6 Мамыр 2015, 05:28 5558 0 Руханият Ахмет ӨМІРЗАҚ

Муза мен музыка қатар өрілген кеш

Өткен аптада Әдебиетшілер үйінде Қазақстан Жазушылар одағы мен одақ жанындағы «Тағзым» клубының ұйымдастыруымен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұраны авторларының бірі, қазақтың дарынды ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 80 жыл толуы­на байланысты әдеби кеш болды.

Әдеби кеште алғаш сөз алған Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Нұрлан Оразалин қазақ поэзиясының дамуына мол үлес қосқан Жұмекен ақынды терең тебіреніспен еске алып, оның ақындық, азаматтық болмысы жөнінде, ақынның шығармашылық ғұмырының ғибратқа толы екендігі туралы айтып өтті. Сол сияқты бұл кеште Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Мұхтар Шаханов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбек, көрнекті қаламгер Ғаббас Қабыш, жазушы Мереке Құлкенов ұлттың ұлы ақынына айналған Жұмекен Нәжімеденов поэзиясының терең философиялық астары, ешкімді қайталамайтын дара бітімі және оның ұлттық өлеңсөзіне тигізген әсері жайында сыр шертті. Сондай-ақ оның прозалық шығармаларының мән мен маңызы, жаңашылдығы туралы да айтылды.

Жұмекен Нәжімеденов – поэзия мен музыканы бірдей бағалап, екеуінде өшпес із қалдырған өнер иесі. Ол поэзияда тереңдігімен дараланса, Құрманғазы атындағы консерваториясының домбыра класында сабақ алған ол – дәулескер домбырашы болған. Батыс күйлерінің шебер орындаушысы болған ол қазақтың күй өнеріне жырдан ескерткіш орнатып, «Күй кітабы» атты поэзиялық кітап жазған. Әдеби кеште ақынның осы ерекшелігі ескеріліп, оның қаламынан туған «Сарыарқа», «Адай», «Қайран шешем», «Әсем қоңыр» сияқты өлеңдерін Ерзат Асыл, Еламан Хасенов, Досхан Жылқайдаров, Бекзат Смадияр секілді жас ақындар оқыса, осы аттас күйлерді елімізге кең танымал белгілі күйші-домбырашылар Айгүл Үлкенбаева, Б.Әшімов орындап, муза мен музыканы қатар өріп, әдеби кештің әсерін арттыра түсті. Сол Б.Момышұлы атындағы әскери мектептің оқушылары, Республика оқушылар сарайының өрендері ақын өлеңдерін нәшіне келтіре оқыса, күйші Айгүл Үлкенбаеваның шәкірттері күмбірлете күй төкті.

Кеш соңында Жұмекен ақынның зайыбы Нәсіп Мұстахова апай сөз сөйлеп, ақын мерейтойына орай өткізіліп отырған әдеби еске алу кешін ұйымдастырушылар мен кеш қатысушыларына алғысын білдірді.

Жұмекен Нәжімеденовке арналған тағзым кешінің соңында әнін Шәмші Қалдаяқов шығарған, өлеңін Нұрсұлтан Назарбаев пен Жұмекен Нәжімеденов жазған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын сахнадағы орындаушылар мен залдағы халық оң қолын жүрегіне қойып, тік тұрып бірге орындады.

А. ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар