Кемел тұлға, көшелі қайраткер

Кемел тұлға, көшелі қайраткер

Кемел тұлға, көшелі қайраткер
ашық дереккөзі
Кенжеғали Әбенұлы киелі Торғай топырағында дүниеге келген. Бұл қасиетті өңірден талай-талай тарландар, атақты азаматтар, тарихи тұлғалар шыққан. Алғашқы қазақ оқымыстыларының өкілдері және Алаш партиясының көсемдері осы Торғай өлкесінің перзенттері болатын. Солардың ішінде Кенжеғалидың өмірінде ұлт ұстазы атанған ұлы тұлға, аса көрнекті қайраткер, ғұлама ғалым, ақын, әдебиеттанушы, тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен рухани дүниесінің орны ерекше. Кенжеғалиды 7 жасында әкесі Сартүбектегі Ахмет Байтұрсыновтың әкесі, бабалары жатқан қорымға ертіп әкеліп: «Бұл жерде үлкен әруақты адамдар жатыр, ертең мектепке барып, мұғалім алдын көргелі отырсың, бабалардың рухы жебей жүрсін, Құран хатым етейік», – дейді. Құранның бір сүресін ұзақ уақыт оқып болып, қолын жайып: «Е, әруақ, менің мына кішкентай Кенжеғалиыма сүйеу болыңдар, желеп-жебеп жүріңдер, өздеріңнің рухтарыңа тапсырдым», – деп бетін сипап, шын көңілімен босапты. Баласының «Байтұрсын кім?» деген сұрағына: «Байтұрсын – Ахаңның әкесі ғой, Ахаңнан артық кім өткен бұл өмірде?!. Бүкіл қазақтың, бүкіл Алаштың, бүкіл халықтың Ахаңы ғой. Қалқам, сен осы Ахаң атаңдай болсаң арманым болмас еді. Болмасаң да ұқсап бақшы. Ол үшін оқуыңды жақсы оқы, балам», – дейді қазыналы қария, қамқоршы әке. Кенжеғалидың әке аманатына адал болып, үмітін ақтап, айтқанын абыроймен орындағанына бәріміз куәміз. Бүгінде ол өз қоғамының белді қайраткері. Қазақстан тәуелсіздігінің туын көтеріскен, оның экономикасының дамып, білімі мен ғылымының өсіп-өркендеуіне орасан зор үлес қосқан азамат. Атақ-даңқы туған жерден асып, алыс-жақын шетелдерде кеңінен тараған, еңбегін әлемнің белгілі ғалымдары мен ғылыми орталықтары мойындаған ғұлама ғалым. Енді осы абырой-атаққа қалай жетті, осы биік деңгейге қалай көтерілді, 80 деген сиқырлы жастың шұғылалы асқар шыңына қалай шықты – осы туралы біраз әңгіме шертіп көрейік. Кенжеғали Сағадиев аса көрнекті ғалым, оны үлкен биікке көтерген де, жарты әлемге танымал еткен де, асқан абырой-атақ әперген де, бүгінгідей ірі тұлға етіп қалыптастырған да оның ғалымдығы. Бес жүзден аса ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 50-ге жуық іргелі ғылыми монографиялар, кітаптар, оқулықтар мен оқу құралдары бар. Бірақ әңгіме жазылған еңбектің санында емес, ғылымға қосқан үлесінде, қоғамға тигізген пайдасында. Міне, осы талап тұрғысынан ғалым Сағадиев алдына адам салмайды. Оның негізі – ең алдымен Кенжекеңнің тума таланты, шексіз еңбекқорлығы, жалықпайтын ізденімпаздығы. Әр мәселеге байыппен, парасатпен қарап, ой-өрісімен өлшеп, осал жерін тауып, оны жетілдіруге ұмтылатыны. «Наука – истина, помноженная на сомнение» деген классикалық қағида бар. Кенжеғали осы қағиданы түсініп қана қоймай, оны күнделікті ойдағыдай іске асырып жүрген ғалым. Кезінде Кировтың атымен аталған ҚазМУ-де ғылымның уызымен ауызданып, Мәскеудегі ғылыми мектепте өз талантын шыңдады. Алғашқы ғылыми зерттеулерін өндірісті материалдық-техникалық жабдықтаудың