ОРЫНСЫЗ СӨЗ ОПЫҚ ЖЕГIЗЕДI

ОРЫНСЫЗ СӨЗ ОПЫҚ ЖЕГIЗЕДI

ОРЫНСЫЗ СӨЗ ОПЫҚ ЖЕГIЗЕДI
ашық дереккөзі

Оралмандарды әлеуметтiк аутсайдер қатарына қосудың астарында не жатыр?

Маусымның 2-ciнде арнайы жиын өткiзiп, зиялы қауым мен ғалымдардың басын қосқан Бақытжамал Бектұрғанова басқаратын Саяси шешiмдер институты «Оралмандар: әлеуметтiк аутсайдерден сапалы адам капиталына» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткiздi.

ӘЛЕУМЕТТIК АУТСАЙДЕР ДЕГЕНIМIЗ КIМ?

Жиын басталмай жатып-ақ, жиналған зиялы қауым өкiлдерi дөңгелек үстелдiң тақырыбы үшiн Саяси шешiмдер институтының мамандарына шүйлiге жөнелдi. Оралмандарды әлеуметтiк аутсайдер атағаны үшiн Саяси шешiмдер институтының басы бiраз дауға қалайын деп тұр. Өйткенi жергiлiктi қазақтар мен этникалық қазақтар арасына сына қағып, олардың проблемаларын бiр-бiрiнен бөлiп қарау, оларды бiр-бiрiмен шекiстiру – онсыз да қоғамдық интеграция басты проблема боп тұрған Қазақстан үшiн тиiмдi емес.

Жалпы «әлеуметтiк аутсайдер» дегенiмiз кiм? Ол қоғамнан тыс, өмiрдiң көшiне iлесе алмаған, екiншi сортты адамдар деген ұғымды бiлдiредi. Аталған институт таратқан баспасөз-мәлiметiнде «Қазақтарды Отанына қайтару саясаты мемлекет құрушы этностың сандық өсiмiне оң әсерiн тигiздi. Бiрақ бұл өсiм репатрианттардың қазақстандық қоғамға толыққанды құрмаласуын қамтамасыз ете алған жоқ. Жекелеген сәттi мысалдарға қарамастан, репатрияциялау үдерiсi оралмандардың әлеуметтiк-экономикалық, әлеуметтiк-мәдени бейiмделу қиындықтарымен өтiп жатыр. Бұл – маргиналдану, әлеуметтiк теңсiздену үдерiсiн күшейтiп, жалпы қоғамдағы шиеленiстiк жағдайды ушықтыруы мүмкiн. Мәселе осы әлеуметтiк топтың кейбiр бөлiктерi iшiнде қол қусырушылықтың, мемлекет тарапына масылдық көңiл күйлердiң болуымен де күрделенiп, осының салдарынан жергiлiктi халық арасында оралмандарға деген терiс көзқарастар орын алуына әкеп соқтырған» делiнген. Баспасөз-парағын таратушы институт мамандарының жалпы бұл тақырыпты мүлдем бiлмейтiндiгiн және мәселенiң ауанын бiлмесе де, терiс қоғамдық пiкiр қалыптастыруды көздеп отырғанын аңғарасыз. Бұл көзқарас дөңгелек үстел барысында бiрден көзге ұрып тұрды. Әуелi тек қана қазақтар отырған жиында қазақ тiлiнде жасалған баяндаманы орысшаға аудару қажеттiгi туындады. Ал оның қажеттiлiгi қанша деп тулаған бiзге аталған институттың қызметкерi, жиынның модераторы Ерлан Смайылов: «Бұл – менiң алаңым, бұл жерде мен басшылық етемiн, сол себептi де жиынды қай тiлде өткiзу қажеттiгiн өзiм бiлем», – деп дүрсе қоя бердi.

