Ғаббас Қабышұлы, жазушы: Қоғамда құл мінезден арылатын құлық жоқ

Ғаббас Қабышұлы, жазушы: Қоғамда құл мінезден арылатын құлық жоқ

Ғаббас Қабышұлы, жазушы:  Қоғамда құл мінезден арылатын құлық жоқ
ашық дереккөзі

Әділдік пен турашылдық «Қызыл кітапқа» енудің аз-ақ алдында тұрған қасиеттер десек, сөз ұстаған қауым әсіре айттың деп сөге қоймас. Пікірі мығым, ұстанымы берік адамдардың қатары саусақпен санарлық екенін өздері де мойындайды осы күні. Есімі санаулылар тізімінің бас жағынан табылатын азаматтардың бірі – көрнекті публицист, сатирик Ғаббас аға Қабышұлы. Қаламгермен сұхбаттасуды ойға алғаннан бастап-ақ әңгіменің корреспондент пен респондент арасындағы сұхбатқа ұқсай қоймайтынын ішіміз сезді. Ғұмырының 60 жылын қазақ публицистикасының дамуына арнаған қарт журналист пен сала табалдырығын кеше аттаған жас журналистің әңгімесі қағаз бен қаламның айналасымен шектелген жоқ. Жазушы өткен мен бүгінді салмақтап, болашағы тұман тіл мен діл, келешегі күңгірт адами құндылықтар жайлы ойларын ортаға салды.

– Оспанхан Әубәкіров Жазушылар одағының бір құрыл­тайында қазақ сатирасы туралы сөз болғанда есі шығып: «Біз тірі екен­біз, бар екенбіз! Бізді де еске алды-ау!», – деп қатты қуанғанын сіз­дің аузыңыздан естіп едік. Қазір ше? Бар екендеріңізді сезі­ніп жүрсіздер ме?

– Бар екенімізді әрқашан сезі­ніп жүреміз, себебі үлкен-кіші гәзеттердің бәрінде дерлік әзіл-сықақтың «шағын ауданы» – «микрорайон» бар. Бір өзі – бір театр Мыңбай Рәш ағамыз бастаған кәрі-жас күлкішілердің әзіл-оспақ, әжуә-сықақ өлең-әңгімелері сонда азаннан ақшамға дейін ес­тіліп тұрады. «Қазақ әдебиеті» гәзе­тіміздің арнаулы да тұрақты беті «Қалжың қалта» – соған бірден-бір куә. Ал ол куәнің «Биші қайың» деген телпек киіп жүретіні – өз алдына бір қызық. Редак­ция­лық алқа гәзеттің әрбір бетіне айдар үлестіргенде сатираны билеп тұр­ған қайыңға ұқсатқан сияқты. Мәселен, «Ерікті-еріксіз езу» дей салса ғой!..

Заманында күлкіден зымыран жа­саған «Ара» журналымыз соңғы ширек ғасырда шиыр-шиыр жол кешіп, жабылып-ашылып, ақырында, былтырдан бері «Айқын» гәзетінің орта шенінде «пәтер жалдап тұрып жатыр». Алайда күлкісі күшті.

«Жас алаш» гәзетінің «Сөз сойы­лы», Оспанханның көзі ғой  оқыр­ман жұртымен бұрынғысынша жақсы қарым-қатынаста. Тек бастап­қы орыны, көрінер мерзімі анда-санда өзгеріп қалады.

«Айқынның» күлкі отауы тігіл­ген орнында, отағасы Шайхыұлы Ерма­хан інімнің жатысы мығым.

«Егемен Қазақстан» гәзетінің «Сөз сойыл» бұрышы да күлкіге кенде емес. Өлеңмен де, қарасөзбен де қағытып бағады. Бұл бұрыштың бір жақсы қыры – өзімен он екі ай бойы шүйіркелескен әзіл-сықақшылардың аты озғанына жыл соңында арнаулы сыйлық беретіні. Күлкіні құрметтейтін өзге гәзеттерге өнеге-ақ!

Ал енді журнал жағы десек, бас­қаларды айтпағанда, өзіміздің «Жұлдыз» сатираға селқос. 200 беттен астам көлемінен күлкі отауына 4-5 бетін қияр түрі жоқ.

Кітап жайын сұрасаң, баспа­лардан аздап болса да жазған­да­рымыз жарық көріп тұрады.