келелі мәселелеріне арнады. Осы өзекті тақырып бойынша кандидаттық, соңынан докторлық жұмыстарын қорғады. Бірнеше іргелі ғылыми еңбектері жарық көрді. Кеңестер Одағында бірінші болып осы саланың тиімділігін анықтайтын өлшемдер жүйесін жасап, оларды таңдап, қолдану әдістерін ұсынды. Өндірістік жабдықтаудың көтерме сауда жүйесіне көшу қажеттігін дәлелдеді. Барлық дүние жоспарланып қоятын социализм қоғамында бүкіл саланы түгелдей нарықтық экономика қатынасына көшіру туралы сол кезде ұсыныс жасау ғылыми ерлікпен пара-пар болатын. «Ұлы адамдар уақытынан оза жүргендер, ал ақылдылар уақыт талабын терең түсінгендер» деген ұғым бар. Кенжекең уақыттың талабын, болашақтың тағдырын дер кезінде түсіне білген ғалым. Еліміз егемендік алып, экономикамыз нарыққа көше бастағанда жіберген қателеріміз аз болған жоқ. Нарық қатынастарының заңдылықтарын ескермей, қолдан жасалған кесапаттар да болды. Осының бәрін көріп-біліп жүрген Кенжеғали қарап отыра алмады. Шешімін таппай жатқан көптеген мәселелер бойынша мақалалар, кітаптар жариялады. Елбасына, Үкіметке, Парламентке ғылыми негізделген маңызды ұсыныстар жолдады. Ресей валютасының аумағында жүрген кезімізде ұзаққа созбай ұлттық валюта енгізудің қажеттігін, ол тәуелсіздіктің негізгі кепілі екенін дәлелдеп, егеменді Қазақстанның болашақ қаржы-қаражат саясаты туралы өзінің тұжырымдамасын ұсынды. Нарықтық экономика дамуындағы орта таптың рөлін посткеңестік ТМД елдерінде алғашқы болып көтерген де Сағадиев. Бұл тақырып бойынша күрделі ғылыми зерттеулер жүргізді. Кенжекеңнің басшылығымен жасалған орта тап туралы концепция Президент жанындағы Ұлттық Кеңес мәжілісінде талқыланып, қолдау тапты. Егер де шағын және орта бизнес дамып, орта таптың біраз мәселелері қазір оңтайлы шешіліп жатса, ол академик Сағадиевтың еңбегі. Экономикамыздың шикізат салаларына көбірек көңіл бөліп, оларды өңдеу мәселесінің артта қалып қойғанын айтып, дауыс көтеріп, дабыл қаққан да Кенжекең болатын. «Уақытты оздырмай өңдеу салаларын мейлінше дамытайық, сөйтіп экономикамызды екі аяғына тең тұрғызып, оның бәсекелестік қабілетін арттырайық», – дейді көреген ғалым. Академик Сағадиевтің экономиканы реформалау туралы ой-пікірлері, толғаулары, талдаулары, ұсыныстары оның «Реформа-аналитикалық көзқарас» деген бес томдық монографиялық еңбегінде, одан кейінгі он томдық шығармалар жинағында жүйелі түрде толық баяндалған. Кенжеғали Әбенұлы – ғалым ретінде шет елдерде кеңінен танылған тұлға. Ол Америка ғалымдары қауымдастығының мүшесі, Нью-Йорк академиясының, Пәкістан Ғылым академиясының, Халықаралық Жоғарғы мектеп ғылым академиясының академигі. Кембридж халықаралық биографиялық орталығы 1992 жылы Сағадиевті «Жыл адамы» деп танып, осы жоғары атақпен марапаттады. Кенжеғали Әбенұлының еліміздің бірнеше ЖОО басқарғаны белгілі. Солардың ішінде Кенжекең үшін Алматы халық шаруашылық институтының орны бөлек. Осы институттың ашылуының басы-қасында болып, оның шаңырағын көтеріп, іргетасын қалаған, ары қарай дамып-өсіп, Одақ көлеміне әйгілі болып, «атақты Нархоз» аталуына орасан зор үлес қосқан азамат. Өзі де осы ұжыммен бірге өсіп-жетілді. Ең үлкен факультет деканының орынбасары, институттың партия комитетінің хатшысы, он жыл бойы ректордың бірінші орынбасары-оқу ісі жөніндегі проректоры болды. Бұл жылдар ұжым үшін де, Кенжекеңнің жеке өз басы үшін де өрлеу, өсіп-өркендеу жылдары болды. Кенжеғали кемелдене түсіп, бойына озық тәжірибе жинап, белгілі ғалым, үлкен ұстаз, үлгілі тұлға, жоғары оқу орнының басшысы ретінде қалыптасты. Жәй басшы, көптің бірі емес, қайталанбас, дара, ізденімпаз, жаңашыл, жасампаз, реформатор басшы болып қалыптасты. Басшы Сағадиевтің осы қасиеттерінің желісін Қазақстан жоғары мектебінің бірнеше оқу орындары көрді, соның арқасында тез нығайып, өсіп дамыды. Солардың алғашқысы Целиноградтың ауылшаруашылық институты еді. Кенжекең ректор болып тағайындалған кезінде бұл ұжымның жағдайы өте нашар десе де болатын. Қиындықтардан қорықпайтын, оларды жеңіп үйренген Кенжекең жаңа қызметіне құлшына кірісті. Осы ұжымды жетекші аграрлық оқу орындарының біріне айналдыруды алдына басты мақсат етіп қойды. Күні бойы ректорлық қызметін атқарып, ұжымның өзекті мәселелерін шешіп, түн ортасына дейін агрономия, мал шаруашылығы, өндірісті механикаландыру сияқты ауылшаруашылық пәндері бойынша оқулықтар мен ғылыми еңбектерді зерделеуге отырды. Кенжеғалидың жанкешті еңбегі оңды нәтиже бере бастады. Оқу процесін жетілдіріп, ғылыми зерттеу жұмыстарын дамытуды қолға алды және оған қажетті жағдай жасады. Ректор Сағадиевтің ерен еңбегінің ең айқын көрінісі институттың материалдық-техникалық базасын ертегідей етіп нығайтуы еді. Бұл оңай шаруа емес, өйткені институт Одақтың ауылшаруашылық министрлігіне қарайды, қаржыны Мәскеу бөледі. Ал Кенжекең бұған да жол тапты. Республиканың бірінші басшысы Д.А. Қонаевқа хат жаздырып, Одақ министрінің қабылдауында болып, сол министрлік басшыларының табалдырығын тоздырып жүріп, қайсар ректор өз дегеніне жетті, молынан қаржыландыруға ие болды. Республика мүмкіндігін де толық пайдаланды. Қазақстанның мемлекеттік агропром комитетінен бөлінген 3 млрд. сом соның айғағы. Жалпы, үлкендердің алдына барып, қабылдауында болып, сөзіңді өткізіп, айтқаныңа көндіре білу – үлкен өнер. Өресі биік, өрісі кең Кенжекең бұл өнерді шебер меңгерген. Казагропромнан алған 3 млрд сомның тарихын Кенжеғали өзі былай баяндайды. « – Осы мемлекеттік комитеттің бастығы М.Г. Моторикоға барып, сәлем беріп, өзімді таныстырдым. Михаил Георгиевич, мен Целиноград ауылшаруашылық институтына жаңадан тағайындалған ректормын. Сіз болсаңыз осы саланың басшысысыз. Алдыңыздан өтіп, Сізден бата алуға келдім, – деп бастадым сөзімді. Бұл кіріспе сөзіме риза болғандай жүзі жылып, бетіме қарап күлімсіреп тұрып: «Бұрынғы ректор 30 жыл отырған екен, сіз қырық жыл отырыңыз, менің батам осы», – дейді. Рахметімді айтып, енді қаржы мәселесін қалай бастаймын деп отырғанда өзі: Сіз маған бата алуға ғана келмеген боларсыз, шаруаңызды айтыңыз, – деді. – Рас айтасыз, өте бір қажет ғимарат слуға қаражат керек еді – дедім. – Қанша ақша керек? – Үш миллиард сомдай – На тебе креста нет, Кенжеғали, кто же сразу миллиарды просит, – деп шошып кетті. – Михаил Георгиевич, жарты миллион, бір миллион қаражатты жергілікті басшылардан-ақ сұрап алам, бірақ ол мәселені шешпейді. Ал Сіздей миллиардтаған қаржы ұстап отырған үлкен басшының алдында ұсақ болғым келмейді және сіздердің биік мәртебелеріңізді де төмендеткім келмейді, – дедім. Көтермелеп сөйлеген сөзім көңіліне қонды ма, дәлелім дәйекті болды ма, төменгі басшылар жоқ деп отырған қаражатты таптырып, мәселемді табан астында шешіп берді». Міне, Кенжекеңнің шеберлігі. Өзі күндіз-түні басы-қасында болып жүріп, құрылысты күнделікті қадағалай отырып, 7 қабатты жаңа оқу ғимаратын, арасында үлкен асхана бар 2 жатақхана, 48 және 64 пәтерлік екі тұрғын үй, жаңа талаппен салынған әскери кафедра ғимараты, санатори – профилакторий, медпункт, тіс протезінің кабинеті, Учхозда салынған мал дәрігерлік клиника және тағы басқа нысандарды іске қосты. Ерекше атап айтатын тағы бір нысан бар. Ол елімізде тұңғыш рет ашылған, жоғары бағалы өсімдік сорттары мен жаңа биопрепараттар жасайтын Биотехнология орталығы. Одақ бойынша осындай 6 орталық ашылмақ болатын. Соның біреуі басқа жерде емес Целиноградта ашылуы – ол ректор Сағадиевтің жеңісі. Кенжеғалидың ерен еңбегімен ашылып, жаңа құралдармен толық жабдықталған осы Орталық ғылымға өзінің лайықты үлесін қосып, бидайдың жаңа сорттарын, малды емдеудің жаңа әдістерін шығарып, тағы басқа көптеген жаңалықтарымен ауыл шаруашылығы ғылымын дамытып, қазір айтулы ғылыми зерттеу институтына айналып отыр. Кенжекеңнің атқарған рөлін ескеріп, өздері шығарған бидайдың жоғары өнім беретін жаңа сортына «Кенжеғали» деп ат қойыпты. Бұл басшы еңбегінің жанғаны ғой. Араға он жыл салып Кенжеғали Әбен-ұлы өзінің ұшқан ұясы Алматы халық шаруашылығы институтына, бұл кезде экономикалық университет деп аталатын ұжымға қайта оралды, енді ректор – бірінші басшы ретінде. Бұл кезде (1992 ж.) еліміздегі экономика ахуалы да, соған байланысты университеттің жағдайы да мәз емес еді. Сондықтан мүшкіл жағдайды түзету үшін радикалды шараларға баруға тура келді. Республиканың барлық экономикалық ведомство басшыларын, атап айтқанда, Қаржы министрін, Еңбек министрін, Сыртқы экономикалық қатынастар министрін, Мемлекеттік экономика комитеті төрағасын, Ұлттық банк төрағасын университетке шақырып, олармен бірге өзі дайындаған шаралар жобасын жан-жақты талқылайды. Олардан толық қолдау тауып, мемлекет тарапынан көмек сұрап, ҚР Президенті Н.Ә. На­зарбаев пен Премьер-министр С.А. Терещенконың атына хат жолдайды. Оған жоғарыда аталған басшылар және білім министрі қол қояды. Көп ұзамай Президенттің жарлығы мен үкіметтің арнайы қаулысы шығады. Университет бұдан былай Басқару академиясы болып қайта құрылып, академия қызметкерлерінің жалақысы екі есе көбейеді. Жоғары биліктен қолдау тапқан Академия ректоры екі білекті сыбанып, реформаға кіріседі. Оқу жүйесі басқаша ұйымдастырыла бастады. Бұрынғы факультеттердің орнына оқу-ғылыми кешені құрылды. Мұндағы негізгі идея – ғылыми зерттеу мен оқыту істерін үйлестіру, бір-бірімен тығыз байланыстыру. Осы мақсатпен Академия құрамында экономикалық зерттеулер мен экономикалық