БӘЙМЕНОВ ОҢТҮСТIКТЕГI САЙЛАУШЫЛАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТI

БӘЙМЕНОВ ОҢТҮСТIКТЕГI САЙЛАУШЫЛАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТI

БӘЙМЕНОВ ОҢТҮСТIКТЕГI САЙЛАУШЫЛАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТI
ашық дереккөзі

Бәйменов Леңгiр, Шымкент, Жетiсай, Шардара, Түркiстан, Жаңақорған, Шиелi және Қызылордадағы сайлаушыларымен жүздестi. «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметiнiң хабарлауы бойынша, Әлихан Бәйменовтiң Түркiстан, Жаңақорған, Шиелi кентiндегi кездесулерi қалыпты жағдайда өткен көрiнедi. Ал, Қызылордада кездесуге бөлiнген залдың төрттен бiрi спорт мектебi оқушыларымен толған. Әлихан Бәйменов билiк бұрынғыдай кездесу өткiзуге орын бөлiп беруден бас тартпайтындығын айтады.

— Алайда, кең сарайлардың бос тұрғанына қарамастан, Елбасыдан өзге үмiткерлерге мектеп залдарын бөлiп бередi, әрi оның тең жарымын мектеп оқушылары мен студенттерге толтырып қояды. Ал, олар қызу пiкiрталас кезiнде қол соғып немесе шығып кетедi, — дейдi ол.

Сондай-ақ, Әлихан Бәйменовтiң атына күйе жағып, қаралайтын ұрандармен айғайлап, кездесуге мүмкiндiк тудырмау оқиғалары да орын алыпты.

Сонымен қатар, президенттiкке үмiткер Әлихан Бәйменов үмiткерлердiң барлығына баспасөзде тең дәрежеде мүмкiндiк берiлмей отырғандығын айтады. Ал, Шиелi кентiндегi кездесуде «Ақ жол» партиясы мүшелерiне қатаң қысым көрсететiнi, партиялық газеттердi тасымалдау мен әкелуге кедергi келтiретiндiгi жайында шағымданған.

Қалай дегенмен де, президенттiкке үмiткер Бәйменов оңтүстiк өңiрлердегi 5000 сайлаушысымен жүздесуге мүмкiндiк алған.

* * *

Таяу күндерi ҚР Президенттiгiне үмiткер Әлихан Байменов Алматы қаласының жастарымен және “Азамат” қоғамдық қорының өкiлдерiмен кездестi. Оған жүз шақты адам қатысты. Кездесуде жастар саясаты мен бiлiм беру жүйесiне байланысты бiраз өзектi мәселелер сөз болды. “Ақ жол” партиясының жастар қанаты 2005 жылдың 17-қарашасындағы Халықаралық жастар күнiне белгiленген ҚР Президенттiгiне үмiткер Ә.Байменовпен болатын кездесудi ұйымдастыру шараларын жан-жақты талқылады. Сондай-ақ, осы күндерi Ә.Байменов “Ғибрат” қоғамдық ұйымы мүшелерiмен — көп балалы аналармен де кездестi. Кездесу барысында көп балалы аналарға қатысты мәселелер мен оларды шешудiң жолдарын қарастыру күн тәртiбiне қойылды. Ол: “Шыдамдылық пен даналық, қайырымдылық пен сезiмталдық, көнбiстiлiк пен түсiнiстiк — бұлардың бәрi тек бiздiң әйелдерге ғана тән қасиеттер. Сондықтан да олар бақытты өмiр сүруге тиiс” деп атап өттi. Кеш соңында қатысушыларға “Абыройлы өмiр үшiн” сериясымен шығарылған “Ақ жол әйелдерге” кiтапшалары табыс етiлдi.

Сондай-ақ, елде етек алған экологиялық және әлеуметтiк жағдайларға байланысты соңғы 10 жылда демографиялық қолайсыз ахуал қалыптасқаны байқалды. Адамдардың өмiр сүру ұзақтығы төмендедi, бала туу азайды, ана мен сәбидiң өлу деңгейi жоғарылап, денсаулығы нашарлай бастады. Осындай жағдайларға байланысты аналар мен балаларға қолдау көрсету мәселесi ерекше әлеуметтiк маңызға ие болды.

4 қарашада үмiткер Ә. Мұхамедияұлы iссапарын Оңтүстiк Қазақстан облысы мен Шымкент қаласына арнады. Жергiлiктi халық тұрғындарымен жылы кездесу жасай отырып, атбасын Леңгiр қаласының Төле би ауданындағы Төле би ескерткiшiне тағзым етiп, гүл шоқтарын қоюға арнады.

Леңгiр қаласында болған сайлаушылармен кездесуге шамамен 400- ден аса халық жиналды. Өзара қызу пiкiрталастың арқасында Байменовке оның саяси реформаларға, сайлауалды бағдарламасының әлеуметтiк блогына, сондай-ақ алдағы сайлаудың ашық өтетiндiгiне байланысты сұрақтар да қойылды. “Сайлауда жеңсеңiз, өз жұмысыңызды неден бастар едiңiз?” деген тұрғынның сұрағына президенттiкке үмiткер мырза, түптiң-түбiнде билiк халыққа қызмет етуi үшiн Конституцияға өзгерiс енгiзу керектiгiн атап айтты.

ЖАРМАХАН ТҰЯҚБАЙ ЕУРОПАРЛАМЕНТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ АЛЕХО ВИДАЛ-КВАДРОС РОКАМЕН КЕЗДЕСТI

Кездесуге сондай-ақ, Жармахан Тұяқбайды қолдау орталық штабы басшысының орынбасары Ораз Жандосов пен Еуроодақтың Қазақстандағы өкiлдiгiнiң басшысы Адриан ван деер Меер қатысты. Видал-Квадрас Рока мырза Қазақстанға Парламент Сенатының шақыруымен бiр аптаға келгендiгiн және елдiң ресми тұлғаларымен кездесетiндiгi жайлы әңгiмеледi. «Қазақстан халқы адам капиталы жағынан мол мүмкiндiкке ие. Керемет экономикалық болашағы бар. Осы мүмкiндiктердi жүзеге асыру қоғамды демократияландыру мен ашық және өркениеттi қоғам орнату жолындағы қол жеткiзген табысқа байланысты» дейдi еуропалық саясаткер.

Оппозиция лидерi Жармахан Тұяқбай Еуропа парламентiнiң өкiлiне президент сайлауы қарсаңындағы елдегi саяси жағдай жайында, мемлекеттiк органдардың сайлау туралы заңды өрескел бұзып отырғандығын айтты.

Видал-Квадрос мырза тәуелсiз газеттердiң тиражын заңсыз жою әрi үгiт-насихат материалдарын тартып алу фактiлерiне алаңдаушылығын бiлдiрiп, бұны әдiлетсiздiкке балады. Еуропараментариидi таң қалдырған мәселе — ел Парламентiнде оппозиция өкiлiнiң болмауы теледидар нарығындағы жағдай және сайлау комиссияларының құрамы.

Еуропалық өкiл бұл мәселелердi өз есебiнде назарда ұстайтындығын баса айтты.

ЖАРМАХАН ТҰЯҚБАЙ БАТЫС ӨҢIРДЕ ЖҮР

Оппозицияның бiрiккен үмiткерi Жармахан Тұяқбай елiмiздiң батысындағы үгiт-насихат сапарын жалғастыруда.

Жармахан Тұяқбайдың Батыс өңiрге сапары Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан басталды. Жаңаөзеннен кейiн ол Ақтау қаласына аялдап, Абай атындағы Мәдениет үйiнде кездесу өткiзген. Бұдан кейiн оппозицияның бiрiккен үмiткерi Атырау облысына ұшып кеткен.

Әлихан Бәйменов сияқты Жармахан Тұяқбай да сайлаушылармен кездесу барысында әдейi ұймдастырылған кедергiлеге тап болып отырған. Жармахан Тұяқбайды қолдау жөнiндегi Орталық штабтың баспасөз-қызметiнiң хабарлауынша, Алматыдан Маңғыстау облысына ұшу барысында құқық қорғау органдары үгiт-насихат материалдарын алып кетуге бөгет жасауға тырысқан. Дегенмен, Жармахан Тұяқбайдың сенiмдi өкiлдерi олардың заңсыз iстерiн әшкерелегеннен кейiн, жiберуге мәжбүр болыпты.

Ал, Ақтау қаласындағы кездесуде қолына микрофон ұстаған бiрнеше адам сахнаға шығып, оған қарсы ұрандармен айғайлай бастаған. Кейiн, регламенттi сақтамай, кезексiз сөз алып, өз бетiнше шуылға басқан. Бiрнеше микрофон жұмыс iстеп тұрғандықтан, бұл үмiткердiң сөз сөйлеуiне мүмкiндiк бермеген. Бiраздан соң микрофон iстемей қалып, Жармахан Тұяқбай сайлаушыларымен микрофонсыз тiл алысқан. Сөйтiп мұнда да бұзақылық фактiлерi орын алыпты.

«ЗЕРДЕ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫ ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ ӨРIСIН КЕҢЕЙТТI

«Зерде» қоғамдық қоры Қазақстанда тұңғыш рет «Зерде» кiтапханасына енетiн «Әлемдiк саяси ой антологиясын» қазақ тiлiнде құрастыру мақсатында әлем ойшылдары Жан-Жак Руссоның «Қоғамдық келiсiм немесе саяси құқықтың негiзi», Шарль Луи Монтескьенiң «Заңдар рухы туралы», Джон Локктың «Басқару туралы екi трактат», Карл Раймунд Поппердiң «Ашық қоғам және оның жаулары» атты еңбектерiн аудартып, жарыққа шығарды.

Философтардың айтуына қарағанда, қазақ қоғамы әлi күнге дейiн философиялык еркiн еңбектермен таныс емес екен. Бұл туралы философия ғылымының докторы, профессор Тұрсын Ғабитов былай дейдi:

— Қазақ тiлiнде төлтума философиялық еңбектер Орта ғасырларда ақын-жыраулардың толғауларында, Абайдың ғақлия сөздерiнде болған. Бiрақ, Кеңес Одағында қазақы философиялық ойлау тоталитарлық жүйенiң ықпалымен дамыды. Демек, қазiргi заман талаптарына сай қазақы философиялық ойлау бiзде әлi қалыптасқан жоқ. Бұл шығармалардың негiзгi мақсаты — қазақы философиялық ойлаудың өрiсiн кеңейту. Сол үшiн арнаулы түрде әлемдiк философтардың, саясаттанушы мен әлеуметтанушылардың арасынан демократиялық бағытта болған ойшылдарды таңдап алдық. Яғни, әлемдiк философияны қазақ тiлiнде сөйлетуге негiз жасау. Алдымен қоғам азат болу үшiн, оның санасы азат болуы керек.

«Зерде» қорының президентi Әлихан Бәйменов бұл шараны мемлекеттiк тiлдi дамытуда жасалып жатқан нақты бағыттардың бiрi дейдi.

— Қазақ тiлiн дамыту үшiн нақты iстер қажет. Бiр көңiлге демеу болатыны бiздiң осы бастамамызды жариялағаннан кейiн, мемлекеттiк «Мәдени мұра» бағдарламасына осындай да бағыт ендi. Бiз жариялағаннан кейiн, бiр жылдан кейiн мемлекеттiң «Мәдени мұра» бағдарламасы жасалды. Мемлекет бұл жерде өзiнiң кейбiр жеке бастамаларды қолдауға бейiмделiп келе жатқандығын көрсеттi. Бiрақ, бiздiң ұсынысымыз мемлекеттiк бюджеттен аударылатын еңбектер саяси цензурадан өтпеуi керек.Қазақ саясаткерлерi тек саяси науқанмен ғана айналыспай, ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлтшылдары секiлдi, ағартушылықпен де айналысуы керек.

Бiз бұл еңбектердi аудару барысында тек тiл маманы аудармашысын ғана емес, әрбiр еңбектiң аудармашысымен қоса ғылыми редакторды да қосып белгiледiк. Сондай-ақ, аудармашы мен ғылыми редакторды бiлiктi мамандар қатысқан таңдауда арнайы топ болды, — дейдi Әлихан Бәйменов.

Сондай-ақ, «Зерде» «Мәртебелi поэзия» атты ақындар шығармашылығы жинағының да тұсауын кестi. Бұл жинаққа Қазақстандағы таңдаулы ақындардың өлеңi енген.

Топтаманы дайындаған Есенгүл КӘПҚЫЗЫ