ЕКI ЖАҚСЫ ҚОСЫЛСА...

ЕКI ЖАҚСЫ ҚОСЫЛСА...

ЕКI ЖАҚСЫ ҚОСЫЛСА...
ашық дереккөзі

Димаш ағаның жан-жары Зухра Шәрiпқызы да тектi әулеттiң қызы едi

Ұлы әулет Қонаевтарға құда болып, құйрық-бауыр жеп, құдаласқан Нұрила әжеден бiр сәтi түскенде Димекеңнiң Құдай қосқан жары Зухра апа жайында сұрағаным бар. «Айналайын, ол бақытты, әрi әйелдiк қасиетiнде мiн жоқ, ақжарқын жан едi. Бiрде Димекең үйiнде қонақ болғанымызда «Мен татардың қызымын. Бiрақ қазақ салтын ұстанамын. Сондықтан сiздерге арнайы ет асып, алдарыңызға дәу табақ тартып отырмын» деп дәм бергенi есiмде. Жұбайының сөзiне Димекең жымиып күлiп, бiзге қарап «Ас алыңыздар, қадiрлi құда-құдағи» дедi. Барлық жағынан жарасқан екi жақсының отбасында қонақ болған Нұрила құдағи бұл iзеттi сыйластық пен тату-тәттi отбасылық өмiрдi әлi ұмытқан жоқ. Неге екенi белгiсiз, өнеге-тәлiм ретiнде жиi айтады.

Зухра Шәрiпқызы жiгiт Димаштың шын сүйген, құлай ғашық болған сүйiктi де сүйкiмдi жары едi. Мұны естелiгiнде жақсы айтады. Естелiк кiтаптың беташарында: «Аяулы жарым Зухра Шәрiпқызының аруағына бағыштаймын» деген арнау сөз бар. Соған қарағанда өмiрдегi ең жақыны да, жанашыр серiгi де, ахиреттiк досы да осы адам болған ғой. Алғашқы отбасылық шаруа жайында тұрмыстық қарекет, тiршiлiк туралы Димекең Риддердегi жанұялық өмiр тағылымын естелiгiнде жақсы еске алады. Шаруақор, iске тиянақты Зухраның отбасылық әрекетiн Димекең былай суреттейдi: «…Көктем шыға Зухра ертелi-кеш есiк алдындағы үй орнындай жердi айналдырып, қауын-қарбыз, қияр, жуа егiп, ала жаздай көкөнiссiз болмадық» деп соңында көтерме ақшаға сүт-айран үшiн сиыр сатып алғандарын да айта кетедi. Тек бiр-бiрiне деген таза сезiм, махаббат, мықты отбасылық одақ қалыптасады Димекең шаңырағында. Жас жұбайлар өте тату-тәттi әрi береке-бiрлiкте өмiр сүредi. Сондықтан Димекең өз отбасындағы жанұялық жарастық тақсiрет болмайды» деп даналық сөз қалдырады.

Бойтұмар

Димекеңнiң жан-жары, өмiрлiк серiгi, ақтық демi таусылғанша отағасын құрметтеген Зухра Шәрiпқызы қандай отбасыдан шыққан, әулет-тегi кiм деген сұрақ әркiмнiң көкейiнде тұрады. Зухраның әкесi Шәрiп – Құдайды құбыжық қылып, Құранды қорлаған, дiнсiз большевиктерге қарсы Ақмолада (Астана) күрес ашқан белгiлi оқығандардың бiрi едi. Сәкен ағамыз «Тар жол, тайғақ кешу» кiтабында Шәрiп Ялымовты әдейi жек көрiнiштi етiп, «әңгүдiк, делқұлы» деп жазады. Ал Зухранынң ағасы Ғарiп дiни оқу-iлiмi терең, мүфти дәрежесiне көтерiлген ғұламалардың қатарындағы имам-хазiрет едi. Бұл адам мұсылмандардың дiн мәселесi бойынша Ресейде өткен әлемдiк үлкен мәслихат-жиында сөйлеп, ақыл, имандылығымен белгiлi қоғам қайраткерлерiнiң назарын аударған «молда-ғұлама» болатын. Яғни, Зухра апа тегiн жерден шықпаған. Дiндар, бекзат әулеттен шығып, дiни тәрбие алып, иманды ортада өскен iзеттi де инабатты жан болды. Пайғамбар хадистерiнде: «Әйел дiндар болса үйге береке кiредi» деген даналық тәсiл бар. Зухра апа Жаратқанға сыйынып, ерiн ерекше пiр тұтқан нағыз мұсылман ананың өзi едi. Өкiнiштiсi сол – перзент көрмедi.

О бастан иманды, жаны пәк рухы таза Зухра Шәрiпқызы Димекеңмен бiрге Таяу Шығыс пен Араб елдерiне барғанда алатын, «асыл заты» Құран кiтаптары мен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың хадистерi екен. Құран аяттары жазылған бойтұмары өмiрiнiң соңғы күндерiне дейiн тастамай тағып жүргенi қайран қалдырады. «Құдай бар» деп, атеистiк тәрбиенi мойындамаған ана әдебиет пен өнердi де сүйген. Ағылшын тiлiн өздiгiнен үйренген. Сауабы тиедi деп мiскiғарiптерге садақа берген. Әр мұсылман елiнде шыққан Құранның жиырма шақты басылымын кие, қасиет ретiнде сақтайды. Дiни мерекелерде үйдегi үлкендердi мешiтке апарған сауапты iсiн Димекең естелiгiнде айтып кетедi.

Димекең де дiндар әулеттен шыққан, бала кезiнде дiн сауатын ашқан иманды әрi бекзат жан ғой. Екi асыл үйленген кездерiнде мұсылман жоралғысы бойынша неке суын iшiп, некелеседi. Үйлену тойларына Зухраның молда-ғұлама ағасы Ғарiп қатысады.

Зухраның шәйi немесе «генсектiң» дәм татуы

Риддерде кен инженерi, кейiн комбинатта директор болып, соңында «Сов.минге» қызметке келген Димекең Алматыда жақсы-жайсаңдармен танысты және олардың отбасыларымен араласты. Көп балалы отбасыдан шыққан Димекеңнiң үйiнде 7-8 жан тұрды. Димекеңнiң қызметтестерi де, туыс-жақындары да Зухра келiнге риза едi.

Бау-бақша өнiмдерi мен жемiс-жидектердi жақсы көретiн Зухра көршiлерiне, Димекеңнiң қызметтес жолдастарына саяжай жемiстерiн тарту ету салты едi. Димекең үйiмен елуiншi жылдары көршi тұрған, ол кезде бала, қазiр белгiлi әншi апамыз: «Зухра Шәрiпқызының қолы ашық, сыйласқанға жанын беретiн жан» екенiн жиi әңгiмелейдi. «Бiрде аулада ойнап жүрген менi шақырып алып, түрлi жемiс-жидек салынған «торсебеттердi» қолыма ұстатып, мынаны Жұмекеңнiң, мынаны Нұрекеңнiң (Нұртас) үйiне апар» деп жұмсағаны әлi есiмде. Зухра ол кезде тал шыбықтай сымбатты болатын. Кейiн толысты».

Елуiншi жылдардың ортасында Қазақстанға Л.Брежнев бiрiншi басшы болып келгенде Димекең Ғылым академиясының президентi едi. Екеуiнiң саяжайлары бiр жерде болды. Олардың арасындағы қыл өтпес достық-көршiлiк сыйластық осы татулықтан басталады. Брежневтiң бәйбiшесi Виктория мен Зухра Шәрiпқызы ежелгi таныс, бiлiс жандардай етене араласады. Брежневтiң қызы Зухра апаны жақсы көргенi соншалық осы үйде жиi жүредi. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деп қазақ текке айтпаған ғой.

Бiрiншi хатшы Брежнев пен ол кезде академик Қонаевтың арасындағы шынайы кiсiлiк сыйластықтың соңы кейiн бiр-бiрiн көре алмаса сағынатын ұлы достыққа айналды.

Димекеңмен көршi болып тұрған кезде Леонид Ильич Зухра ханымның қолынан талай шәй iшедi. Қазақстанға келгенде ол кiсiнiң «Димаш, Зухраның шайын қашан iшемiз?» деп өзiмсiнiп сөйлейтiнi осыдан болса керек.

Абылай хан даңғылындағы 107-үйде Димекең мен Зухра алпысыншы жылдардың соңына дейiн тұрды. Осы үйден Димекең жұмысқа жаяу баратын.

Бас хатшы Брежнев Қазақстанға жиi келiп, Республикадағы жетiстiктердi жоғары бағалады. Ресми кездесу, жиын-салтанат бiткен соң бiрде баяғы көршiлiк сыйластықты еске алып, Димекеңнiң үйiне ат басын тiреп, өзi жақсы көретiн Зухра ханымның шайын iштi. Асықпай отырып дәм татты.

Жүрек талмасы

Димекеңнiң қызмет бабында бiрде биiктеп, бiрде төмен түсетiн «оқыс сәттерiн» халық жақсы бiледi. Әңгүдiк Хрущевтiң құйқылжыған ұр да жық саясаты кезiнде Димекең бiрiншi басшылықтан кетуге мәжбүр болды. «Мұның соңы не болар екен. Бiр пәлеге тап болмасақ екен» деп қатты уайымдап, байыз таппаған Зухра Шәрiпқызы ерiне ерекше қамқор болды. Отбасындағы баяғы балдай тәттi сүйiспеншiлiк пен ынтымаққа қылаң түсiрмедi. Димекеңе денсаулығын күтiп, рухын түсiрмеудiң қажеттiлiгiн айтып, ерiн баптады, арқаландырды. Зухра апа рухани жағынан өте бай едi. Сондықтан ақыл мен сабырлы серiк қылып, серiгiнiң қиянаттан сенделiп кетпеуi үшiн жанын салды, ас-дәмiн түрлендiрдi.

Димекеңнiң жеке басындағы тосын жағдай денсаулығына байланысты дағдарыс жетпiсiншi жылдардың басында болды. 1973 жылғы Алматыда апатты елестеткен Медеудегi жойқын сел кезiнде күндiз-түнi жанын шүберекке түйiп, бiр сәт байыз таппаған Димекеңнiң денсаулығы бұзылып, арада көп өтпей жүрегi сыр бердi. Инфаркт алды.

«Осы жолы Димекең кетiп те қалар едi. Зухра апаның күтiмi мен Құдайға жалынып, тiлек тiлеуi және дәрiгерлердiң уақытында ем-шипа жасауы ол кiсiнi бiр нәубеттен аман алып қалды» дейдi Зухра апаны жақсы бiлетiн Димекеңнiң қызметтес бiр серiгi.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезiнде Димекеңнiң басына бұлт үйiрiлiп, нағыз сойқанды iс басталды. Бар болғаны екi адам – жанұяны жексұрындар күндiз-түнi аңдып, бiлдiрмей тiмiскiледi. Сыртқа шығармай «үй-қамақта» ұстады. Тексеру, тiнтудiң жөнсiз қылықтары басталды. «Қонаев жеген» деген өтiрiк жала, қауесет-дақпырт таратты. Бұл оңбағандық әрекет Зухра апаның ой-санасын ойраңдап, көңiл-күйiн түсiрдi. Тиiстi нәрселерге байланысты тексерушiлердiң сұрақтарының бәрiне Зухра апа орынды жауап бердi. Бiр нәрседен iлiк тауып, Димекең отбасын жазалау iске аспады. Өйткенi барлық iсi адал, таза жанұя жаланы жуытпады. Димекең өзiнiң естелiгiнде бәрiн алдын ала сезiп, бiлгендей Зухра құжаттарды түбiртектердi ұқыпты сақтап жүр екен. Оның сақ, ақылдылығы пәледен құтқарды дегендей сөз ретiн келтiредi.

Отағасының өсиетi

Димекеңнiң сүйiктi жары, адал серiгi туралы Күләш Қамалқызы: «Зухра әйелдiң бекзаты едi. Қолы ашаң, қашан барсаң да дастарханы жаюлы тұратын» деп еске алады. Өте iсмер, әрi әншi екенiн де айта кетедi.

Қонаевтың оққағары А.Горяйневтың отбасылық өмiрге байланысты түсiрген суреттерiнiң iшiнде тiгiн машинасында отырған, саяжайда жемiс-жидек жинап жүрген Зухра апаның бейнесi ерекше көрiнедi. Яғни, бұл кiсi сегiз қырлы, бiр сырлының өзi болған. Iсмерлiгiне қоса ол халық әндерiн нақышына келтiрiп орындайтын әншi де едi.

Демалыс кездерiнде Димекеңмен түнде «алты карта», шипа жайларға барғанда бильярд ойнауды жақсы көрген. Алыс жерлерге серуен саяхатты ұнатқан. Димекеңнiң арқасында ол жарты әлемдi шарлап, талай елдi, жердi көрген ғой. Димекеңнiң «хоббиi» шақпақ (зажигалка) жинау болса, бұл кiсiнiң құмар заты – ыдыс-аяқ екен. Қазiрге дейiн бұрынғы тұрған үйiнде ыдыс-аяқтың небiр түр-түрi, көзе, құмыра, хрусталь шынылар мен кесе, шәйнектер самсап тұр. Дос-жарандардың қуаныш, жақсылықтарында сыйлыққа хрусталь апару апаның салты болған көрiнедi.

…Ағынан жарылып сөйлейтiн Димекең бiр туыс жақындарының арасында отырғанда «Құдай маған бәрiн бергенде бала бермептi» деп қапаланады. Сонда бiр әже: «Олай деме. Қазақстандағы бар баланың әкесi «Сiзсiз» деп әзiлдейдi. Қазiр Дiнмұхаммед есiмдi балалардың саны бiразға барды. Екi жақсы перзент көрмедi. Бiрақ сәбилерiне Дiнмұхаммед, Зухра деп ат қойғандардың саны күн өткен сайын көбеюде. Сондықтан Димекеңнiң артына қалдырған бар байлығы да бала – ұрпағы да халқы.

Әулие, данағайып Димекеңнiң қалдырған өсиетi бойынша өмiрден өткенде сүйегi сүйiктi жары Зухра Шәрiпқызы жатқан жерге қойылды.

Ораз Қауғабай