“ЖЕТIМ БҰРЫШ” ҚАШАН ЖОЙЫЛАДЫ?

“ЖЕТIМ БҰРЫШ” ҚАШАН ЖОЙЫЛАДЫ?

“ЖЕТIМ БҰРЫШ” ҚАШАН ЖОЙЫЛАДЫ?
ашық дереккөзі

Үйi барлар баспанасыз адамның қайғысын қайдан бiлсiн, – дейдi.– Алматыда ұзақ жылдардан берi баспанасыз "Жетiм бұрышты" әркiмге телмiрiп жүргендер. Шындығында "жетiм бұрыш", жертөле пәтер, арыстандай ақырған қожайын мен оған тәуелдi пәрменсiз пәтершi туралы баспасөз беттерiнде жиi жазылып, әрқилы телеарналарда да жиi айтылып жүргенi жасырын емес. Алайда "баяғы жартас, бiр жартас".

Баспасөз беттерiндегi аянышты материалдар кiлең көр соқырларға, телеарналардағы шырқыраған шындықты айтып жатқандардың жан даусы кiлең тас кереңдерге ғана арналғандай әсер қалдыруда. Олай дейтiнiмiз, селт еткен серпiлiс сезiлмейдi. Керiсiнше, Алматыдағы "Жетiм бұрыш" аталып, қалың қауымға әбден танымал болған жердегi уақытша тұруға пәтер iздеушi баспанасыздар саны жылдан-жылға арта түсуде… Яғни, күн тәртiбiндегi өте өткiр тұрған бұл өзектi проблеманың жуық арада шешiле қоймайтыны белгiлi.

Бұл, әрине, әлеуметтiк, экономикалық, демографиялық психологиялық проблема ғана емес, қоғамдағы белгiлi бiр топтың басындағы қасiрет.

Ендеше түйменiң инесiз күнi жоқ секiлдi, адамның да үйсiз, баспанасыз күйi жоқ. Сондықтан да баспанасыз жүргендердi қаламызда баспанадан гөрi тойханалардың көптеп салынатындығы ерiксiз таңдандырады. Көз алдыңа баспананы елестете тұрып, мейрамхана құрылысына телмiре қарағаныңмен тоқ болмайсың, әрине. Керiсiнше, осындай кереғар әрекеттерге ерiксiз қарның ашады. Осындайда Алматының әр бұрышында осынау зәулiм мейрамханаларды салып жатқан жорға мiнген бауырларымыздың, баспанасыз қара жаяу қандастарының жай-күйлерiне назар аудармайтыны да ойландырады. Әйтпесе сол қаптаған зәулiм мейрамханалар құрылысының орнына Елбасымыз айтқандай, арзандау бағадағы тұрғын үйлер салып, баспанасыздарға сатуға немесе жалға беруге болмас па? Әлде олар оның тиiмсiздiгiнен қаша ма? Пайдалы болса, сөйтер едi ғой.

Осындайда тек өзiмiздi өзiмiз "үйсiздiктен өлмеспiз, қиналады жан шiркiн" – деп, жұбатқаннан басқа амал қанша!

"Жетiм бұрыштағы" баспана iздеген адамдар "жетiмсiреп" тұрады. Жан-жақтарына жаутаңдай қарап, "бас болса бөрiк табылар" деген үмiттерiн үзбейдi. Қожайын қандай қуысын бередi? Өз қуысың – жан тынышың бола ма деп ойлайды олар. Сол қуысты табу үшiн ұзақ жылдардан берi айлап-жылдап осы жерде тұратындар да бар екен. Төзiм – тамаша қасиет, әрине. Дегенмен шыдамның да шегi бар емес пе?!.

Осы "жетiм бұрышқа" арнайы ат басын бұрып, осында жалға пәтер iздеумен сабылып жүрген бiрнеше қаракөз қандастарымызбен ашық-жарқын әңгiмелесiп, сұхбаттасқан едiк. Ондағы ойымыз, солардың удай ащы, еттен өтiп, сүйекке жететiн мұң-зарын, осы бiр өзектi өртер мәселенi тағы да бiр жан-жақты жазу болатын. Алайда әңгiмелескен бауырларымыздың денi: "Сiздер еш нәтиже шықпайтын мәселенi несiне жазып, айта бересiздер? Бiздiң осы еңiреп тұрып айтқандарымызды егiлте жазғандарыңыздан бұл проблема жуық арада шешiледi деп ойлайсыздар ма? Жан ауыртар бiр мәселенi қайталай берiп, қасиетiмiздi кетiрiп алмас па екенбiз?" – дейдi налып.

… "Жетiм бұрыш" қашан жойылар екен?

Болат ШАЙМАНҰЛЫ

Алматы қаласы