БҰЛ – ҚОҒАМДЫ БIРIКТIРУГЕ ЕМЕС, IРIТУГЕ БАСТАЙДЫ

Жиында әуелгi сөздi алған «Жебеу» республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң атқарушы директоры Рахым Айыпұлы бiрден дөңгелек үстел тақырыбының дұрыс қойылмағандығын тiлге тиек еттi. Ол өз басы оралмандарды «әлеуметтiк аутсайдер» деп атауға үзiлдi-кесiлдi қарсы екендiгiн жеткiздi. «Әрине, алғашқы жылдары Қазақстанға келген қазақтардың қиналатыны рас. Бiрақ өмiрбақи мемлекетке алақан жайып, масылдық көңiл-күй тудырып отырған ешкiмдi бiлмеймiз. Керiсiнше, оралмандар урбанизация тудырған басты проблемалардың бiрi – босап қалған ауылдардың гүлденуiне өз үлесiн қосуда» деген ол бұл ойын нақты дәлелдермен дәйектедi. Айталық, соңғы жиырма жылда Қазақстанға 210 мың отбасы, 845 мың қазақ көшiп келген. Жиырма жыл бойына олардың саны 1,5 миллионға жеткен. Қазақстанға көшiп келгеннен кейiн туған бала бүгiнде ат жалын тартып азамат болды, 20 жасқа келдi. Қазiр қаңырап бос қалған көптеген ауылдарда ауылшаруашылығын дөңгелетiп отырған да осы этникалық қазақтар. Елiмiз экономикасының 4 пайызын ғана құрайтын ауылшаруашылығының тұралап тұрғандығы қазiр кiм кiмге де мәлiм. Сондықтан да ендiгi саясат осы ауылдардың гүлденуi үшiн оралманның әлеуетiн пайдалану. «Нұрлы көш» бағдарламасының қолға алыну мақсаты да сол болатын. Жақсы ниетпен басталған бастаманың дұрыс жүзеге аспауы да – орта жолдағы шенеунiктердiң терiс пиғылының нәтижесi.

Ал екiншi баяндамашы Талғат Мамырайымовтың баяндамасына көңiлi толмаған көпшiлiк оның сөздерiн қайта-қайта үзумен болды. Саясаттанушы Әзiмбай Ғали оралмандар мен жергiлiктi қазақтардың арасына қандай да бiр саяси тосқауыл қою арқылы оларды бiрiктiрудi емес, iрiтудi мақсат етiп отыр дейдi.

– Осы жиырма жыл iшiнде қазақ қоғамында оралмандар өздерiн саяси-мәдени, интелектуалдық тұрғыдан мойындатты. Кейбiр өңiрлерде олардың мәдениетi жергiлiктi қазақтардан асып түстi. Бiрақ қазақ тiлiн бiлмейтiн, қазақ мәдениетiнен аулақ орыстiлдi әрiптестерiмiз мәселенiң байыбына бармастан, ұшқары пiкiр айтады,– дедi ол.

Шын мәнiсiнде, саясаттанушының баяндамасында күмән тудыратын жалған тарихи деректер мол. Бiрiншiден, ол кiсi қазақтардың шетке кету тарихын 1916 жылғы ұлт азаттық көтерiлiсiнен бастайды, Ресей-Қытай шекара бөлiсi салдарын екiншi планға ысырып қояды. Екiншiден, «шеттен келiп жатқан қазақтардың көбi ана тiлiн бiлмейдi, бiлсе де, аумақтық диалект тұрғысынан ғана бiледi. Қазақ мәдениетiнен және тiлiнен мақұрым» дейдi. Егер Талғат Мамырайымов Қазақстандағы басым мәдениет пен тiл – орыс мәдениетi тұрғысынан ой қозғап отырса, келiсуге болар едi. Керiсiнше, оралмандар қазақ мәдениетi мен тiлiн жергiлiктi қазақтардан кем бiлмейтiндiгi айқын емес пе?! Ал баяндамашы осындай қорытындылар келтiре отырып, өзiнiң мемлекеттiк тiлдi және ұлттарды ұйыстыратын мемлекеттiң мәдениетiн қажеттi деңгейде бiлмейтiндiгiн байқатқан сияқты. Әрi бұндай қорытындыларды қандай мәлiметтерге сүйенiп айтып отырғанын көрсетпейдi.

Дөңгелек үстел барысында Әзiмбай Ғалимен сөзге келiп қалған баяндамашы «бұл мысалдарды «оралмандарға» көмек болсын деп келтiрiп жатырмын» дедi. Оның орыс тiлiнде «аралман» деуiн «оралман» деп түзеткен Әзiмбай Ғали: «бұл – жергiлiктi қазақ пен оралманды текетiрестiру», – дедi. Әзiмбай Ғали қазiр қазақ қоғамында табиғи өсiмнiң баяу екендiгiн айта отырып, Шығыс Қазақстан облысындағы шекара аймақтардан тек өзге ұлт өкiлдерi ғана емес, қазақтардың да кетiп жатқандығын жеткiздi.

