ҒЫЛЫМҒА ЖОЛ МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ

ҒЫЛЫМҒА ЖОЛ МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ

ҒЫЛЫМҒА ЖОЛ МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ
ашық дереккөзі

Алматы қаласы Әуезов ауданына қарасты 13 орта мектебiнде оқушылардың “Зерек“ ғылыми қоғамы 2001 жылдан бастап жұмыс iстеп келедi. Мұнда оқушылар өз бетiмен шығармашылық, ғылыми зерттеулермен айналысады. “Мақсатымыз — мектебiмiзде оқитын дарынды балаларды анықтау және оларға ғылыми жұмыспен шұғылдануға жол сiлтеу”, — дейдi “Зерек“ ғылыми қоғамының жетекшiсi Бейсеқызы Гүлжан.

Бұл қоғамның нәтижесiнде 4-сыныптан бастап дарынды балаларды анықтап, ғылыми жұмыспен айналысуға мүмкiндiк берiледi екен. Сондай-ақ, аталмыш мектеп ұжымы көптеген ЖОО-мен, ғылыми зерттеу институттарымен шартқа отырып, жұмыс iстейдi. Биология ғылымының докторы, профессор Ф.Қозыбаева халықаралық байқауға топырақ құнарлылығын қайта қалпына келтiру тақырыбын ұсынып, халықаралық грантты 3 жылға жеңiп алды. Осындай мүмкiндiктердi пайдаланып, жаз мезгiлiнiң шiлде, тамыз айында Ө.Оспанов атындағы Топырақтану Институтының ғылыми қызметкерлерi Шығыс Қазақстан облысының Зырьян қаласына Халықаралық ғылыми экспедицияға барып келдi. Оған 11-сынып арасынан Нұрбол және Әдiл атты екi ынталы оқушы баруға жолдама алды.

— Мұндағы мақсатымыз — қазiр ғылыми салада ақшаны аз төлегендiктен, оқушылар, жалпы, ғылыммен айналысқысы келген дарынды жастар қашқақтайды. Сондықтан институт әкiмшiлiгi болашақ мамандарды мектептен бастап өзiмiз тәрбиелеймiз деген ұсыныс жасады. Жоғарыда айтқан екi оқушымыз бүлiнген жерлердi қарап отырып, экологиялық жағдайына жандары ауырып келдi. Әсiресе, құнарлы жерлер күл-қоқыстың астында қалып жатыр. Сол секiлдi, кен орындары руданы жуып, өңдеп, оның суын үлкен құбырлар арқылы тура құнарлы жерлерге төгедi екен. Осындай ауыр жағдайды көрiп, балалар “Апай, қараңызшы, мына топырақ қандай майлы, қап-қара, бiрақ бұл жердiң бәрi аянышты жағымсыз жерге айналып отыр” деп уайымдап қайтты, — дейдi…

Бiр қызығы, осы Зырьян кен орнының бүлiнген жерiнде Топырақтану институтының тәжiрибелiк телiмi бар көрiнедi. Осыдан 25 жыл бұрын арнайы мамандар келiп, бiрнеше нұсқада өсiмдiк тұқымын сеуiптi. Сондай-ақ, бiр жерлерге қара топырақ төсеп, екiншi бiр жерге кәдiмгi саз балшықты апарып төсеген. Мiне, осы межелi уақыт өткеннен кейiн Гүлжан апай бастаған бiр топ мамандар қайта барып, ол жердегi өсiмдiктерден жиын-терiм де жинап алған екен. Дегенмен, жалпы алға қойған мақсаты өнеркәсiп салдарынан бүлiнген жердiң топырақ құнарлылығын қайта қалпына келтiру. Осы экспедицияға қатысқан Нұрбол мен Әдiл түйген бiлiмдерiн жинақтап, кiшiгiрiм ғылыми жұмыспен айналысу үстiнде. Олардың өзiндiк алған әсерi мен ой-пiкiрiн бiлгiмiз келгенi де рас.

Ибраев Нұрбол, 11-сынып оқушысы:

