ҚР Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ назарына! «САРЫШЫҒАНАҚ» – СӘТСIЗ ЖОБА

ҚР Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ назарына! «САРЫШЫҒАНАҚ» – СӘТСIЗ ЖОБА

ҚР Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ назарына! «САРЫШЫҒАНАҚ» – СӘТСIЗ ЖОБА
ашық дереккөзі

Құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы!

Адамзат қауымдастығының биiк мiнберiнен ақиқаты әлемге жария етiлген Арал теңiзi үстiнде игi өзгерiстер желi соқты. Жаңа тарихымыз жарқын үдерiстер кезеңiн әкелдi. Елiмiздiң азаттық таңымен Аралдың қайта ораларына деген халық үмiтi оянды. ЕҚЫҰ-ның Астана саммитiнде, Астана Декларациясында осы ғаламдық мәселе байыпты көтерiлдi. БҰҰ-ның Бас хатшысы проблемалы аймаққа арнайы сапармен келдi.

Арал мәселесi әрдайым Сiздiң ынталы назарыңызда.

Тiкелей Сiздiң қамқорлығыңызбен Солтүстiк Арал теңiзiн қалпына келтiрудiң бiрiншi кезеңi – САРАТС-1 бастамасы жүзеге асты. Арал жұртшылығы төл теңiзiнiң ауқымды бiр айдыны – «Кiшi Аралымен» қауышып, өшкенi жанып, өлгенi тiрiлгендей жақсылыққа кенелдi. Ел ата кәсiбiне оралды, әлеуметтiк жағдай жақсарды, өлкенiң экологиялық ахуалы оңалды. Ең бастысы, Солтүстiк Аралдың толыққанды тiрiлуiне ақжолтай үмiт туды. Бұл орайда Арал халқының Сiзге деген алғысы шексiз.

Дегенмен осынау жарқын мысалдар бедерiнде, кейбiр мамандар мен жауапты азаматтардың Солтүстiк Арал аумағындағы «Сарышығанақ» деген оқшау бастаманы, ел-жұрттың басы ашық қарсылығына қарамастан, түрлi желеулермен осы күнi қоғамға күштеп таңу әрекетi бiздi қатты алаңдатып отыр.

«Сарышығанақ» – осыдан 20 жыл бұрын тарих үкiм шығарған, өткеннiң өресiз әрекетi едi. Ендi бүгiнгi күнi оған қайтып оралуда не мақсат? Елiмiздiң өрлеу үдерiсiндегi Арал халқының тiлегiне ондай шара ендi жауап бере алмайды. Қазiргi «Сарышығанақ» жобасында экономикалық тиiмсiз, экологиялық проблемалы өлкеге қажетi аз, тiптi, зардапты ұсыныстар бар. Солтүстiк Аралға жаңадан салынатын алып бөгет, онда орнатылатын шлюз, үлкен арна, электр желiсi қауiптi: теңiз биоқорына зиян, даланың жан-жануарлар дүниесiне қатер көбейедi. Көшкiн құмға түсетiн алып арнаның болашағы да күмәндi. Шлюз, арна, электр желiсi сияқты құрылғылар мұнан ары да үнемi қаржы, энергия қызметтерiн талап ете беретiн шығынды нысандар болмақ. Және аясы тар Сарышығанақ Сырдың ағынын толық қабылдай алмай, дария суын тағы да үлкен теңiзге құлатуға мәжбүрлiк туады. Сондай себептен көп су және миллиондаған балық сортапқа құлап кетiп, соңғы 6 жыл бойы зор ысырапқа жол берiлiп отыр.

Ең бастысы, «Сарышығанақ» нұсқасы жүзеге аса қалған жағдайда, теңiз жағасындағы халықтың көп бөлiгi бұрынғы экологиялық қиындықта, сусыз жағалауда қала бермек.

Сарышығанаққа бола, мыңдаған жылдық тарихы бар, ел-жердiң құты болған Қамбаш көлiнiң шырқын бұзып, табиғатын бүлдiрiп, көлден арна қазу және теңiз шығанағының суын тұшыту идеясы – экологиялық тұрғыдан қате, тiптi қатерлi қадам болуы мүмкiн. Аймақ ежелден теңiз табиғатында қалыптасқан; адамдар, жан-жануар әлемi теңiздi күтулi. «Кiшi Арал» көтерiлсе, оның құрамдас бiр бөлiгi – Сарышығанақ та қоса тiрiледi.

Арал халқы Сарышығанақ қолтығын бөлектеп көтеру iсiне түбегейлi қарсы. Солтүстiк Арал – бiр ғана осы қолтық емес. Теңiз маңында – Бөген, Ескiбөген, Аққұлақ, Қарашалаң, Жаңақұрылыс, Қаратерең, Тастақ, Ақбасты, Құланды, Ақеспе, Тастүбек, Мергенсай, Жайнақ, Көктем ауылдары және Арал каласының мыңдаған тұрғыны – өңiрдiң 70% халқы, ертеңнен үмiтпен өмiр сүрiп жатыр. Осы жұрт «Кiшi Аралдың» бiртұтас көтерiлген 42 м. деңгейiнде елеулi игiлiктер көрдi, бұл бағыттың ары жалғасуын тiледi, соған үмiт артты. Кiшi теңiздiң тiрегi – «Көкарал» бөгетiнде сенiмдi негiз, iргелi құрылымдар көтерулi тұр. Бұл маңдағы тығыз қоныстанған халық осы жұмыс көзiнiң қайта жандануын көптен күтiп отыр.

