ҚАЗАҚ КИНОСЫНДАҒЫ «ШЕШУШI ШАЙҚАС» немесе Голливуд Қазақстанға келе жатыр

ҚАЗАҚ КИНОСЫНДАҒЫ «ШЕШУШI ШАЙҚАС» немесе Голливуд Қазақстанға келе жатыр

ҚАЗАҚ КИНОСЫНДАҒЫ «ШЕШУШI ШАЙҚАС» немесе Голливуд Қазақстанға келе жатыр
ашық дереккөзі

Голливудтың жұлдызы жарқыраған танымал әртістері «Шешуші шайқас» фильміне түсу үшін осы көктемде Қазақстанға келеді. Фильмнің Қазақстанға қатысты сюжеттері Астана, Алматы және Шымкент қаласында түсіріледі.

Фильм жекпе-жек өнерінің шебері Ерік есімді қазақ жігіті туралы. Ол каратэден әлем біріншілігін жеңіп алады. Қазақстанға қайтып оралған ол қылмыстық топтармен байланысып, соңынан келісе алмай, олармен қақтығысып қалады. Ерік жан сауғалап Америка асады. Онда жарыстарға қатысып, жекпе-жек төбелестің қас шебері «Чак Норрис» атындағы бас жүлдені иеленеді. Бұл туралы хабар бүткіл әлемге тарайды. Ерікті теледидардан көрген оның Қазақстандағы дұшпандары Америкаға іздеп барып, өлтірмек болады. Қазақстанда басталған қақтығыстың шешуші шайқасы Америкада аяқталады. Ерік жалғыз өзі қоян-қолтық ұрыс салады. Ақылы мен қайтпас қайсарлығының арқасында дұшпанын жеңеді… Фильмнің бас кейіпкері — Еріктің ролін Ганн Ли, оның жаттықтырушысы — Сыпатайды Боло Янг ойнайды. Ал, Еріктің қас дұшпаны, мафияның басшысы — Әлібекті атақты Кери Тагава сомдайды. Сондай-ақ фильмге Оливер Грунер, Дон Дракон Вилсон, Дэвид Керэдайн және Брюс Лидің қызы — Шаннон Ли қатысады. Фильмнің жанры — төбелес пен атыс-шабысы көп боевик. Режиссері — Ерік Жалғасов, 12 жылдан бері АҚШ-та тұрады. Ол жекпе-жек өнерін меңгерген. Бұрындары боевик жанрында түсірілген Голливуд фильмдеріндегі қосалқы ролдерде ойнап жүрген. Өткен жылы оған қазақтар жайлы боевик кино түсіру туралы ой келеді. Сөйтіп, ол «Қазақфильм» ұлттық компаниясының бас редакторы Ермек Тұрсыновқа жолығып, сценарий жазып беруін сұрайды. Сценарий өткен жылдың соңында Голливудта бекітіледі. Еркін Жалғасовтың «боевик-қазақ» идеясына колдау білдіріп, фильмге демеуші болған шымкенттік кәсіпкер — Тоқтар Төлешев. Ол — қазір фильмнің продюсері. Осы идеяны жүзеге асыру үшін “Shіmkent Pіctures” компаниясын құрады. Сөйтіп, “Shіmkent Pіctures” «Шешуші шайқасты» Голливудтың «Unіversal Vіsіon Productіon» киностудиясымен бірлесіп түсіруді бастайды. Қазір фильмнің Лас-Вегас пен Нью-Йорктағы түсіру жұмыстары аяқталуға жақын. Енді «Шешуші шайқастың» екінші жартысын — Қазақстан мен Мәскеудегі сюжеттерін түсіру ғана қалды. “Шешуші шайқас” фильмінің бюджеті бізге белгісіз. Бірақ, киноның түсіру процесіндегі кейбір жайттарға қарасақ, арзанқол фильм емес. Фильм Нью-Йорктың қақ ортасындағы көшелерде, Лас-Вегастың казиноларында түсіріліп жатыр. Оны жалға алудың өзі жүз мыңдаған доллар тұратыны анық. Қаншама автокөліктер жарылады, үйлер қирайды… Әлемдік деңгейдегі әртістердің, операторлар мен техникалық мамандардың гонорары қаншама?!.. Қысқасы бұл фильмді бүкіл әлем қызығып көретіні анық.
«Шешуші шайқастан» нені көреміз?

«Шешуші шайқас» фильмінің шығу тарихы онда айтылатын оқиғаға ұқсас. Боевик-Ерік пиғылы жаман жауымен жағаласып жүріп, түбі жеңеді. Ал, фильмнің режиссері Еркін Жалғасов та алғашқыда артқы планда киноға түсіп жүрді. Сөйтіп, киноны қалай түсіруді, әлемдік прокатқа шығарудың жөн-жосығын меңгерді. Енді “Өзі өз болып кино түсірсем” деп шешті. Ол ойын жүзеге асырды. Еркін Жалғасов та Ерік-боевик сияқты барлық қиындықтарды жеңіп шықты. Мұны ерекше құбылыс десе де болады. “Шешуші шайқас” фильмінің шығу тарихы қазақ киносына қатысты көзқарасты түбегейлі өзгертуі әбден мүмкін. Өйткені, фильм бір жылдың ішінде толық аяқталады. Осы жылдың соңында кинотеатрлардан көрсетіле бастайды. “Шешуші шайқас” әлі түсіріліп бітпесе де, АҚШ-та жарнамасы жаппай жүріп жатыр. Адам көп жүретін жерлерде киноға түскен әртістердің бейнесі салынған плакаттар ілулі тұр. Кинопрокатпен шұғылданатын әлемнің көптеген компаниялары “Шешуші шайқасты” көрсетуге дайын отыр. Қысқасы, қазақтар туралы киноны әлем тамашалайтыны анық. Оның кейіпкерлері — қазақтар. Фильмде Астана, Алматы, Шымкент қалалары көрсетіледі. Осы жайттардың бәрін саралай келіп, мынадай ой түюге болады. Қазақтар үшін кино түсірудің екі жолы бар: бірі — шет елден режиссерлар мен әртістер шақырып, “Қазақфильмде” кино түсіру; екінші жол — Голливудқа тапсырыс беріп, кино түсіру. Егер бірінші жолмен кино түсірсек, шет елден шақырған мамандардың айтқанына көніп, айдауына жүру керек. “Көшпенділер” фильмін түсіру кезіндегі келеңсіз жағдайларды, фильмнің сапасы мен оның әлемдік прокаты туралы жайттарды еске алсақ, Қазақстан үшін екінші жол әлдеқайда тиімді. Өйткені, “Көшпенділерді” прокатка қоюға тиісті кинокомпаниялар “фильмдегі кейбір сюжеттерді қайта түсіру керек” деп отыр. Онсыз ол шетелдің кинотеатрларында көрсетілмейді. Ал “Шешуші шайқасты” қазірдің өзінде әлем жұртшылығы тамашалайтыны анық. Бұл қазақ киносының әлемдік аренаға шығуына жаңа жол салды.

Бұл жерде маңызды тағы бір мәселені айта кетпесе болмайды. “Шешуші шайқас” фильміне бірінші рет қазақ бизнесі қаржы салды. Шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешев киноны бизнесінің бір саласы ретінде қарастырып отыр. Бұл да қазақ киносына жаңа дем беріп, тынысын кеңейтетіні анық.
Ораз Әлімбеков