ОРАЛМАН БАЛАЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТIЛДI

ОРАЛМАН БАЛАЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТIЛДI

ОРАЛМАН БАЛАЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТIЛДI
ашық дереккөзі

Жуырда Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы мен Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайының қарсаңында және халықаралық балалардың құқығын қорғау күнiне орай Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының ОҚО бойынша өкiлдiгi мен Республикалық "Атажұрт мейiрiм" қоғамдық қоры бiрлесе отырып, "Ағайыннан мейiрiм" акциясын Сарыағаш, Қазығұрт, Түркiстан, Кентау, Отырар аудандарында өткiзiп, әлеуметтiк жағдайы төмен оралман отбасылардың 150-ден астам балаларына киiм-кешек, жазғы жеңiл киiмдер т.б. заттар берiлдi. Қайырымдылық шара барысында демеушiлер тарапынан алты жүз мың теңге көлемiнде қаржы жұмсалды.

Шараға облыс, аудан әкiмдiгi өкiлдерi, облыстық балалардың құқығын қорғау басқармасы, дiн және қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi, т.б. құзырлы мекеме өкiлдерi қатысты.

Бұл акцияны өткiзудегi мақсат, Мемлекет басшысы, қауымдастық төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың Дүниежүзi қазақтарының III құрылтайында айтқан: "Бүкiл халық болып көшiп келiп жатқан ағайынға көмектесу әрбiр қазақтың парызына айналуы тиiс" деген үндеуiн iске асыру.

Сондай-ақ қайырымдылықтың негiзгi мақсаты — ауқатты және кедей отбасыларының арасында рахымдылық, мейiрiмдiлiк көпiрiн орнату, қоғамымыздың рухани кемелденуiне септiгiн тигiзу.

Облыстық "Абду Хамид Қаттани" мешiтi мен Республикалық "Атажұрт мейiрiм" қоғамдық қоры 2009 жылдан берi Оңтүстiк Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылында Наурыз, Ораза айт, Құрбан айт мерекелерi алдында 134 мұқтаж, асыраушысы жоқ, көпбалалы оралман отбасыларына сыйлықтар тапсырды, мыңға таяу бала мейiрiмге бөлендi.

Осындай игi шараларды дәстүрлi түрде өткiзiп отыру мiндетке айналатын болды.

Мұхамеджан ЕСТЕМIРОВ, Қазақстан Мұсылмандары

дiни басқармасының ОҚО бойынша өкiлi, Имам орынбасары