ЧЕШЕНСТАНДАҒЫ САЙЛАУ

ЧЕШЕНСТАНДАҒЫ САЙЛАУ

ЧЕШЕНСТАНДАҒЫ САЙЛАУ
ашық дереккөзі

Кремльдің көзбояушылдығы мен екіжүзділігін әшкереледі…

Сол күні папахаларын шекелеріне қисайта киген чешендердің ер-азаматтары халық әндерін аккардеонда сайратып, әйелдер қауымы жандарын сала биледі. Алайда соңғы 8 жылда алғаш рет өткізіліп отырған парламенттік сайлауды бүкіл әлемге елдің саяси ой еркіндігі мен талап-тілегі ретінде көрсетуге тырысқан Кремль халқының 70 пайызы жұмыссыз сенделген, сіңірі шыққан кедейшілік пен сүреңсіз тірлік титықтатқан Чешенстанның «сырты – бүтін, іші – түтін» екендігін сырт көзден жасырып қала алмады…

Кремльдің көзбояушылығы

Жүздерінде шаршаңқылық пен мұң, үрей мен кейіс қатар алмасқан чешендер сайлау учаскелерінің алдында бүрсең қағады. Көліктен түскен бетте оларға қарай лап қойған шетелдік журналистер: «Кімге дауыс бересіз?», «Жаңа парламенттен не күтесіз?», «Путин туралы пікіріңіз?», «Соңғы 11 жыл ішінде 2 рет соғыс өрті тұтанды, чешен халқы орыстармен достық қатынас орната ала ма?», «Егер орыстармен келісімге келсе, көптен аңсаған тәуелсіздігі адыра қалмай ма?»… деп сұрақтарын қарша боратты. Әрине, көп сұрақ жауапсыз қалды. Өйткені, тау халықтарына ғана тән аса маңғаздықпен әрі ұстамдылықпен сөз саптауға талпынған чешендер көбінесе армандары мен үміттерімен ғана бөліскен еді. Тәуелсіздік алуға ұмтылған ержүрек чешен халқын «аяқ астынан» демократиямен «жарылқай» қалған Кремль 2005 жылдың 27 қарашасы күні Чешенстанда парламенттік сайлау өткізді. Бұл сайлау Чешенстанға соңғы 8 жылдан бері алғаш рет өз парламентін өзі жасақтауға мүмкіндік берді. Осы кезге дейін чешендер еліне үлкен қауіппен әрі қорқынышпен қарап келген ресми Мәскеу парламент қызметін атқару міндетін арнайы тағайындаған Мемлекеттік кеңеске жүктеген болатын. Путин әкімшілігі парламентті жасақтау арқылы Чешенстанның Ресей Федерациясы құрамында болу мәселесінде туындайтын кедергілерді бейбіт жолмен шешудің алғашқы қадамы ретінде қарастыруда. Жергілікті билік өкілдері парламенттік сайлау әлеуметтік ахуалы тоқырап қалған елдерінің әлемдік сахнадағы сүреңсіз имиджін өзгретуге ықпал етеді деп үміттенсе, көтерісшілер, керісінше, көзбояушылық ретінде бағалап отыр. Алайда, соған қарамастан олар өз үміткерлерін ұсынды. Сайлауға Дудаев пен Масхадовтың 9 жақтасы қатысқан болатын. Олардың арасында Ичкерияның Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы бастығы Ибрагим Халтыгов пен бұрынғы Қорғаныс министрі, дивизиялық командир Магомед Хамбиев бар. Бұған жерден жеті қоян тапқандай, бөркін аспанға ата қуанған Кремль: «Сайлау әділ әрі ашық бәсекелестікпен өтті» деп жарияға жар салды.

Чешенстанның Ресейсіз күні қараң ба?..

