«Түркiстанның» арнаулы тiлшiсi Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ Бакуден хабарлайды: Әзiрбайжандағы Парламенттiк сайлау:

«Түркiстанның» арнаулы тiлшiсi Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ Бакуден хабарлайды: Әзiрбайжандағы Парламенттiк сайлау:

«Түркiстанның» арнаулы тiлшiсi Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ Бакуден хабарлайды: Әзiрбайжандағы Парламенттiк сайлау:
ашық дереккөзі

ЕҚЫҰ-да екi пiкiр…

Үстiмiздегi жылдың 6 қарашасында Әзiрбайжанда өткiзiлген парламенттiк сайлауға қатысты пiкiрталас пен дау-дамай әлi толастаған жоқ. Сайлау қорытындысына қатысты тақырыптың әзiрбайжандық және бұқаралық ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналу себебi Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы Парламенттiк ассамблеясының (ЕҚЫҰ ПА) президентi Элси Гастингенiң сайлау барысында көптеген заң бұзушылықтарға жол берiлгенi, мұндай келеңсiздiктер, әсiресе, дауысты санау кезiнде жиiлегенi және сайлау қорытындысына айтарлықтай керi әсер еткенi туралы мәлiмдеме жасауы болатын. Ал Гастингенiң бұл мәлiмдемесiнен сәл-ақ бұрын Еуропарламенттiк делегацияның басшысы Мари-Анн Ислер сайлаудың халықаралық стандарттарға сай өткiзiлгенiн, кейбiр ұсақ-түйек қателiктер кездескенiмен, айтарлықтай заң бұзушылықтардың болмағанын айтқан едi. Ислердiң бұл сөзiн толық қуаттаған Гастингенiң орынбасары, ЕҚЫҰ Парламенттiк ассамблеясының вице-президентi, Түркия Мәжiлiсiнiң депутаты Невзат Ялчынташ пен ЕҚЫҰ-ның ресейлiк тарапынан келген тәуелсiз бақылаушысы Игорь Борисов мырзалар сайлаудың демократиялық қағидаларға қайшы келмегенiн жеткiздi. ЕҚЫҰ ПА президентiнiң дабылына алаңдаушылық танытқан Ақ Үй әзiрбайжандық билiктен «дауыс беру процесiнде жiберiлген заң бұзушылықтардың себебiн анықтауды» талап еттi. Ресми Бакуге Вашингтонның «дұғай сәлемiн» жеткiзген АҚШ президенттiк әкiмшiлiгiнiң баспасөз хатшысы Адам Эрли Әзiрбайжанның сайлау жүйесi мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы үмiткерлердiң үгiт-насихат жұмыстарының жақсара бастағанын, тiркелген үмiткерлер санының артқанын, халықаралық бақылаушылардың көптеп қатыстырылғанын айта келе, АҚШ-тың қауiпсiздiк, экономикалық және саяси проблемаларға қатысты мәселелерде Әзiрбайжанмен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделi екендiгiн мәлiмдедi. Ұлттық мүддесi мен ЕҚЫҰ әлемдiк беделiн тепе-теңдiкте ұстауға талпынған Вашингтон он ойланып, жүз толғаннан кейiн ЕҚЫҰ ПА тарапынан сайлаудың халықаралық стандарттарға сай өткiзiлмегенi туралы айтылған сын-ескертпелердi жақтайтынын бiлдiрдi. Есесiне, орталықазиялық аймақтан келген халықаралық бақылаушылардың көңiлi жай. Миссия басшысы Владимир Рушайло: «Жер бетiндегi сайлаулардың ешқайсысының кiршiксiз таза болуы мүмкiн емес. Әрқашан кемшiлiктер, тiптi кейде заңды өрескел бұзушылықтар кездеседi. Әзiрбайжандағы сайлауда да заң бұзушылықтар болды, бiрақ олар сайлау қорытындысына әсер еткен жоқ». Сайлау барысын соңына дейiн жiтi қадағалаған Кремльдiң ресейлiк бақылаушылармен пiкiрi бiр. Кеше Әзiрбайжан президентi Ильхам Әлиевтi телефон арқылы құттықтаған РФ президентi Владимир Путин елдегi парламенттiк сайлауды демократиялық жолмен өткiзгенiне ризашылығын бiлдiрдi.

«Отбасылық» демократия

Халықаралық бақылаушылар өзара қырқысып жатқанда, Әзiрбайжанның саяси билiкке де, оппозицияға да сенуден шаршаған қарапайым халқының басым бөлiгi сайлауға қатысудан үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Бiздiң сайлау күнi және сайлаудан кейiнгi «Сайлауға қатыстыңыз ба?» деген сауалымызға алынған жауап «Инанмырам!» («Сенбеймiн!») болды. Айтпақшы, дауыс берушiлердiң саяси белсендiлiгi туралы да қызу пiкiрталас жүрiп жатыр. ЕҚЫҰ ПА «Сайлаушылардың небары 40 пайызы ғана дауыс бердi» десе, ТМД мен кейбiр батыстық тәуелсiз бақылаушылар «дауыс беру процесiне азаматтардың 60 пайызға жуығы қатысты» дейдi. Кейбiр сарапшылардың пiкiрiнше, биылғы сайлауда сайлаушылардың бармақтарына сия жағу арқылы дауыс бергiзу тәсiлi де азаматтардың саяси белсендiлiгiне керi ыпқал еткен көрiнедi.

Әзiрбайжан Орталық сайлау комиссиясының сайлау өткiзiлген күнi кешке алдын ала жариялаған ресми деректерiнде «Жаңа Әзiрбайжан» партиясының парламенттегi орындардың жартысынан астамына ие болғаны мәлiмделдi. Жеңiске жеткен үмiткерлер арасында Әзiрбайжан президентi Ильхам Әлиевтiң жұбайы Мехрибан Әлиева, елбасының туған ағасы Жалал Әлиев, орыс қауымдастығының басшысы Михаил Забелин бар. Ал оппозициялық күштер көсемдерiнiң барлығы да депутаттық мандаттан қағыс қалды. Елдiң экс-спикерi, радикалдық бағыттағы Демократиялық партияның төрағасы Расул Гулиев қарсыласы Еуропалық кеңестегi Парламенттiк ассамблеяның әзiрбайжандық делегациясының басшысы Самед Сеидовке есе жiберсе, оппозициялық «Мусават» партиясының төрағасы Иса Гамбар Баку қаласының полиция бастығының бауыры Магеррам Әлиевтен жеңiлiс тапты. Оппозиция өкiлдерi елдiң Орталық сайлау комиссиясының шешiмiмен келiспейтiндiктерiн, тиiстi орындарға шағымданатындықтарын мәлiмдедi.

Парламенттiк сайлау басталмай тұрып-ақ «билiкте төңкерiс жасауға ниеттенген» шенеунiктердi (сайлауға бiр апта қалғанда 12 шенеунiк) мемлекеттiк қызметтен аластатуға ден қойған Ильхам Әлиев Әзiрбайжанда «түрлi-түстi төңкерiстiң» болмайтынын, оған жол берiлмейтiнiн мәлiмдеген. Алайда «түрлi-түстi төңкерiстердi» жақтайтындар сайлау күнi қызғылт-сары түстi орамалды шарт буынып алып, сайлау учаскелерiнiң алдында жүрдi. Кейбiр етi тiрiлерi сәтi түскенде «төңкерiстiк жоспарлары» туралы журналистермен ой бөлiсiп те үлгердi. «Төңкерiс» мәселесi дауыс беру процесi аяқталмай жатып-ақ үрей туғызған. Сол күнi көптеген дүкендер ерте жабылып, көшеде адам аяғы ерте сиредi. Бұған дейiн шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған сайлаудан кейiн «қан қызыл төңкерiстiң» күтiлуi», «елдiң билiктiң күштеп тартып алуға дайын отыруы» туралы хабар әзiрбайжандық қоғамда саяси тұрақсыздық орнағандай әсер қалдырған. Бiрақ төңкерiстi аңсағандардың арманы орындалмады. Ал саяси додада шаң қауып қалған оппозиция өкiлдерi кеше Баку қаласының орталығында заңды түрде шеру үйымдастырды.

Сайлау қалай өттi?

Невзат Ялчынташ, Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы Парламенттiк ассамблеясының вице-президентi:

— Қасиеттi Құрбан айт мерекесiнен кейiн Әзiрбайжандағы демократиялық қағидалардан тұратын әдiл де ашық сайлау өттi. Әзiрбайжан бауырларымыздың дауыс процесiне аса жауапкершiлiкпен қарауы, олардың саяси белсендiлiгiнiң артып келе жатқаны көңiл қуантады. Оппозициялық бағыттағы үмiткерлердiң сайлауалды кампанияда құқықтарының аяққа тапталмауы қоғамда демократияның дами бастағанын көрсетедi. Әрине, техникалық себептерге байланысты бiрқатар кемшiлiктер мен заң бұзушылықтарға жол берiлгенмен, олардың сайлау қорытындысына әсер етпегенiн ешкiм жоққа шығара алмайды.

Игорь Борисов, Ресейдiң сайлау құқығы қоғамдық институының төрағасы:

— Сайлау барысы өте тыныш әрi заңдық талаптарға сай өттi. Дауыс беру процесiне дейiнгi «түрлi-түстi төңкерiстер», «әзiрбайжандық қоғамдағы тұрақсыздық» сияқты басқа да алып-қашпа әңгiмелер расталған жоқ. Қоян-қолтық жұмыс iстейтiн әрiптестерiмнiң бәрi де сайлауға дейiн де, кейiн де ұялы телефоныма тыныштық бермедi: «Әзiрбайжанда төңкерiс басталды ма, жоқ па?». Шынында да, қоғамда бiр қолдан жасалған ширығу бар едi. «Қызғылт-сары түстi төңкерiстiң» орын алуына мүдделi тараптар болды. Бiрақ олардың көздеген ойлары орындалған жоқ. Халықтың қалауынсыз ештеңе де жоғарыдан келген бұйрықпен iске аспайтыны анық. Ал билiк «Дауыс беру процесiнде азаматтардың саяси белсендiлiгi неге төмен болды?» сұраққа тез арада жауап тапқаны абзал. Өйткенi, Әзiрбайжан азаматтарының бестен бiр бөлiгiнiң сайлауға қатысудан бас тартуы, яғни билiктi де, оппозицияны да қолдамауы – саяси қарсылықтың бiр түрi. Мұның астарында әлеуметтiк проблемалар жатқаны белгiлi.

Искра Нейчева, болгариялық тәуелсiз бақылаушы:

— Менiңше, сайлау демократиялық жолмен өттi. Әрине, парламенттiк сайлауға Әзiрбайжан азаматтарының 100 пайыз қатыспауына бiрнеше фактор ықпал еткенi анық. Солардың бiрi, менiңше, саусаққа таңба салу. Алайда ресми деректерге сүйенсек, сайлауға қатысқандардың саны 60 пайызға жуық. Бұл өте жақсы көрсеткiш. Болгариядағы муниципалдық сайлауларға небары 40 пайыз сайлаушы дауыс берген. Демек, әзiрбайжандардың саяси белсендiлiгiн анықтайтын көрсеткiштi өте жақсы деп бағаласақ, қателеспеймiз. Оның үстiне, 2003 жылы қабылданған Әзiрбайжанның сайлау туралы кодексi сайлаулардың барынша ашық, таза және әдiл өткiзiлуiне кепiлдiк бередi. Сондықтан бұл тұрғыда Әзiрбайжан демократиялық қоғам қалыптастыру мәселесiнде үлкен қадамдар жасады.

Әли Жабраилов, «Жаңа саясат» блогының өкiлi:

— Сайлау бiрқалыпты әрi тыныш өттi. Техникалық себептерге қатысты ұсақ-түйек ескертулер мен қателiктер болмаса, айтарлықтай заң бұзушылықтар кездескен жоқ. Бұған дейiнгi сайлаулармен салыстырғанда, дауыс берушiлердiң саяси белсендiлiк деңгейi де жоғары болды. Бұл азаматтардың Отан алдындағы азаматтық борышын, жауапкершiлiкпен қарағанын көрсетедi. Менiңше, бұл сайлау бiздiң қоғамның демократиялық қағидаларға сәйкестеле бастағанын көрсетедi.

