды. Сапасы туралы айтпасақ та белгілі. Осы себептен де, біз Германиямен бәсекеге түсе алмаймыз. Бізде әлі де қолына балға, бұрауыш, ашқыш, атауыз ұстап жүрген жөндеушілер көп. Бұл – бір. Екіншіден, Германия түгілі, Қазақстанның өз ішінде бір өнім түрін екі-үш зауыттан шығарып, бәсекелестікке түсетін ірі зауыттар жоқ. Әр өнім төрінде бір-бір ірі монополист зауыт отырып алған. Өзімен таласқа түсетін кәсіпорын болмағасын бағаға да, сапаға да өзі қожа, өзі би.

Яғни, еңбек өнімділігі дегеніміз жүз пайыз автоматтандырылған зауыттан экспортқа көзделген шикізат емес, керісінше жүз пайыз дайын өнім шығару. Сонда ғана Қазақстан дамыған мемлекеттермен бәсекелестікке төтеп бере алады. «Қазақстанда қазбалы байлықтың барлығы бар, осылай бола тұра неге халықтың жағдайы төмен» деген сұрақ екінің бірінің ойында жүретіні жасырын емес. Себебі біз оңайына жүгіреміз. Кішкене басқаша ойланып, еңбектенуге ерінеміз. Қазақстанда ірі мұнай-газ кеніштері аз емес. Олар не істейді? Қазып алған байлығын шикізат түрінде экспорттайды, 3-4 мұнай өңдеу зауыты Қазақстанға жетер-жетпес бензин өндіреді. Болды, осымен тәмам. Шикізат күйінде жөнелтілген мұнай, бір-екі айдан кейін дайын өнім күйінде Қазақстанға екі-үш есе қымбат бағамен импортталады. Кесірін тартатын халық. Айлығы анда тартса анда, мында тартса мында жетпей, бір ашуланып алады да, ертесі сол тірлігін қайта жалғастыра береді. Өзгерген іс, оны естіген мемлекет те жоқ.

Шикізатты бірден экспорттай бермей, өз елімізде дайын өнім өндіріп, ішкі нарыққа, кейіннен сыртқы нарыққа шығару үшін не істеу керек? Толық автоматтандырылған зауыттар, құжат толтыруды сағыздай созбай келісім я субсидия беретін мемлекет, білікті кәсіби маман, техника тілін меңгерген жұмысшы болуы тиіс. Қазақстанда бір кәсіпорын ашу үшін, құжаттамасы мен келіссөзіне 8-10 жылдай уақыт кетеді екен. Ал көршілес қытайлықтарға жобаның келісім-шартын жасауға бір жыл, оның құрылысы үшін екі жыл ғана қажет. Үшінші жылы олар өндіріс пен дайын өнімді шығаруды бастайды. Яғни, бес жылдың ішінде олар белгілі бір көрсеткішке қол жеткізеді. Осындай келеңсіздіктер мен асықпаушылық Қазақстандағы еңбек өнімділігінің көрсеткішіне теріс әсерін тигізуде. «Қазақстанның экономикалық саясаты өзгерген кезде ғана еңбек өнімділігі маңызды күшке ие болады. Демек, экономика экспортқа бағдарланған кезде. Егер біз еңбек өнімділігін арттырғымыз келсе, мұнай мен газды ғана емес, дайын өнімдерді де экспорттауымыз керек. Қалыптасып қалған жүйелерді, психологияны өзгерту қажет, дайын өнім өндіріп, оны экспортқа жіберу, экспорттаушыларға қолдау көрсету, оларды бағалау. Міне, бізге қазір осындай шаралар ауадай қажет», – дейді «Almagest» компаниясының өкілі Айдархан Құсайынов.

