АССАМБЛЕЯДАҒЫ КЕЗЕКТI ЖИЫН

АССАМБЛЕЯДАҒЫ КЕЗЕКТI ЖИЫН

АССАМБЛЕЯДАҒЫ КЕЗЕКТI ЖИЫН
ашық дереккөзі

Қазақстан халқы ассамблеясында өткен кеңесте Мәжiлiске үмiткер депутаттарды анықтайтын шығар деген үмiтпен барғанбыз. Бас-аяғы бiр жарым сағатқа созылған республикалық кеңес Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаевтың Парламент сайлауы алдындағы кезектi жүздесуi есебiнде өттi. Сондай-ақ кеңеске Алматы қаласының әкiмi Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов қатысты.

Мемлекеттiк хатшы қызметiне тағайындалғалы берi Мемлекеттiк хатшының Алматыға алғашқы ат басын бұруы екен. Өзiнiң оңтүстiк астанадағы алғашқы баспалдағын Қазақстан халқы ассамблеясында бастаған Қанат Саудабаев жиын барысында әртүрлi ұлт диаспора өкiлдерiнiң сөзiн тыңдап, пiкiрiне құлақ салды.

"Бүгiнгi халықтар ассамблеясының мәжiлiсi алдымызда тұрған үлкен мақсаттарға байланысты болып отыр. Конституцияға енгiзiлген өзгерiстерге сәйкес ассамблея осы жылы жаңа мәжiлiске өзiнiң сыйлы, ең құрметтi өкiлдерiн сайлайды. Бүгiнгi мәжiлiсте сөйлеген кiсiлердiң пiкiрлерi, ойлары бүкiл ассамблеяның пiкiрi деп ойлаймын. Бiр ауыздан Елбасымыздың саясатын, Қазақстанның жаңа кезеңдегi демократиялық қадамын қолдап отыр", — дедi өз кезегiнде Мемлекеттiк хатшы. Сондай-ақ, диаспора өкiлдерiнен сайланатын өкiлдерге қатысты Қанат Саудабаев: "Ассамблея ұсынатын тоғыздың барлығы дерлiк Қазақстан халқының көңiл-күйiнен шығатын өкiлдер болады. Барлығы соған келiсiп отыр", — дедi.

Жиын барысында сөз алғандардың көбi "көп ұлтты, көп дiндi" Қазақстанның татулығын, бiрлiгiн сөз етiп, кеңеске қатысып отырған Қанат Саудабаев мырзаға алғыстарын жеткiздi. Басы қазақша басталып, соңы ресмилiкке көшетiн мұндай жиындар әдеттегi болмысынан ауытқымады. Тек қана өзбек досымыз Розакүл Халмурадов мырза мен шешен-ингуш халқының ассоциациясын басқаратын Ахмед Мурадов қана бiздiң тiлiмiздi сыйлайтындығын көрсеттi. Тiл бiлмесе де, ұлттық болмысымызды, ұлтымызды сыйлайтын азаматтардың мәжiлiске барғанын кiм құп көрмесiн?! Бiздiң елiмiзде 130-ға жуық ұлттың өкiлi бар десек, Парламенттегi диаспора өкiлдерiне берiлiп отырған орын 9 ғана. Демек, 130 ұлттың арасынан тоғызын анықтап, ұсыну Ассамблеяға да оңай соқпасы анық.

"Менiң бiлуiмше, Қанат Саудабаевтың Мемлекеттiк хатшы болғалы берi ассамблея мүшелерiмен алғашқы танысуы. Негiзгi мақсат — Елбасының саясатын ұстай отырып, қоғамымызды гүлдендiру. Оған ассамблеяның да қосып жатқан үлесi аз емес. Сондықтан, осыған көбiрек тоқталып өттi. Әрине, ассамблея жұмысымен танысып, оған оң көзқараспен қарау дұрыс-ақ. Бiрақ, оған бiздiң де қайтарымымыз болуы керек емес пе? Бiз де өз iсiмiзбен, адалдығымызбен, азаматтық борышымызбен қайтаруымыз қажет. Азаматтық борышымызды бiз қалай орындап жатырмыз? Елбасының саясатына қарсылығым жоқ. 9 адамды сайлайды екен. Олардың кiм екенiн ел бiлуi керек қой. Менiң ойымша, олардың өздерiнiң алдына қойған критерийлерi болуы керек. Қандай дәрежедегi адамдар депутат бола алады?! Қазақстанды Қазақстан деп менсiнбей жүрген адамдарды апарып, төрге отырғызып қойып, төбемiзде ойнатпаймыз ба деген күдiгiм де бар. Осы тұрғыдан келгенде, үмiткерлерге қойылатын белгiлi критерийлердiң болғаны жақсы. Қазақстанның азаматы ретiнде оларға мақсат-мiндет қойған болар едiм. Қазақстанда барлық жағдай жетiлiп тұр. Құдайға шүкiр, әлем бiзден үлгi алып отыр. Тыныштығымызбен, бiрлiгiмiзбен, ынтымағымызбен, татулығымызбенен үлгi болып отырмыз. Өзгеден де үлгi алатын жағдайымыз бар. Ол бiздiң тiлiмiз. Тiлдiк жағына ерекше көңiл бөлiнсе деген болар едiм. Осы ассамблеяда өзге ұлттың өкiлдерi де, қазақтар да бар. Қоғамның жайын солар көбiрек бiлу керек, мұңын солар көбiрек айту керек. Ассамблеяда тiлге деген мойынсұну бар да, толық мойындау жоқ. Егер ассамблея мықты болатын болса, осыны толық мойындату керек деген болар едiм. Содан кейiн тағы бiр критерийiм, түсiнiгi бар, жауапкершiлiктi сезiнетiн адам ғана депутат болуы қажет. Қоғамның мүддесiн жеке бастың мүддесiнен жоғары қоятын жан депутат бола алады. Қазақ деген халықты сыйлайтын, осы топыраққа деген құрметi, сыйластығы бар азаматты қоятын шығар деген үмiттемiн. Өзiм де көрiп жүрмiн. Ассамблеяда көп жерде көрпенi өзiнiң қара басына тартып жатады. Көрпенi бүткiл қазақстандықтарға жабар едiм де, өзiм соның бiр шетiнде жатар едiм. Кейбiреулер "Қазақстан — менiң екiншi отаным" десе, намыстанам. Мемлекеттiк тiлдi бiлмесе де, ниетi түзу болса, тiлге деген ықыласы болса, өзiнiң ұрпағының келешегiне қарсы тұрмаса деген үмiт. Жалпы, бәрiмiз мемлекеттiк тiлдi көтерейiк, шамамыз келгенше. Шамаңыз келмесе, дөңгелектiң алдына таяқ тастамаңыздар" — дейдi, қай кезде де ұлт үшiн жаны күйiп жүретiн Асылы апа Османова.

Ассамблея ұсынатын үмiткерлердiң есiмi әзiрге белгiсiз. Бар бiлерiмiз, үмiткерлердiң барлығы дерлiк, ұлтты мойындайтын, ұлттың тiлiн, дiлiн сыйлайтын жандар болуы керек. Сонда ғана ұлттың татулығы, бiрлiгi нығая түсетiнiне сенiм мол.

Гүлзина Бектасова