Осы хал-ахуалымызды көріп-бі­ліп, артық-ауысын айтатын әдеби сын­шы бүгінде қасқалдақтың қанын­дай. Оспанханды қуант­қан – білімдар, танымпаз Әнуар Әлімжанов. Жазушылар одағына бірінші басшы болып кел­генінен кейінгі құрылтайда жаса­ған баяндамасында әзіл-сықақ ауылымызға ат басын әдейілеп бұрып, баршамыздың аты-жөнімізді атап, еңбегімізді жақсы деп бағалаған. Содан беріде құрылтайлық баяндамада, жыл қорытындыларында біздің барымыз расталады. Жақында ғана 2014 жыл қорытындысында баяндама жасаған Мұхтар Шерім сатира мырзамен әдемі әңгімелесіпті, ризамыз. Тек бір «но» бар, ол – маған маршал атағын бергені. Мақтаншақтық біздің ел деңгейіндегі бір сипат болып тұрғанда мақтағаны дұрыс шығар десем де, өзімнен бұрын басқаларға ыңғайсыз болды-ау деп ойланып қалдым. Басқалар деп отырғаным: менің жасым 70-75-80-ге толғанда селт етпеген өз өлкемнің – Шығыс Қазақстанның облыстық әкімдігі және мені сырттай алты жыл оқытып, журналшы дипломын берген, алайда соны ұмытқан қадірлі ұямыз, әл-Фараби атындағы Ұлттық университетіміздің басшылығы.

 Айтпақшы, университет «Өнегелі өмір» топтамасымен өздерінің марқұм түлектері туралы кітап шығарып келеді. Мұнысы – ерекше игілікті іс! Шынайы ризашылық сезімімнің сілтеуімен былтыр университет ректорына хат жазып, сол топтамамен Әнуар Әлімжанов туралы кітап шығаруды кеңес еттім және ол шаруаның негізгі жүгін көтеруге әзір екенімді айттым. Ләм-мим жоқ. Университеттегі дәстүр ыңғайында «Әнуар Әлімжанов аудиториясын» ашса да болар еді. Әлемнің алпыс шақты елінде болып, Түркі ғаламын, Қазақстанын, қазағын насихаттаған, ғұлама бабамыз хақында жазған «Ұстаздың оралуы» романы бастаған тарихи туындылары қырықтан астам шетел тілдерінде шығып, халықаралық әдеби сыйлықтармен марапатталған қарымды қаламгер, көсемсөз шебері, мемлекет және қоғам қайраткері болған Әнуар Тұрлыбекұлын кім білмейді? Ол сонау студент шағында, 1953 жылдың көктемінде, ұстазы Мұхтар Әуезовті КГБ-ның құрулы қақпанына түсуден сақтап қалған Әнуар емес пе? Ол күні кеше КСРО-ны ыдырату жөніндегі шешімге қол қойған Әнуар Әлімжанов емес пе?!. Әлде Әнекең де мен сияқты, университет түлектерінің тізімінде жоқ па екен?..

– Бүгінде әзіл-сықақ театрла­ры­ның қарасы қалың. Санын ауыз толтырып айтқанмен, сапа­мен мақтана алмаймыз. Соңғы кез­дері орыс сөздерін әңгіме арасына жөнді-жөнсіз тықпалап, күлді­ба­дам қылып сөйлеуді әдетке айнал­дырды. Олардың сахнаға алып шық­қан дүниелеріне сын айтыла қалса, сапалы шығарма жазып беретін сатириктердің жоқтығын, сон­дықтан да өздері жазуға тура келетінін айтып ақталады. Жазып бер немесе түзеп бер деп алдары­ңыз­ға келетіні, арагідік іздейтіні бар ма?

– Жазушы Сұлтан Оразалиннің ықпа­лымен ашылған «Қымызхана» театры бізді күні-түні іздеп еді. Одан соң «Тамаша» театрымыз бізбен екі-үш жыл «құдандалы» болып, содан кейін қаламақыларын «үнемдеу» үшін «өзіміз жазатын болдық» деп жоламай қойған. Кейінгі жылдары «балалап жатқан» театрларымыздың ешқайсысы, мәселен, мені авторы болуға шақырған емес, тіпті екеуінің директорларына әзіл-сықақ әңгімелер жинағымды сыйлап, одан керегін алып, сахнаға бейімдеулеріне болатынын айттым. Елемеді. Ал қазіргілерінің көбінің малданып жүргендері: «әй!», «үй!», «ойбай!» деумен бітетін бірер сағаттық күлкісымақ. Заманға, қоғамға қатысты салмақты күлкі жоқ. Олар егер Бейімбет Майлиннің, Асқар Тоқмағамбетовтің, Садықбек Адамбековтің, Оспанхан Әубәкіровтің әзіл-сықақтарына назар аударса, бүгінгі тірлігімізді түртіп көрсететін күшті күлкіні қажетінше таба алар еді. Е-е-е... «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса», тіпті шығармай қойса да.