Қазақстанға ойыншықтар қайдан әкелінеді? 30-40 пайызы Ресейден, қалған 60 пайызы Қытайдан. Мұнайы бола тұра, Қазақстан пластмассадан жасалатын қуыршақ өндірмейді. Ресей қуыршақтары неге қымбат, ал Қытайдыкі неге арзан? Себебі Ресей таза шикізаттан өндіреді, ал Қытай елде қалған-құтқан пластик-пластмассаларды жинап, екінші мәрте өндіріске жіберу арқылы арзан қуыршақтар жасап шығарады да жан-жаққа экспорттайды. Осыдан 2-3 жыл бұрын Шымкенттің тұрғыны өз сарайында қуыршақ өндіруді бастағанын жаңалықтардан көрдік. Техниканы Қытайдан, қуыршақтары сапалы болуы үшін шикізатты Ресейден алдырған. Бастамасы мен ынтасының зор болғандығына қарамастан, Қазақстан нарығының бір ғана пайызын қамти алған кішкентай ғана кәсіпорын шетел алыптарымен бәсекелестікке төзе алмай, мемлекеттен көмек ала алмай, соңында жабылып тынды. Міне, осы мәңгі қайталанбауы үшін мемлекет тарпынан да қолдау қажет. Бізде ол енді-енді бастау алып келеді.

Әр баланың өз несібесі болатыны сияқты, әр мемлекеттің де өз несібесі болады. Африкада банан, Үндістанда шәй, Эфиопияда кофе өз-өзінен өссе, Қазақстанда алма өседі. Дәнді-дақылдардың да түр-түрі бар, сондай-ақ, бидай да жайқалып өседі. Еліміздің солтүстік өңірі майлы дақылдар өсіруге қолайлы. Десек те, халықтың сұранысына ие болып жүрген пісте де Ресейден, не Қытайдан әкелінеді. Қазақстанның климаты төрт түлікті де бағып-қағуға қолайлы. Ата-бабаларымыз қора-қора сиыр бағып, оның пірі – «Зеңгі баба» деуі де тегін емес еді. Ендеше неліктен сиыр шаруашылығын дамытуда Австралиямен бәсекелестікке түспеске? Австралияда сиырлар адам санынан 40 пайызға артық. Сүт, айран, қаймақ, сүзбе, йогурт, ірімшік экспортынан олар алдына жан салмайтыны анық. Бізде сиыр бағу қолайлы бола тұра, сүт өнімдерін өндіретін ірі зауыт біреу ғана. Ол – «Фуд-мастер». Сүт өнімдерінің, әсіресе, сүзбе, қаймақ, ірімшік, йогурттың қымбат болуы осы себептен: «Фуд-мастермен» бәсекелес бола алатын қазақстандық кәсіпорын аз. Дүкен сөрелері, супермаркет желілерінде Қырғызстан мен Ресей сүт өнімдерінің қаптап тұратыны да сондықтан. Зауыт біреу болғасын, сыртқы нарықты былай қойып, ішкі нарықты да толығымен қамтамасыз ету мүмкін емес әзірге.

Жер-жерден алыс-беріс, әкелу-жөнелту байланыстары нығайып, ұсақ қан тамырларындай тізбеленген қазіргі заманда мыңдаған өнеркәсіп орындарының жұмыс қорытындысын тексеріп шығу оңай емес. Қазақстанның өзінде қаншама кәсіпорын бар, оның қаншауы күйреді және нешесі қаңырап бос тұр? Бұл сұрақтарға біржақты әрі жылдам жауап беру қиын. Өйткені басы бар, аяғы жоқ себептер көп бұл тұста.

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше (2017 жылдың жазы), Қазақстанның сегіз өңірінде 15 ірі зауыт жұмыс істемей, тоқтап тұрғаны есептелген. Қостанай облысы бос жұмыс орындарының саны бойынша чемпион атанды. Мұнда ірі 4 зауыт – бройлер еті, күнбағыс майы, Nomad моделінің Ssang Yong көліктерін, сондай-ақ, пластикалық құбырлар мен фитинг шығаратын зауыт тоқтап тұр.

Ақмола облысындағы ұжымдық концентраттарды өндіру және өнімдерді қайта өңдеу, ағашты антисептикпен сіңдіру сынды 2 кәсіпорын жұмыс істемейді.

Ақтөбе облысында тағы екі қазақстандық зауыт бұзылған: қоқыс шығару, химиялық өнімдер мен мотор отыны өндірісі.

Шығыс Қазақстанда шикі күкірт қышқылын шығаратын және Тасқары алтын өндіру зауыты қаңтарылып тұр.

Батыс Қазақстан облысында пайдаланылған мотор майын және резеңке өнімдерін өңдейтін кәсіпорын жұмыс істемейді.

«Кәсіпорындардың тоқтап қалу себептері әртүрлі, соның ішінде айналымдағы капиталдың жетіспеушілігі, өнімді жаңғырту, сату нарығының жетіспеушілігі, өндіріс желісін қайта құру, өндірістің маусымдық сипаты және тағы басқалары», – делінген министрлік хабарламасында.

Жұмысын тоқтатқан зауыт басшыларының көбі әрекетсіз, бос жатқан. Санаулысы инвесторлар мен жаңартылған жабдықтар тауып, енді біреулері жөндеу жұмыстарын жүргізіп үлгерген. «Қаңтарылып қалған» зауыттардың жұмысын жандандыруға министрлік 2017 жылдың желтоқсанына дейін уақыт берген. Десе де, 2018 жылдың қараша айына дейінгі мәліметтерге сенсек, тек бір ғана зауыт өз жұмысын қалпына келтірген. Ол – 70 жыл тоқтап тұрған Шығыс Қазақстан облысындағы алтын кен орны. Қалған 14 зауыт туралы әзірге ақпарат жоқ.

Британдық Expert Market ұйымы жүргізген есеп бойынша еңбек өнімділігі жоғары елдер көшін Люксембург, Норвегия, Австралия бастап тұр. Бұл елдер жылына 1400-1600 сағат жұмыс істегенімен, бір сағаттағы еңбек өнімділігі 30-46 еуроны құрап отыр. Германия 6-шы (26 еуро), АҚШ 8-ші (24 еуро), Ресей 32-орынға (9,71 еуро) тұрақтапты. Қазақстан кестеде атымен жоқ.

Бірінші орынға жайғасқан Люксембургте тұтынылатын барлық энергия көздері, оның ішінде мұнай, табиғи газ, көмір сырттан импортталады екен. Бірақ ол бірінші орында тұр. Негізгі байлығы – қара металл, руда өндірісі кең етек алған. Ал Қазақстан руда өндіруде дүниежүзі бойынша 12-орында тұр. Қара металл өндіру де таңсық емес, әлемдегі барлық қара металдың 8 пайызы Теміртауда орналасқан.

Норвегия мұнай өндірісінен 14-орында, еңбек өнімділігі ең жоғары елдер қатарының үштігіне кірген Австралия мұнай өндіру бойынша 32-орында. Ал Қазақстан 16-орында. Өзінен 16 саты төмен орналасқан Австралияны алға жіберіп, қазба байлықтың ең маңызды бөлігі – мұнайды өндіретін Қазақстандағы еңбек өнімділігі көрсеткішінің төмен болуы неліктен? Төмен көрсеткішпен күрестің басы – қазақтың жалқаулығымен, жемқорлығымен күресінен басталуы қажет. Бұның барлығы адалдықтың жоқтығынан, заңның әлсіздігінен. ЖОО-лардың студент сапасына емес, санына қызығуынан. Заманауи нарыққа ақша ғана емес, сапа да керек. Тауар, өнім сапалы болуы үшін ұлттың адалдық, еңбексүйгіштік, кәсібилік сапасы мықты болуы шарт.

Соңғы жаңалықтар