Сергей Марков, Ресейдiң Ұлттық стратегия жөнiндегi кеңесiнiң тең төрағасы:

— Парламенттiк сайлау халықаралық стандарттарға сай өттi. Әзiрбайжан демократиясы ендi дамып келе жатқан орталықазиялық аймақтағы мемлекеттер қатарында болғандықтан, салыстырмалы тұрғыда қарастырған жөн. Алайда үкiметтiк бағыттағы үмiткерлермен бiрге оппозициялық блоктар өкiлдерiнiң де тiркеуден өткiзiлуi, оларға бұқаралық ақпарат құралдарынан тең дәрежеде уақыт бөлiнуi саяси билiктiң реформалық қадамдар жасауға нық бекiнгенiн дәлелдейдi. Менiңше, сайлауда оппозицияның жеңiлiске ұшырауына басты себеп: оларда идея мен iс бiрлiгi жоқ. Қолдарында елдiң экономикалық, әлеуметтiк ахуалын жақсартуға мүмкiндiк беретiн, күн тәртiбiнде тұрған басты мәселелердi оңтайлы шешуге жағдай жасайтын стратегиялық жоспарлары да жоқ. Тағы бiр маңыздысы, әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен тәуелсiз бақылаушылардың қатысуы да Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы тарапынан алдын ала дайындалатын сайлаулар нәтижелерiне қатысты заңсыз қорытындыларын жоққа шығаруға мүмкiндiк бередi.

Дильбар Неврузова, дәрiгер:

— Сайлауға барған жоқпын. Себебi, сенбеймiн. Менiң жалақым 40 доллар. Күнi-түнi жұмыс iстеймiн. Шиттей бала-шағам бар. Оларды осы 40 доллармен асырау мүмкiн бе, айтыңызшы?

Рамин Сулейманов, такси жүргiзушiсi:

— Мен де, жанымдағы әрiптестерiм де дауыс беруге барған жоқпыз. Әдеттегiдей әдiлетсiз өткендiгiне сенiмдiмiз. Билiк те, оппозиция да халықты емес, өздерiнiң ғана қамын ойлайды. Оларға қалталарында ақша, тамақтары тоқ, көйлектерi көк болса, жетедi. Өздерiмен өздерi қырқыса берсiн.

Иса, дүкен сатушысы:

— Мен мамандығым бойынша заңгермiн. Жоғары бiлiмiм бола тұра неге нан сатып тұрмын мұнда? Ұрлық жасай алмаймын, амалсыз отбасымды асырау үшiн қандай жұмыс болса да, бас тартпаймын. Мамандығым бойынша жұмысқа тұрғым келген, 15 доллар көлемiнде пара талап еттi. Мен: «Жарайды, сұрағаныңды тауып берейiн. Бiрақ менiң 2-3 жыл қызмет етуiме кепiлдiк бересiң бе?» деген сұрағыма, «2-3 жыл түгiлi, 1 айға да кепiлдiк жоқ» деп мұртынан күлдi… Осы әдiлеттiлiк пе? Осыдан кейiн мен қалай сайлауға барып, дауыс беремiн? Депутаттыққа таласқандардың барлығы да ақшасы көп байлар. Соларды одан сайын байыту үшiн дауыс беруiм керек пе?

Гозал, студент:

— Сайлауға бiз бәрiмiз қатыстық. Менiңше, өте әдiл өттi. Президентiмiз Ильхам Әлиевке рахмет. Жағдайымыз жақсарып келе жатқанына қуанамын. Басқа ештеңе айта алмаймын…

Iлияс ата, жұмыссыз:

— Сайлаудың қалай өткенiн бiлмеймiн, қатысқан жоқпын. Бiлетiнiм: Ильхам Әлиев бюджеттен қаржыландырылатындардың барлығының жалақысын көбейтiп жатыр ғой. Бiрақ ол өмiр сүруге жеткiлiктi ме? Өте төмен жалақыға 1 манат қосып та, жалақыны «көбейтуге» болады… Жоғары оқу орнын бiтiрген үш немерем мен жоғары бiлiмдi келiнiм үйде жұмыссыз отыр. Балам такси жүргiзушiсi. Табатын пайдасы – болмашы тиын-тебен. Сайлауда жеңiске жеткен депутаттар әлеуметтiк проблемаларды шешуге мүдделi ме?

Джейхун, студент:

— Дауыс беруге барған жоқпын, бармаймын да. Өйткенi, ешкiмге сенбеймiн!

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