Сырдарияда, елiмiздiң су үлесiнде «Кiшi Аралға» жетiмдi су бар. Бүгiнгi күнi құрылысы аяқталған «Көксарай» су реттегiшi осының бiр елеулi тетiгi ретiндегi үмiт көзi. Солтүстiк Арал факторы – оңтүстiк өлкемiзде су пайдалану, үнемдеу, агротехника және экология мәдениетiн көтеру iсiне де оң әсер етер едi. Тәуелсiз тарихымыздағы Сыр бойындағы экологиялық мәдениеттiң игi тенденциясы осыны көрсетiп отыр. Теңiз факторы жалпы Сырдария алабындағы су бөлу, реттеу, пайдалану дәстүрiн оңалтушы, ынталандырушы бiрегей факторға айналады.

«Кiшi Арал» теңiзi көтерiлген жағдайда ғаламдық экологиялық проблема салдары едәуiр жеңiлдейдi, табиғи орта елеулi түрде оңала бастайды. Мыңдаған халықтың экономикалық, әлеуметтiк әл-ауқаты жақсара түседi. Экология тоздырған Сыр атырауы қосымша құрылыс, шығынсыз-ақ табиғи түрде өздiгiнен оңалатын болады. Теңiз жағасынан жоғарғы атырауда да бiраз жұртшылық осы өзгерiстi күтуде.

Солтүстiк Арал теңiзi әлем көз тiгiп отырған Арал проблемасындағы елiмiздiң жарқын да, батыл қадамы болмақ. ЕҚЫҰ-ның Астана саммитi, Астана Декларациясы рухына сай өнегелi бастама Қазақстанда жүзеге асады.

«Кiшi Арал» – бүкiл Арал теңiзiнiң жәдiгерiн болашаққа аман-есен жеткiзетiн сенiмдi бағыт. Бұл айдын кезiнде ондаған елдi мекенге құтты қоныс, мыңдаған жұртшылыққа ризық-несiбе, өмiрлiк орта болды. Кешегi тарихта бүкiл Аралдан ауланған жарты миллион центнер балықтың тең жарымдайын осы «Кiшi Арал» бердi. Сондай құтты судың қайта оралуын халық ендi қанша уақыт болса да күтуге пейiлдi. Жай күту емес, әр сүйемi көтерiлген теңiзден ризық тередi, тiршiлiк-тiрлiктi жандандыра бередi. Үмiт пен сенiм жұртшылықты ынталандырушы, бiрiктiрушi күш болмақ.

Елiмiз қолға алған САРАТС iсi – кiшiгiрiм Сарышығанақ емес, Солтүстiк Арал теңiзiн қалпына келтiру жобасы деп аталатынын ұмытпасақ екен!

Аймақ халқы iргетасы бекiтiлген «Көкаралды» биiктетiп, Солтүстiк Аралды тұтас деңгейде көтерудi табанды түрде сұрап отыр.

Қызылорда облысы басшылығы ел тiлегi және объективтi жағдайларға орай, болашақты «Кiшi Арал» жолында қажырлы iзденiстердi жалғастыруда.

Сiз Солтүстiк Арал теңiзiн бiр деңгейде көтеру ұсынысын мақұлдап, бұл бағытты жүзеге асыру жолдарын қарастыруға Үкiметке тапсырма бердiңiз.

САРАТС-2 кезеңiне көзделген каржы және Сырдариядағы үлестi су, тиiмдi игерген жағдайда, бүгiнгi таңда «Кiшi Аралды» күтулi 48-50 метрлiк деңгейге тұтастай көтеруге мүмкiндiк беретiнi дәлелденiп отыр. Бiзге шағын ғана шығанақ емес, Арал теңiзiнiң ел-жер күткен ауқымды бiр айдынын тiрiлтудiң тарихи мүмкiндiгi берiлiп тұр. Бұл мүмкiндiктен айрылып қалу – тарих және ұрпақ алдындағы өкiнiштi қателiк болуы мүмкiн.

Құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы!

Бiз Сiзден Солтүстiк Арал теңiзiн әлем көз тiккен, ел-жұртымыз күткен бiртұтас теңiз деңгейiнде көтерудiң игiлiктi бағытын қолдауыңызды сұраймыз.

Құрметпен, (ел тiлегiн жеткiзушiлер):

Ә.Нұрпейiсов, ҚР Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi;

Т.Шарманов, академик, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, Қазақ тағамтану академиясының президентi;

К. Ормантаев, академик, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi;

Н.Қыпшақбаев, 1981-1995 жылдардағы ҚР су шаруашылығы министрi, Қазақстанға еңбегi сiңген гидротехник;

Ұ.Айтжанов, «Атамекен холдинг» қаржы-өнеркәсiп тобының төрағасы;

М.Қаназ, жазушы, «Денсаулық» журналының бас редакторы;

С.Жұбатырұлы, жазушы, эколог, «Парасат» орденiнiң иегерi

25.08.2011