АСПАН АСТЫНДАҒЫ АЖДАҺА ЕШКIМГЕ ҚАУIП ТӨНДIРIП ОТЫРҒАН ЖОҚ. ӘЗIРГЕ...

АСПАН АСТЫНДАҒЫ АЖДАҺА ЕШКIМГЕ ҚАУIП ТӨНДIРIП ОТЫРҒАН ЖОҚ. ӘЗIРГЕ...

АСПАН АСТЫНДАҒЫ АЖДАҺА ЕШКIМГЕ ҚАУIП ТӨНДIРIП ОТЫРҒАН ЖОҚ. ӘЗIРГЕ...
ашық дереккөзі

Қытай мен Орталық Азия елдерi, Қытай мен Оңтүстiк-Шығыс Азия мемлекеттерi, Қытай мен Ресей, Қытай мен АҚШ, Қытай мен Жапония, Қытай мен Үндiстан… Экономикалық және саяси тұрғыда әлемдiк деңгейге ұмтылған аспан асты елiнiң дұшпаны мен досы кiм? Айбынымен әлемдi ықтыруға күш салған алып аждаһаның осал тұсы мен күштiлiгi неде?

АҚШ-ты өзектен тептi…

Пекин Вашингтонмен арадағы қатынаста пiкiр қайшылығына жиi барып жүр. Ұлттық саясатын ғасырлар бойы жүргiзiп келе жатқан аспан асты елi Американы Орталық Азия аймағынан ғана емес, жалпы Азия кеңiстiгiнен шетке ысыруды көздейтiн сияқты. Үстiмiздегi жылдың тамыз айында Лаостың астанасы Вьянтьяндағы азиялық мемлекеттердiң Сыртқы iстер министрлерi жиналған кездесуде Пекин Американың қатысуынсыз өтетiн алғашқы үлкен басқосу өткiзуге ұсыныс жасады. «Шығысазиялық саммит» деп аталатын бұл iрi кездесу Малайзияда (Куала-Лумпур) 2005 жылдың желтоқсан айына жоспарланған болатын. Қытай, Жапония, Оңтүстiк Корея, Үндiстан мен Жаңа Зеландия, Австралия секiлдi Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерiнiң ассоциациясына (АСЕАН) мүше жетекшi мемлекеттер өкiлдерiнiң басын қосатын бұл шара – саяси және экономикалық тұрғыда Ақ Үйге төнген тағы бiр қауiп. Пекин бастамашы болған саммитке «Вашингтонды тым болмаса, бақылаушы ретiнде қатыстыру керек» деген Токио ұсынысы қабылданбады. Шындығына келгенде, саммитке қатысатын елдердiң барлығы аспан асты елiнiң қабағынан қаймықты. Қытайдың АҚШ-ты саммитке қатыстырмау туралы ұсынысына қарсы келуге батпаған Индонезия мен Малайзия Вашингтонның Малакка шығанағына бақылау жасауға қатысты жасаған өте тиiмдi ұсынысынан бас тартуға мәжбүр болды. Ал «таз ашуын тырнадан алдының» керiн келтiрген америкалық сарапшылар АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысын кiнәлап әлек: «Кондолиза Райс командасының әлсiздiгiнiң кесiрiнен Қытай АҚШ-ты Шығыс Азия аймағынан оп-оңай қуып шығады». Бастапқыда сауда және экономикалық қарым-қатынастарға қатысты мәселелер талқыланады деп күтiлiп отырған саммиттiң басты мақсаты – Пекиннiң әлемдiк деңгейдегi саяси және экономикалық ықпалын барынша күшейту. Бейресми деректерге сүйенген қытайлық мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдары 2006 жылғы II саммитте талқыланатын тақырыптар ауқымы кеңейтiлiп, әскери және саяси ынтымақтастық проблемалары қосылатындығын хабарлады. Саммитке қатысатындардың кеңесе келе, шартты түрде «Шығысазиялық қауымдастық» («East Asian Community») деп атаған шара мақсаты ойдағыдай жүзеге асса, аспан асты елiнiң уысында болатын жаңа бiр аймақ (Оңтүстiк-шығыс Азия мен Орталық Азия) пайда болмақ. Әрине, «майлы жiлiк» жолындағы күресте өлiспей берiспеске бекiнген Вашингтон қолдан келген бар кедергiнi жасап бағары сөзсiз. Бұл дегенiңiз – саяси бәсекеден тұратын тағы бiр ойын мен мүдделер қақтығысының басталуы. Америкалық сарапшылардың «жарғақ құлағын жастыққа тигiзбеген» басты мәселе: бiр кездерi «Кәрi құрлық пен Американың қолындағы әлемдiк билiктiң тiзгiнi ерте ме, кеш пе Азияның қолына өтедi» деп жасаған болжам жайлап болса да, расталып келедi.

«Кремльдiң жеңiлтектiгi…»

Экономикалық деңгейiнiң қарыштап дамуы саяси және дипломатиялық қарым-қатынастарда Пекиннiң маңызын арттыра түседi. Қытай, тiптi, ретi келсе, Тынық мұхиттың батыс бөлiгiне үстемдiк еткен АҚШ-тың қолындағы билiктi тартып алудан да тайынбайды. Американың Орталық Азия аймағындағы ықпалын әлсiрету – өздерiнiң ортақ мүдделерi екендiгiн Пекин мен Мәскеу тiптi жасырмайды да. Алайда сырттай жылы әрi достық байланыс орнағандай көрiнетiн Ресей мен Қытай арасындағы қатынас ширығып барады. Басты пiкiр қайшылығына идеология жөнiндегi мәселелер мен шекараға қатысты дау себеп болған. Халықаралық «Oxford Analytica» сараптамалық компаниясының маманы Грэм Хатчингз Қытай мен Ресей арасындағы «стратегиялық серiктестiк» қатынас кейiнгi кездерi коммерциялық серiктестiкке қарай ойысып бара жатқанын және мұның соңы екi ел арасындағы байланысқа керi әсер етуi мүмкiндiгiн айтады. Ал Пекиндегi Әскери ғылымдар академиясының полковнигi Ляй Бин Гонконгтағы «Asia Weekly» журналына берген сұхбатында: «Аса жоғары технологиямен жабдықталған қаруы бар iрi және күштi қарсылас Қытайдың ұлттық тәуелсiздiгiне, территориялық тұтастығы мен ұлттық бiрiгу мiндетiне үлкен қауiп төндiредi. Сондықтан ресейлiктермен бiрiге отырып өткiзген әскери жаттығулардың («Бейбiтшiлiк шарасы — 2005» – Н.Ж.) маңызы өте зор» деп мәлiмдедi. Полковниктiң «iрi және күштi қарсылас» деген емеурiнiнiң астарында АҚШ-ты айыптаған зiл жатыр. Аспан астындағы алып аждаһа орталықазиялық аймақтағы «күлшелi балаларды» бауырына тартуға жанталасып жатқанда Ресейдегi Ұлттық стратегиялық институттың президентi Станислав Белковский «Орталық Азия елдерi күшi азайған Ресейден сырт айналып, керiсiнше, қуатты Қытайдың қолтығына кiруге мүдделi» деп «отқа май құя түскендей» болды. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, Өзбекстаннан НАТО әскерлерiнiң шығарылуы Ресейдiң әлемдiк ықпалын арттыруға емес, керiсiнше, әлсiретуге әсер етедi. Себебi, «халқының саны аса көп әрi экономикалық потенциалы жоғары Қытай Ресейдiң Орталық Азиядағы ықпалын күшейтуге кедергi жасайды және бәсекелес әрi қарсылас ретiнде үлкен қауiп төндiредi. Қытай орталықазиялық аймақтағы барлық кен орындарын құлшыныспен игере отырып, өзiмен бәсекеге түсуге қауқарсыз Орталық Азия мемлекеттерiн отарлап алмақ» (Ресейдегi Халықаралық еуразиялық қозғалыстың жетекшiсi А.Дугин). Сондықтан аспан асты елiмен «тонның iшкi бауындай» араласу қауiптi. «Таяу Шығыстан айырылып қалмауға жанталасып жүргенде, Қытайдың қол астына қалай кiргенiмiздi байқамай қаламыз әлi» деп күйiнген ресейлiк сарапшы Андрей Пионтковский оңай олжаға тез арбалатын Кремльдiң саяси жеңiлтектiгiн сынға алады.

«Вашингтон тұрақтылыққа қауiп төндiруi мүмкiн»

Негiзi «Қытайды халықаралық қатынаста өркениеттi жүйеге жеткiзудi көздейтiн» (Роберт Зеллик) Ақ Үй аспан асты елiмен теке-тiреске түсуге аса құлшынып отырған жоқ. Өйткенi, мұндай теке-тiрестiң Вашингтонға тиiмсiз екенiн бiледi. Дәл қазiргi халықаралық ахуалдың жиi өзгерiске ұшырайтынын әрi оның тұрақсыздығын ескерсек, дүние жүзiне ықпалды мемлекет мәртебесiн сақтап қалу аса жоғары деңгейдегi күштiлiк пен пәрмендiлiктi, қуаттылық пен қаржыны талап ететiнi анық. Сондықтан Буш әкiмшiлiгi «бүгiнгi «аса жоғары деңгейдегi әскери дайындық соңы АҚШ-тың әлемдiк держава мәртебесiн сақтап қалуға ықпал ететiн ресурстарын түгеседi» деп қауiптенедi. Американың Қытаймен арадағы тепе-теңдiгiн Жапония, Корея мен Тайвань (аспан асты елiнiң ескi жаулары) жүргiзiп отырған белсендi саясат арқылы сақтауға мүмкiндiгi бар. Сондықтан Пекиннiң түн ұйқысын төрт бөлетiн жалғыз қаупi – АҚШ тарапынан жасалынып жатқан әскери және дипломатиялық қысым емес, Қытайдың экономикалық және саяси тұрақтылығына керi әсер ететiн бiр әрекеттер.

Жапондардың бетiне салық болған шiркеу…

Азиялық аймақтағы екi алпауыт ел – Жапония мен Қытай туралы сөз қозғағанда тарих қойнауына бiр үңiлмеу мүмкiн емес. Негiзi бүгiнгi ұрпақты қытайлар жапондарға деген өшпендiлiкпен тәрбиелеп жатыр: жапондар – кезiндегi уақытша әлсiздiктi пайдаланып, қытайлардың жерiн тартып алған озбыр, аспан асты елiнiң ар-намысын аяққа таптаған қорқау т.б. Әрине, 19 ғасырдың ортасы мен 20 ғасырдың басы – Қытайдың қарапайым халқы үшiн жапондар мен еуропалықтардың қытайлар сүйегiне қара таңба салған өте ауыр кезең. Бiрақ Батыс қытайларды тек тонау арқылы пайда табумен шектелсе, ел территориясына дендей енген жапондар қытайларды ұлт ретiнде жер бетiнен жойып жiберуге күш салған болатын. 1894-1895 жылдардағы және 1937-1945 жылдардағы Жапонияның Қытайға қарсы ашқан екi соғысы соның дәлелi. Осы соғыстардың кесiрiнен қазан мен ұрпақ жаңарту мүмкiндiгiнен қағылған қытайлардың жапондарға тiсiн қайрауы тегiн емес. Өйткенi, аспан астындағы алып аждаһа мен Оңтүстiк Азияның өзге елдерiне күштеп енуге әрекет еткен Жапония ұлттық мүддесiн көздей отырып, отаршылдықты ұстанған билiктiк жүйенi бұзуға талпынған едi. Жапония премьер-министрi Дзюнъитиро Коидзумидiң Токиодағы Ясукуни шiркеуiне бiр емес, бiрнеше рет бас сұғып, Жапонияны азат ету жолында (жоғарыда аталған екi соғыста) қаза тапқан әскерлердiң әруақтары үшiн дұға қылуы да қытайлардың әлi бiтiп үлгермеген жарасына тұз сепкендей әсер еткен. Алайда, қазiргi заманның талабына бейiмделуге мүдделi қытайлар ескi дау-дамай мен өкпе-ренiштiң бәрiн ұмытып, Токиомен татуласуға бар. Бұл туралы қытайлық шенеунiктер 2002 жылы арнайы мәлiмдеме жасаған болатын. Есесiне, Жапония Пекиннiң ұсынысы мен Қытайдың ұзақ уақыттан берi Вашингтон қолдауынан бас тартуға қатысты жасап келе жатқан қысымын шыбын шаққан құрлы көрер емес. Керiсiнше, мұндай бейбiт ұсыныстан кейiн қытайлардың жүйкесiн жұқартқан Ясукуни шiркеуiне жапондық билiк басындағылардың бiрiнен кейiн бiрi бас сұғып, кезiнде қытайларды бауша сұлатқан әскерлер үшiн дұға қылуы жиiлей түстi… Сарапшылар пiкiрiнше, екi тарапты да қиын жағдайға қалдырған ауыр кезең ендi басталды. Оның үстiне, Жапония да, Қытай да халықтың тұтынушылық сұранысы мен елдiң өндiрiсiн қамтамасыз ету үшiн шикiзатқа зәру. Ал кейбiр экономистердiң пiкiрiнше, Пекин мен Токио арасындағы өзара бәсекелестiк соңы аспан асты елiнiң жеңiсiне ұласып, Қытай мұнай шикiзатын пайдалану мәселесiнде АҚШ-тан кейiнгi екiншi орынға көтерiледi.