– Тіл тазалығы туралы айтқан бір сөзіңізде түрiк сықақшысы Әзиз Несин кейіпкерінің: «Жаз­ға­ның неғұрлым түсiнiксiз болса, соғұрлым бағалы болады» деген сөзін мысал етіпсіз. Сол айт­пақшы, бөгде сөздері көп «бағалы» дүниелерді жиі ұшырататын болдық. Ескі дертімізді бұрынғыдан бетер асқындырып жіберді деп жаһан­дануды жазғыруымыз орынды ма?

– «Жаһандану» деген заманның бір беталысы шығар, біз, әйтеуір, «жаңбырдан үш күн бұрын су болуға» ғадеттеніп алдық қой. Бөгде сөздерді санап тауып, құтылайық деген сайын ол пәле көбейіп барады. Республикалық гәзеттердің мақалалары ішінде кезде­сетіні былай қалып, бадырайған тақырыптарында: форум, перспектива, стратегия, программа, феномен, съезд, стиль, форма.. сияқты сөздер менмұндалай бастады. Өкіметің, үкіметің, парламентің, жергілікті әкімдіктерің – бәрі іс жүзінде орыстілді болып отырған соң, тәтті сөздің ащысын еріксіз татып жүрміз. Тіліміздің тазалығы, мемлекеттік мәртебесі жайына келгенде «Айта-айта «Алтайды», Жамал апай қартайды» болатын түріміз бар. Ана тілімізді ардақтау, Абайдың ой мен тіл құдіретін құрметтеу хақында 1973 жылдан бері жазған мақалаларым қалың кітапқа қаптал жүк боларлық. Ал ақын Шәкәрімнің шығармашылық рухын сыйлау парызымыз жайындағы жанайқайым туа кереңнің де құлағына естілер болды-ақ. Шәкең «Халық жауы» деген жаладан толық ақталысымен, 1988 жылы, «Жазушы» баспамыздан таңдамалы туындылары жарық көрді. Көргенін қайтейік, түпнұсқасындағы: алла, тәңір, құдай, жазмыш, тағдыр, дін, ісләм... тәрізді діни сөздер түгел дерлік алып тасталып, қажы атамыз атеист боп шыға келді. Ол сорақылық туралы сын сөзді белгілі ғалым Қайым Мұхамедханов бастап, Мұхтар Мағауин қостап, қаншама мақала жазылды. Басшы-қосшы атаулыдан біреу селт етсеші! Қакең өмірден озған соң, сөзін мен жалғап, Жазушылар одағына, Семейдегі әдеби-ғылыми орталыққа, министрлікке жеткізе дабыл қақтым: «Жартасқа бардым, Күнде айғай салдым...». Оңаша отырғандағы сыйқымыз осы, ал егер жаһанданудың диірменіне теріс түсіп кете барсақ ше?!.

– Сөз бостандығы, тәуелсіздік дегенді аузыңа не түссе, соны айтуға еріктілік деп ұғып жүргендерге не айтасыз? «Ерікті ауызға бөрікті бас сиятынын» күнде көріп жүрміз. Сөз мәдениетін ойдың жұтаңдығы төмендете ме?

– «Тәуелсіздікті» ешкімге, ешқа­шан, ешқайда тәуелді болмау деп білетін қалыңқалталылар, олардың жетегіне ерген қалтасыздар бар және аз да емес. Солардың құзырларындағы «тәуелсіз» гәзеттер, мысалы, кешегі КСРО-ның 74 жылға созылған өмірінен 7,4 минөт айтуға жетер жақсылық таппайды. Қазақты да патшалық Ресейдің жұтып қоюынан сақтап қалған 1917 жылғы Қазан төңкерісін, гитлерлік фашизмнің құлы болып құрудан аман алып қалған Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісімізді қара тілінің жеткенінше күстаналайды. Ем қонбас дерт дерсің. Ал ойы жұтаңның сөзі сұйық болатыны әу бастан аян. Мәдениетті адам өзінің де, өзімен сөйлесіп тұрған адамның да әрбір сөзіне мән береді. Мәдениеттен жұрдайдың санасы селдір, ауызы бейпіл болады.