социология ғылыми орталығын, Қаржы-банк менеджменті ғылыми зерттеу институтын, Нарық ғылыми-зерттеу институтын ашты. Ел экономикасына қажетті жаңа мамандықтар бойынша кадрлар дайындала бастады. Менеджмент, маркетинг, макроэкономика, микроэкономика, халықаралық экономика, кәсіпкерлік және бизнес негіздері, агробизнес және тағы да басқа жаңа бағыттағы кафедралар ашылды. Кенжеғали 1994 жылы ақпан айының басында ҚР ҰҒА Президенті болып сайланды. Жалпы, Академия жүйесі Кенжекеңе бұрыннан таныс, осының алдына 1990-1992 ж.ж. Академия президиумының Бас ғылыми хатшысы қызметін атқарған. ҒЗИ ұжымдарымен, белгілі ғылыми мектептермен, олардың жетекшілерімен тығыз қарым-қатынаста болған. Сол жылдары «Қазақ КСР-ның ғылым және ғылыми-техникалық саясаты туралы» заңның жобасын дайындаған жұмысшы топты басқарған. Бұл кез ел экономикасының әлі де тығырыққа тіреліп, ғылым жүйесінің жағдайы нашарлап, оған бөлінетін қаржы жыл сайын кеми бастаған мезгіл еді. Бұл аздай қоғамда Академияға қарсы пікірлер пайда болып, Ғылым академиясы керек емес, бұл анохронизм, Кеңес дәуірінің қалдығы деген қаңқу сөздер тарай бастады. Өкінішке қарай, мұндай кереғар пікірге құлақ асқан үкімет басшылары да болды. Міне, осындай аласапыран уақытта Кенжеғали Академияға басшы болып келді. Жалпы, Сағадиевтің қызмет жолында мынадай заңдылық кездеседі. Тағдыр оны ең қиын кезеңдерде, түйіткілдер көптен қордаланып қалған, басқа азаматтардың қолынан келе бермейтін аса жауапты қызметтерге жұмсап отырған. Бірақ ол ешбір қиындықтан қорыққан емес. Қайта шабыттанып, күш-қайратын жинап, ақыл-ой парасатын жандандырып, бай тәжірибесін жұмсап, жаңа қызметке ентелей кірісіп кетеді. Бұл жолы да солай болды. Кенжеғали өте сауатты әрі сұңғыла басшы ретінде жаңа қызметін Елбасының қолдауымен бастайды. Академия президенті болып сайланған алғашқы күндері-ақ Елбасының «ҚР ҰҒА мәртебесі және ғалымдарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы» жарлығы шығады. Бұл жарлық жаңа сайланған Академия президентіне біраз ой-жоспарларын іске асыруға мүмкіндік берді. Қазақстанның ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтуға бағытталған бағдарлама жасалды, осы саладағы Академияның негізгі міндеттері белгіленді. Осыған байланысты ҚР ҰҒА ғылыми құрылымдарын түбегейлі қайта құру шаралары іске асырылды. Керексіздері қысқартылып, ғылымды дамытудың үздік бағыттары бойынша жаңа құрылымдар, атап айтқанда, генетика және цитология институты, әлеуметтану және саясаттану институты, Қарағанды фитохимия институты, Шымкент Аймақтық экономика институты ашылды. Үкіметке, коммерциялық банктерге, кәсіпорындар мен акционерлік қоғамдарға өндіріске енгізуге және тәжірибелік сынаққа дайын 180-нен аса озық технологияның жобасы ұсынылды. Олардың біразын ЮНЕСКО-ның ғылыми сарапшылары мұқият қарап, халықаралық талаптарға сай келетін жобалар деп бағалады. Күрделі ғылыми-техникалық мәселелерді мүдделі министрліктер мен ведомстволардың қатысуымен Академияның президиум мәжілісінде бірге талқылау тұрақты тәжірибеге айналды. Сөйтіп, Академия ел мұқтажына, экономика талаптарына бет бұра