Намазын бұзбаған Богдан Хмельницкий туралы шындық неге жасырылып келеді?

Намазын бұзбаған Богдан Хмельницкий туралы шындық неге жасырылып келеді?

Намазын бұзбаған Богдан Хмельницкий туралы шындық неге жасырылып келеді?
ашық дереккөзі

Кеңес мектебінде тәлім алған бүгінгі орта және аға буын ұлты украин, гетман (атаман) Богдан Хмельницкий есімін тарихтан жақсы біледі. Ол ержүрек жаугер, әрі батыр, әрі қолбасшы және жан-жақты саясаткер болған. Кезінде осынау тарихи ірі тұлғаның қасиетті ислам дінін қабылдап, намазға жығылғаны туралы Ресей тарихшылары жұмған аузын ашқан емес.

Аты әлемге әйгілі Л.Толстой, И.Бунин, А.Пушкин, А.Блок сынды және басқа да көрнекті тұлғалардың ислам дінін қабылдағаны қабылдап, қабылдамағаны осынау киелі дінге деген ыстық ықыластарын білдіргені туралы кеңестік-орыс тарихшылары мен әртүрлі сала зерттеушілері үнемі халықтан жасырып келген болса, әлі күнге империяшыл, шовинистік аурудан арылмаған бүгінгі Ресей билігі, орыс тарихшылары мен жазушылары өздерінің бұл жымысқылығын «мемлекеттік құпия» деп санайтыны белгілі болып отыр. Алайда ХХІ ғасырдың құрыққа ырық бере қоймайтын аса қуатты ақпарат құралы – интернет бұл орайда мұндай талай құпияның қақпағын ашып тастап келеді. Өткен жылы біз Мәскеу князі Василий Темныйдың Алтынорда ханының тақтаға түсірілген табанының таңбасын сүйіп, ант беріп жатқан суретін жариялағанбыз. Ол суретті 1902 жылы Орлов-Петров деген суретші салған екен. Бүкіл тарихында тек «великая Россия», «великий русский народ» деген даурықпаны ғана оқып, «Мос­ква», «Кремль» деген сөздердің қай ұлттың тілі екенін де, қандай мағына беретінін де білмей өскендер бұндайларды айтудың керегі не деп те кіжінгені бар (интернетте!). Бірақ тарих әрқашан ақиқатты айтқанды қалайды. Ендеше, Богдан Хмельницкийдің исламды ұстанып, намазға жығылғанын айтудың несі айып?! Поляк суретшісі Осип Сенковскийдің 1824 жылы салынған бұл еңбегінде атақты гетман татар ханының (Қырым хандығы) жанында намаз оқып отыр. Бұл сурет жалғыз ғана емес. Ол Василий Смирновтың «Қырым хандығының тарихы» атты кітабында да ұшырасады. Бұл суретке берілген бірнеше тарихи түсініктемелер де, анықтамалар да бар. Мысалы, XVII ғасырдағы түрік жылнамашысы Мұстафа Найымның «Шығыс пен Батыс әңгімелеріндегі Гусейннің гүлзары» деген шығармасында Хмельницкийдің киелі ислам дініне толық бет бұрғаны туралы айтылады. Бұл жазба 1648-1654 жылдардағы «азаттық соғысы» деп аталатын соғысқа дейінгі, яғни, XVII ғасырдың бастапқы кезеңінде-ақ дүниеге келген. 1620 жылдың қазанында жас Хмельницкий әкесі Михаилмен бірге Подольедегі Цецора ауылының түбінде болған поляк-осман шайқасына қатысқан. Сол шайқаста татарлардың қолынан әкесінің қаза тапқанын көзімен көрген ол жанұшыра алысып, жан-жағынан жарқылдаған жалаң қылышқа қарсы ұмтылады. Сөйтіп, тұтқынға түседі. Болашақ гетман содан кейін Қасым-патшаның Стамбулдағы сарайында тұтқын ретінде екі жыл жүреді. Алайда атақты қолбасшы Хмельницкийдің өмірінің бұл кезеңі туралы мағлұмат аз, тек осы жылдары оның аудармашылық қызмет атқарғаны