ЖАЛПЫТҮРКIЛIК ТЕЛЕАРНАҒА СҰРАНЫС БАР немесе қазақы ақпарат кеңiстiгiн құтқару қажет!

ЖАЛПЫТҮРКIЛIК ТЕЛЕАРНАҒА СҰРАНЫС БАР немесе қазақы ақпарат кеңiстiгiн құтқару қажет!

ЖАЛПЫТҮРКIЛIК ТЕЛЕАРНАҒА СҰРАНЫС БАР немесе қазақы ақпарат кеңiстiгiн құтқару қажет!
ашық дереккөзі

«Айқын» газетiнен «Оңтүстiк жастары TV MARKAZ – дың құрбандарына айналмақ» атты мақаланы оқып шықтым. Авторы Ағабек жайтты дұрыс көтерген, бiрақ мәселе ашылмаған. Мұндай ақпараттық жойқыннан қорғану мүмкiн емес, оған тек өз ақпарат көзiңдi жасақтау арқылы ғана тосқауыл қоя аласың, әйтпесе, 15 млн. халқымыз өзгетiлдi шетелдiк ақпараттың тұтынуышысына айналып шыға келетiнi рас, бұл жайт мiне, осы жағынан сарапталуы тиiс. Менiң ойымша, жаһандық мұндай ақпараттық жойқыннан қашу ажалдан қашқан Қорқыттың қылығындай. Оның орнына неге арнайы қазақтiлдi жастар телеарнасын жасақтамасқа. Егер экономикасы құлдыраудағы өзбек ағайындар сондай телеарна жасақтаса, бұл олардың қазiргi продюсура мен телеменеджменттi жақсы меңгергендiгi.

Қазақ телеарналары қазақтарға ақыл айту мен ақылдасудан басқа ештеңе бере алмай келедi. Ал, жастардың жағдайын ойласақ – тым обал, олардың жастыққа тән албырттық сезiмдерiн қанағаттандыратын елiмiзде бiр де бiр қазақы телеарна, не радио жоқ. Ал, халқымыздың орта жасы 35 екенiн ескерсек, елдегi ақпарат тарату тұжырымдамасының өзi ұлттық мүддеге сай еместiгi шығады. ХХI ғасырдағы жастарға орта ғасырлық тiрлiктi ақылға қанша талғажау етсек те, жастарға өнеге ете алмаймыз, олардың қалауына арзанқол ақылгөй хабарды таңа алмаймыз. Оларға шынайы көрiнiс пен ақпарат, ән-күй керек. Бiздiң теле-радиоларымыз оны бере алмай-ақ келедi, көңiлсiз, қызықсыз, театрланған таратылымдар көрермендi де, тыңдарманды да ығыр қылған. Бiздiң электрондық БАҚ-тарымыз ауылдық жастарға арналған ғана хабар әзiрлейдi, ал оның өзiн ауыл жастары қарай ма, қарамай ма, онымен ешкiмнiң шаруасы жоқ. Қазақтiлдi таратымдардың рейтингiсiмен де кiм айналысып жүргендiгi беймәлiм. Бұл саладағы қазақтiлдi журналистика бетiмен кеткендей әсер бар. Сөйтiп, батысшыл ақпарат былығынан жастарды осылайша «қорғағымыз» келедi.

Қазiргi жастарды ештеңеден тыя алмайсың, оларды нәзiк түрде қақпайлап, өнеге көрсететiндей, өзгеден көшiрсек те өзiмiздiң өнiмдер болғанға не жетсiн! Мысалы, батыстық видеоклиптердi көрсете отырып, оларды ди-джейлерiмiз қазақша түсiндiрiп, өз үнiмiзбен сипатымызды берiп отырсақ, несi айып. Оны бәрiбiр жерсерiк жүйесi арқылы көредi, тыйым салу мүмкiн емес. Онан да тамаша ди-джейлер әзiрлеп, солардың сүйкiмдi қылықтарымен берiп отырса, талай нашар да батыстық есiрiк видеоклиптердi көрiп отырған жастар бәрiбiр қазақы қалыптан шықпайды, оны тек қызық үшiн қарайды да, жастарымыз өзге тiлдiң ықпалында қалмас едi. Кiм бiлсiн, бiздiң бұл пiкiрiмiз, бәлкiм, әдiлетсiз болар, бiрақ оңтүстiктегi жастарымыз бәрiн қойып, өзбектердiң телеарнасына көшкенiне қарағанда ойланарлық жағдайдың туғаны. Ал, дәл сондай жағдай батыс пен солтүстiктегi жастарымыздың өмiрiне енгелi қашан, ендi шығысымыздағы жас ұрпақтың Қытайға бет бұруы қалды ма? Сонда ұлттық ақпараттық кеңiстiк 15 жыл бойы қалыптасып үлгермегенi ме?