Дауыс беру барысында сайлаушылардың көпшілігі «Единая Россия» партиясын, РФ президенті ВВП-ның партиясын, мәскеулік бағытты ұстанатын көсем Рамзан Қадыровтың партиясын қолдайтындықтарын айтқан. Сайлауды бақылауға қатысқан БАҚ өкілдерінің айтуынша, кейбір сайлау учаскелеріндегі қызметкерлер саны сайлаушылардан бірнеше есеге асып кеткен. Кремль дауыс берушілердің саяси белсенділігінің төмендігін «Чешендердің көпшілігі фермаларда жұмыс істейтіндіктен, сайлауға таңертең ерте келіп, дауыс берді» деп түсіндірген. Сайлау күні Чешенстанның жасыл-ақ-қызыл түсті туы Ресей туымен бірге ілінді. Ал жарнамалық плакаттардан чешен халқының қазіргі кремльдік бағыттағы президенті Алу Алхановтың Владимир Путиннің қолын құлшына сілкілеп, оған ақсия күліп тұрған суретін жиі көруге болатын. Осындай плакаттардың бірінде: «Мен – чешенмін, сіздердің азаматтарыңызбын!» деген жазу бар. Өз кезегінде чешендер елін Ресейдің ажырамас бір бөлігі ретінде көрсетуге тырысқан Кремль әлемдік жұлдыздардан да қаржыны аямады. Сайлаудан сәл-ақ күн бұрын шоу-бизнесте аттары шыққан ресейлік жұлдыздар мен дүние жүзіне танымал боксер әрі сотқа тартылған зорлаушы Майк Тайсон қонақта болып қайтыпты. Ал «Единая Россия» партиясының жақтасы Сулумбек Исмаилов: «Чешенстанның тәуелсіздікке ұмтылған алқашқы екпіні басылып қалды. Мұның себебін түсіндіру оп-оңай — Чешенстанның Ресейсіз күні қараң» деді.

Жершілдік пен жікшілдік

Сайлауалды кампанияда ешқандай үміткер сайлауалды бағдарламасын ұсынған жоқ, алға қойған мақсаттары мен міндеттері туралы да тіс жармады. Есесіне, алауыздық тудырған жершілдік пен рушылдық басты рөл атқарды. Вице-премьер Қадыровтың айналасындағылар оның президенттік таққа отыруына мүмкіндік беретіндей жағдайларды жасауға жанталасты. Ал қарапайым халық арманы – бейбітшілік. Мұны сайлау учаскелерінің ғимараттарына ілінген «жетім қыздың жасауындай» жалбырап тұрған плакаттар дәлелдейді. Кеңестік дәуір стилінде дайындалған жарнамалардағы қолындағы тігіп отырған бәтеңкесін төбесінен асыра көтеріп, қуанышты жүзін жасыра алмаған етікші, даладағы егін алқабын құрт-құмырсқадан қорғау үшін тыңайтқыш сеуіп жатқан егінші, зәулім ғимараттарға масаттана қараған құрылысшы, Чешенстанның байлығы мен сұлу табиғаты туралы балаларға сыр шерткен жас ұстаз… дәл қазіргі Чешенстанның тұрмыс-тіршілігі кезіндегі әсем де бейбіт өмірден мүлде алыс жатқандығын айқындап тұрған еді: жолдардың шеттерінде 2000 жылы ресейлік әуе күштері төпелеткен жарылғыштардан қаңқасы ғана қалған көпқабатты үйлер, түгі қалмай қираған зауыттардың ғимараттары…

Аналардың арманы — бейбітшілік

Сағат таңғы 8-дер шамасында ит жетектеген әскерилер №248 сайлау учаскесінің маңайын сүзгіден өткізді. Арада 10 минуттай уақыт өткенде Чешенстан президенті дауыс беруге келді. Қаумалаған журналистер қауымына кімге «бүйрегі бұратынын» Алханов ашып айтпады: «Дауысымды лайықты партияның лайықты үміткеріне бердім». Жаңа парламент алдында өзіне сенім білдіру туралы мәселе көтеру де президенттің үш ұйықтаса, түсіне кірмеген: «Ешқандай жоспарым жоқ. Мені халық 4 жылға сайлаған». Дауыс беріп болғаннан кейін Грозныйға қарай бет түзеген Алхановтың кортежі жарты жолда қаңтарылып тоқтап қалады. Оған себеп: инженерлік бақылаушылар президенттің жүрер жолынан аса қуатты 2 бомба тауып алған. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік өкілдерінің айтуынша, көтерілісшілер тарапынан мұндай кедергілер мен қауіп күтілген көрінеді. «Единая Россия» тізімінде ең бірінші тұрған Дуквах Абдурахманов жаңа парламенттің алдында тұрған өзекті мәселе Чешенстандағы азаматтық соғысты тоқтатуға ықпал ететін бейбітшілік туралы құжатты қабылдау екендігін айтады. Сонымен сайлауда кремльдік партия – «Единая Россия» басым дауысқа ие болды. Көп уақыттан бері алғаш рет өткізіліп отырған бұл сайлауды алыс-жақын шет елдер «заңсыз өтті» десе, чешен көтерілісшілері «көзбояушылық» дейді. «Күш қолданып, қысым жасай отырып, сайлау өткізу – фарс» деп сынаған Мәскеудегі Хельсинкилік топтың құқық қорғаушылары Кремльді келеке етті. Есесіне, Чешенстан үкіметі басшысының орынбасары Рамзан Қадыров үміткерлер тізіміне барлық партия өкілдерінің енуін қамтамасыз етті. Ал Чешенстанда жұмыс істеп жатқан Еуропалық Кеңес өкілдері дауыс беру күні елде тыныштық орнағанын айтады. «Парламенттік сайлаудың аса жоғары деңгейде ұйымдастырылуы дауыс беру процесінің ашық та әділ өткендігіне кепілдік бола алмайды» (Рудольф Биндиг). Соңғы кездері түрлі сайлауларға бақылау жасаудан алдына жан салмай жүрген Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өз тарапынан бақылаушыларын жібермеді де. Есесіне, өткендерін еске алса-ақ, көздері жасқа шыланатын аналар қауымы саяси белсенділік танытуға тырысты: «Тұрмысымыз бұрынғыдай жақсарсын десек, дауыс беруге міндеттіміз. Отбасымен бірге болғанға не жетсін? Төрт құбылаң түгел отырып, риясыз күлгенге не жетсін!» Бірінің баласы соғыста қаза тапқан, бірінің баласы тұтқынға түскен, енді бірінің қызының арын орыс әскерилері аяққа таптаған аналар тілегі көл-көсір…

Президент неден қорықты?

«Солтүстік Кавказдағы шынайы билік түрлі құрылымдардан тұрмайды» деп мәлімдеген Еуропалық Кеңестегі Чешенстан мәселелері жөніндегі үйлестіруші әрі Швейцария парламентінің депутаты Андреас Грос Кремльдің «шашбауын көтеріп жүрген» Қадыровтың 5 мың күзетшімен жүретінін, сондай-ақ, Чешенстандағы адам ұрлау мен адам өлтіру әрекеттеріне тосқауыл қоя алмай отырғандығын сынға алды. Ал Алханов: «Сайлау еуропалықтар ұғымдағы «кіршіксіз», «таза», «әділ» деген сөздерге, халықаралық стандарттарға сәйкес келуі мүмкін емес. Бірақ ашық та әділ, демократиялық сайлау өткізу мақсатында қолдан келгеннің барлығын жасайтын боламыз» деп мәлімдеген. Дауыс беру процесі аяқталғаннан кейін Чешенстан президенті Алханов енді елде жергілікті атқарушы билік сайлауы өткізілетінін мәлімдеді. Ал 300 үміткер бақ сынасқан додаға 596 700 сайлаушы қатысты. Екі палаталы парламент 58 депутаттан тұрады. Чешенстан сайлау комиссиясының төрағасы Исмаил Байхановтың мәлімдеуінше, дауыс беруге халықтың 57 пайызы қатысқан. Заң бойынша, 25 пайызы қатысқан жағдайда ғана сайлау өткен болып есептелінеді. Алдын ала жарияланған сайлау қорытындысында «Единая Россия» партиясы басым дауысқа ие болды — 61,45 пайыз. Ал РФКП — 11,99 пайыз, СПС – 10,93 пайыз, «Яблоко» — 3,31 пайыз, «Евразийский союз» — 4,17 пайыз, «Родина» — 2,68 пайыз, ЛДПР — 1,61 пайыз, «Народная воля» — 1,15 пайыз дауыс жинады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