— Мен жұмысымды бүкiл Шығыс Қазақстан облысындағы бүлiнген жерлер және оларды биологиялық рекультивациялаудан бастадым. Бiз бүкiл облыстың қазба жұмыстарының нәтижесiнде кеннiң күл-қоқысы пайда болғанын көрдiк. Олардың биiктiгi 150-250 метрге дейiн жеткен. Ол жердегi биологиялық өсiмдiктердiң қиын жағдайда өсуi және топырақтың құнарлығының төмендеуi менi қатты толғандырды. Сол мақсатпен бiр өсiмдiктiң анализiн алып, құрамында қанша ауыр металл бар екенiн зерттедiк. Мысалы, бiр өсiмдiктi алып, оның немен қоректенетiндiгiн зерттей келе, топырақтың құрамында ауыр металдар бар екенiн анықтадық. Демек, көптеген өсiмдiктердiң қиын жағдайда екенiн өз көзiмiзбен көрiп, қолмен ұстап та көрдiк. Сондай-ақ, бiз ол жерде зауыттың салдарынан пайда болған қалдықтарды көрдiк. Олар құбырлармен келiп қала экологиясына зиян тигiзiп жатыр. Химиялық құрамы жоғары көлшiктердiң пайда болуына әсер еткен. Ол әр күн сайын өсiп отырады. Себебi, шахталар құлай бастағанда, су деңгейi көтерiледi. Осының салдарынан Зырьян қаласын су шайып кетуi мүмкiн дегендi ғалымдар болжап отыр. Тереңдiгi — 250 метр болса, судың көлемi 450 млн. куб екен. Соның маңындағы топырақты қазып, құнарлылығын зерттедiк. Соның арқасында ол жерде өсiмдiктердiң өздiгiнен өспейтiндiгiне көз жеткiздiк. Тек табиғи жолмен ғана өсiруге болады екен. Менiң жетекшiм, Түгелбаев Сәлмен Өмiрбеқұлы болды. Мектепте “Зерек“ қоғамының жетекшiсi Гүлжан Бейсенқызының бастауымен ұйымдастырылған конференция мектеп директоры Сатыбалдина Сәуле Қаракерейқызының қолдауына да ие болды. Бiздi ғылымға осы апайлар тартты деуге де болады. Болашақта тек Шығыс Қазақстан жерiн ғана емес, басқа қаланың да экологиялық жағдайын бiлiп, зерттеп қайту да мақсатымыз бар.

Төлешов Әдiл, 11-сынып оқушысы:

— Бiз осы жылы маусым, шiлде айларында халықаралық жобаға сай экспедицияға Шығыс Қазақстан облысының Зырян қаласына бардық. Алматы қаласына қарағанда табиғаты өте әдемi екен. Бiздi бiр көргеннен өзiне баурап алған қала маған қатты әсер қалдырды. Осы жылы барған себебiмiз менiң таңдаған пәнiм — экология, болашақ мамандығым — эколог. Арманым орындалады деп есептеймiн. Ал ғылыми жұмысымның тақырыбы — өнеркәсiп әсерiнен бүлiнген жерлердiң өсiмдiгi және оның химиялық құрамы. Өсiмдiктердiң тамырлары тереңге бармайды, өйткенi, жердiң асты түгел тас. Сондықтан да олардың тамырлары жердiң бетiне өсiп, қоректенедi. Жел немесе құстардың тасуының арқасында талай өсiмдiк осындай күл-қоқыс жерде өсiп жатыр. Осыны зерттеп жүрген Фарида апай бiздi осы жаққа апарғанына қуанамын. Яғни, осындай ғалымдардың арасында жүргенiмдi мақтан етемiн. Өзiмдi де ғалым ретiнде сезiнгенiм бар. Ендi ғылыми жұмыстарымызды қаңтар айында болатын “Дарын” конференцияда ұсынамыз. Сонда нәтижесiн көрсетемiз. Мұның алдында да бiз талай “Дарын” республикалық, қалалық конференциясында бiрiншi, екiншi орынды жеңiп алдық. Сондай-ақ, американдықтармен бiрге де жұмыс iстедiк. Олар бiздi қаржылай, техникамен де қамтамасыз етiп отыр. Қазақстанның экологиясының жайын қазiр ойланбасақ, кейiн кеш болады. Сондықтан да бүкiл қазақстандықтарды экологиямызды жақсартуға шақырамын. Бiз ол жерге Алматы облысының жиде өсiмдiгiн апарып септiк. Егер жиде өсетiн болса, бiз жерсiндiрдiк деп ойлаймыз. Оны тағы бiрнеше жылдан кейiн арнайы барып, зерттеймiз.

“Зерек” қоғамының тағы бiр ерекшелiгi — мұндағы шығармашылық, ғылыми жұмыспен айналысатын оқушылардың еңбектерiнiң бәрi жинақ болып шығады. Бұл қоғамның жинақты шығарудағы мақсаты — оқушыға өзi жасаған ғылыми жұмыстарының нәтижесiн көрсету, олардың зерттеушiлiк ынтасы мен қызығушылығын арттыру. Ғылымға жол мектептен басталады. Сондықтан оқушыларды ғылыми жұмысқа баулып, ынталандыра бiлу, алған нәтижелерiнен қорытынды шығара бiлуге үйрету мұғалiмнiң алдына қойған басты мiндетi болып табылады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