Шын мәнiнде өзбектiк шоу-бизнес бiзден жоғары, оған басты себеп –продюсураны шебер меңгергендiгi. Тiптi, әншiлерiмiздiң көбiне өзбектер клип түсiрiп беретiндiгi, олардың қолының арзандығынан ғана емес, өзбек ағайындардың бұл процестi жақсылап жолға қойғандығынан. Ал, бiздегi продюсура кеңестiк қазақконцерттiк әкiмшiлiктен әрi аса қойған жоқ. Сондықтан өзбек ағайындардың телеарнасын көрiп отырған қазақтар өзбектенбейдi, қазақы намысқа тырысып, өздерiнiң осындай дүниелерiн жасауға ұмтылады, әрине, егер жағдай жасалса.

Бұл мәселеде кешегi қазақтардың видеоклиптерiнен түскен түсiм бүгiн өзбектердiң жастарға арналған телеарнасының шығуына алғышарт болып жатуы құпия емес екенiн ескеру керек. Ал, ағыл-тегiл ақшаны ұқсата алмай отырсақ, ол үшiн өзбек ағайындарды кiнәлап, олардан ат-тонымызды ала қашу жөнсiз. Тiптi, қазақ бола алмай орыстана бастағаннан гөрi түркiнiң бiр бұтағы болып табылатын өзбектенгеннен не ұтыламыз деген пiкiрдiң туындайтыны да рас. Мiне, мәселе қайда жатыр! Сондықтан кез келген мәселенi үстiртiн бағалаудан гөрi оның тамырын аршу сол мәселенi шешудегi алғышарт болмақ.

Оңтүстiк қазақтарының өзбек теледидарын қарауының екiншi бiр жағында жалпытүркiлiк бiрiгу мүддесiнiң пайда бола бастағанына куә болып отырмыз. Орталық Азия одағы туралы көп айтып жүрген бiздермiз – қазақтар. Экономикамыз да шүкiр етуге тұрарлық. Ендеше, жуырда ғарышқа шығарылмақшы жерсерiктiң мүмкiндiгiн пайдаланып, неге түркiлерге ортақ радио-теле арна ашпаймыз. Оған қазақ та, түрiк те, өзбек те, татар да, қырғыз да, саха да, алтай да, балқар да т.б. 40-қа жуық түркiлердiң қыруар өнерiн әлемге паш ететiндей жалпытүркiлiк мүмкiндiк берсек, бұл қазақы жалпақшешейлiк емес, қазақ халқының шын мәнiндегi түркiлiк қара шаңырақты ұстап отыруының көрiнiсi болар едi. Бұл бұйығы жатқан түркiлердiң iшкi әлеуетiн оятып, оларды өз ара қыжылға емес, шынайы жарысқа шақыратын және бүкiлтүркiлiк жас ұрпақтың бiрiгуiне бастайтын мүмкiндiк болар едi. Сөйтiп, Қазақстан түркiлердiң қазiргi заманғы жаһандануға қарсы ақпараттық иммунитетiн жасақтауға үлес қосар едi. Мұндай жобаны iске асыру түркiлiк қара шаңырақты ұстап отырған қазақтың бiрден-бiр мiндетi. Сонда түркiлер бiр-бiрiне бәсекелес емес, бiр-бiрiн толықтырушы этноқауқарға айналады. Ал, қазiргi күйiмiз – «бөлiнгендi бөрi жейдiнiң» кебi ғана.

Елсерiк