19 Мамыр 2015, 15:39 7836 0 Сұхбат "Түркістан" газетінің авторлары

Хиуаз Доспанованың ұлы Ерболат анасы жайлы әңгімелеп берді

Хиуаз Доспанова, Ұшқыш
Хиуаз Доспанова, Ұшқыш

Елі үшін ерен ерлік жасағандар әрдайым жадымызда болуға тиіс. Тұтас ұлт, жас ұрпақ тарихты сонда ғана қадірлей алады. Халық Қаһарманы, ұшқыш, штурман қыз Хиуаз Доспанова жайлы оның ұлы Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университеттің оқытушысы Ерболат Әміровпен сұхбаттасуды жөн санадық.

"АНАМ ҚАРАПАЙЫМ АДАМ ЕДІ"

Біз бүгінде Хиуаз Доспанованы батыр-ұшқыш ретінде танып жүрміз. Сіз ол кісінің артында қалған жалғыз перзентісіз. Батыр апамыз адам ретінде, ана ретінде қандай жан еді?

‒ Ол қызметте жүрген кезінде таңертең кетіп, кешке келетін. Мені баққан нағашы әжем еді. Анам 37-38 жасында ерте зейнетке шыққан соң үйдің шаруасымен айналысты. Тамақ жасау, үй жинау, базарға бару деген секілді. Менімен отырып әңгімелесіп, ақыл айтқан емес. Мен мектепте жүрдім, телевизор бар, аула, кино, радио, кітаптар дегендей.

Соғысқа қатысқандықтан мінезі қатал болған шығар?

‒ Жоқ, қарапайым адам болатын. Бірақ екі рет жараланғанының әсері тигені сөзсіз. Шешем штурман ретінде ұшақтың артқы кабинасында отырады, алдында ұшқыш отырады. Штурман қалай ұшатынын бағыттайды және нысаналы жерге жеткенде бомбаларын тастайды. Бірде шабуылға шығар сәтте қараңғыда пилот көрмей қалған болуы керек, ұшақ үйілген шөпке барып соғылып, сол жерде анам кабинада тақтаға басымен соғылып, ессіз қалады. Екінші рет, олар тапсырманы орындап келе жатқанда, қараңғыда екі ұшақ соғысады. Қарсы соғысқан ұшақтағы екі қыз сол жерде өледі. Ұшқышы тірі қалып, бірақ кейін госпитальда жатып қайтыс болады. Ал анам тірі қалған. Кезекті тапсырмадан оралғанда да осындай жайсыз жағдайлардан аяқтары сынып, жұлыны зақымданады. Содан жүйкесі зақымданған. Жүйкесі сыр берген кездерінде көргендер қатал деп ойлайтын шығар. Ал негізінде ол қарапайым адам болған.

Апамызға Халық Қаһарманы атағы 2004 жылы берілді. Оны алған кездегі әсері қандай болды?

‒ Халық Қаһарманы атағына ұсынуды анаммен бірге жұмыс істеген Қанапия Ахметов, Оразай Батырбеков, Михаил Исиналиев сынды азаматтар Осы атақты Хиуазға берейік деп Үкіметке жазып, мәселе етіп қойды. Бұл атақты алғанда анам 82 жаста болды. Мүмкін қуанған да шығар, бірақ қарт адамдардың қуанғаны жастардың қуанғанындай болмайды ғой. Ол атақты алған кезінде мен үйде болған жоқпын. Мамыр айында оны әкімшілікке шақырып, И.Тас­ма­ғамбетов бір машина сыйлаған.

Хиуаз апаны біз 2004 жылдан бері қарай тани бастадық. Соған дейін ол кісіні іздеп, жазғандар аз болғаны ма?

‒ Журналистер 9 мамырға байланысты немесе белгілі даталарда келіп тұрды. Ал ол қайтыс болған соң адамдар көбірек келе бастады.

Бұл сұрақты қойған себебім, соғыс ардагері Қанапия Ахметов атамыз бір сұхбатында «Хиуаз маған келіп, әңгімелесіп тұратын. Бір сөзінде ол «Егер мен өлсем мені де көбірек білетін еді. Менің айыбым тірі қалғаным» деп айтқан еді», − дейді.

‒ Мен ол сөзін естіген жоқпын, мүмкін солай да шығар. Ерліктерімен танылған бірнеше ұшқыш қыз өлген соң батыр атағын алды. Мысалы, Дуся Носаль, Женя Руднева т.б. Анам да сол себептен мүмкін мен де сол кезде қайтыс болсам маған да батыр атағы тиер еді деп айтқан ғой. Ол жай ғана логика, кім біледі, қалай болғанын.

Ол кісінің қандай да бір өкініші болды ма?

‒ Онымен ордендер туралы бір ауыз сөйлескен емеспіз. Білесіз бе, ол кезде орден, атақты не үшін беретін еді? Кеңес Одағы үкіметінің ұшқыштарға не үшін батыр атағы берілетіні туралы жарлықтары болды ғой. Ұшқыштар бөлінеді: құртқыштар (файтерлер), штурмандар, бомбылаушылар. Мысалы, Нұркен Әбдіров батыр атанды, Талғат Бигелдинов екі рет батыр атағын алған. Сосын менің анам секілді бомбалаушылар болған. Бомбалаушылар да бөлінетін. Менің шешем секілді түнгі ұшатындар және де олар жалғыз болған жоқ. Бірнеше полктер кілең еркектерден тұрды, олар да түнде ұшатын. Бұларға бір шарт қойылады. Ал Талғат Бигелдинов сияқты штурмандарға басқа шарт қойылды. Бигелдинов өз мақаласында жазып жүрді ғой, яғни олар, штурмовиктер 30 рет қана шабуыл жасап, тірі қалса, батыр атағын алды. Ал түнгі бомбалаушылар 1000 рет ұшып бомбалағанда ғана Кеңес Одағы оларға батыр атағын берді. Себебі, күндіз ұшқандарға бәрі оқ жаудырады, жай атқыштар да атады, зеңбіректер де атады, сосын жау әскерінің ұшақтары жолдарын кеседі. Оларға қиын әрі қауіптірек болды. Ал түнгі ұшқыштар ақырын, жасырын барып бомбалайды. Түнгі ұшқыштардан 800, 900 рет ұшқандарға Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Ал менің шешем 300-ден артық ұшты. Екінші рет жараланғаннан кейін аздап ұшты да, аяғы ауыратын болды. Олар, қыста түн ұзақ болғандықтан, бір түнде 8-10 рет ұшатын. Жаз кезінде түн қысқа ғой, 5-6 рет ұшатын. Тапсырмадан келіп аэродромға қонғаннан кейін, кішкене уақыт демалуға кетеді. Аэродром дегенде ағаштар арасындағы алаң және ұшақ қонатын жерде жау көріп қалмауы үшін кішкене ғана от жанып тұрады. Келіп қонғаннан кейін сау қыздар ұшақтан шығып, демалуға кеткенде анам аяғы ауыратын болғандықтан, ұшақтан шықпай, кезекті тапсырманы сонда отырып күткен.

‒ Сонда аяғының ауырғанына қарамай ұшты ғой...

‒ Оларды коммунистер тәрбиелеген. Партия үшін, Сталин үшін жаныңды, бәрін бер деген. Сондықтан олар түгел солай тәрбиеленген ұрпақ болды.

Хиуаз апамыз соғыстан кейінгі жылдары бірқатар партия қызметінде болды. Бірақ зейнетке тым ерте шыққан көрінеді. Бұған әлгі алған жарақаттарының салдары әсер етті ме?

‒ Алған жарақаттарының әсері тиді, сол үшін зейнетке ерте шығарған. Оған екінші топтағы мүгедектікті берді. Ал кейін Кеңес Одағы ыдыраған кезде оған мүгедектіктің бірінші тобын берген. Осы жерде бір дүниені айту керек. Бізде, қазақтарда тағы бір ұшқыш қыз болған. Есімі Дәмелі Жәкеева. Ол шешеміздің полкынан басқа авиаполкте болған. Мен оны көзі тірісінде бір-екі рет көргенмін. 1990 жылдары қайтыс болды. Шешемнің бірінші топтағы мүгедектігін алуға сол көмектесті. Ол да авиаполкте болған. Бірақ ол механик болды. Соғыс жылдарында экипажға кіргім келеді деп арыз жазатын. Соғыстың аяғында оны атқыш-радист етіп алды. Олардың ұшағында үш адам отырады. Кабинада ұшқыш пен штурман, атқыш-радист ұшақтың артқы жағындағы кабинада орналасады. Алдында пулемет пен рациясы болады. Ол да 8 рет ұшқан дегенді «Казахстанская правда» газетінен оқып едім. Сондықтан бізде 2 қыз бар. Ең кемінде қазақтардан 2 қыз ұшқан. Ал бірнеше қыздар механик жұмыстарын атқарған.

Бауыржан Момышұлының бір сөзі бар ғой, «Ерім дейтін ел болмаса, елім деген ер қайдан болсын» деген. Қазақ халқы Хиуаз Доспановаға өз дәрежесінде құрмет көрсете алды деп ойлайсыз ба?

‒ Сенің келіп тұрғаның құрмет емес пе? Сен сияқты журналистер келіп тұрады ғой. Осы жылы Жеңістің 70 жылдығына, былтырдан бастап Қазақстанның 2-3 телеарнасы түсірді. Одан кейін Мәскеуден келіп түсіріп кетті. Жыл сайын Жеңіс қарсаңында іздеушілер келіп тұрады. Бізде мыңдаған адамдар соғысқа барған. Соның ішінде бірнеше мың қазақ қыздары қатысқан екен. Мәншүк, Әлия, енді міне Хиуаз қосылды. Ал сен басқа қыздарды білесің бе?

Олар да Хиуаз апамыз секілді ерлік жасағандар ма?

‒ Әрине, майданға кетті, командирлердің бұйрығын орындап жүрді. Енді ол ерлік емес пе?

Ия, ерлік, біз бірақ оны қалай дәлелдейміз?

‒ Бұл тарихшылардың және журналистердің ісі. Зерттеуші журналист болса өзі іздеп, қажетін табады. Қазір Мәскеуде бұрынғы архивтер ашылып жатыр. Соны барып қарау қажет. Бір тарихшы Алматы немесе Астанада үлкен бір тас жасап, соған соғысқа қатысқан қыздардың есімдерін қашап жазу керек деп айтып еді. Америкада сондай тастар бар, Нью-Йоркте өзім көргенмін. Бірақ онда қыздар емес, сол жерден шығып, соғысқа қатысқандардың есімдері жазулы тұр.

Сіз апамыздың соңында қалған жалғыз ұлысыз. Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз.

‒ Шешемнің екі баласы болған. Менің Қанат деген інім болды. 1954 жылдары Қостанай жаққа бардық. Күнтимес деген ауылға барғанда інім екеуміз бірдей ауырғанбыз. Ол кезде дәрілер болған жоқ қой. Мен төрттен асып, ес біліп қалған кезім, ал інім екі жасында қайтыс болды. Жұбайым Ирина екеуміздің 1987 жылы туған Баян деген қызымыз бар. Қазір Астанада жұмыс істеп жүр. 1992 жылы туған Қанат атты ұлымыз қазір іссапарда жүр. Мен математик-оқытушымын. Соңғы 13 жылда Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да жұмыс істеймін. Зейнетке шыққаныма екі жыл болды. 93-тегі әкем Шәку өзіммен бірге тұрады.

Хиуаз апамыздың халыққа таныс, өзі жазған бір-екі естелігін білеміз. Одан басқа да дүниелері бар ма?

‒ Одан басқа жазғандары жоқ.

Сіздің ол туралы жазам деген ойыңыз жоқ па?

‒ Жоқ, ондай ойым жоқ. Журналистер ол батыр болған, ол әкім болған деген секілді сөздерді айтады. Ол қарапайым адам болған. Менің қазір ойлайтыным, кезінде ол Оралда, Жайықшар дейтін жердегі мектепте оқыған. Сол мектепте неше қазақ бала оқыды? Сыныбында қазақтар болды ма? Өзімен бірге аэроклубқа барған қазақ балалары болды ма екен? Ол туралы ешнәрсе айтқан жоқ, мен де сұрамадым. Қазір ойлап жүрмін, неше қазақ бала сол мектепті бітірді екен? Талғат Бигелдинов Бішкектегі аэроклубты бітірді. Бір рет мені бір университет шақырып еді. Сонда айтып едім, қалың қазақ тұратын жерлерде, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Атырау секілді қалаларда жастарға аэроклубтар ашу қажет. Бізге қазақ ұшқыштары керек қой. Бізде ұшқыштарды дайындайтын кейбір оқу орындары бар. Меніңше, ол аз. Студент кезімде Америка елшілігі көрме жасады. Менің бөлмемдегі балалар барып, журналдар әкелетін. Сонда бір журналды алып оқыдым. Ол кезде, 1969 жылдары Америкада 300 мың жеке ұшағы бар ұшқыштар болған. Бізге де сондай мыңдаған ұшқыштар және оларды дайындайтын арнайы аэроклубтар керек.

Хиуаз апамыздың есімін Атырау халықаралық әуежайына беру туралы ұсыныс жасалды. Жалпы, өзіңіз айтқандай аэроклубтар құрылса, оған батыр апамыздың есімі берілгені жөн болар еді.

‒ Әуелі сондай аэроклубтар құрылсыншы. Соның өзі қандай тамаша болар еді. Оған менің анамның атын бермей-ақ, соған келген жастар қызығып, бізде ұшқыш болған ба, болса ол кімдер деп ізденіп, біліп алар еді. Бізде Талғат Бигелдинов, Нұркен Әбдіров, Сергей Луганский, Хиуаз Доспанова, Дәмелі Жакеева секілді ұшқыштар болған екен ғой деп білер еді.

‒ Әңгімеңізге рахмет!

                                                                         Сұхбаттасқан Нұрлайым БатырҚазҰУ, журналистика факультеті. 3 курс студенті

Соңғы жаңалықтар