бастады. Сонымен қатар, іргелі ғылымды дамыту мәселелері де ұмыт қалған жоқ. Академик Сағадиевтің пікірінше, іргелі ғылым – қоғамның, жалпы халық мәдениетінің бір маңызды бөлігі, ұлт өркениетінің өлшемі, елімізді әлем деңгейіне көтеріп, әлемдік өркениетке қосатын мүмкіндік, ең негізгісі, жалпы ғылым саласы дамуының іргетасы, қолданбалы ғылыми-техникалық нәтижелер алудың алғышарты. Ғалым Сағадиев өзінің басшылық қызметінде де осы қағидадан бір мысқал тайған жоқ. Қысқа мерзімде Академия құрамына 2 мәрте сайлау өткізіп үлгерді. Академия мүшелерінің қатары бұрын ескерілмей жүрген талантты ғалымдармен, ЖОО және аймақтық ғылыми мекемелер өкілдерімен, ең маңыздысы, болашағы бар жас ғалымдармен толыға түсті. Өкінішке қарай, 1996 жылы Академия дербестігінен айырылып, Ғылым министрлігінің құрамына қосылып кетті. Кенжеғали Академияның дербес мәртебесін сақтап қалуға бар күшін салды, бірақ нәтиже болмады. «Академияның тарап кетуімен менің де жоғалтқаным көп, – дейді ол өкінішпен. – Талай арман, талай жоспарлар іске аспай қалды. Соған қарамастан, Академия сияқты ғылым ордасында қызмет істеген жылдарым өмір белестерімнің үлкен бір мақтанышы болып мәңгі қалары анық» – деп ағынан жарылады академик К.Сағадиев. Кенжеғалидың басшылық және ұйымдастырушылық қабілеті аграрлық университетті басқарғанда да ерекше көзге түсті. Өзінің жаңашылдық, жасампаздық әдетімен бұрынғы факультеттердің негізінде ірі оқу-ғылыми өндіріс кешендерін ұйымдастырды. Елімізге аса тапшы жаңа бағыттағы биотехнология, агробиология, аграрлық құқық, халықаралық аграрлық-экономикалық қатынас, кедендік іс сияқты мамандық иелері дайындала бастады. Өз әдеті бойынша ғылыми зерттеу жұмыстары мен оқыту үрдісін үйлестіру, үндестіру мәселесін қолға алды. Аграрлық ғылымның басты-басты бағыттарын анықтап, оларды зерттеу жұмыстарының жобалары жасалды. Жаңа заман талабына сай жоғары ауылшаруашылық білім берудің жаңа философиясын қалыптастырды. Оның негізгі идеясы – өз елін сүйетін, халқын құрметтейтін, сонымен бірге әлемдік адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген ауыл зиялысын тәрбиелеу. Бұл өте үлкен парасаттылықтың нышаны болатын. Осындай өнегелі істердің арқасында, Қазақ аграрлық университетінің абыройы артып, биік деңгейге көтеріліп, 2001 жылы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен Қазақстанның тоғыз ЖОО қатарында ұлттық мәртебеге ие болды. Жаңашыл басшы К.Сағадиевтің шапағаты тиген тағы екі жоғары оқу орны бар. Олар Халықаралық бизнес университеті және Халықаралық ақпараттық технология университеті. Бұл ұжымдарды өз қолымен құрып, тұсауын кесіп, үлкен жолға шығарған Кенжекеңнің өзі. Жаңа типті осы оқу орындары халықаралық талаптарға жауап беретін жоғары білім жүйесінің жаңа үлгісі ретінде құрылды. Осы талапқа сай дайындалатын мамандар тобы анықталып, жаңа типті оқу-әдістемелік құжаттар жасалды. Әлемдік білім және ғылымның озық тәжірибесін меңгере отырып, университеттер аз уақыттың ішінде Қазақстанның айтулы жоғары оқу орындарына және ғылыми зерттеудің ірі орталықтарына айналды. Кенжеғали ұстаз, ғалым және қайраткер. Өресі биік қайраткер, қоғам қайраткері. Осы қырлары бірін-бірі толықтырып, байытып, азамат Сағадиевтің дара тұлғасын қалыптастырды. Ол жас кезінен-ақ қоғамдық жұмысқа белсене араласа бастады. Оқу орындарында комсомол, партия ұйымдары комитеттерін басқарды. Аудандық кеңестерден бастап, қалалық, облыстық кеңестердің және ҚР Парламентінің депутаты болып сайланды. Ал ректор және Академия президенті болып жүргенде атқарған қоғамдық қызметтерінде есеп жоқ. ҚР Президенті жанында құрылған бірнеше ұлттық кеңестердің мүшесі, «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесіне, Республикалық деңгейдегі бірнеше комитеттер мен комиссияларға мүше болды, Республикалық «Білім» қоғамын басқарды. Парламент мәжілісінің депутаты кезінде Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметін атқарып, еліміздің бюджет жүйесін жетілдіру жолына көп еңбек сіңірді. Кенжекең бұл жерде де өзінің реформаторлық мінезінен танған жоқ. Мәжіліс жұмысына көптеген ұсыныстар беріп, жаңалықтар енгізді. Ірі тұлғалардың қадір-қасиетін, ақыл-парасатын, тындырған тірліктерін, ерен еңбегін, қайраткерлік қабілетін, басшылық талантын, ғалымдық ой-өрісін таразылап, математикалық дәлдікпен өлшейтін өлшем жоқ. Қазіргі айтып жүрген ІQ көрсеткіші ақыл-ойдың нәтижесі емес, мүмкіндігі ғана (потенциалы). Ал кейбір болмысы бөлек, өмірі өнеге, атын үлкен мақтанышпен айтатын, қайталанбас дара тұлғаларды ел арасында «феномен» деп атайды. Егер біз осы өлшем академик Сағадиевқа лайық деп тапсақ қателеспейміз. К.Сағадиевтің көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз-тәлімгер, белсенді қайраткер, білікті басшы болып қалыптасуына негіз болған оның адами болмысы, адамгершілік қасиеттері. Дархан талантына қоса зеректігі, ұқыптылығы, еңбекқорлығы, парасаттылығы, зиялылығы. Ойға мырза, іске ұста, мінезге бай, сөзге шешен, жаны жайсаң, болмысы жарқын азамат. Әр мәселеге өзінің алғыр ойымен, тани білу талантымен және творчестволық көзқараспен қарайтын, заман талабын, уақыт өлшемін түсіне білген қайраткер. Қазақта өнегелі сөз бар: «Адам қамын ойлаған саналылықтың белгісі, заман қамын ойлаған – даналықтың белгісі». Кенжекең осы екі белгіні де қатар меңгерген үлкен қайраткер. Бұл үшін үлкен ақыл, парасат, керемет төзім керек, төңірегіндегі жұрттың ой-пікірін түсінетін сезім керек. Кенжекеңде мұның бәрі бар. Ал осыған қоса тыңдаған жұрттың айызын қандыратын, көнбейтінді көндіріп, сенбейтінді сендіретін керемет шешендік өнері бар. Кенжеғали сөйлегенде оны тыңдамайтын, оған иланбайтын адам кемде- кем. Ол артық айтпайды, ал айтатын сөзін анық, бүкпей ашық айтады. Қай деңгейде болмасын, қандай ортада болмасын жасқанбай, жасырынбай тік сөйлейді. Жалпы жақсы сөздің, отты-нұрлы сөздің төркіні – жарасымды кең ой, үлкен ақыл парасат. Кенжекеңнің ойы да биік, сөзі де биік. Кенжеғалидың тағы бір асыл қасиеті – үлкенді сыйлау. Бұл жөнінде ол алдына жан салмайды және одан көп нәрсе үйренуге болады. Өмірден өткен біртуар ағаларымыз Бәйкен Әшімов, Түймебай Әшімбаев, Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Өмірзақ Сұлтанғазин сияқты саңлақтарды құрмет тұтты. Олардың ойын қас қабағынан танитын, тілектерін айтқызбай орындайтын. Олар да Кенжеғалиды алақандарына салып аялап өтті. Жалпы, қазақ үлкенді сыйлап өскен ел ғой, дегенмен Кенжекеңнің үлкенді сыйлауы, оларды құрмет тұтуы ерекше. Мұны саналы сабақ, айрықша адамгершілік, тіпті, Кенжеғалидың парасаттылық мектебі десе де болғандай. Кенжеғали өсіп-өніп, жан-жағына жайқалып бұтақ жайған қасиетті мәуелі ағаш сияқты, бақытты өмір сүріп жатқан қадірлі де, құрметті әулеттің бас иесі. Отағасы міндетін мінсіз атқарып келе жатқан сүйікті жар, сүйкімді ата, өнегелі әке, қамқоршы тәрбиеші-тәлімгер. Әулеттің жақсы атын шығарып, әке үмітін, ана сүтін ақтаған ұлдары Нұрлан, Ерлан, Ербол ержетіп, әке жолын қуып, халқына аянбай қызмет етіп жүр. Он шақты немеренің алды да есейіп, қызметке араласып, азамат болып қалды. Сүйікті жары Нағытайдың орны бөлек. Ер жігіттің бақыты отбасынан басталады. Өмірлік серік, айнымас жар таңдағанда Кенжеғали жолы болған жігіт. Әулетке құтты келін болып түскен Нағытай – шаңырақтың киесі, барлық үй шаруасының иесі, ағайын-туыстардың ұйытқысы, Кенжеғалидың сүйіктісі, нағыз қамқоршысы бола білді. «Ер азаматтың бағын да ашатын, жолын да ашатын әйел», – дейді Нағытайдың өзі. Оның әйел, жар ретінде негізгі қағидасы «ерім-пірім» деп қарап, ер азаматтың абыройын ойлау. «Дана халқымыз шоқтығын жауыр етіп алмас үшін, хас тұлпарын қара шаруаға салмайды... Азаматымның бағы жанып, жолы ашылсын десеңіз, оны тұлпардай баптап, мәпелеп, күтіп, сыйлау керек». Міне, бұл – Нағытай Әбітай қызының ұстанымы. Кенжеғали өз дарыны, өз таланты, өз еңбегімен қоса Нағытайдың баптауымен, қамқорлығымен, сый-құрметімен өсіп жетілген тұлға. Мұны Кенжекең бағалай да білді. «Менің ешнәрсеге алаңдамай ғылым-біліммен, ел ісімен араласуымды Нағытай асқан шеберлікпен үйлестіре білді. Сүйген жар адам өмірінің бақыты мен шынайы тынысы. Нағытай мен үшін осындай жар», – дейді Кенжеғали. Кенжеғали Әбенұлының білім мен ғылым жүйесіне, қазақтың рухани дүниесіне, экономикамыздың өсуіне, қоғамымыздың дамуына қосқан орасан зор үлесі өзінің лайықты бағасын алды. Ол Еңбек Қызыл ту, Халықтар Достығы, Парасат, ІІ дәрежелі Барыс, Отан ордендерінің және көптеген медальдар мен құрмет грамоталарының, құрметті атақтардың иегері. Оған қоғамдық ұйымдардың, отандық және шет ел білім орындары мен ғылыми орталықтарының марапаттарын қосайық. Тұлғасы танылған, еңбегі жанған деген осы шығар. Бірақ Кенжеғали үшін ең биік, ең қасиетті марапат, ол ел-жұртының, халқының сый құрметі. Еңсесін көтеріп, кеудесін керіп, басын тік ұстап, аяғын нық басып жүргені де осы халық құрметінің арқасы. Азамат Кенжеғали Сағадиев өз тағдырына риза. Өмірде асығы алшысынан тұрған адам. Бірақ асық өзінен-өзі алшы тұрмайды, оны иіре білу керек. Кенжекең – өз тағдырын өзі жасаған, өз тұғырын өзі тұрғызған, өз тұлғасын өзі сомдаған Азамат. Алпыс жылдан аса араласып, бірге келе жатқан менің досым, құрдасым, әріптесім, замандасым Кенжеғали, елі таныған, жұрты сыйлаған, халқы құрметтеген кемел де, өрелі тұлға К.Ә. Сағадиев осындай.

Көпжасар Нәрібаев, ҚР ҰҒА академигі