– Герольд Бельгер бір сөзінде: «Абай біздің заманда өмір сүретін болса, ең бақытсыз адам болар еді. Ол өз заманынан медет тапқан жоқ, біз­дің қоғамнан да безінер еді» деген екен. Сонда ғасыр жаңарып, жылдар алмасса да қазақ қоғамы өзгермеді ме?

– Қазақ қоғамы өзгерді. Ресми БАҚ түйдек-түйдек таратып жата­тын мағлұматтарға сенсек, Қазақстан – коммунизмнің о жақ, бұ жағындағы мәңгілік ел. Бізде: елді мекендерді жылда су басу жоқ, ауыз­сусыз тотиып отырған ауыл жоқ, жүз мыңдаған жұмыссыз жоқ, қал­қиып әрең тұрған мектеп жоқ, қирап жатқан құрылыс жоқ, айлық жалақысы жүз мың теңгеден кем қазақстандық жоқ. Яғни біздің елдің экономикалық дамуында мін жоқ. Белгілі әдебиетші, тарихшы ғалым Мырзатай Жолдасбеков мырзаның сөзіне сенсек: «Халықаралық оқы­мыстылар қазақстандық ғажайыптың кодын табуға, біздің мемлекетіміздің дамуына ғылыми негіздеме беруге ұмтылып отыр». Енді Герольд Бельгердің сөзіне келсек, өз басым Абай аруағын таразыға тартуға о бастан қарсымын. «Абай тірі болса, кітабын шығара алмас еді», «Абай тірі болса, өлеңін өткізе алмай жүрер еді» сияқты сиықсыз сәуегейлік жиі кездеседі. Өзіне жетерлік сауаты бар адам айтар сөз емес. Өмірдің, қоғамның қиямпұрыстықтарына мысалды әрқайсысымыз өз басымыздан, қоғамдас замандастарымыздың тірлігінен тауып, нақтылап атап айту жөн болмақ. Абайға, Шәкәрімге, Мағжанға... қатысы жоқты олар­ға бүгін телу – қыздырмалы қызылсөздік. Мысалы, Гера құрдасым (топырағы торқа болсын) бұл өмірде денсаулығының кінараттығынан өзге ауыртпалық көрген жоқ. Денсаулығы мазалаған жылдардың өзінде, Құдайға шүкір, кітабы ең көп шыққан жазушының бірі болды. Қамқорлық жасаған азаматтарға рахмет! Гәзеттен «Сплетение чепухиін» оқып жүргенімде кейде өзіне наразы бола телефон шалып, тіпті бір рет хат жазып: «Сынау керек шенеунікті орағытпай, тілің де, бедел-салмағың да жеткілікті ғой, аты-жөнін атап айтсаңшы!..» дегенім бар. Әрқайсымыздың әрбір сөзіміз нақты ашықтығымен бағаланар болар.

– Қазақ өзінің түп-тұқияны, алтын діңгегі – ауылдан ажырап бара жатқандай. Соңғы он жылда бір ғана Шығыс Қазақстан облы­сындағы ауыл халқы 60 мың адамға азайып, елді мекендердегі 70-тен астам мектеп жабылған. Қалаға үдере көшу осы қарқыннан таймайтын болса, алдағы 20-30 жылда ауыл қандай күй кешпек? Өзіңіз туып-өскен Ұранхайдың жағдайы қалай?

– Міне, өзің келтірген осы цифрлар-ақ «қазақстандық ғажайыптың кодын», яғни бүкіл әлем біздің елдің «экономикалық даму кілтін» іздеп отырғанына дәлел емес пе?.. Қазақстанның экономикалық қана емес, рухани ордасы болған ауылдан сән мен мән кеткелі қашан?! Үкімет: «ауылды қалпына келтіреміз, қайтадан өркендетеміз» деп ауық-ауық ұрандап, әр жолы пәленбай миллиард теңге қаржы бөледі, ал өркендеп кеткен ауыл шаруашылығымыз жоқ. Бөлінген қаржының қайда кетіп жатқаны белгісіз. Менің Ұранхайымның бүгінде орны да жоқ.

– Адамның рухани тазалығын адамзат сан ғасырлар аңсап, соған жету үшін күресіп келеді. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлердің тазалығы біздің қоғам үшін аса өзекті. Жылқы жылының соңында Үкіметте қол астындағы қызметкерлері парамен ұсталған ведомоство басшысын отставкаға жіберу туралы ұсыныс қызу талқыланды да, кейін шуы басылып қалды. Мұндай шара жемқорлықтың тамырына балта шабуға мүмкіндік береді деп ойлайсыз ба?

– Жемқорлықты ұйымдастыра білген алаяқ тұтыла қалғанында одан қалай құтылудың айла-әдісін де күні бұрын ойластырып қояды дей аламын. Бізде жемқорлықтың тамырына бүгін-ертең балта шабу мүмкін емес, өйткені залал істің бар екенін еріксіз мойындап даурығуымыз бар да, оны дұрыстауға зауқымыз жоқ. Баяғы ұсқынсыз ұраншылдық.

Адами тазалық үстем ортада арам­дықтың ешбір түрі болмайды, ал бола қалса, ұзақ тұрақтай алмайды. Өкінішке қарай, мемлекеттік, үкімет­тік қызмет ордаларымызда тазалық жетіспейді. Осы уақытқа дейін биліктің әр буынынан қаншама шенеунік мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін ұсталып, істі болды. Бірі үйқамақта, бірі темір тордың ар жағында отыр. Бас сауғалап шетел асқандары да аз емес. Ойы орындалып, бұғып жүргендерінің қанша екенін бір құдай білсін. Ешкім бір сәтте жемқор бола салмайды, «көрген көргенін істейді, көсеу түрткенін істейді».

– Ғұмырыңыздың 30 жылын Жазушылар одағына арнаған екенсіз. Өмірбаяныңыз жылдар мен оқиғаларды мұқият мағлұматтағанмен, көргеніңіз бен түйгеніңіздің түймедейін де жеткізе алмасы анық. Одақ десе ойыңызға оралатын тау тұлғалар мен оқшау оқиғалар туралы естеліктеріктеріңізден айта отырсаңыз...

– «Алматы қаласы, Абылай хан даңғылы, 105» деген мекен-жайы бар әсем ғимаратта өткен отыз жылым – тағдыр маған тарту-сый еткен баға жетпес бедерлі шағым... Мен мұнда әдебиетіміздің алыптары: Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Бауыржан Момышұлы, Мәрия Хакімжанова, көрнекті қаламгерлер: Тахауи Ахтанов, Әди Шәріпов, Қуандық Шаңғытбаев, Хизмат Абдуллин, Сырбай Мәуленов, Әнуар Әлімжанов, Нығмет Ғабдуллин, Қалаубек Тұрсынқұлов, құдайы бір құрдастарым: Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және басқа көптеген ақын-жазушылармен таныс-біліс, аралас-құралас болдым. Әсіресе, КСРО Жазушылар одағы Әдеби қорының қазақ бөлімшесінде директор, Жазушылар одағымыздың басқармасында 2-хатшы қызметін атқарған жылдарым өте қарбалас, қызық-шыжығы мол кезеңдер болды. Егер сол отыз жыл туралы кітап жазсам... Зейнетке шыққанымда, 1996 жылы, жазуды бастадым да: «Жоқ, жазбаймын!» деп тастадым. Дұрыс болды. Қай-қайсымыздың да мінезімізде, іс-әрекетімізде өзгелер білуге де тиіс, білмеуге де тиіс санқилылық бар. Мен әдетте «білуге тиісті» жақсылықты жақтайтындардың бірімін. Сол ұстанымым өзіме ұнайды. Жаңа атаған қаламдастарым хақындағы естеліктерімнің толықтырылған нұсқасы, әне, кітап сөремде жатыр. Әуелгісі бұдан он жыл бұрын «Сағыныш сазы» деген атпен кітап болып шыққан. Мынаның қашан кітапқа айналарын білмеймін. Министрлігімізден қайыр жоқ, ал демеуші іздер «талантым» кемшін. Сен, Анар қалқам, маған ренжіме, естелік айтпай-ақ қояйын. Кітабым шыға қалса, алдымен өзіңе сыйлаймын. Келістік пе?

– Құп. Әңгімені әрі қарай әде­биетке қарай бұрғым келіп отыр. Жастар арасында көркем шығар­маға қызығушылық, қаламгерге құрмет азайғанын үзеңгілестеріңіз де, өкшеңізді басқан інілеріңіз де жиі айтады. Мұндай өзгеріске бірі қарыштап дамыған ақпараттық техно­логияларды айыптаса, тағы бірі мемлекет тарапынан қол­даудың, үгіт-насихаттың азды­ғын алға тартады. Бірақ қаламгердің ешқайсысы кінәні өзінен іздегісі кел­мейді...