«Сен тимесең, мен тимен бадырақ көз»: Үндiстан…

Негiзi Қытай мен Үндiстан арасындағы саяси ойынға АҚШ-тың да қатысы бар. Өйткенi, Үндiстанның тәуелсiздiк алғалы бергi дипломатиялық дәстүрiнде билiк басындағыларға алпауыт елдердiң барлығымен де тепе-теңдiктi сақтауға үндейтiн хатқа жазылмаған заңы бар. Әлемдiк энергетикалық ресурстар мен теңiз арқылы жүк тасымалдайтын аса маңызды маршрутқа ие әрi Үндi мұхитының қожайыны саналатын Үндiстанмен аспан асты елi де көп жағдайда санасуға мүдделi. Алайда, Қытайдың өз бетiнше әлемдiк сахнаға жұлқына шығуына Жапония, Корея мен Тайвань сияқты көршiлерi кедергi. Оның үстiне, аспан асты елi Қытайдың геосаяси ахуалын шиеленiстiре түсу үшiн қолдан келген бар қайранын аянып қалмайтын ондаған мемлекеттiң қоршауында отыр. Ал Үндiстанның алпауыт елге айналуына «ауылы аралас, қойы қоралас» жатқан мемлекеттердiң әлсiздiгi мен қауқарсыздығы тұсау салады. 1998 жылы Үндiстан солтүстiктен қысым жасайтындардан қорықпайтындығын және Үндi мұхиты тарапынан келетiн (оңтүстiк жақ) қауiппен күресуге бел буғандығының белгiсi ретiнде ядролық жарылыс жасады. Сондықтан, бүгiнгi таңдағы Үндiстан қашық радиусқа әрекет ететiн зымырандар мен үндiмұхиттық әскери флотын құруға бел шеше кiрiстi. Вашингтон ресми Делидiң саяси батылдығы мен өктемдiгiне алаңдаушылық танытқанмен, стратегиялық тұрғыдағы басты назарын өте жылдам дамып келе жатқан Қытай мен оның авторитарлық саяси жүйесiне қарай аударып отыр. Осы себептен Үндiстан жақын болашақта Қытайға төтеп беру мақсатында өзге елдермен бiрiгуге құлшыныс бiлдiре қояры күмәндi. Халықаралық сарапшылар пiкiрiнше, «бетегеден биiк, жусаннан аласа болу» қағидасын ұстанатын Үндiстан Қытайдың көлеңкесiн саялай жүрiп дамуға және ұлттық мүдделерден құралған өзiндiк ықпалын арттыруға күш салады. Сырт қарағанда, аспан асты елi Оңтүстiк-Шығыс Азия аймағындағы Үндiстан ықпалының артып келе жатқанына аса алаңдамайтын сыңайлы. Жуырда Қытайдың Үндiстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi үндiлердi Малакка шығанағындағы қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге үндедi. Демек, Оңтүстiк-Шығыс Азия аймағындағы «үлкен ойынға» Делидiң араласуы «әлемдiк держава» мәртебесi үшiн таласқан аспан асты елiне айтарлықтай әсер етпейдi: Қытайдың басты бәсекелесi мен қарсыласы – Үндiстан емес, АҚШ пен Жапония.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