– Сол үшiн оралмандар санды көбейттi, сапаны әлсiреттi деп өтiрiк дабыл қаққаннан гөрi, шекара аумақтарға қазақтарды көптеп әкеп шоғырландыру керек. Егер өсiм осы қарқынмен жүре беретiн болса, ендi бiраз жылдан кейiн iрi территорияны игере алмайтын дәрежеге жетемiз, бұл өзгелердiң көз алартуына негiз болады, – дейдi белгiлi саясаттанушы.

Есесiне, Талғат Мамырайымов жоғары оқу орындарында «Қазақ диаспоралогиясы» атты пән енгiзу қажет деген ұсыныс бiлдiрдi. Бұл ұсыныс қолдауға тұрады. Өйткенi қоғамды интеграцияландырудың басты тетiктерiнiң бiрi – тарихи жадыны дұрыс қалыптастыру, сол арқылы отансүйгiштiк сезiмдi күшейту.

Диспоралогия тарихын зерттеген Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкерi Гүлнәр Меңдiқұлова: «Қазақтарды – ауылдық, қалалық, келген қазақ, жергiлiктi қазақ деп бөлетiн болсақ – тығырыққа тiрелгенiмiз. Бiр-бiрiмiзге қандас ретiнде көңiл бөлейiк. Бiз бөлiнiп жарылмайтын бүтiнбiз, мен осы көзқарасты қолдаймын», – дедi.

ҚАЗАҚТЫҢ ЖОҒЫ

Саяси шешiмдер институтының қызметкерi, жиынның басты модераторы Ерлан Смайылов: “қазақ қоғамының бүгiнгi басты проблемасы – орыстiлдiлер және қазақтiлдiлер болып бөлiнуi және өз қазанында өзiнiң қайнап жатқаны, бiрiн– бiрi түсiнуге ұмтылмауы”, – дейдi.

Бiздiңше, бүгiнгi таңдағы қазақтың басты жоғы осы болып отыр. Оның өзiнде орыстiлдiлердiң қазақ қоғамын түсiнуге ұмтылмауы, кеңестiк стереотип бойынша, Қазақстан қоғамы орыс мәдениетi мен тiлiнiң айналасында шоғырлануы тиiс дейтiн ұшқары ойға негiзделген. Тәуелсiздiгiмiздiң жиырма жылдығы қарсаңында әлi күнге мемлекеттiк тiлде жиырма сөздi толыққанды айтып бере алмайтын Қазақстан азаматтары молдап кездеседi. Жиынға келген «Аспандау» ғылыми бiлiм беру орталығының президентi Қанат Нұров: «Шын мәнiсiнде, Қазақстан қоғамы орыстiлдi. Оралмандар орыс тiлiн үйренуi керек, қазақтар мен қазақстандықтар – қазақ тiлiн», – дейдi. Бұл ретте де Қанат Нұров оралмандарды қазақтардан бөле, өзге этнос ретiнде қарап тұр. Жиырма жыл бойына интеграцияланудың озық үлгiсiн танытып келемiз деп мақтансақ та, маргиналданған, өз қағынан жерiген қоғамның бiр тобы жалпы интеграциялануға, соның iшiнде қазақ қоғамының қазақтануына қарсы екендiгiн осындай жиындар арқылы танытып қояды.

P.S. Бас баяндамашының бiрi Рахым Айыпұлы жалпы оралман проблемасын қазақ проблемасынан бөлiп қараудың қисыны жоқ деген ойда. Өте орынды пiкiр. Қазiр қоғамда ауыр кедейлiк жағдайында өмiр сүрiп жатқан адамдар көп. Егер осы тұрғыдан келетiн болсақ, бүкiл Қазақстан қоғамын, қазақ қоғамын әлеуметтiк аутсайдерлерге жатқызу қажет болады. Сондықтан да жекелеген терминдердi жекелеген әлеуметтiк топтарға таңба ретiнде жапсырудың қажетi жоқ. Бұл қоғамды өзара iрiтпесе, бiрiктiруге бастай қоймасы анық.

Есенгүл Кәпқызы