– Бұған екі түрлі, жоқ, үш түрлі жауап қайтарайын. Біріншісі. Мен жылда бірер облыстың бірнеше аудандарына барып қайтамын. Өзімнің бұйымтайларыммен. Ауылды жерде оқырман аз емес, бірақ кітап аз. Кітап дүкендерінде де, кітапханаларда да. Барының көбі ескі. Тапсырыспен алдыруға қаржы тапшы. Оның үстіне, кітап шіркін соңғы жылдары тым қымбаттап кетті емес пе, Алматының дүкенінде мың теңге тұратын кітап ауылға мың жарым теңге болып барады, оны кім ала қояды? Екіншісі. Алматының кітап дүкендерін екі аптада бір рет аралап шығамын. Сатушы: «Өтпейді, алмайды» деп тұрады. Түсінікті. Жастардың көбі керегін интернеттен тауып алып, тегін оқиды. Кеңестік дәуірде әдебиетті, кітапты насихаттайтын ресми орындар болды, ал бүгінде ондай ештеңе жоқ. Бұл да – бір берекесіздік. Үшіншісі. Бізде бүгінде 800 ақын-жазушы бар десек, бизнесші бір миллионер: «Мен – нашар ақынмын! Мен – нашар жазушымын! Менің пәлен кітабым нашар!» деп дәлелдеп, бірінші орын алғанға ұшақ сыйлаймын» деп бәйге жарияласыншы, бірде-біріміз ол бәйгеге қатыспаймыз, өйткені бәріміз өзімізді классик деп білеміз.

– Кітапханалар оқырман­да­рымыздың саны артып келеді деп мақтанады ғой? Ал баспалар кітап оқитын адам жоқ деп кітап тара­лымын шектеп әлек. Бұл қарама-қайшылықты тудырған не?

– Қала кітапханаларында оқырманның бары рас. Басым көпшілігі – шәкірттер, студенттер, «тірі кітаптың» қадірін білетіндер. Интернет те екінің бірінде бар деймісің? Кітап таралымының шектелуіне ең бірінші себеп – көпшілікке, жастарға рухани жәрдем берудің маңыздылығын ойлау кейінге ысырылғаны. Одан кейін мәселенің бәрі қаржыға барып тірелген заман келді. Күнде жиын, күнде тойға, аквапарк, гольф клубтарын салуға, үкімет шенеуніктерінің шетелдік қымбат автокөлік мініп жүрулеріне қаржы жеткілікті, кітап таралымын көбейтуге, авторларына тиесілі қаламақы төлеуге қаржы жоқ.

– Облыстық «Алтай больше­вигі» газетінен басталған еңбек жолы­ңызға көз жүгіртсек, қазақ журна­лис­тикасына 60 жыл қызмет етіпсіз. Әр заманның тынысын өз тілінде, өз құралдарымен хатқа түсіріп келесіз. Жаңа техноло­гия­лардың, батыстық үлгілердің ықпа­лына ұшыраған бүгінгі журна­листиканың аяқ алысына көңіліңіз тола ма?

– Жалпылап айту әдетім жоқ, алайда көп жағдайда көңілім тол­май­ды. Ана тіліміздің қадір-қасиетін құрметтеуге, жазу мәдениетін игеруге мейлінше бейім жас жорналшылар аз. Сөзді ойнатудың жөні сол деп, сөйлемнің сынын бұза беретіндер бар. Қай гәзеттен оқығаным есімде жоқ, әйтеуір, үлкен гәзеттің бір бетінен «Қазақ енді жаяу жүрмейді» деген «қызық» тақырыпты көзім шалып қалып, ішіне үңілсем: қазақстандықтар жақында шеттен отыз мыңға жуық автокөлік сатып алыпты, былтыр да біраз алған көрінеді. Соған мәз болған жорналшы тақырыбын «қатырған» ғой.

– Тіл мәселесіне қатысты жауабыңызда Абайды атап өттіңіз. Биыл Абайдың туғанына 170 жыл толады. «Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл толуына орай» деген ұранмен Шығыста бірлі-жарым шара өткенін естігеніміз болмаса, Астана мен Алматы да, басқа аймақтар да құлаққа ұрған танадай тыныш. Өзіңіз көрген екі ғасырды, бірнеше онжылдықты салыстырып, Абай мұрасына қызығушылық пен Абай есіміне құрмет эволюциясына баға берсеңіз.