және қасиетті Құран сөрелерін «нағыз жыршының әсем әуезімен оқитыны» туралы ғана айтылған. Ол өзі ел басқарып тұрған жылдары (бұл Осман империясының қоластындағы кез еді) Осман империясымен ұдайы, тығыз келіссөздер жасап, жақын байланыста болған. Араб тілін білген. Араб әрпімен жазылған Құранды әсем әуезбен мақамдап оқи алған. Орыстар ноғайларды «қырым татарлары» деп атағанына қарап біз де оларды солай атайтын болдық. Міне, сол ноғай жылнамашысы Мехмед Сенай былай дейді: «... Сол кезде Лехистан елінің сараймандары (дворяндар.–М.К.), яғни, құрметті адамдар болып есептелетіндер Қырыммен шекаралас Днепр бойындағы кәпір казактармен (запорожьелік) жауласып жүрген еді. Олар бұл запорожьеліктерге қарсы әскер жинап келіп, оларды қырып-жоюға дәрменсіз-тұғын. Міне, сол кезде запорожьеліктердің қолбасшысы, нағыз арыстан Мельниски деген гетман бүкіл жан-дүниесімен, шын жүрегімен мұсылман болмақ ұйғарымға келеді. Сөйтіп, өте ақылды, керемет қаһарман осы Мельниск өзінің жүрек түкпіріндегі бізге деген дұшпандығын тас­тап және бізден көмек сұрамаса болмасын түсініп, өз елшілерін жіберді. Олар ляхтардан көрген жәбір-жапасын айтып, біздің бағымда болуға қайыл (разы-М.К.) екендіктерін жеткізді. Шыңғыс ұрпақтарының үрдісі бойынша жәрдем сұрап келгендердің бұрынғы дұшпандық пиғылы мен күнәсі кешірілетін болғандықтан оларға деген реніштің бәрі алынып, ғафу етілді», – дей келіп, Мехмед Сенай «сөйтіп, Мельниска (Хмельницкий.-М.К) өзінің жан дүниесіне мұсылман болайын деген ұйғарымды бұратола орнатты», – деп жазады. Сонымен қатар, Хмельницкийдің Ислам жолын тұтынғаны туралы осы қос жылнама оның Қырым ханы Ислам Гереймен кездесуін баяндағанда да айтылады. Ислам Герей мен Хмельницкийдің бір-біріне деген зор сенімі мен достығы туралы талай тарихи деректерден де белгілі дейді (Олесь Кульчинский). Тіпті, 1651 жылы Берестечко маңындағы қайғылы уақиға кезінде татар әскерлері казактар мен поляктар арасындағы шайқастан кетіп қалғанда да Хмельницкий Ислам Гереймен достық қатынасына сызат түсірген жоқ. Ал 1654 жылы Ислам Герей қайтыс болғанда ол қатты қайғырған көрінеді.

Хмельницкийдің осман тұтқынында болған кездері туралы кейбір тарихи маңызды айғақтар да кісі қызығарлықтай. Ол Стамбулдан Украинаға келерде сол кезде «Жоғарғы Мемлекет» атанған осынау елдің астанасында оның толып жатқан дос-жаран, жора-жолдастары болған еді. Кейін Хмельницкий олармен осы бір жылы байланыстарын Қырым хандығымен де, Османмен де арадағы дипломатиялық қатынастар кезінде жақсы пайдалана білген. Ол кездегі осман қоғамының ережелері бойынша тек еркін, азат адам ғана мұсылмандар арасында өзін еркін, батыл сезіне алған. Ал Речь Посполитаядан келген тұтқындарға тек ислам дінін қабылдау ғана еркіндік әпере алатын еді.

Қалай дегенде де кемеңгер қолбасшы, арыстан жүректі батыр гетман Богдан Хмельницкий түрік, татар, араб тілдерін жетік меңгерумен қатар олардың салт-дәстүрлерін, жөн-жоралғыларын, адамгершілік қасиеттерін, киелі ислам дінін қатты құрметтеген.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