Жастар түзеліп келе ме?

Жастар түзеліп келе ме?

Жастар түзеліп келе ме?
ашық дереккөзі

Биылғы жылдың бірінші ширегіндегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстық істердің саны былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай кеміген. 2015 жылдың алғашқы алты айының қорытындылары бойынша жасөспірімдер жасаған қылмыстардың саны 1805-тен 1310-ға дейін қысқарып, 27 пайыз құраған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясы барысында Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті бөлімінің бастығы Әсет Оспанов хабарлады.

Ішкі істер және Білім мен ғылым министрліктерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде өткен жыл ішінде 3868 құқық бұзушылық акті тіркелсе, биылғы көрсеткіш 2061-ге дейін қысқарыпты. Бұл ретте жасөспірімдік қылмыстың алдын алуда бірқатар маңызды шаралар атқарылған. «Соңғы он жылдың ішінде балалар жасайтын тәртіп бұзушылықтар санының жылына орташа алғанда 6 пайызға төмендеуі байқалады. Егер 2004 жылы бұл көрсеткіш 6529 қылмысқа тең болса, 2014 жылы – 3561 құрады», – деді Әсет Оспанов. Жастар ортасындағы құқық бұзушылығымен күресу мақсатында ІІМ «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатымен және «Жұлдыз», «Жас Ұлан» қоғамдық бірлестіктермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған. Бұл ретте балалардың уақытын тиімді пайдалануға бағытталған бірлескен жобалар іске асу жоспарланып отыр. «Соңғы жылдары балаларға қатысты жасалынатын қылмыстардың жалпы санының төмендеуі байқалады. Алайда сондай құқық бұзушылықтарды одан әрі азайту үшін ІІМ өткізіліп жатқан жұмысқа деген тәсілдерді қайта қарастырады», – дейді Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті бөлімінің бастығы. Соның ішінде, ішкі істер аумақтық департаменттерімен өткізілген жиналыстардың қорытындылары бойынша оқушылар арасындағы алдын алу жұмысын күшейту жағынан бірқатар тапсырмалар берілді. Сонымен қатар тұрмысы нашар отбасыларға ерекше бақылау орнатылатын болады. «Балаларға қатысты жасалынатын қылмыстардың негізгі себептері – ата-аналардың оларға тиісті назар аудармауы болып табылады», – деді Әсет Оспанов. – Қазіргі таңда ішкі әскер органдары 17 мың баланы тәрбиелеп отырған 12 мың тұрмысы нашар отбасылармен алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалынатын құқық бұзушылықтардың тағы бір себебі бос уақытты тиісті ұйымдастырудың жоқтығы болып табылады. Осы бағытта жасөспірімдердің оқудан бос уақытында және демалыс кезінде еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру мәселелерінде оң өзгерістер бар», – Ә. Оспанов. Ағымдағы жылдың наурызында денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, білім беру және ғылым, ішкі істер министрліктерінің ішкі істер органдарында есепте тұрған және аз қамсыздандырылған, тұрмысы қолайсыз отбасылардан шыққан 14 жастан асқан кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыруға көмектесу туралы бірлескен бұйрығына қол қойған болатын. Бұл құжат кәмелетке толмағандардың бос уақытын өткізу мәселелерін шешу арқылы олардың арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға жаңа серпін бермек. Десе де биылғы жылы зорлық-зомбылық көрсету фактілері күрт артқан. Осы жылдың бірінші тоқсанында кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық көрсетуге қатысты 665 қылмыстық іс қозғалған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 37 пайызға артқан. Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитеті сарапшысы Жиренбай Ержан: «Биылғы жаңа оқу жылы басталмай тұрып, білім беретін мекемелерге арнайы хаттар жолданды. Хат бойынша біріншіден, білім беру мекемелерін мектеп психологтарымен, әлеуметтік педагогтармен толықтыру көзделіп отыр. Сонымен қатар әр айдың соңғы аптасында сынып сағатының шеңберінде балалардың мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған профилактикалық оқу сабақтарын өткізу тапсырылып отыр. Биылғы жылдан бастап білім беру ұйымдарында 2015-2016 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары қабылданған болатын. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық фактілерінің жиіленіп кетуіне байланысты Президент әкімшілігінің тапсырмасымен қылмыстық заң бұзушылығының алдын алу жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары қабылданды. Жоспар бойынша білім беру ұйымдарындағы оқушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, психологиялық тексерістерден өткізу көзделуде. Сонымен қатар жағдайы төмен отбасыларынан шыққан балаларға профилактикалық тексерістер өткізу негізінде бірқатар жұмыстар атқару басшылыққа алынбақ. Еліміз бойынша бейнебақылау орнатылған мектептер 34 пайызды құрайды. 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Білім және ғылым министрлігінің страгегиялық жоспарына сай 100 пайыз мектептерге бейнеқондырғылар орнату жоспарда бар. Өзге де ақпараттық технологияларды мектептерге орнату жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне бекітілген», – дейді. Әкімшілік кодекске сәйкес балаға әлімжеттік көрсеткен ата-аналарға алғашында ескерту айтылып, кейін айыппұл салынатын болды. Жағдай оң нәтиже бермеген жағдайда, ата-ана құқығынан айрылмақ. Елімізде тіркелген қылмыстық істердің басым бөлігі балаларға қатысты орын алатындығы анықталған болатын. Осыны ескерген Мемлекет басшылығы балалардың құқығын қорғау негізінде арнайы бағдарламалар енгізді. Тіпті, бұл ретте алдағы уақытта Заңдағы бірқатар баптарға да өзгерістер енуі мүмкін.

Еркежан ЖҰМАТАЙ, Астана қаласы