– Бұл сауалдың қиындығы да, оңайлығы да бар-ау деймін. Оңайлығы: Сталиннің «Барлық мәселені кадр шешеді» дегеніндей, бізде мәселе атаулының бәрі Ақордада шешіледі ғой. Ол жақтан Абайдың 170 жылдығы жөнінде қандай жарлық тарап жатқанынан хабарсызбын. Баспасөз жым- жырт. Қажетті қаржы «табылмауы» да мүмкін. Президент жуықтағы бір сөзінде тойды азайтыңдар, шығын жасамаңдар, ғылыми конференция өткізу жетеді депті дегенді естіген едім, әлде сол сөзі басшылыққа алынды ма, кім білсін. Жауаптың қиындығы: Абай атамыз тірісінде: «...Мен ішпеген у бар ма?!» десе, аруағы естіген шу да аз болмады. 1920-30-ыншы жылдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов ағаларымыз Абайды «Қазақтың Бас ақыны», «Ұлы ақын» деп көкке көтерсе, 1940-50-інші жылдары қайсыбір «мықты» ағаларымыз «феодализмнің ақыны, буржуазияшыл» деп жерге түсіріп, жер-жебіріне жетті. «Абайшыл, буржуазияшыл» деп Мұхтар Әуезовті аяқтан шалып арпалысса, жас ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың ақындық мектебі» делінген кандидаттық еңбегін пәршәлап, өзін 25 жылға соттатып жіберді. Салыстыру сипатында айтарым осы. Ал Абайдың шын мәнінде «Бас ақын», «Ұлы ақын» аталып, исі қазақ аруағын ардақтағалы алпыс жыл ғана.

Абайдың ұлы ақын екенінде шәк жоқ. Құдай өзі ғажап дарыннан мүсіндеп бере салған дерсің. Шығыс пен батыстың тарихи тұлғаға айналған, данышпан атанған ақындарының өлеңдерін бірін түпнұсқасынан, бірін аудармасынан оқып келеміз ғой, солармен өрем жеткенінше салыстырсам, меніңше, ойшыл Абаймен теңдесері шамалы. Оның ойшыл ақындығы, ақындық ойшылдығы – бір ғажап әлем! Ахтанов Тахауи ағамен жасы алпысқа толған тойынан кейін бір шүйіркелесіп отырғанымызда: «Ғаббасжан, мен Абайды енді-енді түсіне бастадым. Қай өлеңін оқысам да, оқыған сайын бір жаңалық табамын!», – дегені әлі есімде. Ақиқатты айтты. Меніңше, қазақ әдебиетінің Ұлы Ақыны – АБАЙ! Басқа қай-қайсысын да «ұлы ақын» десек, оны Абаймен қатар қойғанымыз болады. Онымыз жөн емес.

Сөз ыңғайына қарай айта отыра-йын: соңғы кезде біздің әдеби ортада «ұлы» деген сөз тым арзандап кетті. Көзі тірі ме, әлде марқұм ба, әйтеуір, мүшелтойы, мерейтойы болып жатқан ақын-жазушыларды шетінен «ұлы» деп әспеттеуге әуестеніп алдық. Арнаулы баяндамашы да, сөз сөйлегендеріміз де «ұлы» деп тарта береміз. Мұнымыз – әбестік!

– Аға, алпысым атаусыз қал­ды, жетпісім еленбеді деме­діңіз. Биыл сексенге келіп отыр­сыз. Тағы да тып-тыныш. Ән­шейінде ақын-жазушының мерейтойы бола қалса, алаулатып-жалау­латып әкететін БАҚ-та үнсіз. Шығар­машылығыңыз туралы пікірдің, еңбектеріңіз туралы ықыласты әңгіменің аздығын сезгенде өзіңіздің жағы­нып-жалпақтауды білмей­тін турашыл мінезіңізге, ұстаны­мнан айнымайтын бояусыз болмы­сы­ңызға ренжіген кездеріңіз болды ма?

– Бұл сауалыңның аңысын аңдаған соң тағы да Абайды ауызға алмасқа лажым жоқ. Ол: «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?!» демеп пе еді? Бұл тұжырымын ешкім, ешқашан жоққа шығара алмайтынына өмірдің өзі – кепіл, десем, әй, әсте астамшылық бола қоймас. Өзім тіршілік етіп келе жатқан әдеби ортадан бұған мысалды көптеп таба аламын. Бірдің жұмысын істеп, онның тамағын ішіп жүргендер, «қарағайға талды жалғап», ат-атақ, сыйлық-дәреже дегенді сыпыра алып жүргендер жеткілікті. Ойы мұқыл жетекші-жарылқаушысының арқасында жалған даңқ пен дақпыртқа бауыр басып, өзін өзі зор санаушылар ше? Сондай «санаттағы» ақындардың бірінің: «Ақын Құдайдай сымбатты болуға тиіс» дегенін естіп, жағамды ұстадым. Құдайдай болуы ғана қалған неткен рухани зағип еді?!. Өз басым ондайларға сырттай аяушылықпен қараймын, көз алдындағы әкесіне қарап өсетін балаларына, немере-шөберелеріне жаным ашиды, рухани мүгедек болады ғой ол шіркіндер! Қабыштың (Қабдырахманның) әулетінде ондай міскіндер жоқ, бола да қоймайды десем, өзі осылай жаратқан Құдай бұл ойымды күпірлікке жазбас. 1918-1920 жылдардағы Азамат соғысына қатысқан, өмірде көргені мен түйгені көп болған әкем бірде маған: «Балам, аштан өлетін заман бола қоймас, ал бола қалса, адал өлуді біл», – деген еді. Мен куә ғұмырында ешкімнен бір ауыз салқын сөз естімеген әкемнің ол өсиеті маған барлық атақ-сыйлықтан қымбат! Осы болмысыма ризамын!

–  Сексеннің биігінен қара­ған­да көзіңізге не шалынады? Жүріп өткен жолыңыздың бұлдыры басым ба , әлде мөлдірі мол ма?

– Құдайдың бергеніне шүкір, мөлдірі мол. Бұлдыры көзіме ілінер-ілінбес қана. Шығыс Қазақстан облыстық гәзетінің редакциясында он жыл, Жазушылар одағымыздың құзырында отыз жыл қызмет істедім – «сен маған мынандай қиянат жасадың» деп ренжіген жан болған жоқ. Тәубә! Сексеннің биігінен о жақ, бұ жаққа ой көзін жібергенде қоғамымыздың бейнесіне көңілім көнши бермейді. Тәуелсіздік дәуірімізге сай емес: құр­сөзділік, мақтаншақтық, даң­­ғойлық, дүниеқоңыздық, жем­қорлық, жағымпаздық, қайырым­сыздық, астамшылдық, нем­кет­тілік, бастыққа құл, бағыныш­тыға пұл болушылық... сияқты пәлекеттер санамды шабақтайды. Оларға сөзіммен де, қаламыммен де қарсылық жасап келемін, бірақ бүгін қанбаған айызым ертең қанар-ау деген үмітті ғана місе тұтуға мәжбүрмін. Содан кейін мені, сірә, мені ғана емес шығар, қатты алаңдатушы жайт – жастарымыздың тәрбиесі. Бұл мәселені айтпаған кезім, жазбаған жерім жоқ, Үкіметке, Мәдениет министріне гәзет арқылы хат та жолдадым. Тәрбие дегенде, мысалы, бүгінгі сансыз дерлік телеарналар мен сахналарға, оның ішінде қазақ телеарналары мен сахналарына шығарылып жүрген әнші, биші қыз-келіншектерге қарасаң, көбі, әсіресе, жасы жиырманың арғы-бергі жағындағылар албастының кебінде. Соларға еліктеп-солықтап, телеарнаны жайлап жүрген қазақ қыздары – қазақы бейнесін жоғалт­қандар: көзінің асты-үсті түрлі түске боялып, шашы шашылып, омырауы мен белі ашылып, жырық етек көйлегінен сандары жалтырап секектейді. Бала-шағамен отырсам, арнаны дереу ауыстыртып құтыламын. Мәдени астанамыз Алматының көшелері жазда солай ашық-шашық, көйлек пен белдемше орнына тылтиған жарғақ шалбар киіп, быртиып-тыртиып жүретін қыз-қырқынға толы болады. Ұлттық ажарынан айрылғандардың ұлттық сезім-намысы өшетінін ол қыздардың әке-шешелері, туған-туысқандары, ол шәкірттердің мұғалімдері, ол студенттердің ұстаздары шынымен білмей ме?!. Неге білмесін, тек «заман солай» деген немкеттілікке бой алдырғандар болар. Жасым ұлғайғанда осындай оспадарлықты көремін деп ойламаған едім.

– Ғаббас аға, әсерлі әң­гімеге уақыт тауып, оқшау ойла­рыңызды ортаға салғаныңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА