РЕСЕЙ ОТАНДАСТАРЫН ЕЛГЕ ШАҚЫРЫП ЖАТЫР

РЕСЕЙ ОТАНДАСТАРЫН ЕЛГЕ ШАҚЫРЫП ЖАТЫР

РЕСЕЙ ОТАНДАСТАРЫН ЕЛГЕ ШАҚЫРЫП ЖАТЫР
ашық дереккөзі

Шетелде мекендейтін қандастарын іздеп, түгендеп, елге қайтарып жатқан халықтар әлемде аз-ақ. Күні бүгінге дейін отандастарын елге қайтару саясатын қазақ пен еврей халқы ғана қолға алып келген еді. Енді осы саясатты Ресей де жүргізіп, шетелде тұратын орыстарды өз қалаулары бойынша елге қайтармақ көрінеді.

Егерде Қазақстанда шетелден келіп жатқан қазақтарға «репатриант» емес, «оралман» деген айдар тақсақ, Ресейде шетелдегі орыстардың статусына сәл басқаша қарайды. Көршілес мемлекет үшін шетелдегі орыстар – «отандастар». Бұның өзіндік себептері бар. Әйтеуір РФ-дан тысқары тұратын отандастарын елге қайта көшіру үшін 2006 жылдың 1 маусымында жаңа мемлекеттік бағдарламаның жобасы ұсынылмақ. GazetaSNG.ru басылымының хабарлауынша, бұл мақсатта Владимир Путин арнайы жұмыс тобын құрған. Бұл жұмыс тобын президент көмекшісі Виктор Иванов басқармақ. РФ-сы Мемлекеттік Думасының ТМД істері және отандастармен байланыс жөніндегі комитет төрағасы Андрей Кокошиннің айтуынша, Ресей тек қана экономикалық тұрғыдан белсенді, яғни жастар мен жұмысқа қабілетті жастағы ересек отандастарын ғана емес, тіпті зейнеткерлерді де қабылдайтын көрінеді.

Бүгінде 25 миллионнан астам орыс өз отанында емес, шетелдерде тұрады екен. Ресейдің ішкі демографиялық ахуалы да көңіл көншітерліктей жағдайда емес. Содан болар, алып көршіміз де мемлекеттік деңгейде отандастарын қайтару саясатын қолға алмақ. Бірақ екінші жағынан, Ресей өзімен көрші жатқан мемлекеттерде орыс диаспораларының сақталуына аса мүдделі. Бұл орайда «Русское зарубежье» институтының директоры Сергей Пантелеев: «Ресейден тыс қалған отандастарымыздың жағдайы – өте өзекті мәселе. Билік ұзақ уақыт бойы бұл мәселеге көңіл бөлмей келді. Бүгінде ең басты проблемалардың бірі – Ресейдің біртұтас ақпараттық кеңістігі мен «орыстық шетелді» қалыптастырып, орнату» – дейді. ТМД аумағында әлі күнге дейін сақталып келе жатқан орыс БАҚ-тарының үстемдігін місе тұтпаған Сергей Пантелеев орыс тіліне негізделген біртұтас ақпараттық кеңістікті орнатудың маңыздылығын айтады. Басты мақсат – «орыс әлеміне» бағытталған ақпарат құралын қалыптастыру. Егерде Ресей орыс тілі арқылы өзінің ақпараттық экспансиясын жалғастыра берсе, «отандастарымызды қайтарамыз» деген дабыраның не қажеті бар? Түптеп қарасақ, Кеңес Одағы ыдыраған бойда Ресейден Батысқа қарай ұлы көш басталды. Және Ресейдің құрамындағы автономиялық елдердің өкілдерінен гөрі, қаны орыс азаматтары миллиондап мұхит асып кете барды. Жыл сайын 1 миллионға жуық орыс осылайша шетелге қоныс аударып отырған. Сондықтан Ресей үшін ТМД аумағындағы отандастарынан гөрі Батысқа көшкен орыстардың орны бөлек. Сол себептен де Путиннің бастамасымен қолға алынып жатқан отандастарды қайтару саясаты, ең алдымен, алыс шетелдердегі орыстарға қатысты болатын түрі бар.

Соңғы кездері Ресей тарапынан әсіресе Қазақстандағы орыс диаспорасына әрқилы көмек түрлері көрсетіліп жатыр. Ресейде шетелдегі орыстардың қажеттіліктерін өтеу үшін түрлі бағдарламалар жұмыс істейді. Соның бірі – Мәскеу үкіметінің 2006-2008 жылдар аралығында шетелдегі отандастарына көмек көрсету бағдарламасы. Бұл бағдарламаға сай ресейліктер шетелдегі қандастарын компьютерлік кластермен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуі керек. Қазақстандағы орыс балаларын ресейлік оқулықтармен қамтамасыз ету ісі де барынша жанданып тұр. Әйтеуір, осы тектес бағдарламаларға қарағанда, Ресей үшін Қазақстандағы орыстардан бұрын, орыстардың ел саясатына деген ықпалы маңыздырақ сияқты.

Десек те, бүгінгі күннің ащы шындығы сол, Ресейде орыстардан гөрі автономиялық елдердегі жергілікті ұлт өкілдері көбейіп келеді. Оның үстіне Ресей біртіндеп мұсылманданып келеді. Ресейдің Мүфтилер кеңесінің төрағасы шейх Равиль Гайнутдиннің айтуынша, Мәскеу патриархаты елдегі мұсылмандар санын әдейі төмендетіп көрсетеді екен. Равиль Гайнутдин Ресейде 14,5 миллон емес, 20 миллионнан астам мұсылмандар тұратынын айтады. Бұл орайда Мәскеу патриархаты РФ-сы халқының 80 пайызы православ дінін ұстанатынын жиі алға тартады екен. Бұнымен келіспеген Равиль Гайнутдин Ресейде небары 3,6 миллион адам ғана өздерін православие дінін ұстанушылармыз деп атайтынын дәлелдей алады. Жағдай осылай болып тұрғанда, Ресейге сырттағы үстемдігінен бұрын, іштегі үстемдігі маңыздырақ болуы керек. Қалай дегенмен де, қазірше Ресей екі кеменің де басын бірдей ұстап отырмақ.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА